Accessibility links

Ертістің суын Торғайға асыру туралы айтыла бастады


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қоршаған ортаны қорғау министрі Ертіс пен Есілді қосатын су арнасын салу жобасы қарастырылып жатқанын хабарлады. Азаттыққа сұхбат берген су маманы бұл мәселенің бірнеше қырына нұсқады.

Осы апта парламентте өткен үкімет сағатында сөйлеген қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың айтуынша, құны 500 миллиард теңге болатын су арнасы 30 елді мекенді сумен қамтамасыз етіп, Астана қаласы маңында төрт жасанды көл жасайды. Министр бұған дейін де, биылғы көктемде «2050 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы үш есе артуы мүмкін» екенін, бірақ ол мәселені шешудің «40 тәсілін зерттеп жатқанын» айтқан еді.

Азаттық тілшісі Алматы қаласындағы география институты директорының орынбасары, су мәселелерін зерттеуші Саят Әлімқұловпен сұхбаттасты.

Азаттық: Қазақстандағы су тапшылығы мәселесін көтеріп жүрген қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров «оны шешудің 40 тәсілі бар» екенін айтқан еді, ол қандай тәсілдер?

Саят Әлімқұлов: Бәлкім, министр 40 тәсіл деп әдеби теңеу тұрғысында айтқан болар, бірақ тәсілдері жеткілікті. Барлығы сол тәсілдердің бағасына тіреледі. Жер асты суларын пайдалану, су тұщыту, ақыр аяғы біздің аумағымыздан өтіп жатқан ылғал ауаны да пайдалануға болады. Оған ғылым мүмкіндігі жетеді, біздің мүмкіндігіміз жетпеуі мүмкін. Қандай тәсіл болса да ең әуелі экономикалық тұрғыдан тиімді, экологиялық тұрғыдан дәйекті болуы керек. Ол тәсілдің ең қарапайым және жалпыға түсінікті түрі – сулы жерден сусыз жерге су айдау.

Азаттық: Қазақстанда су көрші елдерден келетін су көздеріне қаншалықты тәуелді?

Іле өзені. Алматы облысы, 8 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Іле өзені. Алматы облысы, 8 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Саят Әлімқұлов: Оңтүстік-шығыстағы, оңтүстіктегі таулы аймақтарда су жеткілікті болғанымен, Сырдария алабы, Орталық Қазақстан, Батыс Қазақстан аймақтарында жер беті су ресурстары аз. Қазақстанда, біздің бағалауымызша, жылына қалыптасатын жер беті су ресурстары орта есеппен 115 текше километр. Соның 44 текше километрі шамасында ғана Қазақстанның өз аумағында қалыптасады. 50-56 текше километр су шетелден келеді. Яғни Қазақстандағы негізгі сегіз су алабының жетеуі – трансшекаралық сулар. Ертіс пен Іле суының біраз бөлігі – Қытайда.

Судың ең көбі ауыз суға емес, суармалы егіншілік пен өнеркәсіп орындарының дамуына жұмсалады. Қазақстандағы судың 70 пайызын суармалы егіншілік алып отыр. Суармалы егіншіліктен бас тарта алмаймыз, өйткені Сырдария жағасында отырған халыққа басқа кәсіп тауып беру қиын. Әрине, суды азырақ ішіп, пайданы көбірек беретін, сол жердің климатына бейімделген дақыл болса, онда күріштен бас тартуға болар еді.

Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қызылорда облысын сумен қамтамасыз етіп отырған Сырдария алабындағы су қорының жылына орта есеппен 3,25-3,33 текше километрі ғана Қазақстанның өзінде қалыптасады, қалған 14-15 текше километрі Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан келеді. Бұл мемлекеттер арасында суға таластың қандай екені мәлім. Сондықтан әлгі 14-15 текше километр судың келешекте бізге жету-жетпеуі де күмәнді.

Азаттық: Қазақстан шекаралық өзендерден алатын үлесін анықтады ма?

Саят Әлімқұлов: Әзірге Қытаймен арада су мәселесіне байланысты арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Бұл – тіпті совет кезінде де шешілмеген мәселе. Тек Қазақстан ғана емес, су үлесін толық шешіп алған мемлекеттер аз. Қазір Іле өзенінің 12-15 текше километрі Қытайда қалыптасады. Өзімізде қалыптасатыны – Іленің алабында 7-8 текше километрі айналасында ғана. Ал бізден Қытайға небәрі 1-1,5 текше километр шамасында ғана су өтеді. Осыдан кейін Қытай оңайлықпен келісе сала ма? Су жөнінде халықаралық конвенция болғанымен, көп нәрсе екі жақты келіссөз арқылы шешіледі.

Азаттық: Жергілікті БАҚ-та «Қытай Қара Ертісті буып, 20 пайыз суын бұрып жатыр» деген ақпарат жиі жазылады.

Саят Әлімқұлов: Бұл пайыз әрқилы. Табиғи жағдайда бізге Қара Ертістен Қытайдың аумағынан орта есеппен жылына 9 текше километр су келеді. Қытай аумағында 7,-7,5 текше километр суы қалыптасады деп есептейтін болсақ, онда жаңағы 20 пайызға шаққанда жылына 1,5-2 текше километр су жоғалтқан болып шығамыз. Мұны аз не көп деуге болмайды. Өскемен, Семей, Павлодар қалаларынан өтетін Ертісті өзіміз де реттеп жатырмыз. Зайсанды Бұқтырмаға айналдырдық, оның астында Өскемен бар, бөгендер бар. Қара Ертістің суы азайса, әуелі Ертіс өзеніндегі энергия өндіруімізге әсер етеді. Зайсанның суы төмендеген соң жылдар бойы келе жатқан табиғи нысан бірден өзгеріске ұшыраса, қауіптің қандай болары белгілі.

Азаттық: Осы апта қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров Ертіс пен Есілге дейінгі аралықта ұзындығы 340 километрге жететін су арнасының жобасы қаралып жатқанын айтты. Бұрынырақ сіз қызмет ететін география институты республиканың шығысынан Орталық және Солтүстік Қазақстанға су жіберетін, ұзындығы шамамен 3 мың километрі жоба ұсынған еді.

Семей қаласы, Ертіс өзені. Сурет Семей қаласы әкімдігінің ресми сайтынан алынды.
Семей қаласы, Ертіс өзені. Сурет Семей қаласы әкімдігінің ресми сайтынан алынды.
Саят Әлімқұлов: География институты оны идея ретінде ғана көтерді. Мысалы, Қазақстанда су шаруашылығы алабында орта есеппен жылына 44-46 текше километр қалыптасса, соның 25 текше километрі – Ертіс алабында. Солтүстіктегі Тобыл-Торғай, Есіл алабының барлығын қосқанда 6-7 текше километрге жетпейді. Сырдарияны айттым, ал Шу-Талас суы Қырғызстаннан келеді. Біз қазір сол Ертіс алабында өзімізде бар 25 текше километрді дұрыс пайдаланып отырған жоқпыз. Халықаралық шарттар тұрғысынан келгенде өз аумағымызда қалыптасатын судың ең болмағанда 50 пайызын пайдалануға құқымыз бар. Бұл тек идея ғана. Бүгін емес, 50-60 жылдан кейін жүзеге асуы мүмкін, әлі де зерттеу керек. Бұл мәселеге түбі қайтып ораламыз. Қазіргі жағдайда ең арзан деп саналып отырған бағыт – Ертісті Сарыарқаның солтүстігін айналып өтіп, өз ағысымен Арқалық, Торғайдағы аңғарға дейін жеткізіп, оңтүстікке қарай бағыттау. Бұған түрлі өзгерістер енгізілуі де мүмкін.

Азаттық: Сібір өзендерін Орталық Азияға бұру туралы Совет өкіметі кезінде көтерілген бастама аяқсыз қалды ма?

Саят Әлімқұлов: Сібір өзендерін Торғай аңғары арқылы Аралға қарай бұрып, 27 текше километрге жуық суды жеткізу жобаланған. Түрлі себептермен бұл жобалар тоқтап қалды. Бірақ Ресейдің болашақ су стратегиясында тұщы суды әлемдік нарыққа шығару жолын іздеу көзделген. Олай болса ол суды Орталық Азияға бұру мәселесі тағы көтерілуі мүмкін. Егер қолайлы ұсыныс болса, бұл идеяны да пайдалануға болады. Алайда Ресеймен саяси тұрғыдан толық келіскен күнде де табиғатқа, экологияға қандай әсер тигізетінін көп зерттеу қажет. Мысалы, Қытайда Хуанхэ өзенін бұру мәселесі 50 жыл бойы зерттеліп барып бұру жөнінде шешім қабылданды.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет!
XS
SM
MD
LG