Accessibility links

"Алашорданың" мерейтойы лайықты аталды ма?


"Алашорда" автономиясы Халық Кеңесінің мүшелері. Семей, 1918 жыл. Үшінші қатарда сол жақ шетте отырған - Ахмет Байтұрсынұлы, бір кісіден кейін басына ақ кепкі киген - "Алашорда" төрағасы Әлихан Бөкейхан. (Сұлтанхан Аққұлының жинағынан алынған сурет.)
"Алашорда" автономиясы Халық Кеңесінің мүшелері. Семей, 1918 жыл. Үшінші қатарда сол жақ шетте отырған - Ахмет Байтұрсынұлы, бір кісіден кейін басына ақ кепкі киген - "Алашорда" төрағасы Әлихан Бөкейхан. (Сұлтанхан Аққұлының жинағынан алынған сурет.)

Сарапшылар "Алаш" автономиясының жарияланғанына жүз жыл толуына байланысты парламенттік тыңдаудың болмағанына өкініш білдіріп, орындалуға тиісті шараларды атап шықты.

1917 жылдың 5-13 желтоқсаны аралығында Орынборда екінші жалпықазақ съезі өтті. Қазақстанның бірқатар тарихшылары съезде қабылданған құжаттарға сүйеніп, 1917 жылдың 13 желтоқсанын "Алашорда үкіметінің құрылған күні" деп есептейді. "Алашордашылардың" жетекшілері көбіне патшалық Ресейдің либералдық бағыт ұстанған Конституциялық-демократиялық партиясының (кадеттер – ред) мүшелері, я ниеттестері еді. Биыл 100 жыл толған осы датаға байланысты қандай мемлекеттік, қоғамдық жұмыстар жасалды?

2017 жылдың басында Қазақстан үкіметінде "Алашорда" үкіметінің 100 жылдығына арнап түрлі іс-шаралар өткізу жөнінде арнайы жиын өткен еді. Сол кезде "Алашорданың" 100 жылдығына арнап кинолар түсіріп, кітаптар шығару, Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлының музей үйін мемлекет меншігіне алып, республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіп, ғылыми орталық ретінде қайта құру жұмыстары жоспарланған.

Оқи отырыңыз: Астанада Алаш зиялыларының еңбегін дәріптеуді талқылады

Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтында "Алашордаға" қатысты шаралар биылғы орындалған істер тізімінен немесе алдағы атқарылмақ шаралар жоспарынан байқалмады. Жыл басында үкімет мүшелері тарапынан айтылған жұмыстардың орындалғаны туралы есеп те көрінбейді.

Ал тарихшы Мәмбет Қойгелді қоғамды "Алашорда" туралы құлақтандырумен тек зерттеушілер емес, билік те айналысуы тиіс еді деп есептейді.

- "Алашорда" үкіметіне байланысты бізде үлкен парламенттік тыңдау болуы керек еді. Бүгінгі мемлекетімізбен, тәуелсіз Қазақстан республикасымен 1917 жылы құрылған "Алашорда" үкіметінің, "Алаш" автономиясының арасындағы сабақтастық, өзара байланыс туралы құжат қабылданса артық болмайтын еді. Ол сұранып тұрған нәрсе. Біздің қоғам үшін, мемлекеттілігіміз үшін, соның болашағы үшін қажет ол. Қазақ тарихын зерттеу тарихшылардың міндеті болғанымен, оны таныту тек зерттеушілердің ғана міндеті емес. Ол міндетті билік қолына алуы керек, осыған орай "Алаштың" 100 жылдығына байланысты парламенттік тыңдау өткізсе жаман ба? - дейді ол.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің және Мәдениет және спорт министрлігі қасындағы қоғамдық кеңестің мүшесі Бекболат Тілеухан "парламенттік тыңдау туралы ұсыныс болып жатса, қарсы емеспін" дейді. Оның сөзінше, бұл тарихи оқиғаға қатысты "парламент пен министрлікте шаралар өткен".

- "Алаштың" жүз жылдығы ғана емес, көптеген шаралар маусымдық нәрселермен өтіп кетеді. Түбегейлі қарауға кейде, шынын айту керек, біздің деңгейіміз де жетпей қалып жатады. Елдің есінде не қалады, жақсы жазылған кітап қалады, елдің есінде не қалады, жақсы шыққан кино қалады. Қалғанының бәрі өткінші нәрсе. Бес-алты концерт өткізіп, бес-алты адаммен кездесу өткізіп ұрпақты пайдалы нәрсеге шығара алмайсың, - дейді Бекболат Тілеухан.

ВИДЕО: Бекболат Тілеухан "Алаштың" 100 жылдығын тойлау жайлы:

Бекболат Тілеухан "Алаштың" 100 жылдығын тойлау жайлы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:44 0:00

Биыл "Қазақфильм" киностудиясының тапсырысы бойынша "Алашорда" туралы үш бөлімді деректі фильм түсірілді. Әзірге фильм көпшілікке көрсетілген жоқ. Осы деректі фильмнің авторы, бұған дейін де "Алашорда" тарихына қатысты бірнеше кітапты құрастырған журналист Болат Мүрсәлім ұйымдастырылған шаралардың деңгейі көңілден шықпайтынын айтады.

- "Алашорданың" 100 жылдығын қоғам атап өтті. Қал-қадірінше, үздік-создық, шашау болса да. Бірақ мемлекет Астанада аса жоғарғы салтанатпен бірде-бір жиын өткізген жоқ. Өйткені бүгінгі ресми билік "Алашорданы" білсе де, білгісі келмейді, көз жұмады. Биыл біз архивтерді ашып, 1917 жылғы қилы заманның толық шындығын жариялауымыз, тануымыз, жалпыұлттық талқылау өткізуіміз керек еді. "Алашорда" нені дұрыс істеді, неден қателесті?" деген сұраққа анық, ашық жауап беруіміз керек еді. Соның бірін де жасай алмадық. Биыл әр қазақтың мойнында өтелмеген қарыз кетті ғой деп ойлаймын, - дейді Болат Мүрсәлім.

Тарихшы Светлана Смағұлова да "Алашорданың" 100 жылдығына байланысты жасаған ұсыныстарының орындалмағанын бұған дейін Азаттыққа айтқан еді.

- Барлық жерде ғылыми деңгейде конференция өткізу науқан сияқты болып кетті, бір сарынды. Үкімет тарапынан "Алашордаға" байланысты нақты қаулы, я нұсқау түспеді, - деген ол.

ВИДЕО: "Алашорда жайлы ұсыныстың көбі орындалмады":

«Алашорда жайлы ұсыныстың көбі орындалмады»
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:02 0:00

Көктемде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ас беріліп, алаштанушы ғалымдар жыл бойғы іс-шаралар өткізу бойынша ойларымен бөліскен.

ВИДЕО: Алаштың 100 жылдығына арнап ас берді:

Алаштың 100 жылдығына арнап ас берді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:37 0:00

Биыл қыркүйектің соңында Семей қаласында "Алаш" қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханға арнап ескерткіш ашылды. Мүсін Семейдің орталығындағы балалар саябағы мен Жеңіс саябағы арасына орнатылды.

Сталиндік репрессия құрбаны, "Алашорда" үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан жерленген Мәскеудегі Дон зираты.
Сталиндік репрессия құрбаны, "Алашорда" үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан жерленген Мәскеудегі Дон зираты.

Ресми мәлімет бойынша, биіктігі 1,8 метрлік тұғырға орнатылған, 3,5 метр болатын ескерткішке 32 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ескерткіш авторы - мүсінші Бақытбек Мұхамеджанов. Ескерткіштің ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысы мен Семей қаласының басшылары, жергілікті тарихшылар мен қоғам белсенділері қатысты.

1917 жылғы желтоқсанның 5-13 аралығында Орынбарда өткен екінші жалпықазақ құрылтайына сексеннен астам адам қатысқан. Күн тәртібіне қойылған 10 мәселені қараған жиын қазақ автономиясын жариялауды қолдап дауыс берген. Қазақ автономиясының құрамына сол кездегі Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария, Ферғана, Самарқан облыстары, Әмудария, Закаспий облыстарындағы қазақ уездері және Алтай губерниясындағы қазақтар кіреді деп белгіленген. Жаңадан құрылған автономия "Алаш", ал үкіметтің атауы "Алашорда" болып бекітілген. "Алашорда" үкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейхан сайланған. "Алашорданың" уақытша орны – Семей қаласы деген ұйғарым жасалған. Кейін қазақ даласына совет өкіметі орнаған соң "алашордашылардың" барлығы дерлік қуғынға ұшырап, көпшілігі сталиндік репрессия кезінде атылып кетті.

  • 16x9 Image

    Қасым АМАНЖОЛ

    Қасым Аманжол – Азаттық радиосының тв-продюсері. 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевидение факультетін аяқтаған. 20 жылдан астам Қазақстанның телевизия саласында істеп келеді. Авторлық бағдарламалардың, деректі фильмдердің авторы. «Шынның жүзі» сұхбаттар циклын, «Анық Абай» деректі сериалын, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы жайлы фильмдерді, 2014 жылы Шығыс Украинадағы соғыс пен Қырым туралы фильмдер түсірген. 2015 жылдан бері Азаттықта тікелей эфирлер жүргізіп, тележобалар жасайды. Телетоптың жұмысына продюсерлік істейді.

XS
SM
MD
LG