Accessibility links

Алаш жасағының «ақ» пен «қызыл» арасындағы күресі


Осыдан тура 98 жыл бұрын Алаш милициясын құру туралы үндеу жарияланды. Алаш әскері туралы кітапты құрастырушы Азаттыққа ол жасақтың қалай құрылғанын, кіммен соғысқанын айтып берді.

1917 жылы 13 қарашада «Сарыарқа» газетінде Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов бастаған алты адам қол қойған үндеу жарияланды. Үндеу иелері әр жерде «бүлік басталғанын, өштік, дұшпандық күшейгенін» айта келе: «Жанды, малды, қатын-баланы қырғын талаудан қорғайтын күн туды. Кел, алаштың баласы! Талаудан жола қалам десең, өзіңді өзің бақ, өз алдыңа жеке бақылаушы (милиция) жаса!... Құрметті ақсақалдар, көзі ашық оқығандар, 5 декабрьге қарсы Орынборға келе көріңдер, бас қорғаудың қамы – милиция жасауды кеңесеміз» деп жазады.

Азаттық осы үндеу жарияланған13 қарашаға орай «Алаш автономиясының әскері» деп аталатын кітаптың құрастырушысы, журналист Болат Мүрсәліммен сұхбаттасып, 98 жыл бұрынғы сол үндеудің ақыры қалай болғанын сұрады.

Азаттық: – Алаш қозғалысы жетекшілерінің үндеуінде айтылған милиция құру мәселесі қай кезден бастап сөз бола бастаған?

Болат Мүрсәлім: – Милиция құру идеясы 1917 жылы Уақытша үкімет билікке келгеннен-ақ шықты. Оның алғаш қолға алған жұмыстарының бірі – милиция құру болды. Ол кезде Алаш автономиясы туралы, Алашорда туралы сөз жоқ. Уақытша үкімет қазақ даласындағы әрбір облысқа комиссарларын тағайындады. Мысалы, Әлихан Бөкейханов Торғай облысының комиссары болды. Бірақ Уақытша үкіметің милициясы қазақ жерінде сол күйі құрылмай қалды. Сөйтіп жүргенде қазан айында большевиктер билікке келді. Сол кезде Алаш қозғалысының жетекшілері милиция құруға кірісті. Негізгі идеяны Әлихан Бөкейханов айтты. Өйткені ол Ресейдің орталық қалаларындағы саяси процестердің бәрінен хабардар еді.

Болат Мүрсәлім құрастырған "Алаш автономиясының әскері" кітабы.

Болат Мүрсәлім құрастырған "Алаш автономиясының әскері" кітабы.

Азаттық: – 1917 жылы желтоқсанның 5-і мен 13-і аралығында өткен жалпықазақ съезінде талқыланған 10 мәселенің бірі милиция жайы болды. Съезден кейін әскер құру процесі қанша уақытқа созылды?

Болат Мүрсәлім: – Бес-алты айға созылды. Съезд 13 мың 500 адамды милицияға алу қажет деп есептеді. Оны әр облысқа шағып, шығынына дейін есептеді. Бірақ большевиктер ірі қалалардың барлығын басып аған кезде милиция құрып үлгермей қалды. Көктемде большевиктер шегіне бастағанда қайтадан әскер, милиция жинақтап, оларға әр болыс, әр ауылдан жеке-жеке басшы сайлап, мәселесін жүйеледі. Батыс өңірде, Торғай өңірінде, Семей өңірінде әскер жинақтау жақсы қолға алынды. Ал большевиктер күшейген Жетісу, Сырдария өңірінде біршама кешеуілдеді.

Әлихан Бөкейханов Колчак үкіметімен келіссөз жүргізгенде одан «Алаш милициясы дегендеріңіз не?» деп сұрайды. Сонда Әлихан Бөкейханов «Милиция – ұлттық армиямыз» деп жауап берген. Мен құрастырған кітаптың «Алаш автономиясының әскері» деп аталғаны сондықтан.

Азаттық: – Алаш жетекшілері «Милиция жасағына соғыс өнерін кім үйретеді?» дегенде казак әскерилерін айтады. Казактарды Алаш жасағының бастапқы одақтасы деуге бола ма?

Болат Мүрсәлім: – Кенесарының өлімінен кейін қазақта тұрақты әскер болған жоқ. Сондықтан казак офицерлерін Алаш милициясын үйретуге шақырды. Қазақ, башқұрт, татар халықтарының большевизмге қарсы күресуіне казактар да мүдделі болды.

Азаттық: – Казактар Орынборда юнкерлер мектебіне қазақ жастарын оқуға алған екен. Сол мектепті бітіріп шыққан қазақ офицерлері болды ма?

20-ғасыр басындағы қазақ зиялылары: бірінші қатарда солдан оңға қарай - Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов; екінші қатарда солдан оңға - Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Абдолла Байтасов.

20-ғасыр басындағы қазақ зиялылары: бірінші қатарда солдан оңға қарай - Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов; екінші қатарда солдан оңға - Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Абдолла Байтасов.

Болат Мүрсәлім: – Өкінішке қарай, көп құжаттар сақталмаған. Бірақ юнкерлер мектебін бітірген қазақ жігіттері кейін Алаш милициясында әртүрлі шенде қызмет атқарды.

Азаттық: – Сіз құрастырған кітапта айтылатын Қазы Нұрмұхамедұлы деген офицер сол юнкер мектебінің түлегі ме? Оны алаш әскерінің алғашқы басшысы деуге бола ма?

Болат Мүрсәлім: – Қазы Нұрмұхамедұлы Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаевтармен бірге Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқыған. Сонда алғаш милиция жасақталған кезде әскери жаттығу өткізіп жүреді. Оны нақты юнкерлер мектебі деуге келмес. Семей базарының жанында өтіп жатқан сондай жаттығу кезінде Семейдегі совет өкіметін қолдаушы қарулы топ келіп, Қазы Нұрмұхамедұлын атып кетеді. Кейінгі ғылыми әдебиеттерде оны алғашқы офицерлердің бірі деп айтып жүр.

Сонымен қатар кәсіби әскери адам, Ресей әскерінің құрамында қызмет еткен Сабыр Сарғожин деген азамат та болған. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, көптеген әскери қызметтерге араласқан, ол да Алаш әскеріне шақырылған. Ол кісі Батыс Алашорда, Жымпитыда әскери комиссар, юнкерлер мектебінің қолбасшысы болды деген деректер кездеседі. Ол сол кездің өзінде генерал-майор шенінде болған.

Азаттық: – Алаш жасағының саны қанша еді? Қару-жарағы қандай болды?

Болат Мүрсәлім: – Алашта 5 мыңға жуық әскер жасақталған. Қазіргі ғылыми әдебиеттерде 12 полк болды деп жазады. 1918 жылдың жазында Самарадағы құрылтай депутаттарының үкіметі 2 мыңдай мылтық, бірнеше пулемет, зеңбірек және екі «Мерседес» жүк көлігін береді. Сондай-ақ Омбыдағы Сібір үкіметі де Алаш әскерін қару-жарақпен, оқ дәрімен қамтамасыз еткен.

Азаттық: – Алаш милициясы «ақтармен» (ақ гвардияшылармен) де, «қызылдармен» (большевиктермен) де одақтасқан. Мұның себебі не?

Болат Мүрсәлім: – Алаш жетекшілері қазақ халқын аман сақтап қалу қағидасын ұстанды. «Большевизмге қарсымыз» деген саяси мәлімдеме жариялап, оларға қарсы кез-келген саяси топ, қарулы күштермен одақ болды. Солардың бірі – ақ гвардияшылар. Сол себепті Алаш әскері алғашқы кезеңде олармен одақтасты. Семейде жасақталған әскер, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтар бастаған Торғай әскері де большевиктермен соғысқан. Батыста, Жымпитыда Орынбор төңірегіндегі большевиктермен қақтығысты. Үлкен шайқастардың бірі қазіргі Аягөз қаласынан бастап, Алматыдан асып, қырғыз жеріне дейінгі аралықты қамтыған Жетісуда болды. Алаш әскері 1918-1919 жылдары атаман Анненковтың әскерімен қосылып, Жетісу жерінде большевиктермен қиян-кескі соғысқа қатысты.

Кейін Ресейде пайда болған әртүрлі үкіметтер Алашорданы мойындамаған соң Әлихан Бөкейханов саяси шешім шығарды. Торғай алашордашылары большевиктермен келісімге келіп, ақыры большевиктердің алашордашыларға рақымшылық жасауына ұласты. Ең соңынан большевиктер жағына өткендер – Батыс Алашорда, Семей, Жетісу алашордашылары.

Азаттық: – Алаш жасағының ақырғы кезі деп олардың большевиктерге қосылған сәтін айтамыз ба?

Болат Мүрсәлім: – Бір жайтты ескеру керек. 1919 жылдан бастап Сібір үкіметі Алаш әскерін қаржыландырмай қойды. «Бізді ақша, азық-түлік, киім кешекпен қамтамасыз ете алмай жатыр, әскерді не істейміз, таратамыз ба» дейтін көптеген қатынас хаттары да бар. Көп әскер сол кездің өзінде тарап кеткен. Большевиктер құрамына соңғылары ғана өткен. 1920 жылы наурыз айында Батыс Алашорданы тарату жөнінде қазақ революциялық комитетінің жарлығын Алашорданың тұтасымен тарауы деуге болады. Өйткені 1920 жылға қарай Алашорда өз қызметін толығымен аяқтаған.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG