Accessibility links

Универсиаданы айтқанда Азиада шығыны еске түседі


Алматы мен Астанада өткен Қысқы Азиа ойындары символы жанында жүгіріп жүрген бала. Алматы, 27 қаңтар 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматы мен Астанада өткен Қысқы Азиа ойындары символы жанында жүгіріп жүрген бала. Алматы, 27 қаңтар 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан олимпиада комитетінің есебінше, 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы универсиадаға 950 миллион доллар қажет. Алайда сарапшылар бюджеттен бұдан да көп қаржы жұмсалады деп алаңдайды.

Алматыда 2017 жылы өтетін қысқы универсиаданы ұйымдастыру комитетінің төрағасы Илья Уразаков жарысқа қанша қаржы керегі анықталып жатқанын, сомасы белгілі болған соң жұртқа жариялайтындарын мәлімдеді.


Алматыда универсиада үшін салынатын 12 мың орындық мұз айдын кешенінің макеті. (Сурет Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды)

Алматыда универсиада үшін салынатын 12 мың орындық мұз айдын кешенінің макеті. (Сурет Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды)

Өткен айда Алматы қалалық құрылыс басқармасы 2017 жылы өтетін қысқы универсиадаға қажетті екі мұз айдыны кешенін салуға тендер өткізіп, оларға жұмсалатын қаржыны жариялады.

Алатау ауданында салынатын 12 мың көрермен сыятын мұз айдынына 31 миллиард теңге (шамамен 169 миллион доллар), ал Медеу ауданында салынатын 3 мың көрерменге арналған мұз айдынына 15,6 миллиард теңге (шамамен 86 миллион доллар) жұмсалмақ.

Екі спорт кешенін салуға Қазақстан бюджетінен 255 миллион доллар бөлінеді.

Бұдан бөлек студенттер қалашығы, олимпиадалық қалашық, халықаралық әуежай, метро және жер үсті пойызы жолы салынады деп жоспарланған. Осыған дейін универсиада өткізген қалалардың бірде-бірі олимпиадалық қалашық салмаған. Алматыдағы қалашықта банк, кинотеатр, емхана, мейрамханалар болмақ. Универсиададан кейін ол қалашық шағын ауданға айналады деген жоспар бар.

Бұған қоса универсиаданы ұйымдастыруға, жолдарды жөндеуге, 2011 жылғы Азиададан кейін пайдаланусыз қалған тау шаңғысы мен фристайл базаларын қайта қалпына келтіруге де қаржы қажет.

Қазақстан олимпиада комитеті «универсиада өткізуге шамамен 950 миллион доллар керек» деп болжайды.

«1 МИЛЛИАРД ДОЛЛАРДАН АСЫП КЕТЕДІ»

Экономист Жәнібек Нұрхалықовтың есебінше, Қазақстанның 2017 жылғы қысқы универсиаданы өткізуіне 950 миллион доллар жетпейді.

«950 миллион доллар жұмсалады десек, оның 250 миллион доллары екі спорт кешеніне кетті. Халықаралық әуежай салуға, Алматыда жер үсті жүрдек пойызын салуға да көп қаржы керек. Ұйымдастырушылар «студенттер және олимпиада қалашықтарын саламыз» деп отыр. Оған қалған 700 миллион доллар жетпейді. Бұлардың көбі – универсиадаға дейінгі шығын. Ал универсиада кезіндегі шығындарды да есептеу қажет. Сондықтан Қазақстан 2017 жылғы универсиадаға 1 миллиард доллардан артық ақша шығындайды» дейді маман.


Алматыда универсиада үшін салынатын 3 мың орындық мұз айдын кешенінің макеті. (Сурет Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды)

Алматыда универсиада үшін салынатын 3 мың орындық мұз айдын кешенінің макеті. (Сурет Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды)

Сарапшы 2017 жылы өтетін универсиада мен халықаралық ЕХРО көрмесі Қазақстан бюджетін әлсіретіп кете ме деп қауіптенеді.

​«Қазақстан универсиадаға 950 миллион доллар жұмсайды» дегенге сенбейтіндердің енді бірі – спорт журналисі Абай Амангелдіұлы. Ол елдің 2011 жылы өткен Қысқы Азия ойындары кезінде жеті спорт ғимаратын салуға әуелі 30 миллиард теңге бөлініп, кейін оның құны 132 милииард теңгеге жеткенін, жарысты өткізуге жиыны 233,5 миллиард теңге жұмсалғанын (1,65 миллиард доллар) еске салады.

Алматыда өткен Азиада ойындарынан соң ұйымдастыру комитетінің бірнеше жауапты қызметкер «бөлінген қаржыны талан-таражыға салды» деген айып бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған еді.
ҚОСЫМША ОҚЫҢЫЗ: Азиадаға салынған ғимараттар қаңырап тұр

«Негізі, 950 миллион доллар – универсиада тұрмақ, олимпиада өткізуге де жететін қаражат. Бастысы – оны шашау шығармай пайдалану керек. Бірақ Қазақстан Азиадада жоспарланған қаржыдан артық шығын шығарды. Сондықтан алдын ала болжамға сенбей, 2017 жылғы универсиадаға 1,5 миллиард доллар кететініне дайындала беру керек» дейді спорт шолушысы.


Қысқы Азия ойындарына арнап салынған Алматыдағы шаңғы трамплині. (Көрнекі сурет)

Қысқы Азия ойындарына арнап салынған Алматыдағы шаңғы трамплині. (Көрнекі сурет)

2017 жылғы қысқы универсиаданы өткізуге әуелі екі-ақ қала – Алматы мен Трентино (Италия) өтініш білдірген еді. Бірақ кейін Трентино 2013 жылғы қысқы универсиаданы да өткізетінін, Италияның экономикалық ахуалын айтып, кандидатурасын 2017 жылы универсиада өткізуге үміткерлер тізімінен қайтарып алған.

Универсиаданы ұйымдастыру комитетінің болжамынша, 2017 жылы Алматыға әлемнің 75 елінен 3 мың 500 спортшы келуі керек. Универсиада кезінде 3 мың ерікті қызмет етеді.

2022 жылғы қысқы олимпиаданы да өткізуден дәмелі Алматы сол жарысқа 2017 жылғы универсиадаға салынған спорт кешендерін пайдалануды жоспарлап отыр.

Қазақстан 2013 жылғы қысқы универсиада ойындарында жалпы есепте бес медаль (екі алтын, екі күміс және бір қола) алып, 51 елдің арасында 15-орынға ие болған.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG