Accessibility links

Олжасын аузына көлденең тістеп, оны біреу тартып алатындай жедел жылысып бара жатқан сары ит (ай, итпісің деген!) анадай жерге ұзай бере, қайырылып, маған қарап... бір зәндемі сарказммен езуін ырситып күлді... Мейлі...

Бізге көрші болмаса да, көп алыс емес, томаға-тұйық, бітеу елдердің бірінде сарказмға мемлекеттік деңгейде тыйым салынғанын естігенде, менен маза кетті... Шеттің мың жақсысын көрмеген болып, бір жаманы көзге іліге қалса, "әне, біз тұрмақ, аналар да сондай екен, так что..." деп, кері кетіп отыра беретін әдетіміз бар ғой. Жаман айтпай, жақсы жоқ, бізде де сарказмға тыйым сала қалса, күнделікті көрген зәбір, тартқан жапасын, реніші мен ызасын - шамасы келмеген барша итшілікті әжуа-мысқылға жеңдіріп, өз көңілін өзі аулап жүрген мына жұрт не істемек?.. Ел қатарлы менің де біраз жиған-терген, ащылы-тұщылы қыжыртпаларым бар еді - мен қайтпекпін?.. Соны ойлап, түн ұйқым бұзылды... Ақыры, тыйым салынбай тұрғанда соның бәрін сатып құтылайын деген тоқтамға келдім. Соңғы кезде сарказмым өзі де сарқылыңқырап жүр еді, дегенмен, жиыстыра келгенде, тырсиған дәу бір қап болды. Көтеріп, жолға шықтым.

Сарказм дегеніңіз, қанша айтқанмен, улы нәрсе емес пе - бәрін жиып, бір қапқа салып тығындағанда... сасып, иістене бастайды екен. Мүңкіп, мұрнымның мазасын кетірді. Жеркеніп, танауымды желге тосам. Бәрібір... Алматыны албастыдай басқан лайсаң мұнардың, Астана жақтағы базданып, борсыған саз-батпақтың, қазақтың кең даласында бейберекет шашылып жатқан гептилі бар, басқасы бар - не түрлі қоқыстың иістері тынысымды буып, қолқамды қапты. Солар туралы жаза қалсам керек болар деп, сарымайдай сақтап жүрген есіл сарказмдарым еді... - енді керексіз мүлік есепті бағы ашылмаған бейбақтарды қоқсытып-мүңсітіп, таң атпастан, ескі-құсқы сататын "жынды" базарға алып келе жатырмын.

Бұ шіркіндер бір кездері алмастай өткір болушы еді. Еттен өтіп, сүйекке жетуші еді... Ал қазіргі сарказм еттен өткеніңіз не, заманауи шойын құлақтардан тесік таппай, жүзі майырылып, әлдеқашан жасыған, доғал тартып, қажыған.

Бұл қаптың ішінде біз өмір сүріп отырған бақытты кезеңнің тіл білмейтін, сөз ұқпайтын, кесірлі, дүлей, саңырау, мылқауларына арналған қаншама ажуа-мысқыл бар десеңші!.. Достарым мен жауларыма деп ерінбей жинаған бұзық сөздерім өз алдына... Бұлардың иістене бастағанына қарап, тыйым салса да, салмаса да, сарказмның қадірі кетіп, дәурені өтіп бара жатқанына көзім жеткендей болды. Бұ шіркіндер бір кездері алмастай өткір болушы еді. Еттен өтіп, сүйекке жетуші еді... Өткірлігі һәм ащылығы сонша, менің әжуама іліккен сормаңдай өз еркімен жұмыстан кететін, партиядан шығатын, абақтыға отырып, тіпті, асылып өлгісі келетін... Ал қазіргі сарказм еттен өткеніңіз не, заманауи шойын құлақтардан тесік таппай, жүзі майырылып, әлдеқашан жасыған, доғал тартып, қажыған. Сонда да керек тастың ауырлығы жоқ деп, ескі әдетпен жинай беріппін, жинай беріппін...

Маңдайдан терім сорғалап, ауыр қапты ыңқылдай көтеріп келе жатып, ойға кетем. Сонда деймін-ау, маған осынша ащы сөз жинатардай, болар-болмас нәрседен неге сонша проблема жасай береді?.. Мәселен, бесіктегі балаңның тілін үш тұғырлы етіп шығар деп, таусылмайтын жаңа бастамалардан жүрегі шайлығып біткен үргедек қауымды неге шу-шұрқан қылады?.. Одан да, басты қатырмай, үшеуінің ішіндегі көзге күйік болып тұрған пәлелі қазақ тілін ал да, сызып таста - бітті... Бүкіл қайғы-қасіретіңнен құтыласың! Неге керек қолбайлау?!. Кімге керек қазақ тілі?.. Осыны айтсаң, әрине, нацпаттар бетіңе түкіреді... Ха-xа... Дәл қазіргі сәтте арқама мініп алып, еңсемді жерге езе жаныштап келе жатқан мына зілмауыр қаптың ішінде осы сияқты ұсақ-түйек, болмашы мәселелерге де байланысты тілімді қышытып, мазамды алып жүрген небір сайқымазақ, сарказмдар бар... Не дегенмен, іштен шыққан шұбар жылан ғой - сатуға да қимайды екенсің... Бірақ жерде жатқан жел сөз жоқ осы күні. Мадақ сөздей бағалы болмағанмен, сарказмның да өзіне шақ азды-көпті құны бар емес пе - не де болса, қымбатқа бұлдап көрмекпін.


... Базар қайнап жатыр... "Алма алыңыз!", "картоп сатам", "сәбіз, сәбіз!"... деп, қақылдап қалғандардың қатарына келіп, қаптың аузын ашып қойып, бір шетте сүмірейіп мен тұрмын. Базардан бірдеңе сатып алғаным болмаса, ештеңе сатып, сауда жасап көрмеген басым, "сарказм сатам, сарказм!" деп, айғайлайын десем, жағым ашылмайды, үнім шықпайды... Тұсымнан өтіп бара жатқандарға ара-тұра "сарказм..." деп, міңгір ете қалам. Біреу естиді, біреу естімейді. Естігендері бетіме бір қарап, қабыма бір қарап, бұрылмай өте шығады. Және көбі мұрындарын басып барады... Жанымдағы алма сатып тұрғанның саудасы қызып жатыр. Қанша ұстамды болсаң да, көзіңді бақырайтып қойып қорлаған жаман... Алғаш мен келгенде, тырсиған дәу қабыма жақтырмай, үдірейе қарап қарсы алған әріптес-бақталасым енді маған тоқмейіл кейіпте, мүсіркей көз тастап қояды. Әспеттеп, әлдеқандай ғып, қаншама жерден азаптанып көтеріп әкелген тауарым өтпеген соң, қадірімнің қашқаны сонша - түс ауа мен жаққа мүлде қарауды да қойды. Әсіресе, қатарында тұрғаныма намыстанғандай, маған ту сыртын беріп, саудасын теріс қарап жасай бастағаны жаныма батып кетті. Адамды осылай қорлауға бола ма... Тауарым өтпесе, немене, мен адам емеспін бе?..

Сәбиттің карикатурасы

Сәбиттің карикатурасы

Біреу жеңімнен тартты. Селк етіп, жалт қарадым - дорба көтерген көп базаршының бірі... Құдай бұйырса, алғашқы клиент!.. Сенейін бе, сенбейін бе?!.

- Мынау не?.. - дейді "клиент" ашық қаптың аузынан бірінің басы шошайып, бірінің құйрығы қайқиып шығып тұрған сарказмдарды нұсқап.
Қатты толқығаннан, қапелімде "сарказм" деген сөз аузыма түспей қалды.

- Бұл ма?.. Бұл... ә-әлгі...
- Қанша тұрады?
- Арзан... Су тегін десеңіз де болады!.. Алыңыз, алыңыз... Айтпақшы, бұл - сарказм!.. Сарказм!..
- Ол не?..
- Сарказм деген... І-імм... Ол деген... Ең дұрысы, мен сізге нақты мысалмен түсіндірейін! - дедім, қуанып кетіп. - Ойланбай сатып аласыз... Мінеки!

Мен қолымды қапқа сұғып жіберіп, өзім біраздан бері баптап-күтіп, семіртіп жүрген ең бір қоңды деген әжуа-мысқыл-кекесінді суырып алып, майын тамшылатып, алдына тарттым.

- Мінеки, қараңыз... "Сіз болмасаңыз, шөп шықпайды, су ақпайды! Һәм таң атпайды, күн батпайды! Бәрі өзіңіздің арқаңыз!"... Қалай?..
- Астафиралла... Бұдан гөрі сыпайырақ мақтауыңыз жоқ па?!. - деді анау, шошып.
- Бұл - сарказм! - деймін, өзеуреп. - Сарказм деген...
- Қойыңыз... - дейді клиент, басын шайқап. - Мынау - масқара ғой... Мен мұны кімге айтам?..
- Айтатын лайықты адам табылады... - деп, көзімді біресе қысып, біресе ойнақшытып, кәнігі саудагерше дігерлеп барам. - Айналаңызға қараңызшы... Байлығына, мансабына мас болып, жер баса алмай қалған кез келген далбасаға айта аласыз...
- ... бастығыңызға сыйлайсыз... - деп, қыстырыла кетті іші пысқан бір базаршы, ештеңе алуға ниеті болмаса да, дабыр-дұбырға елеңдеп, өтіп бара жатқан жерінен бұрылып келіп.
- Жо-о-қ, - дейді анау. - Табылса, табылар... Бірақ мен кіммін?.. Мынадай мадаққа лайық адам менің мақтауымды тыңдап, жын ұрып кетіп пе...
- Бұл - мақтау емес, бұл... бұл - кекесін, мысқыл, иронияның көкесі... Сарказм! - деймін жанұшыра, енді болмаса, қашқалы тұрған клиентімнің жеңіне жармасып.

Клиент менің қысқашша қысқан саусақтарымды күшпен жазып, жеңін босатып алды да, пәледен аулақ дегендей, қолын бір сілтеп, алды-артына қарамай, жөнеле берді... Ішім мұндай күймес!.. Соңынан ұмсына түсіп, алақанымды жайып, қолымды созған қалпы, біраз тұрып қалыппын... Жаныма біреу келгендей болған соң, бұрылып қарасам - бүйірі қабысқан бір сары ит... Иесіз қаңғыбас ит екені көрініп тұр. Жүні ұйпалақтанған, сауыс-сауыс. Көзінде бір аяныш бар. Өзі аянышты ма, әлде, маған жаны ашып тұр ма... Оның мөлиген момақан көздеріне сыр тарта қарап едім, біреңеден дәметкендей, менің әлі шеті кетілмей, мұрты бұзылмай тұрған талансыз сарказмдарыма сұғын қадап, жұтынғандай болды.

- Ала ғой, саған қайсысы керек?..

Ит, сенер-сенбесін білмей, жалтақтай қарап, жасқаншақтай басып келіп, қаптың аузын иіскеді. Құшырланып, тімсініп, қайта-қайта иіскеді. Нәпсі шіркін қойсын ба... кірбиген көзі кенет сұғанақтана ойнап, дегбірсіздене қыңсылап, қапты айнала жүгірді. Аузы қайырылған нән қаптың бетінде жатқан сүбелі сарказмдарымның бірін алып, жомарт қолыммен итке тастадым. Олжасын аузына көлденең тістеп, оны біреу тартып алатындай жедел жылысып бара жатқан сары ит (ай, итпісің деген!) анадай жерге ұзай бере, қайырылып, маған қарап... бір зәндемі сарказммен езуін ырситып күлді... Мейлі...

Осымен болған шығар, қайтайын деп бір ойладым. Бірақ сонша жерден босқа келдім бе... Базардағы қаптаған жұртқа, ең болмаса, бір тал сарказм өткізу, осы тұрғанда, өмірімнің сертіне айналып барады. Сатам! Қайткенде де сатам!.. Базар жабылғанша тұрам... Бірақ ол үшін кешке дейін жүрек жалғап алуым керек екен. Теріс қарап алма сатып тұрған әріптесімді иығынан тартып, анадайда, базардың шыға берісінде тұрған дәмxананы нұсқадым:

- Бауырым, мен ас ішіп келейін... Мынаған бір жарты сағаттай көз қырыңды сала тұршы.

Ол қапқа қарап, "мұның кімге керек?" дегенді көзімен, бүкіл бет-аузымен ұқтырып:

- Тезірек келерсіз... Құнды дүние ғой, қанша айтқанмен... Әлдеқалай қолды боп кетіп, мен ұятқа қалып жүрмейін... - деді.

Оппа, сарказм!.. Сарказмға бергісіз ирония... Мұншалық шырайлы кекесінді әлгінің аузынан түсірмей қағып алып, қапқа қалай тоғытып жібергенімді білмей қалдым. Әдет қой, қайтесіз... Мына сияқты жолы болғыш, қолы жүргіш саудагерден ұрлағаным өтіп кетер, бәлкім... Осындай үмітті ойлар тәбетімді қоздырып, тоя тамақтанып, дәмxанадан шыға бергенім сол еді, жаңағы мен сауда жасап тұрған тұс иттердің қаңсылап, ырылдасқан апыр-топырына айналды да кетті... Алмасы таусылған болар, саудагерімнің қарасы да көрінбейді... "Кет, ей, кет! Ой, атаңа нәлеттер!.." деп, айғай салып, тұра жүгірдім. Ұмар-жұмар, қан майдан болып, менің сарказмдарыма таласып жатқан қаңғыбас иттер ауыздарына ілінгенін тістеп, біртіндеп сытылып шығып барады. Бұларды бағанағы оңбаған сары ит ертіп келген-ау, шамасы. Күлісі жаман еді... Дал-далы шыққан қап - анау... Бей-берекет шашылып-төгіліп, жаңа ғана жерде жайрап жатқан алтындай сарказмдарымнан ырымға біреуі қалмапты!.. Менің жан адамға керексіз бейшара сарказмдарымды Алматының қаңғыған иттері, осылайша, таласып-қырқысып, пышақ үстінен үлесіп әкетті... Бірнеше сарказмды қабаттай тістеп, ең соңында артқы аяғын көтере, шоқақтап бара жатқан ақсақ ит кенет тоқтай қалып, езуі ырсиып маған қарады. Әрине, күліп тұр... Аузындағы сарказмның уыты көзіне шығып кетіпті... Олжасын жерге шашып тастап, иіскеп-иіскеп, тәуір біреуін маған қалдырды... Сосын қалғандарын жинап, қабаттай тістеп, сарказмға мелдектеген жанарынан жын ата, ақсия күліп, жөніне тартты... Хош!..

Сүйретіліп үйге қайтып келе жатып, ескі-құсқы, керек-жарақ сақтайтын сарайымда нығарлай толтырылып, аузы мықтап буылған бірнеше қап мақтау жатқаны есіме түскенде, еңсем көтерілгендей болды. Иншалла, бала-шаға нәпақасыз болмас! Күн көруге болады...

Ескерту: Блог авторының көзқарасы Азаттық редакциясының ұстанымын білдірмейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG