Accessibility links

Астанадағы борышкерлер акциясына үшінші күн


Астана қаласының орталығындағы акцияның үшінші күні ондаған борышкердің бірі Ғалия Қасенова жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді. Қазақстан президенттігіне кандидат, қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевпен жолықтыруды талап ету үшін ондаған борышкер елдің әр аймағынан Астанаға келген.

Ғалия Қасенова Астанаға Алматыдан бірнеше күн бұрын келген. «Бала-шағам далада тентіреп қалмасын деп келдім» дейді ол. Бұдан бірнеше жыл бұрын ипотекалық несие үшін банктен алған ақшаны төлеуге қазіргі уақытта шамасы жоқ болғандықтан, әйелдің отбасын пәтерінен шығармақшы.

– Қазір қандағы қант деңгейі мен қан қысымым күрт көтеріліп кетті. Жұрттың бәрі «онсыз да денсаулығың жоқ, келмей-ақ қой, үйде жатсаң етті» деп еді. Мына несиенің кесірінен ауруға шалдықтым, - дейді Ғалия Қасенова Азаттық тілшісіне.

Бүгін әйелдің жағдайы күрт нашарлап, үш күннен бері Қазақстанның әр аймағынан келген проблемалық борышкерлер тұрған алаңға жедел жәрдем көлігі шақырылды.

Қазақстанның әр түкпірінен жиналған ондаған борышкер сәуірдің 7-сі күні президент резиденциясы – Ақордаға бару үшін Астананың орталығындағы бульварға келген. Бірақ, олардың жолын полицейлер бөгеді. Сол күннен бері олар алаңға күнде жиналады. Әлсін-әлі бұл жерге билік өкілдері келіп, «проблемаларыңды біртіндеп шешеміз» деген уәде беріп кетеді.

Бүгін борышкерлермен кездесуге ұлттық банктің үкіметпен және мемлекеттік органдармен жұмыс департаменті директоры Бақытжан Саркеев келді. Ол сот шешімін орындаушылардың борышкерлерді үйінен шығару мәселесі қаралып жатқанын айтты.

Жедел медициналық жәрдем қызметкерлері жағдайы нашарлаған борышкер Ғалия Қасенованы ауруханаға әкетіп барады. Астана, 9 сәуір 2015 жыл.

Жедел медициналық жәрдем қызметкерлері жағдайы нашарлаған борышкер Ғалия Қасенованы ауруханаға әкетіп барады. Астана, 9 сәуір 2015 жыл.

«Халыққа баспанасын қалдырайық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Есенбек Өктешбаев президент әкімшілігі борышкерлерді үйлерінен шығару тоқтатылатыны және ипотекалық несиеге қатысты мәселелері шешілетіні туралы жазбаша кепілдеме хат бермей, борышкерлер Астанадан кетпейтінін айтады.

Банктен алған ипотекалық несиені түрлі себептермен төлей алмай қалған борышкерлер сегіз жылдан бері биліктен көмек сұрап келеді. Бұл жолы олар президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге келген. Борышкерлер Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасына өздерінің бірнеше ұсынысын қосуды ұсынады. Сондай ұсыныстарының бірі – «форс-мажорлық жағдайларды ескеріп, несиені жою». Борышкерлер қаржы дағдарысына байланысты несиені төлей алмағандарына шағымданады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

  • 16x9 Image

    Ержан ӘМІРХАНОВ

    Ержан Азаттықтың Астана бөліміне 2015 жылғы қаңтарда телеоператор болып қосылды. "Ирбис-ТВ" мен КТК телеарналарында жұмыс істеген. Павлодар мемлекеттік университетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG