Accessibility links

"Үлкен террор" шеңгеліне іліккен қазақ жазушылары


1937 жылы 18 маусымда "Казахстанская правда" газетінде жарияланған Бейімбет Майлиннің "саяси қателіктері" туралы мақала.
1937 жылы 18 маусымда "Казахстанская правда" газетінде жарияланған Бейімбет Майлиннің "саяси қателіктері" туралы мақала.

Сталиндік репрессия жылдары "халық жауы" саналған қазақ жазушылары қалай қудаланды және ол заманда мұндай айып қалай тағылды? Азаттық тілшісі 1937 жылы шыққан қазақстандық газеттердің тігінділерін парақтап шықты.

Қазақстанда жазушыларға қарсы қуғын-сүргін "Үлкен террор" заманы деп аталып кеткен 1937-1938 жылдары басталды. 1930 жылдары билік Жүсіпбек Аймауытовты ату жазасына кесті. 1931 жылы сотсыз, тергеусіз Шәкәрім атылды. 1935 жылы ГУЛАГ лагерьлерінің бірінде Міржақып Дулатов өлді. 1930 жылдардың басында саяси себептермен екі жарым жылға қамалған Мұхтар Әуезов түрмеден шыққаннан кейін үш жылға шартты жазаға кесілді. Бірақ қазақ зиялыларына, оның ішінде жазушыларға қарсы басталған репрессия Үлкен террор жылдары қатты өршіді.

ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ 1937 ЖЫЛҒА ЖОСПАРЫ

"Социалистическая Алма-Ата" қалалық газетінің 1937 жылғы тігіндісінің бірінші санында қазақ әдебиетіне арналған парақ бар. Бес жазушы - Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев және Сәбит Мұқанов - алдағы жылға арналған шығармашылық жоспарларымен бөліскен. Олар қандай шығармалар жазып жатқанын және баспаға қашан тапсыратынын айтып берген. Жоспарларымен бөліскен қазақ жазушылары бір жылдан кейін өздерін не күтіп тұрғанын білмеген еді.

Қазақ жазушысы Сәкен Сейфуллин.
Қазақ жазушысы Сәкен Сейфуллин.

1938 жылғы ақпанда Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлин "халық жауы" ретінде атылды. 1937 жылы Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановқа да саяси айыптар тағылды. Жазушылар одағының партия ұйымы нағыз "саяси физиономиясын" әшкерелегендіктен, 1937 жылғы қазанның басында Мұқановты партиядан шығарып жіберді. "Казахстанская правда" газетінің 1937 жылғы 5 қазандағы санында "Ол (Сәбит Мұқанов-ред) – жауларымыздың досы, сұмпайы фашист тыңшылар Сейфуллин мен Жансүгіровтің тікелей жандайшабы. Оның бүкіл шығармашылығы - Алаш орда идеяларына тұнып тұрған контрабанда, буржуазиялық және ұлтшылдық көзқарастарды тықпалау" деп жазылған.

Көре отырыңыз: "Үлкен террор" және Қазақстан

"Үлкен террор" және Қазақстан
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00

Ол кезде Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезовтің басына да репрессияның қара бұлты үйірілген еді. Бірақ екеуі қамау мен жазадан аман қалды. 1937 жылы "таза лирикамен ғана әуестеніп кетті, қазіргі заман тақырыптарын менсінбейді, жөні түзу шығармашыл ортадан аулақтап кетті" деген айыптармен Әбділда Тәжібаев та сынға ілікті.

ОРДЕН ИЕГЕРІНЕН "ХАЛЫҚ ЖАУЫНА" АЙНАЛҒАН СӘКЕН

1937 жылға арналған шығармашалық жоспарымен бөліскен соң бірнеше күннен кейін Сәкен Сейфуллиннің "Қызыл сұңқарлар" пьесасы сынға ұшырады. Пьесаға өзгеріс енгізгенге дейін сахналаудан алып тастауға мәжбүр болды.

Пьесаны Ғаббас Тоғжанов қатты сынады. Ол "Қызыл сұңқарларда" қазақ халқының тарихы бұрмаланған, Қазақстанда совет үкіметін орнату жолындағы күрестегі орыс пролетариатының басшылық рөлі көрсетілмеген" деп жазды. Сәкен Сейфуллин Ғаббас Тоғжанов ашық хат арқылы жауап беріп, сынын жоққа шығарды. Ол "Тоғжанов жолдастың түсінігінше, пьесадағы басты рөл міндетті түрде орыс кейіпкерге беріп, ал қазаққа болмашы рөл беру керек екен" деп жазды. Сәкен Сейфуллин мұндай көзқарасты нағыз схематизм ретінде сипаттады.

"Социалистическая Алма-Ата" газетінің 1937 жылы шыққан сандарының бірі.
"Социалистическая Алма-Ата" газетінің 1937 жылы шыққан сандарының бірі.

Сәуірдің аяғында Қазақстанда Сәкен Сейфуллин газет бетіне көп шығатын беделді совет жазушысы, орден иегері (оған Еңбек Қызыл ту ордені 1936 жылы табысталған) болды. Мысалы, Сәкен Сейфуллиннің пленумда айтқан "Ендігі шаруа бізге, жазушыларға тіреліп тұр!" деген сөзі Қазақстан жазушылар одағының пленумы туралы мақаланың тақырыбына айналып, оның сөзінен көлемді үзінді келтірілген.

"Қызыл сұңқарлар" пьесасы туралы пікірталастан бөлек, жазушыны "екі шағын тақпағын есептемегенде, кейінгі жылдары саяси поэзия жанрында ауыз толтырып айтуға тұрарлық ештеңе жазған жоқ" (Мұхаметжан Қаратаевтың "Ближе к жизни" мақаласынан, 1937 жылғы сәуірдің 26-сы) деп жазғырды.

Оқи отырыңыз: "Алашорданың" мерейтойы лайықты аталды ма?

Сәкен Сейфуллин шамамен 1937 жылғы шілдеден бастап саяси сынның астында қалады. "Жазушылар одағындағы ахуал" деген (1937 жылғы 9 шілде) көлемді мақаласында Тәжен Елеуов жазушыны "өз қателіктері жайлы айтпайды", "ұлтшылдыққа бейімділіктің, әдебиеттегі пантюркизм элементтерінің көрінісі ретінде" "сейфуллиншілдікті" қалыптастырып алды деп айыптайды. Тәжен Елеуов 1925 жылы Сәкен Сейфуллиннің "Алашорданың бөрісі" Байтұрсыновты дәріптеген мақала жазғанын еске салады. Бұған қоса, автор 1920 жылдары Сәкен Сейфуллиннің "жұмысшы табын сатып кеткен нағыз опасыз, сұмпайы қанішер" Троцкийге екі мадақ өлеңін арнағанын да еске алады. Тәжен Елеуов "Қызыл сұңқарларды" "саяси тұрғыдан дәрменсіз шикі материал" ретінде сипаттайды.

1937 жылғы 16 қыркүйекте автор белгісіз "Жазушылар одағынан ұлтшыл әрі фашист сұмырайдың көзін құрту керек" ("Выкорчевать национал-фашистскую мразь из союза писателей Казахстана") деген зәрлі мақалада Сейфуллинді "жазушылар одағында топтық тартысты бастап, жас жазушылардың өсуіне кедергі жасап жүргендердің бірі" деп айыптайды.

"Казахстанская правда" газетінің 1937 жылы 19 қыркүйекте шыққан саны
"Казахстанская правда" газетінің 1937 жылы 19 қыркүйекте шыққан саны

Сегіз күннен кейін, яғни 24 қыркүйекте Сәкен Сейфуллинді тұтқындайды, сол кезден бастап ақталғанға дейін оның есіміне "фашистердің жексұрын тыңшысы" деген сарындағы атақ ілесіп жүрді.

НКВД қозғаған қылмыстық істе жазушыға мынадай айыптар тағылған: "1.Совет үкіметіне қарсы ұлтшыл, террорлық және тыңшылық әрі диверсиялық ұйымның белсенді мүшесі болды. 2. Жасырын троцкийшіл ретінде және ұлтшылдар тобын басқару арқылы 1922 жылдан бері ВКП(б) және совет үкіметімен контреволюциялық күрес жүргізді. 3. Ұйымның террорлық әрекеттеріне қатысты. 4. Әдебиет саласында совет үкіметіне қарсы жұмыс жүргізді. 5. Ұйымға қосылуға үгіттеу жұмысын жүргізді. 6. Совет үкіметіне қарсы жұмысты үйлестіру мақсатында 1936 жылы халық жауы Сокольниковпен байланыс орнатты. Яғни РСФСР қылмыстық кодексінің 58 бабы 2,8, 11 тармақтарында қарастырылған қылмыстар жасады. Өзін кінәлі деп мойындамады".

Сәкен Сейфуллин 1938 жылы ақпанның 25-інде Қазақ ССР-і жоғарғы сотының әскери алқасының көшпелі сессиясның үкімі бойынша атылды. 1957 жылы наурыздың 21-інде СССР жоғарғы сотының әскери алқасы қылмыс құрамы жоқтығына байланысты ақтады.

"ХАЛЫҚ ЖАУЫНЫҢ" ОПЕРАСЫН ҚОЮДАН БАС ТАРТУ

1933-1936 жылдары қазақтың белгілі ақыны, прозашысы, драматургі Бейімбет Майлин шығармаларының төрт томдығын шығарды. Әлгі жинағы оған кесір болып тиді. Сәбит Мұқанов "Казахстанская правда" газетінде әлгі төрт томдық туралы "Б.Майлиннің қателіктері хақында" деген мақала жариялады. Жазушылар одағы басқармасы төрағасы Майлинді "контрреволюциялық шатпағын" қайта жариялады деп айыптады.

Мұқановтың жазуынша, Майлиннің 1925 жылы жазылған "Ауыл мектебі" пьесасы "халық жауы, жапон-герман фашизмінің агенті, жендет" Троцкийді дәріптеген.

Сәбит Мұқанов әлгі мақаласында Майлиннің бұрынғы шығармаларына да "таптық" тұрғыдан талдау жасаған. Мысалы, "Әкеме хат" өлеңінде кедейлер Алаш Орда жасақтарына өз еркімен қосылды деп көрсетіп, қазақ кедейлеріне жала жапқан" деп жазды. Қазақстан жазушылар ұйымы басшысының әлгі "қателіктің" бәрі кездейсоқтық емес деген ұйғарымы Майлиннің басына қауіп төндірген еді. Сәбит Мұқановтың ойынша, 1918 жылы алашордалықтардың Петропавлдағы газетінде жарияланған екі өлеңінде Майлин жастарды, "қазақ халқының қас жауы" болған "Алашорда" қатарына өтуге шақырған үндеу бар.

Сәбит Мұқановтың Бейімбет Майлин туралы мақаласы.
Сәбит Мұқановтың Бейімбет Майлин туралы мақаласы.

Бейімбет Майлин Сейфуллин мен Жансүгіровтен сәл кейінірек тұтқындалды. Қазақтың тұңғыш дыбысты фильмі - "Амангелдінің" түсіріліміне қатысқанының арқасында оны көпке дейін тұтқындаған жоқ деген тарихи дерек бар. Көктем, жаз және күздің басында ол сценарийдің тең авторларының бірі ретінде түсірілім алаңына жиі барып, режиссерге кеңес беріп жүрді. Майлинді қамау Ғабит Мүсіреповтің ара түсуінің арқасында кейінге ысырылды деген де болжам бар.

"Амангелді" фильмі ел экрандарына 1939 жылдың басында шықты. Афишалар мен титрлерде сценарийдің авторы ретінде тек Всеволод Иванов пен Ғабит Мүсіреповтің аты-жөні көрсетілді. 1966 жылы "Амангелді" фильмі қалпына келтірілгеннен кейін әділеттілік орнап, сценарий авторлары арасында Бейімбет Майлиннің есімі енді.

Көре отырыңыз: "Үлкен террор": 80 жылдан соңғы көзқарас

"Үлкен террор": 80 жылдан соңғы көзқарас
please wait

No media source currently available

0:00 0:32:19 0:00

1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігі кезінде қазақтың алғашқы ұлттық опералары – "Қыз Жібек" пен "Жалбыр" опералары қойылды. Екеуінің де музыкасын Евгений Брусиловский жазған. Екінші операның мәтіні "Алтын сандық" пьесасынан алынған үзінділермен қоса Бейімбет Майлиннің "Біздің жігіттер" пьесасы негізінде жазылған. Операдағы оқиға желісі 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі қазақ ауылында өрбиді.

Қазақ ССР-і халық комиссарлары советі жанындағы өнер істері басқармасы бастығы қызметін атқарған Ғабит Мүсірепов опера театрына Октябрь революциясының 20 жылдығына орай осы операны қоюды тапсырады. Майлин қамалғаннан кейін қазақ операсының бір топ қызметкері "Социалистическая Алма-Ата" газеті редакциясына барып "авторы халық жауы деп танылған операны қоюға бола ма?" деп сұраған.

Редакция операға қатысты позициясын білу үшін өнер істері жөніндегі басқармаға сауал жолдайды. Бастықтың Найденов деген әлдебір орынбасары газетке "Пьеса қайта өңделген. Атын өзгертіп, авторын алып тастаймыз, сондықтан пьеса қоюға жарайды" деп жауап берген.

Әлгі оқиға жайлы баяндаған жазбаның авторы "саяси арсыздықтың шектен шыққанына" қайран қалады.

Ертеңінде газет "Жалбыр" операсына байланысты қайта жазба жариялады. Опера театрының бір топ қызметкері (жиыны алты адам, бәрі я халық, я еңбек сіңірген артистер) "халық жауының шығармасын совет театры сахнасында қоюға жол беруге мүлде болмайды" деп санағандықтан, революцияның 20 жылдығына орай "Жалбыр" операсын қоюдан бас тартатындарын хабарлаған хатқа қол қояды. Әлгі хатта "сол баяғы Майлиннің" "Шұға" мен "Дударай" операларын да қоюдан бас тартқандарын мәлімделген. Хатқа қол қойғандар мұның кесірінен театр біразға дейін репертуарсыз қалғанын мойындаған, бірақ "социалистік құрылыс міндеттеріне сай туындылар жазуға кірісеміз" деп мәлімдеген.

1937 жылғы 17 желтоқсанда "Социалистическая Алма-Ата" газеті Алматыда "Жалбыр" операсының қойылымы үлкен табыспен өткенін хабарлады. Қойылымның атауын өзгертпеген, бірақ НКВД зынданында отырған Бейімбет Майлиннің есімі аталған жоқ. Қазақ ССР-інің халық артисі Құрманбек Жандарбеков әлгі мақалада былай дейді:

"Театр "Жалбыр" операсын баяғыдан қойып келе жатыр. Кезінде опера мәтінінде қолтаңбасы қалған халық жаулары көбінесе психологиялық және күйкі тірлікке мән берген еді. Біз жаңа мәтінмен жұмыс істеп, ең әуелі Жалбырдың бұқараны басқарған, топ бастаған кейіпкер ретінде өз бейнесін толымды етіп көрсетуге тырыстық".

1957 жылғы сәуірде Бейімбет Майлин ақталғаннан кейін "Жалбыр" және өзге бірнеше қазақ операсының либреттосының авторы ретінде оның есімі театр афишаларына оралды.

Мақаланы жазу кезінде "Социалистическая Алма-Ата", "Казахстанская правда" газеттерінің 1937жылғы сандары, жазушы Валерий Могильницкийдің "Как погиб Сакен Сейфуллин" очеркі, Г. М. Кәкенованың "Идейная борьба в среде творческой интеллигенции Казахстана в 1930-е гг. Проблемы изучения" (Вестник КарГУ, 2010) мақаласы, "Жертвы политического террора в СССР" сайтының, Карлаг мұражайы сайтының (Б.Майлинді партиядан шығару туралы партия жиналысы хаттамасы) материалдары пайдаланылды

XS
SM
MD
LG