Accessibility links

«Ғашықтар күнін» жақтаушылар мен қарсылардың дауы


Раушан гүлін тұмсығымен ұстап тұрған тотықұс. 12 ақпан, 2013 жыл

Раушан гүлін тұмсығымен ұстап тұрған тотықұс. 12 ақпан, 2013 жыл

Ақпанның 14-і күні әлемде көптеген адамдар ғашықтар мерекесі - Әулие Валентин күнін атап өтеді. Қазақстанда жыл сайын бұл уақытта ғашықтар күні мәселесін талқылау да «тұрақты дәстүрге» айналған.

Ақпанның 14-і күні кейбір қолданушылар жұртты ғашықтар мерекесімен құттықтап, тілектер айтып жатса, кейбір қолданушылар бұл күнді тойламауға шақырды.

Ғашықтар күні сатылып жатқан шарлар. Исламабад, 14 ақпан, 2012 жыл

Ғашықтар күні сатылып жатқан шарлар. Исламабад, 14 ақпан, 2012 жыл

Алмас Тоқабаев есімді қолданушы Facebook желісінде ақпанның 14-і күні: "Ояна салып келіншегімді құттықтап, махаббатымды білдірдім. Жұрт не десе о десін, үш ұл тауып берген жұбайымды сүйетінім рас! @rauzhan1984" деп жазады.

Серғали Балажан есімді қолданушы осы желіде: "Астананың аспаны "әулие Валентинді" жоқтап жылап тұр. Көз жасы жерге қар болып түсіп жатқандай. Терезеден қарап тұрып мен де Валентинді еске алдым да хиджап киген әріптесімді мерекесімен құттықтадым. (бұлқан-талқан болып ренжіп қалды)" деп жазады.

Эльвира Ергалина есімді қолданушы "ағасының дәл осы мейрамға туралап үйленгенін", "кез келген нәрседен жақсылық жасап үйрену керек" екенін айта келіп: "...Ал, сіздер бүгінгі күн туралы ауыз ашқандардың бәрін жата қалып кәпірге теліп тастайсыздар..." дейді.

Ал Серікзат Дүйсенғазинесімді қолданушы Twitter-де бұл күнді тойламауға шақырып былай жазады:

"ӨЗ БӘЛЕНТИН КҮНІҢІЗ ҚАШАН ЕДІ?"

Ақпанның 14-і күні қарсаңында журналист Әуесбайдың Қанаты Facebook желісінде бұл күннің еш маңызы жоқ екенін айта келе, әркімнің өз Валентин күні бар екенін жазды:

"...Ал сіздің өз Бәлентин күніңіз қашан еді? Ұмытып қалған жоқсыз ба? Келін немесе жеңгеміз ренжіп жүрмесін? Өмірлік жарыңызбен қашан, қай күні танысып едіңіздер?"

Бұл жазбаға жауап жазған қолданушылар жарымен танысқан күнін есіне алған.

Ақылбек Есеналин атты қолданушы: "Ғашық адамға Белентині де, басқасы да сылтау ғана деп ойлаймын, әйтпесе ешкім ол күні бәлентинді емес сүйген адамын қуантуды ойлайды, ол бір жағынан жақсы емес пе? Не болса о болсын бір қуанып қаласың..." деп жазады.

Балғын Бейсенова есімді қолданушы: "...романтиктер жоқ қой қазір. Мысалы, менің жолдасым танысқан күн тұрмақ, үйленген күнімізді ұмытып қалады" дейді.

Олжас Бейсенбаев атты интернет қолданушы "Біз келініңізбен Үрімші қаласында оқып жүргенде 1 қазан күні, ханзу біткеннің бәрі Қытай Халық Республикасының құрылу күнін тойлап жатқанда өзімізше қол ұстасып, достасып кеткен едік. Содан бері айдың бірінші күні - біздер үшін кішігірім мереке!" дейді.

Пәкістанда діни партия белсенділері әулие Валентин күніне қарсылық танытып тұр. 12 ақпан, 2013 жыл

Пәкістанда діни партия белсенділері әулие Валентин күніне қарсылық танытып тұр. 12 ақпан, 2013 жыл

Ақпанның 14-ін христиан дінін ұстанатын көптеген адамдар Валентин есімімен байланыстырып, ғашықтар күні деп есептейді. Мұсылмандар көп тұратын елдерде Валентин күніне қарсы акциялар өтіп тұрады.

Әулие Валентин туралы деректер аз. Оның христиан дінінің әулиесі болғаны айтылады. Франция мен Англияда ол туралы аңыздар көп тараған. Аңыз бойынша, Рим императоры II Клавдий (біздің дәуіріміздің 268-270 жылдары - ред.) сарбаздарына үйленуге тыйым салған кезде Валентин ғашықтардың некесін жасырын қиған және сонысы үшін өлім жазасына кесілген.

Бұл күнді атап өтушілер ғашықтарына гүл, тәтті тағам, ойыншықтар, шар, арнайы безендірілген хаттар сыйлайды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG