Accessibility links

Доллармен алған несиені қайтару амалы - пәтерсіз қалу


Нұрсұлу Абатованың күйеуі Азамат Абатовпен түскен суреті. Алматы, 28 тамыз 2015 жыл.

Нұрсұлу Абатованың күйеуі Азамат Абатовпен түскен суреті. Алматы, 28 тамыз 2015 жыл.

Тамыздағы теңге девальвациясы доллармен несие алған алматылық Абатовтар отбасының бюджетіне ауыр тиді. Төрт баласы бар отбасы енді пәтерін сатып, қала сыртынан уақытша баспана салуды ұйғарған.

Алматылық тұрғын, төрт баланың анасы Нұрсұлу Абатова коммерциялық банктен доллармен алған несиені қайтару қиындап бара жатқанын айтып шағынады. Былтыр доллар бағамы 180 теңге кезінде алған несиені ол енді 240 теңгеден жоғары бағаммен қайтаруы тиіс. Девальвациядан кейін банкке құятын айлық төлем мөлшері 67 мыңнан 86 мың теңгеге дейін өсіп кеткен. Енді отбасы кепілге қойған пәтерін сатуды ойластыра бастаған. Бір тәуірі, бұл отбасы Алматының шетінен жер телімін сатып алған. Енді амалдай тұру үшін қазір бос жатқан жерге уақытша баспана салмақ.

Азаттық тілшісі сұхбаттасқан әйел бала-шағасымен тұратын пәтерін кепілге қойып, банктен 20 мың доллар несие алғанын айтады. Несиенің алты мың долларына Алматы облысындағы Қаскелең кентінен жер телімін сатып алған. Қалған ақшаны күйеуі «бизнеске салып», Омбыдан 14 мың долларға екі көлік әкелген. Нұрсұлу Абатова «үстіне ақша қосып, біреуін сатып үлгерді, әйтеуір» дейді.

- Біз екі бөлмелі пәтерде тұрамыз. Бір қыз, екі ұл өсіріп отырмыз. Пәтер тарлық еткен соң тезірек үй салып алайық дегенбіз. Енді мына қарызды қалай қайтарамыз, білмеймін, - дейді Нұрсұлу Абатова.

Нұрсұлу банктен алған 20 мың доллардың әзірше алты мыңын қайтарған. Ал қалған соманы қалай қайтарарын білмейді.

Нұрсұлу базарда электрлік аспалы шамдар сатады. Ол бәсекелестіктің күшті екенін, тауары сирек өтетінін, сауда орны үшін күніне 500 теңге төлейтінін айтады. Жолақы мен түскі асқа шамамен бір мың теңге жұмсайтын ол «тапқанымнан жұмсағаным көп» дейді.

Нұрсұлу Абатованың үлкен ұлы биыл қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының ақылы бөліміне оқуға түскен, жылдық оқу ақысы - 400 мың теңге. Қызы Әйгерім тоғызыншы, кіші ұлдары Айдын мен Дәулет бесінші және үшінші сыныпта оқиды. Биыл Қазақстан мектептерінде тегін түскі асты тоқтатқандықтан, балалардың күнделікті қалта шығыны да көбейген.

Нұрсұлу Абатованың айтуынша, мұның бәрі шаңырақтың берекесін қашырып, отбасы мазасын кетірген.

Үкімет теңге бағамын еркіне жіберген күні ақша айырбастау пункті ілген табло. Алматы, 20 тамыз 2015 жыл.

Үкімет теңге бағамын еркіне жіберген күні ақша айырбастау пункті ілген табло. Алматы, 20 тамыз 2015 жыл.

- Үйімізден күлкі қашты, жоқтан өзгеге ұрсысып қаламыз, тыныш ұйықтай алмайтын халге жеттік. Дәрігерлер күйеуімнің жүрегінде тахикардия бар дейді. Үкіметтің мұнысы не қылғаны? Сайлауға дейін ештеңе айтпай, сайлау қалай өтті, халықты солай ұмытты, - деп қынжылады Нұрсұлу Абатова.

Ол «Нұр Отан» президенттік партиясына, банк басшылығына, Қазақстан президентіне өтініш жазған. Бірақ ешқайсысынан қайыр болмай ма деп қорқады. Нұрсұлу «Қазақстандамен сияқты жандар көп» деп санайды.

- Туыстарым банктерге жолама деп ескертіп еді. Бірақ олардың ақылын тыңдамай, тәуекелге бардым. Оның үстіне, күйеуім Ресейден көлік әкеліп сатсақ, банктен алған ақшаны тез қайтарамыз деді. Жағдай бұлай болып кететінін қайдан білсін. Енді екінші көлікті арзанға сатуға тура келеді, - дейді Нұрсұлу Абатова.

Қазір азық-түліктің бағасы да біртіндеп өсіп барады. Ертең не боларын ешкім білмейді.

Енді бұл отбасы қарызынан құтылу үшін екі бөлмеді пәтерін сатуды ұйғарған. Ерлі-зайыптылар «бұдан ары доллар арзандамайды, ал банктен алған қарыздың теңгеге шаққандағы құны өсе береді» деп қауіптенеді. Былтырғы девальвациядан кейін банктерде проблемалық несиелер үлесі өскені байқалған.

- Қазір азық-түліктің бағасы да біртіндеп өсіп барады. Ертең не боларын ешкім білмейді. Сондықтан ертең пайызы өсіп кетіп, опық жегенше, пәтерімізді қазір сатып қарыздан құтылғанымыз дұрыс, - дейді Нұрсұлу Абатова Азаттыққа.

Нұрсұлу Абатованың күйеуі қала шетінен сатып алған жерге уақытша баспана салып, отбасын сонда көшірмек. Ал Нұрсұлу газетке пәтерін сату туралы хабарландыру беріп қойған.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG