Accessibility links

Ауылға дипломмен барған жас маманның өмірі

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Дәрігер Руслан Бидахметұлы. Қарабұлақ, Алматы облысы, 22 шілде 2011 жыл.

Дәрігер Руслан Бидахметұлы. Қарабұлақ, Алматы облысы, 22 шілде 2011 жыл.

Жоғары оқу орындарын бітірушілерді ауылды жерде жұмыс істеуге шақырады. Оларға көтерме жәрдемақы мен баспана алуға пайызсыз несие беруді уәде етеді. Бұл ақшаның неге жететінін Азаттық радиосының тілшісі анықтауға тырысып көрді.


Жас дәрігер Руслан Бидахметұлы Алматы облысындағы Қарабұлақ аудан орталығына «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша келді. Оның жұмысқа кіріскеніне екі-ақ жыл толғанымен, қазір жедел жәрдем станциясын басқарып отыр. Оның айтуына қарағанда, жұмыс істеуге ауылға келіп, 100 мың теңге – көтерме жәрдемақы, сонымен қоса баспана алуға арналған 900 мың теңге – мемлекеттік несие алыпты.

– «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама жайлы ести салып, Қарабұлаққа келуді ұйғардым. Аудандық аурухананың бас дәрігеріне жолықтым. Одан соң әкімшілік арқылы көтерме жәрдемақы мен несие алдым. Өзіме екі бөлмелі пәтер сатып алдым да, үйлендім, – дейді Руслан Бидахметұлы Азаттық радиосына.

ЖАРТЫЛАЙ ҚИРАҒАН ҮЙДЕГІ ПӘТЕР

Жас маман пәтерді несиеге берілген ақшаға тек жартылай қираған көпқабатты үйден таба алғанын айтады. Үйде канализация жоқ, әрі орталық жылу іске қосылмаған болып шықты. Шаруасы бастан асатын үй-сымақтың аздаған тұрғыны өмір сүруге төзгісіз жағдайларға қарсы оқтын-оқтын наразылық шерулерін өткізіп тұрады.

Дәл осы құлайын деп тұрған үй жайлы Азаттық радиосы «Жители многоэтажек в селе требуют тепло, воду, канализацию и справедливость» мақаласында жазған болатын.
Дәрігер Руслан Бидахметұлы пәтер алған үй. Қарабұлақ, Алматы облысы, 22 шілде 2011 жыл.

Бірақ Руслан Бидахметұлының сөзіне қарағанда, таңдау еркі болмаған. Сондықтан ол осындай үйден баспана алуға тәуекел етеді. Жас дәрігер, пайызсыз пәтер алудың алдында, қатаң сынақтан өтуге тура келгенін айтады.

Ескелді аудандық әкімшілігінің қызметкері Еліздер Серікпаев мемлекеттік жәрдемақыны барша жас мамандарға бере бермейтінін растады. Белгілі бір талаптарға сәйкес келуі керек екен. Оған қоса, шенеуніктің айтуынша, диплом 2009 жылы, не одан кейінгі уақытта қорғалған болуы тиіс.

– Әрбір жас маман дәл өз мамандығы бойынша жұмыс істеуі керек. Егер оның дипломында ол мынадай дәрігер деп жазылған болса, ол дәл өзінің мамандығы бойынша жұмыс істеуге тиісті. Үйлерін өздері табады. Өздеріне қайсысы ұнаған болса, өздері бағалап, несие алады, – дейді Еліздер Серікпаев.

"БАҒДАРЛАМАНЫ «НҰР-ОТАН» БАҚЫЛАП ОТЫР"

«Дипломмен ауылға» жастарды жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламасы 2009 жылдың шілдесінен бері іске асып жатыр. Осы уақыт ішінде Алматы облысында бір мыңнан астам жас маман жұмысқа кірісті, дейді президентшіл «Нұр-Отан» партиясының облыстық филиалының қызметкері Аманжол Жазықбаев. Оның айтуынша, негізінен бұлар мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет және спорт саласының мамандары.
«Нұр Отан» партиясы филиалының қызметкері Аманжол Жазықбаев. Қарабұлақ, Алматы облысы, 22 шілде 2011 жыл

Бағдарламаны жүзеге асыру міндеті ауыл шаруашылығы министрлігіне және басқа да мемлекеттік органдарға жүктеліп отыр. Әлеуметтік пакет ретінде жас мамандарға мемлекет 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі (700 АҚШ долларынан астам) бастапқы бір жолғы жәрдемақы төлейтінін айтады Аманжол Жазықбаев. Оның үстіне 630 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі (6500 доллардан астам) баспана алуға араналған пайызсыз несиені 15 жыл мерзіміне береді.
Аманжол Жазықбаев ауылға биыл 223 жас маманның келгенін айтады:
Жас кәсіби мамандарға, жұмыстан бөлек, мәдени демалыс орындары мен заманауи инфрақұрылым қажет. Ал қазақстандық ауылдарда мұндай өркениет нышандары әдетте табыла қоймайды.

– Олардың бәрі көтерме жәрдемақы алып, жұмысқа тұрды. Біз, партия белсенділері, облыс жоғарғы оқу орындарын бітірушілермен үздіксіз жұмыс жасап отырамыз. Жастарға ауылдағы қызметтің басымдылығы жайлы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының маңызы жайлы айтып отырамыз.

Талдықорғандық «Право на труд» тәуелсіз кәсіподағының лидері Ләйла Қажымұратова Азаттық радиосына берген сұхбатында былай дейді:

– Еңбеккерлер мен зиялыларға деген ауылдардағы мұқтаждыққа біздің биліктің назар аударғаны жақсы болды. Соңғы жылдары ондағы жағдай ауыр халде, мектептер мен ауруханаларда нағыз кәсіби мамандар қалмады деуге болады. Бүгінде билік ештеңе көрмеген, кедей ауыл жастарын болмашы көтерме жәрдемақы мен тиын-тебен несиемен алдап шақырып отыр. Бірақ олар онда тұрақтап қала ма, жоқ па – мәселе сонда. Өйткені жас кәсіби мамандарға, жұмыстан бөлек, мәдени демалыс орындары мен заманауи инфрақұрылым қажет. Ал қазақстандық ауылдарда мұндай өркениет нышандары әдетте табыла қоймайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG