Accessibility links

«Балалардың сенім телефоны сынақ режимінен өтті»


Депутат, Қазақстандағы бала құқығы омбудсмені Зағипа Балиева. Скриншот.

Қазақстанда қиын жағдайға түсіп қалған балаларға арналған сенім телефоны пилоттық режимде іске қосылғанына екі ай толды. Сенім телефонының нөмірі – 111. Оған кез келген бала немесе жеткіншек тәулік бойы хабарласа алады. Азаттық тілшісі жоба жетекшісі, депутат, Қазақстандағы бала құқығы омбудсмені Зағипа Балиевамен әңгімелесті.

Азаттық: - Зағипа Яхянқызы, жобаның мақсаты жайлы айтсаңыз.

Зағипа Балиева: - Қазір 111 телефоны арқылы балаларға көрсетілетін жедел көмек желісінде балалардың пікірлері болса, бір қиындыққа ұрынса және білетінімен бөліскісі келсе, оларға жағдай жасалды. Себебі бүгінгі балалардың заманға сай қиындықтары да көп, талаптары да бар. Кейде олар сұрақтарына жауап таба алмайды. Енді күні-түні хабарласуға мүмкіндік жасадық.

Азаттық: - Желінің жұмыс істеп тұрғанына екі ай болды. Қандай қоңыраулар түсті?

Көбісі білім саласына байланысты хабарласады. «ҰБТ-ны қалай тапсырамыз? Түсіндіріп беріңізші» дейді.

Зағипа Балиева: - Кейбір балалар достарымен ренжісіп қалады. «Не істейін?» деген сияқты сұрақтар қояды. Кейбіреулері ата-аналарымен ұрсысып қалады. Психолог арқылы оларға көмек береміз. Көбісі білім саласына байланысты хабарласады. «ҰБТ-ны қалай тапсырамыз? Түсіндіріп беріңізші» дейді. Емтихандарды өзгерту туралы пікірлерін айтады. Біздің ойымыз осындай деп. Ондай ұсыныстарды тиісті министрліктерге, мемлекеттік органдарға жібереміз. Сәуірдің 17-сі күні желіні [толық] іске қосылды деп жариялаймыз. Пилот ретіндегі режимін өтті, енді балалар мен жастарға сұрақтарын тікелей қоюға мүмкіндік бар.

Азаттық: - Түскен қоңырауларды ескере отырып айтқанда, Қазақстанда балалардың қандай құқықтары жиі бұзылады?

Зағипа Балиева: - Жігіт пен қыз, ата-аналарымен, кейде мұғалімдерімен ұрсысып қалады. Көбі осыған байланысты сұрақтар. Ақпан айында «Көк кит» деген (суицидке итермелейтін интернеттегі виртуалды ойын – ред.) пайда болды. Соған байланысты сұрақтар көп қойылды. Балалар телефон арқылы сұрақтарын қойып, жауабын алып, китін де ұмытты, бәрін де ұмытты. Себебі психологтар бәрін анық түсіндіріп берді.

Азаттық: - Қазақстанда балалар құқығы қай дәрежеде қорғалып отыр?

Зағипа Балиева:- Заң қабылдадық, 15 конвенцияға, балалар құқығы конвенциясына қосылдық, БҰҰ-ның да балалар құқығы комитетімен, ЮНИСЕФ-пен жұмыс істеп жатырмыз. Әлемдегі ең жақсы тәжірибелерді мемлекетке әкелеміз. Бірақ ұлттық тәрбиеміз, мәдениетіміз бар. Оны да сақтауымыз керек. Менің ойымша, өте жоғары [дәрежеде қорғалады]. Бірақ қиындықтар бар. Оны жою жолдарын іздеп жатырмыз. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар пікірлерін жинап, заң жобасын әзірлеп жатырмыз. Өзім үкіметке бірнеше депутаттық сауал жолдадым. Балаларға қауіпті жағдай тумасын деп, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі жөнінде сауал жолдадым. Сосын, оқу бөлмесіндегі парталардың баланың түзу отыруына мүмкіндік беруі жөнінде мәселені көтердім. Қазір скалиоз деген ауруға балалар жиі шалдығатын болды. Екпе жайын да ойластырып жатырмыз. Елімізде жылына 400 мың перзент дүниеге келеді. Балаларға 26 түрлі вакцина жасау үшін сапалы екпелер алу мүмкіндігі жасалып жатыр қазір.

Азаттық: - Қазақстанда балалар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап жатыр ма?

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Зағипа Балиева: - Өкінішке орай, ондай жағдайлар бар. Құқық қорғау органдары - бас прокуратура, ішкі істер министрлігі және депутаттар оған да көңіл бөліп жатырмыз. Қазір дайындалып жатқан балалар құқығын қорғайтын заң жобасында сол мәселеге қатаң қарау керек. Балаларға қауіпсіздік жағдайын жасау керек.

Азаттық: - Қазақстанда балалар зорлық-зомбылыққа жиі ұшырай ма?

Зағипа Балиева: - Жоқ, статистика бойынша ол жыл сайын төмендеп келеді. Бірақ мақсатымыз - оны болдырмау. Құқықтық мемлекет болсақ, заңды қабылдасақ, конвенцияға қол қойсақ, оның бәрін орындауымыз керек. Бірақ мәселе тек заңда емес. Мәселе менталитетте, балаға дұрыс тәрбие беруде жатыр.

Азаттық: - Менталитет туралы айтып қалдыңыз, қандай өзгешеліктер бар?

Зағипа Балиева: - Баланы құрметпен тәрбиелеу керек. Ата-бабаларымыз балаларын ұрмаған. Ақылын айтып, балаға құрметпен қараған. Қазір тәрбие мәселесі ақсап тұр. Жағдай жасаймыз, бірақ тәрбие бермейміз. Киімі бүтін, тамағы тоқ болса дейміз. Бірақ тәрбие - басқа мәселе. Ол - адамгершілік, азаматтық, патриоттық сезімдер ұялату. Балалар үлкендерді сыйлау керек, үлкендер кішкентайларға дұрыс қарауы керек. Кей ата-ана балаларын ұрады. Өкінішке қарай, соңғы кезде педофильдер пайда болды. Оның бәрін жою керек.

Азаттық: - Жедел желі ашылған кезде интернет қолданушылар «балалар ата-аналары не мұғалімдері дауыс көтерсе шағымданып, үлкендерге деген құрмет керісінше азайып кетеді» деген қауіп айтқан.

Мектепте, үйде бәрі жақсы болса, ол бізге хабарласпайды. Мақсатымыз баланы суырып алып, балалар үйіне апару емес, балаға көмек көрсету.

Зағипа Балиева: - Жоқ олай емес. Бала деген бала. Мектепте, үйде бәрі жақсы болса, ол бізге хабарласпайды. Мақсатымыз баланы суырып алып, балалар үйіне апару емес, балаға көмек көрсету. Психологтармен байланыстыру; әке-шешесі, ата-әжесі, туғандарымен сөйлесу; баланың жағдайын отбасының ішінде түзету.

Азаттық: - Кейінгі кездері әлеуметтік желілерде бала асырап алу көп насихатталып, балалар үйін қысқарту туралы пікірлер айтылып жүр.

Зағипа Балиева: - Ондай мақсат мемлекетте жоқ. Бірақ қиын жағдайға ұшыраған балалар саны азайып келеді. Оны түгел жоя алмаймыз. Сондықтан балалар үйі болады. Тек оны трансформациядан өткізіп, орталық ретінде өзгерту керек. Ал патронаттық отбасыға беру дұрыс. Бала тәрбие алу үшін, еңбекқор болуы үшін отбасына көмектесіп өсуі керек. Отбасы ішіндегі мәселелерді білуі керек. Дәстүр мен тәрбиені отбасында үйренуі тиіс. Бірақ патронатқа берген кезде оны қатаң қарау керек. Ол дұрыс отбасы ма, тәрбие бере ала ма? Жалақылары ондай мүмкіндікке жете ме? Мемлекеттің сол балаға арнап төлейтін ақшасына тұрамыз десе, оған беруге болмайды. Қазір Қазақстанда 140 балалар үйі, онда 8 мыңдай бала бар. Оның 60 пайызы - әлеуметтік жетім. Әлеуметтік жетім дегеніміз әке-шешесі бар, үйі бар, бірақ олардың баланы асырауға жағдайы жоқ, арақ ішетін не жұмыс істемейтін отбасылардың балалары. Мақсатымыз – сондай балалардың әке-шешесіне көмектесу. Олардың білім алуына, жұмысқа тұруына, емделу керек болса, емделуіне, отбасы жағдайын жақсартуға септесу. Сосын олар баланы үйге алып кетуге тырысады.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG