Accessibility links

100 жыл бұрын Қазақстанда құрылған үкіметтер


Суретте бірінші қатарда отырғандар (солдан оңға қарай): Жақабай Әтікұлы, Жұбандық Болғанбайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Әлихан Бөкейхан, Райымжан Мәрсеков. Екінші қатарда: сол жақтан екінші Мұқан Жәкежанұлы, одан кейін Көкбай Жанатайұлы тұр. Семей, 1918 жыл. (Сурет Болат Мүрсәлім құрастырған "Алашорда" жинағынан алынды.)
Суретте бірінші қатарда отырғандар (солдан оңға қарай): Жақабай Әтікұлы, Жұбандық Болғанбайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Әлихан Бөкейхан, Райымжан Мәрсеков. Екінші қатарда: сол жақтан екінші Мұқан Жәкежанұлы, одан кейін Көкбай Жанатайұлы тұр. Семей, 1918 жыл. (Сурет Болат Мүрсәлім құрастырған "Алашорда" жинағынан алынды.)

Осыдан жүз жыл бұрын, 1917 жылы желтоқсаның 13-і күні Орынборда Екінші жалпықазақ съезі аяқталып, "Алаш" автономиясын жариялау туралы қаулы қабылданды. Одан екі апта бұрын Түркістан автономиясы жарияланған болатын. Бір жылдан кейін Қазақстанның Батыс өңірінде "Ойыл уәлаятының уақытша үкіметі" құрылып, ол кейіннен "Батыс Алашордаға" айналды. Қазақ оқығандарының бірер жылда бірнеше үкімет құруын тарихшылар "жағдайға қарай әрекет ету" деп бағалайды.

"ТҮРКІСТАН АВТОНОМИЯСЫ"

1917 жылы Ресей патшасы тағынан құлағаннан кейінгі кезең советтік тарихта да, кейінгі тарихта да ұқсас баяндалады.

Түркістан автономиясы

Түркістан автономиясы - 1917 жылы қарашада Түркістан мұсылмандарының IV төтенше съезі шешімімен жарияланған, аймақ мұсылмандарының өзін-өзі басқаруын мақсат тұтқан «Ресейдің автономиялы өлкесі». Оған қазіргі Өзбекстан, Түркіменстан, Қазақстан сияқты елдердің кей аймақтары кірген. Автономия үкіметінің алғашқы басшысы Мұхамеджан Тынышбаев 1918 жылы қаңтарда өз еркімен қызметтен кетіп, орнына Мұстафа Шоқай сайланған.

Мұстафа Шоқай естеліктерінде «[Түркістан автономиясы] 1918 жылы ақпанның 13-і таратылды. Үкіметінің не офицері, не ақшасы, не әскері болмады. Почта, телеграф, темір­жолдар жау қолында болатын. Осындай жағдайда дүниеге келіп, қысқа ғана ғұмыр кешкен үкіметтің Түркістан халқының ұлттық талаптарын қанағаттандыру жолында көзге көрінерлік ешқандай жұмыс тындыра алмағаны таби­ғи еді. Тіпті бұл үкіметтің осындай жағдайда құрылып, 64 күн өмір сүре алуының өзі таңғаларлық құбылыс» деп жазған. Түркістан автономиясын большевиктер үкіметі қарулы шабуылмен талқандады.

Совет ақыны Сәкен Сейфуллин бұл кезеңді "Елде де, қалада да патша түскен соң топ-топ жиналыс. Гу-гу сөздер. Күн сайын жиналыс, күн сайын митингі. Екі күнде бір комитет сайлау... Жиналыс сайын сөйлейтін шешендер, "көсемдер" шыққан... патша түскен соң, халыққа саяси ерік тиген соң, бұқара халық неғыларын білмеді... Тәжірибе жоқ, тәртіп жоқ, жоба жоқ. Жұртттың бәрі бостандықты енді өз еркімен, өзінше түсіне бастады. Біреуге біреу басынып, бір лайықсыз іс істесе "бұл қалай?" десең; - Е, бұл слаубода (свобода) дейтін болды" деп сипаттайды.

Тарихшылардың жазуынша, мұндай бостандық ұзаққа созылмаған. Көп ұзамай-ақ Уақытша үкімет пен Совет үкіметі арасында тартыс басталып, қазақ оқығандарының бір бөлігі Уақытша үкіметтің, бір бөлігі Совет үкіметінің қызметіне кіріскен.

Уақытша үкімет берген саяси еркіндікті пайдалануға ұмтылған қазақ оқығандары Орталық Азияда және Қазақстанда автономия құруға бірнеше рет талпынды. Соның алғашқысы – Түркістан автономиясы болды (кей деректерде Қоқан автономиясы деп аталады – ред.).

1917 жылы қарашаның 28-і күні Қоқан қаласында Түркістан мұсылмандарының IV төтенше съезі "Түркістан автономиясын" жариялап, Қоқан қаласын орталығына айналдырды. Осы съезд "Түркістан құрылтайын шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша кеңесіне өтетіндігі жөнінде" қаулы қабылдады. Түркістан Уақытша кеңесі құрамына негізгі тұрғындары қазақтардан тұратын Сырдария мен Жетісу облыстарынан 11 өкіл кірді.

Тарихшылардың айтуынша, патшалық Ресей тұсында құрылған Сырдария мен Жетісу облыстарына қазіргі Қазақстанның оңтүстік облыстары кірген.

Түркістан Уақытша үкіметінің төрағасы және Ӏшкі істер министрі болып Мұхамеджан Тынышбаев сайланған, Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалған Мұстафа Шоқай көп ұзамай-ақ үкімет төрағасы болған.

Тарихшылар "Түркістан автономиясын Түркістан өлкесінің жергілікті халқы қолдады" деп жазады. Алайда Совет үкіметі Түркістан автономиясын 1918 жылы ақпан айында күшпен таратты.

"Алаш" ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілері (солдан оңға қарай): Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлы.
"Алаш" ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілері (солдан оңға қарай): Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлы.

"АЛАШ АВТОНОМИЯСЫ"

Түркістан автономиясы жарияланғаннан кейін екі апта өтпей, желтоқсанның 5-і күні Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ оқығандары Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ съезін өткізді.

«Алаш» партиясы

"Алаш" һәм "Алашорда"

20-ғасыр басында бір топ қазақ интеллигенті құрған "Алаш" партиясы қазақ ортасында либерализм идеяларын насихаттаған.

"Алаш" партиясы 1917-1918 жылдары қызмет етті. Тарихшылар "Алаш" автономиясы мен "Алашорда" үкіметінің құрылуын осы ұйым қызметімен байланыстырады. "Алаш" партиясы жетекшілері Ресей империясының қазақтар қоныстанған территорияларын Алаш автономиясына біріктіруді мақсат тұтқан. 1937-1938 жылдары "Алаш" партиясының жетекшілері түгелге жуық сталиндік қуғын-сүргін құрбанына айналды. Тарихшы Оливьер Руа "Алашты" Орталық Азиядағы алғашқы кәсіби партия деп сипаттайды.

Желтоқсанның 13-і күні аяқталған съезде "Руссия мемлекетінде халыққа сенімді және беделді үкіметтің жоқтығын... және бұл бүлікшілік біздің қазақ-қырғыздың басына келуін мүмкін деп ойлап" съезд "қазақ-қырғыз билігін қолына алатынын" жариялады.

Съезде Уақытша ұлт кеңесі құрылып, оны "Алашорда" деп атады. Орталығын Семей қаласы етіп бекітті. "Алашорда" үкіметі құрылғанымен, Алаш автономиясын жариялау мәселесіне келгенде съезд делегаттары екіге жарылды. Әлихан Бөкейхан "қолында қаруы, күші жоқ қазақ өзге де жағдайлармен санасуы, қазақ жерінде тұратын орыстардың еркін ескеруі тиіс" десе, Халел Досмұхамедов бастаған топ "автономияны дереу жариялауды" ұсынды.

Соңында екі жақ келісімге келіп, Түркістан қазағын қосып алып автономия жариялауға бір ай мерзім белгіледі. Бір ай ішінде "қосылу ісі жүрмесе де", автономия жарияланатын болып шешілді.

Осы үшін 1918 жылы қаңтардың 5-і күні шақырылған Сырдария съезіне "бірігу мәселесін қозғау үшін" үш өкіл жіберілді. Осылайша "Алаш" автономиясын жариялау мәселесі Түркістан автономиясының құрамындағы қазақтардың шешіміне тірелді.

"СЫРДАРИЯ ОБЛЫСЫ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ СЪЕЗІ"

"Алашорда" үкіметі құрылған соң бір айдан кейін Түркістан қаласында тарихта "Сырдария облыстық қазақ съезі" деген атпен қалған жиын өтті. Жиында Сырдария облысы қазақтары Түркістан (Қоқан) автономиясы мен Алаш автономиясының қайсысының құрамында болған жөн" деген мәселе екі күн талқыланады.

"Алашорда" автономиясы Халық Кеңесінің мүшелері. Семей, 1918 жыл. Үшінші қатарда сол жақ шетте отырған - Ахмет Байтұрсынұлы, бір кісіден кейін басына ақ кепкі киген - "Алашорда" төрағасы Әлихан Бөкейхан. (Сұлтанхан Аққұлының жинағынан алынған сурет.)
"Алашорда" автономиясы Халық Кеңесінің мүшелері. Семей, 1918 жыл. Үшінші қатарда сол жақ шетте отырған - Ахмет Байтұрсынұлы, бір кісіден кейін басына ақ кепкі киген - "Алашорда" төрағасы Әлихан Бөкейхан. (Сұлтанхан Аққұлының жинағынан алынған сурет.)

Съезд соңында "Сырдария облысы Түркістан өлкесінде болғандықтан, әзірге Түркістан (Қоқан) автономиясы құрамында қалсын; Алаш автономиясы жарияланғаннан кейін Түркістан (Қоқан) автономиясымен одақтасатын болса, онда сол уақыттан бастап Сырдария облысы қазақтары Алаш автономиясына қосылсын; Сырдария облысының қазақтары қосылғаннан кейін Алаш автономиясының астанасы Түркістан қаласы болсын" деген шешім қабылдайды.

Мұхамеджан Тынышбаев. Санкт-Петербург, 1907 жыл.
Мұхамеджан Тынышбаев. Санкт-Петербург, 1907 жыл.

Съезд "Түркістан автономиясына өкілдер сайлағанымен, облыс қазақтарының милициясын құруда Алаш автономиясын жарияламақ болған Екінші жалпықазақ съезінің шешімдері басшылыққа алынсын" деген де қаулы қабылданған.

Алайда бір ай өтпей-ақ совет үкіметі Түркістан автономиясын талқандап, билік құрылымдарын таратып жіберді. Алашорда үкіметі де "Алаш" автономиясын жариялау үшін жинала алмады.

Фотогалерея: Алашорда қайраткерлері

"БАТЫС АЛАШОРДА"

Кей зерттеулерде "Ойыл уәлаяты" уақытша үкіметі 20-ғасырдың басында Жайық өңірінде орнаған мемлекеттік-автономиялық құрылым" деп көрсетіледі.

Тарихи зерттеулерде Орынборда өткен Екінші жалпықазақ съезінен кейін Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер қазақ жерінің батыс аймағын басқаратын үкімет құруға кіріскені айтылады. Олар 1918 жылы мамырдың 18-і күні қазіргі Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының орталығы Жымпиты елдімекенінде съезд шақырып, Ойыл уәлаятының уақытша үкіметін құрды. Үкімет құрамына 7 адам сайланған.

Өз алдына әскер құрып, Ресейдегі түрлі саяси күштермен байланыс орнатқан Ойыл уәлаяты уақытша үкіметі 1918 жылы күзде Әлихан Бөкейханның араласуымен "Алашорданың" батыс бөлімшесіне айналады.

"Алашорда" қайраткері Халел Досмұхамедов.
"Алашорда" қайраткері Халел Досмұхамедов.

"Қазақстан" ұлттық энциклопедиясындағы мәліметтерге қарағанда, ол шешімде "Құрамына Бөкей Ордасы, Ойыл өңірі, Закаспий облысының Маңғыстау уезі, Торғай облысының Ақтөбе және Ырғыз уездері кіретін "Алаш" автономиясының батыс бөлімшесін басқару үшін... "Алашорданың" Батыс бөлімшесі кұрылды", "Төтенше жағдайлар болғанда және "Алашордамен" байланыстар үзілгенде бөлімше "Алашорданың" құқықтарына ие болады" деп жазылған.

"Алашорданың" батыс бөлімшесінің төрағасы болып Жаһанша Досмұхамедов тағайындалды. Батыс бөлімше құрылуына байланысты Ойыл уәлаятының уақытша үкіметі таратылып, "Алашорданың" батыс бөлімшесі қарамағына Қазақстанның батыс өңірлері кіреді деп саналды. Кейін "Батыс Алашорда" совет биілігімен келісімге келіп, қаруын тастауға мәжбүр болды.

"ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІ ИДЕЯСЫ"

Азатық тілшісімен сөйлескен тарихшылар Бейбіт Қойшыбаев пен Мәмбет Қойгелді қазақ белсенділерінің бір ғасыр бұрын аз уақыт ішінде бірнеше үкімет құрып, автономия жариялауына сол кездегі Ресей ішіндегі саяси аласапыран әсер етті деп санайды.

Түркістан (Қоқан) автономиясы басшысы Мұстафа Шоқай жары Мария Шоқаймен бірге. Тифлис, 5 мамыр 1919 жыл.
Түркістан (Қоқан) автономиясы басшысы Мұстафа Шоқай жары Мария Шоқаймен бірге. Тифлис, 5 мамыр 1919 жыл.

Тарихшы Бейбіт Қойшыбаев Түркістан автономиясы тек қазақтың ғана емес "Орталық Азия халықтарына ортақ автономия болғанын" айтады. Тарихшының сөзінше, "патшалық кезеңдегі әкімшілік аумақтық бөлімдер бойынша біріккен Түркістан автономиясы советтік саясатқа тиімді болмаған". Совет үкіметі де кейіннен советтік негіздегі Түркістан автономиясын құрғанымен, 1924 жылдары оны ұлттық республикаларға бөліп жіберген.

Тарихшы Мәмбет Қойгелдінің айтуынша, "Алашорда" үкіметі құрылғанымен, Түркістан қазақтарының шешімінен кейін қайта съезд шақырып, автономия жариялауға совет өкіметі мүмкіндік бермеген".

"Алашорда" қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың түрмедегі соңғы суреті. Мәскеу, 1938 жыл.
"Алашорда" қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың түрмедегі соңғы суреті. Мәскеу, 1938 жыл.

Тарихшылар сол кездегі қазақ оқығандары саяси жағдайға байланысты мүмкіндігі жеткенінше қазақ халқының мемлекеттілігін қалпына келтіруге тырысты, сырт қарағанда жеке автономия сияқты көрінгенімен, оның жетекшілері мен мүшелері өзара тығыз қатынастағы "Алаш" қозғалысының қайраткерлері еді, олар келісіп әрекет жасауға, қазақ халқын біріктіруге және аласапыран кезеңде сақтап қалуға тырысты деп тұжырымдайды. Бастапқыда Совет үкіметі оларға "кешірім" жариялағанымен, кейін жаппай саяси-қуғын-сүргінге ұшыратты.

Қазақстанда "Алаш" қозғалысының тарихы 1980 жылдардың соңына қарай ғана ашық зерттеле бастаған. Биыл "Алашорданың" 100 жылдығы Қазақстанда әр түрлі шаралар арқылы атап өтілді.

XS
SM
MD
LG