Accessibility links

ҰБТ, қазақ тілі мен «алаңға шығу»


Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев (сол жақта). Сурет Қазақстан үкіметі сайтынан алынды.

Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев (сол жақта). Сурет Қазақстан үкіметі сайтынан алынды.

Білім және ғылым министрлігінің мектеп бітірушілер мен абитуриенттер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуді жаңа форматта өткізу туралы шешімі қазақ тілінің мәртебесі туралы алаң тудырды.

Университеттердегі мамандықтар тізімінен Қазақстан тарихы түсіп қалады деген қауесеттің тарауы кезінде бір шуға ілінген білім және ғылым министрлігі соңғы аптада және бір даудың тууына себепші болды. Бұл жолы түлектер тапсыратын ҰБТ-дан ішінара «қазақ тілі» пәнінің алынып тасталуы туралы хабар сынға ұшырады.

Биылғы түлек Әмина жыл басталғалы бері алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жүр. Бойжеткен осы уақытта көп өзгеріс болғанын, ұстаздары талапты күшейтіп жатқанын айтады.

- ҰБТ-ға дайындықты былтыр бастаған едік, биылдан бастап енді екі емтихан болады екен. Осы аптада ұстаздар «қазақ тілінде тест емес, эссе жазасыңдар» деп айтты. Енді бар күшімізді соған жұмсап жатырмыз, - дейді Әмина.

Сабақта отырған мектеп оқушылары. Астана, 2 ақпан 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Сабақта отырған мектеп оқушылары. Астана, 2 ақпан 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматыдағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаттың оқу ісі жөніндегі орынбасары Сара Бақытқызы, алдағы сынақтарға түлектерді дайындау тәсілін өзгертпеген.

- Әдеттегідей емтиханға дайындау мақсатында апта сайын эссесін жазады, ҰБТ-ға тіркеліп келетін қосымша – бейімді пәндеріне дайындап жатырмыз. Ешқандай өзгеріс енгізген жоқпыз. Қазақ тілін алып тастаса да, біздің балаларымыздың қазақ тілін терең біліп шығуға міндетті, - дейді Сара Бақытқызы.

Аптаның басында Ұлттық біріңғай тестілеу орталығы директоры Рамазан Әлімқұлов «ҰБТ-дан қазақ тілі пәні алынып тасталғанын» айтты. Наурыздың 14-і күні Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бұл формат туралы толығырақ мәлімет берді. Оның сөзінше, бұған дейін 12 жыл бойы ҰБТ кезінде орыс тіліндегі мектеп бітірушілердің қазақ тілі сынағынан жинаған балдары есепке алынбаған. Сол себепті бұдан былай қазақ тілінде сынақ тапсыру мектеп бітіру кезінде сақталып, ал жоғары оқу орнына түсу кезінде болмайды.

- Жоғарғы оқу орнына барған кезде, қазақ мектептерін бітірген оқушылар тесті қазақ тілінде тапсырады, олардың биылғы саны 80-85 пайыз. Ал қалған орыс тілінде білім алған 15-20 пайыз оқушылар мектептегі қорытынды аттестациялау кезінде қазақ тілінен емтихан тапсырады, - деді министр үкімет отырысында.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев. Астана, 18 тамыз 2016 жыл.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев. Астана, 18 тамыз 2016 жыл.

Түлектерді тестілеудің жаңа форматы бойынша, оқушылар мектепте бес пәннен (төртеуі – міндетті, біреуі – таңдау бойынша) аттестация тапсырады.

Міндетті пәндер қатарында ана тілі және әд­ебиет (орыс мектептер­інде – орыс тілі және­ әдебиеті), алгебра ж­әне анализ бастамалар­ы, Қазақстан тарихы пəндері бар. Бұл саясатқа сәйкес орыс, өзбек, ұйғы­р және тәжік мектептерін бітірушілер аттестацияны қазақ тілінен­, ал қазақ мектептерін бітірушілер­ орыс тілінен тапсырады.

Республикалық деңгейдегі ҰБТ-ға үш пән: математикалық сауат, оқу сауаты деген жаңа пән және Қазақстан тарихы кіргізілген.

Азаматтық белсенді әрі «Ұрпақ тағдыры – білімде» қоғамдық қорының төрағасы Ерсайын Ерғожа «жоғарғы оқу орындарына түсу кезіндегі бәріне бірдей қазақ тілінен сынақ болу керек» екенін айтады.

«Қазақ тілі» мектептегі пән болғаннан кейін және Қазақстан республикасының ресми тілі болғаннан кейін қорытынды аттестацияда да, ҰБТ кезінде де тапсыру қажет.

- «Қазақ тілі» мектептегі пән болғаннан кейін және Қазақстан республикасының ресми тілі болғаннан кейін қорытынды аттестацияда да, ҰБТ кезінде де тапсыру қажет. Жалпы «қазақ тілі» мен «Қазақстан тарихы» пәндері, орыс мектептерінде де, қазақ мектептерінде де негізгі пән болуы тиіс деп ойлаймын, - дейді Ерсайын Ерғожа.

ҰБТ тапсырудың жаңа форматы туралы Азаттыққа осыған ұқсас пікір білдірген адамдардың ішінде Мәжіліс депутаты Шафхат Өтемісов, жазушы Қабдеш Жұмаділов, әдебиеттанушы Дандай Ысқақ, публицист Любовь Шашкова бар. Сын айтушылар мұндай өзгеріс орыс мектебін бітірушілердің қазақ тілін үйренуге деген ынтасын кеміте түседі алаңдайды.

ҰБТ тапсырудың жаңа форматы жергілікті БАҚ-та және әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қолданушылар мен ата-аналардың түрлі реакциясын туғызды. «Қазақ үні» газетінің бас редакторы Қазыбек Иса Facebook-та «SOS!» деп басталатын пост жариялап, «Мұндай БІЛІМ МИНИСТРІ БОЛСА, ЖАУДЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ!» деп жазды.

Ал ұлтшылдық сарындағы Qamshy.kz сайты бұл өзгеріс туралы мақаласына «ҰБТ-дан қазақ тілінің алынып тасталуы халықты алаңға шығуға итермелейді» деген тақырып қойды.

Алайда білім беру саласының кейбір өкілдері «қазақ тілін ҰБТ-дан алып тастады» деп шу көтерудің қате екенін айтып, тест тапсырудың жаңа форматымен жете таныспай тұрып ұшқары пікір айтудан сақтандырып жатты. Республикалық KAZBILIM орталығының директоры, білім беру саласның белсендісі Аятжан Ахметжанұлы Facebook парақшасында:

«Құрметті түлектер, ата-аналар, әріптестер биылдан бастап ҰБТ жаңа форматта, ол 2016 жылы 29 қазанда бекітіліп кеткен, одан бері талай пост жазып түсіндіріп жатырмыз, семинар тренинг те өткіздік біраз жерде... Бастысы биылғы түлектерге қиын болмас үшін ақпарат толық жетуі керек, кешегі ҰБТ дағы қазақ тілі туралы дауға қарап отырып жаңа форматты әлі толық түсінбей жатқанын аңғардық... Құрметті әріптестер, ата-аналар басқа басқа мектеп бітіретін 200 мыңға жуық түлектің тағдыры тұр бұл жерде сол үшін ақпаратты толық жеткізу керек...» деп жазды (автордың тыныс белгілері сол қалпынша қалдырылды – ред.)

ҰБТ тапсырып шығып келе жатқан түлектер. (Көрнекі сурет)

ҰБТ тапсырып шығып келе жатқан түлектер. (Көрнекі сурет)

Белсенді Ерсайын Ерғожа Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары білім беру саласында 14 министр ауысқанын, көптеген тиімсіз реформалар жасалғанын айтады. Ол өзін министрлікті жиі сынайтын адамдардың қатарына жатқызады. Бірақ ҰТБ-ның биылғы жаңарған жалпы форматын, яғни мектепте де, ЖОО-ға түсу кезінде де сынақ тапсыру әдісін дұрыс шешім деп санайды.

Биыл ҰБТ-ға қатысуға өтініш 10 наурыз – 10 мамыр арасында ел бойынша 165 ҰБТ өткізу пунктінде қабылданады. Тестілеу 20 маусым – 1 шілде арасында өтеді. 2017 жылғы тамызда және 2018 жылғы қаңтарда ҰБТ-ны ақысын төлеп қайта тапсыруға болады. Сынақтан өту үшін абитуриенттер кем дегенде 50 балл жинауы тиіс.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG