Accessibility links

Ресей журналисінің Қазақстанға келуіне қарсылық пайда болды


Ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьев.
Ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьев.

Әлеуметтік желілерде ресейлік журналист Владимир Соловьевтің Қазақстанға келуіне қарсылар бар. Ал журналистің өзі ол азаматтарды «психикалық ауытқуы бар адамдар» деп сипаттады.

Ресейлік танымал тележүргізуші Владимир Соловьевтің сәуірдің басында Алматыда «көшбасшы болуды үйрететін шеберлік класын өткізетіні» әлеуметтік желілерде жиі жарнамаланып жатыр. Онда Соловьевтің қандай да бір үгіт-насихат немесе басқа да саяси мәселелер бойынша көпшілік алдына шығатыны туралы сөз болмаған.

Соған қарамастан Соловьевтің Қазақстанға келуіне қарсылар оның Ресей Қырымда аннексиялағаннан кейін «Кремль саясатының насихатшысына айналғанын», «Украинаның аумақтық тұтастығына нұқсан келтіруге бағытталған әрекеттерді қолдаушылар қатарында болғанын» айтып, «мұндай адамның Қазақстанға келуі дұрыс емес» дейді. Мәселен, қазақстандық журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов «Кремльдің үгіт-насихатшысына көпшілік алдына шығуға рұқсат ету – Қазақстандағы кейбір сепаратистік көңіл-күйді қолдау» деп санайды.

«СОЛОВЬЕВ НОН-ГРАТА ТҰЛҒА ЕМЕС»

Саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, жұрт Владимир Соловьевті Ресейдің «Орыс әлемі» туралы ұстанымының жоқшысы, советтік зорлық-зомбылықты жүзеге асырған басшыларды ақтау мәселесін көтеріп жүрген, Ресейдің Украинаға шабуылын ақтап отырған белсенді журналист» деп біледі.

– Меніңше, оның «шеберлік класы» дегені – желеу ғана. Ол қалай болғанда да Ресейдің империяшыл саясатын сөз етпей тұрмайды. Мұндай адамдарды көптеген елдер өзіне кіргізбей, нон-грата тұлға деп жариялап қойған. Оған Алматы мен Астананың көрнекті аудиторияларында сөйлеуге рұқсат етіп отырғандар нені көздейтіні беймәлім, – дейді ол.

Меніңше, әлі күнге "ресейлік мамандар мықты" деген синдром қалмаған.

Расул Жұмалы Владимир Соловьевтің «көшбасшылықты ғана үйретеріне» сенбейді.

– Владимир Соловьевпен бірге келеді деп хабарланған Радислав Гандапас бұған дейін мәжіліс депутаттарына шешен сөйлеуді үйретіп кетті емес пе? Қазақ қоғамын білмейтін адамнан депутаттар не үйренгенін білмеймін. Меніңше, әлі күнге «ресейлік мамандар мықты» деген синдром қалмаған, – дейді ол.

Бірақ Расул Жұмалы Ресейден келетін эстрада жұлдыздары мен шоумендердің Қазақстандағы аудиториясы жыл сайын тарылып бара жатқанын, Соловьевтің кеңесіне мұқтаждардың көп емес екенін айтады.

Соловьевтің бұл сапары – тек қана бизнес. Қазақстан оны елге кірме деп айта алмайды, өйткені ол «нон-грата тұлға» болған емес.

Ал бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев – Владимир Соловьевтің ресейлік телеарнадағы бағдарламасын мұқият қарап жүрген адам. Ол «Соловьевтің хабарында Қазақстандағы сепаратистік көңіл-күйге дем беретіндей пікірлер айтылатын болар» деп күткен. Бірақ,Бейсебаевтың сөзінше, «Соловьевтің әзірге Қазақстан аумағына қатысты ұшқары пікірден сақсынатыны байқалады».

– Владимир Соловьевтің бұл сапары – тек қана бизнес. Қазақстан оны елге кірме деп айта алмайды, өйткені ол «нон-грата тұлға» болған емес. Егер ол өзі ұсынған тақырыптан ауып, сепаратистік көңіл-күйге ықпал ететін жайттар сөз етсе, басқа мәселе, – дейді Қазбек Бейсебаев.

Ол «Владимир Соловьевтің лекциясын тыңдаушылар аз болмауы мүмкін» деп болжайды.

Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылар ресейлік журналист Соловьевтің Қазақстанға қатысты пікірлері «әзірге Ресей билігі ұстанымының шегінен шықпағанын» айтады.

«ПСИХИКАЛЫҚ АУЫТҚУЫ БАР АДАМДАР»

Қазақстанда өзінің сапарына қарсы адамдар бар екені Владимир Соловьевке де мәлім болған. Әлеуметтік желілердегі кейбір наразы пікірлермен таныс ресейлік журналист қазақстандық ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында Қазақстанға сапарын доғару ойында жоқ екенін айтқан. Владимир Соловьев өзіне қарсыларды «психикалық ауытқуы бар адамдар» деп сипаттап, «әлеуметтік желідегі наразы боп отырған жүздеген адам шын мәнінде әртүрлі аккаунтпен отырған он шақты ғана адам болуы мүмкін» деп жорыған.

«Қазақстанның ішкі ісіне араласпаймын. Менен шешендік өнер мен келіссөзді қалай жүргізуді үйретуді сұрады. Ал егер мұны біреулер саясиландырғысы келсе, оның артында әлдекімдердің ақшасы тұрған болуы мүмкін» дейді ол.

Владимир Соловьевті Беларусьтен кетуге шақырған жазу ұстап тұрған әйел. Минск, 25 қараша 2016 жыл.
Владимир Соловьевті Беларусьтен кетуге шақырған жазу ұстап тұрған әйел. Минск, 25 қараша 2016 жыл.

Владимир Соловьев бұған дейін Беларуське барған сапарында да осыған ұқсас қарсылық көрген. Ол жолғы наразылық әлеуметтік желімен шектелмеген. Беларусь белсенділері Владимир Соловьевті вокзалдан қарсы алып, «Кері қайт!» деп ұрандатқан.

Владимир Соловьевпен бірге келмек адамдардың бірі – бизнес-тренер Радислав Гандапас Қазақстанда бұған дейін де шеберлік дәрісін өткізген. Мысалы, «Нұр Отан» партиясы оны 2014 жылдың қазақстандық депутаттарға сөйлеуді үйрету үшінақы төлеп шақыртқан. Бұл жөнінде сол кездегі вице-спикер Дариға Назарбаева хабарлап, депутаттарды «Гандапастың сабағынан қалмай, шешендік өнерді үйренуге» үндеген. Ол сабақтан депутаттардың қандай нәтиже шығарғаны белгісіз.

Ресейлік танымал тұлғалардың Қазақстанға келуіне әлеуметтік желі арқылы қарсылық білдіру оқиғалары бұған дейін де болған. Мәселен, былтыр орыс жазушысы Дмитрий Быков Қазақстанға келіп, әдеби лекция оқымақ болған еді. Бірақ кейбір әлеуметтік желі қолданушылары жазушының әлдебір шығармасында «қазақты нәсілдік тұрғыда кемсітетін сөз айтқанын» мәлімдеп, оған «Алматыға келсең, шіріген жұмыртқа лақтырамыз» дескен. Ресейдегі оппозициялық күштердің арасында жүретін Дмитрий Быков көп ұзамай Қазақстанда лекция оқудан бас тарта тұратынын жариялаған.

Әлеуметтік желілердегі қазақстандықтар елге кіргізгісі келмейтін ресейлік тұлғалардың енді бірі – Ресей мемлекеттік думасының депутаты Владимир Жириновский. Бірақ Қазақстанның территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігіне күмән келтіретін пікірлерін жиі айтатын Жириновский ондай қарсылықтарға қарамастан Қазақстанға әлденеше рет келіп кеткен.

XS
SM
MD
LG