Accessibility links

Қазақстандағы аштыққа неміс тарихшысының көзқарасы


Қазақстандағы ашаршылық туралы кітап жазған неміс тарихшысы Роберт Киндлер.

Қазақстандағы ашаршылық туралы кітап жазған неміс тарихшысы Роберт Киндлер.

Қазақстандағы ашаршылық туралы кітап жазған неміс тарихшысы Роберт Киндлер Азаттыққа берген сұхбатында «зардаптарына қарамастан, ашаршылықты геноцид деп есептемейтінін» айтты.

Неміс тарихшысы Роберт Киндлер – ерте совет кезеңіндегі Қазақстан тарихын зерттеп жүрген санаулы шетелдік сарапшылардың бірі. Биыл Германияда оның 1930 жылдардың қасіретті оқиғаларына арналған Stalins Nomaden. Herrschaft und Hunger in Kasachstan («Сталин көшпенділері: Қазақстандағы басқару мен ашаршылық») деген кітабы жарық көрді. Роберт Киндлер өз зерттеулері туралы Азаттық тілшісіне сұхбат берді.

Азаттық: – Қазақстандағы ашаршылық сияқты тарихи оқиғаны зерттеуіңізге не түрткі болды?

Роберт Киндлер: – «Сталин көшпенділері» кітабына айналған жобамен жұмыс істей бастағанымда мені екі нәрсе қызықтырды. Біріншіден, ресурстары шектеулі совет мемлекеті жартылай көшпелі қоғамға өз режимін қалай орната алды және мұны жұрт қалай қабылдағанын білгім келді. Екіншіден, дала халқына аштықтың қандай зұлмат әкелгенін білгім келді. Кейін бұл екі сұрақ өзара тығыз байланысты екенін және екіншісін зерттей түссем, біріншісінің жауабын табатынымды түсіндім. «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» ескерткіші. Астана, 31 мамыр 2012 жыл.

«1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» ескерткіші. Астана, 31 мамыр 2012 жыл.

Халықты аштыққа ұшырату совет режимін енгізудің кілті болды. Мен мұны «аштық арқылы советтендіру» деп атаймын.

Азаттық: – Яғни сіз аштық қолдан жасалды деп есептейсіз бе?

Роберт Киндлер: – Аштық адам қолымен жасалды. «Жоғарыдан таңылған» сталиндік революциядан, қолында барын тартып алған азық-түлік салымы науқанынан, кулактарды тәркілеу (Қазақстанда «байларды тәркілеу» деп аталды) мен ұжымдастыру саясатынан Совет одағының барлық ауылдары қатты зардап шекті. Бірақ Совет одағының басқа аймақтарына қарағанда, Қазақстанда жүргізілген науқандардың өзіндік ерекшелігі болды. Басқа аймақтарда кулактарды тәркілеу мен ұжымдастыру отырықшы шаруалар негізіне соққы болғанымен, олардың әлеуметтік рөлі түбегейлі өзгермей, тіпті аштыққа ұшыраған шаруалардың өздері шаруа табы болып сақталып қалды. Ал Қазақстанда малынан, көшіп-қонып тіршілік ететін кәсібінен айырылған көшпенді халық үйреншікті тұрмысынан ажырап қалды. Қазақ көшпенділерін отырықшылыққа күшпен көшіру науқаны толық күйрегенін де айтқан жөн.

Бірақ зардаптарын геноцид деп атауға болғанымен, Қазақстандағы аштықты мен алдын ала жоспарланған геноцид дей алмаймын. Сталин басшылығында белгілі бір «советтік» ұлттарды (мысалы, украиндар немесе қазақтарды) жойып жіберу мақсаты болған жоқ. Бірақ олар ұжымдастыру мен кулактарды тәркілеу саясатынан миллиондаған совет адамы қырылатынын білді. Сталин мен оның айналасындағылар үшін бір адамның өмір түкке тұрғысыз еді. Олар үшін қайтсе де жоспарды орындап, билігін нығайту мен қоғамды түбегейлі қайта құрып, өз ырқына бағындыру маңыздырақ болды.

Азаттық: – Көшпелі өмір салтын өзгерту Советтік Қазақстан тұрғындарының өміріне қалай әсер етті?

Роберт Киндлер: – Кітабымда мынадай деректер келтірдім. 1928-1929 жылдары әр шаңырақта шамамен 41 бас мал болса, 1933 жылы ол күрт азайып, әр қазақ шаңырағында 2,2 бас мал ғана қалған. Бірақ халық статистикасы сияқты бұл цифрлар нақты болмауы да мүмкін. Бірақ бұл деректер ұжымдастыру мен ашаршылық жылдары ауылда не болғанынан хабар береді. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін және тіпті соғыстан кейін де колхоздың тұрмысы ауыр, адамдары кедей болды. Бәрі бірдей кедей болмағанымен, аштықтан кейін адамдардың көбі өлместің күнін кешті.

Азаттық: – Зерттеулеріңізде қандай дерек көздер мен куәліктерге сүйендіңіз?

Роберт Киндлер: – Мәскеу мен Алматы қалаларындағы бұрынғы мемлекеттік және партия мұрағаттарында болып, құпиясы жуырда ашылған материалдармен Украинадағы ашаршылық (Голодомор) құрбандарын еске алу күні шырақ жағып адамдар. Львов, 23 қараша 2013 жыл.

Украинадағы ашаршылық (Голодомор) құрбандарын еске алу күні шырақ жағып адамдар. Львов, 23 қараша 2013 жыл.

көп жұмыс істедім.Қазақстан мұрағаттарынан табылған аса маңызды құжаттарда аштық жайлаған ауылдың жағдайы да қамтылған. Мәскеу мен Алматы басшылығының құжаттарын, одақ және республикалық деңгейдегі кейбір халық комиссариаттарының куәліктерін, көптеген аймақтардың (аудан, облыстар) есептері мен хаттарын, әсіресе партияның бақылау комиссиясы мен біріккен мемлекеттік саяси басқармасының (ОГПУ) ашаршылық жылдарындағы жағдайды сипаттайтын есептерін зерттеп шықтым.

1931-1933 жылдары жайлаған аштық әсіресе 1932-1933 жылдардың қысында қатты өршіді. Бірақ кейбір аймақтарда 1929-1930 жылдардың өзінде тамақ жетіспей жатты.

Азаттық: – Аштық құрбандары санын шамалап болса да нақтырақ көрсетуге бола ма?

Роберт Киндлер: – Статистикалық деректер мен халық статистикасы толық болмағандықтан, бұл – қиын мәселе. Аштықты зерттеген тарихшылар арасында да осы санға қатысты үлкен дау бар. Бірақ сарапшылардың көбі аштық жылдары шамамен бір жарым миллион адам қырылып, жүздеген мың адам жер ауып, босып кетті деген дерекпен келіседі.

«Ашаршылық» деректі фильмінен үзінді

Біз тек 1897, 1926, 1937 және 1939 жылдары жүргізілген санақ деректерін ғана пайдалана аламыз. Бірақ олардың өзі нақты емес. Алғашқы екі санақ кезіндегі келтірілген көшпелі шаруашылық туралы деректерге белгілі себептермен сенім аз. Соңғы санақ тұсындағы статистика саяси себептермен бұрмаланған. Бірақ сандағы айырмашылық аштық зобалаңы туралы түсінігімізді бәрібір өзгерте алмайды деп ойлаймын.

Азаттық: – Қазіргі Қазақстан билігі бұл оқиғаға тиісті саяси баға беріп отыр деп айтуға бола ма?

Роберт Киндлер: – Қазақстанда аштық тақырыбы – проблемалық тақырып. Қазіргі билік аштықты «трагедия» және «апат» деп сипаттауға тырысып, оның жауапкершілігі туралы мәселені талқылаудан қашқақтайды. Аштыққа жауапты адамдар туралы сөздер Қазақстан қоғамына кесірін тигізіп, оның көп ұлтты қоғамы мен этникалық қазақтар арасында жанжал тудырып, Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынастарға сызат түсіруі мүмкін деп қауіптенеді.

Осыған байланысты билік аштықты қоғамға сырттан келген нәубет, халық жадында сақталатын сұмдық оқиға ретінде анықтама береді. Биліктің бұл ұстанымына 2012 жылдың маусым айында ашылған аштық құрбандарына арналған жаңа ескерткіш жақсы мысал бола алады. Бұл жер аштық құрбандарын еске түсіріп, аза тұтатын қаралы орын болғанымен, ондаған жылдар бойы жауапсыз қалып келген сұрақтардың жауабын табуға көмектеспейді.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет.

Неміс тарихшысы, Stalins Nomaden. Herrschaft und Hunger in Kasachstan («Сталин көшпенділері: Қазақстандағы басқару және Аштық») кітабының авторы ауыр зардаптарына қарамастан, 1930 жылдардағы аштықты геноцид деп есептемейді. Ал кейбір зерттеушілер мүлде қарама-қарсы көзқарасты ұстанады. Бұл туралы қазақ тарихшысы Қайдар Алдажұмановтың Азаттыққа сұхбатынан таныса аласыздар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG