Азаттық: – 1917 жылы қарашаның 22-сі Ташкентте өткен сьезде «Түркістан халық комиссарлар кеңесі» құрылып, аймақтағы ендігі биліктің солардың қолына өтетіні белгілі болды. Бірақ арада алты күн өткенде Қоқан қаласында аймақтағы екінші үкімет – Түркістан автономиясы жарияланды. Бір өңірде қос үкіметтің пайда болуы себебі неде?
Бейбіт Қойшыбаев: – «Түркістан халық комиссарлар кеңесі» құрылғаннан кейін большевиктер сол өлкедегі билік өздерінің қолында екенін жариялады. Комиссарлар кеңесі құрылатын сьезге біздің адамдардан Сералы Лапин барып, «Түркістан өңірінде еуропалық халық үлесі - бес пайыз. Бұл жердегі халық - негізінен мұсылман жұрты. Сондықтан пропорционалды түрде басқару керек» деп өз шарттарын айтты. Бірақ большевиктер бұл талапқа назар аудармады. «Пролетариаттарға мұсылмандардың қатысы жоқ, біздікі - жұмысшы партиясы» дегенге келтіріп, комиссарлар кеңесі құрамына мұсылман текті жұрттан ешкімді алмайды. Советтік билік Түркістан халықтарының өзін-өзі басқару құқығын мойындамады. Осыдан кейін Мұстафа Шоқай бастаған мұсылмандар қозғалысы өкілдері қарсылық білдіріп, шұғыл жиналды. Солайша мұсылмандардың төтенше сьезі өтті. Ол тұста Мұстафа Мұсылмандар одағының бастығы болатын. Сьезді өзі сөз сөйлеп ашады. Үкімет басшысы етіп Мұхаметжан Тынышбаев сайланды.
Азаттық: – Түркістан автономиясының құрылуына байланысты «Орталық Азиядағы мұсылман жұртын бір орталықтан басқару большевиктерге тиімді еді. Сондықтан автономияның құрылуына олар да мүдделі болды. Яғни сырттай қолдады» деген де пікірлер айтылып жүр. Бұл қаншалықты рас?
Бейбіт Қойшыбаев: – Жоқ. Керісінше, [большевиктер] Түркістан автономиясының құрылуына ешқандай мүмкіндік бергісі келмеді. Тіпті Мұстафаның өзін «автономия басшылығы құрамынан шық, бізге кел, Түркістан халық комиссарлар кеңесінің құрамына кіргізейік» деп үгіттеп жатты. Бірақ Мұстафа автономияны сақтау үшін біраз жұмыс істеді. Әрине, ол автономияның ғұмыры ұзақ болмады. Екі айға жетер-жетпес уақытта құртып тынды. Осы орайда мына бір нәрсені айта кету керек. Большевиктер де жергілікті жердегі ұлт өкілдерінсіз жұмыс істей алмайтындарын түсініп, 1918 жылы сәуірдің 1-і күні сьезд өткізіп, мамырдың 1-і күні советтік негіздегі Түркістан автономиясын жариялады. Бұл советтік негізде құрылғанымен сол алғашқы автономияның заңды жалғасы еді. Мысалы Түркістанда құрылған мұсылман бюросының төрағасы Тұрар Рысқұлов болды. Бұлар түркі халықтары компартиясын, Түркі халықтары республикасын құру туралы шешімдер шығарған. Мұндай шешімдер ол кезде үлкен жетістік еді. Себебі Түркістан өлкесінде «Орыстар обкомы», «Интернационалистер бюросы», «Түрік-мұсылман бюросы» деген секілді бірнеше ұйым болды. Солардың басын қосып, «Түркі халықтарының компартиясы» деп құру, Түркістандағы славян тектес ұлт өкілдеріне ұлттық азшылық мәртебесін беру жөнінде мәселе қойды. Бұл шешімдерді коммунистік партияның шығарған шешімдері негізінде жасады. Сол себепті Мәскеу әуелгіде ештеңе істей алмады. Бірақ уақыт өте келе түркі халықтары компартиясының жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеді. Өйткені Түркістан бірлігінен қатты қорықты. Себебі, Түркістан халықтары бір болса, жаңа интерьер құруға мүмкіндік бермейтін еді. Сондықтан, біртіндеп-біртіндеп межелеуге апарды. Өзбекстан, Түркіменстан, Қазақстан қылып бөлу мәселесін алға шығарды.
Азаттық: – Түркістан автономиясына Қазақстан территориясының қай өңірлері толық кірді?
Бейбіт Қойшыбаев: – Сол тұстағы Сырдария мен Жетісу облысы. Қазіргі тілмен айтқан Алматыдан бастап Қазақстанның оңтүстік өңірі түгел енді.
Азаттық: – Түркістан бірлігінің орнауына ішкі келіспеушіліктердің де әсері тиген жоқ па?
Бейбіт Қойшыбаев: - Түркістан автономиясына қатысты дабырайтып айтатын кемшілік – ұлттар өзара тату болмады. Олай дейтінім, бөлуді насихаттап жатқан кезде арнайы сьезд шақырып, бірнеше рет қарады. Сонда «міне, ұлттар арасында татулық жоқ» деп атап көрсетті. Мұны жоюдың әдісі әр ұлт жеке-жеке ел болу керек, сонда ұлтаралық қатынастарды жақсартамыз деген идеяға әкеп тіреді.
Азаттық: – Түркістан автономиясы құрылып жатқан тұста Қазақстанның екінші жағында «Алашорда» үкіметін құру мәселесі қолға алынып жатты. «Алашорда» Түркістан автономиясын құруды неге қолдамады?
Бейбіт Қойшыбаев: – [Алғашқы IV] сьезд өте шұғыл жағдайда өткендіктен Қазақстанның солтүстік, шығыс өңірлеріндегі белсенділерді шақыруға мүмкіндік болмаған да болу керек. Бірақ Әлихан [Бөкейхан] бастаған солтүстік жақтағы азаматтар Түркістанның бірігуіне қарсы болды. Себебі «Түркістанның бірігуі – артқа тарту. Олар - діндар» деген көзқараста болды. Олардың басты идеясы қазақ автономиясын құру ғана болды. Екіншіден, қазақ оқығандарының арасында алауыздық та болды. Қазақстан аумағының бір бөлігінің Түркістан автономиясына кіргенін мойындамай да жүрді.
Азаттық: – Түркістан автономиясы құрылғанына бүгін бір ғасыр толды. Бірақ ешқандай атаусыз қалып келеді. Себебі неде?
Бейбіт Қойшыбаев: – Советтік Түркістанның құрылғанына 10 жыл толған кезде ғана бір рет аталып өткені бар. Онан кейін аталған емес. Бұл - біздің тарихымызды елемейтіндігіміз. Ал іс жүзінде Түркістан өлкесінде қазақтың тең жартысы тұрды.
Азаттық: – Түркістан автономиясы тарихынан қандай тарихи сабақ алдық?
Бейбіт Қойшыбаев: – Тарихи сабақ алғанымыз жоқ. Мысалы, Түркістан автономиясын бөлердегі ұлттық жіктеу кезінде біздің азаматтардың күресінен тарихи сабақ алғанымыз жоқ. Себебі олардың көтерген мәселесі – Орталық Азия халықтарының бірлігін жоғалтпау еді. Орталық Азия федерациясын, болмаса экономикалық одақ құрайық деп жанталасқан еді. Кеше Совет Одағы тараған кезде осыдан сабақ алып, Орталық Азия федерациясын құру керек еді. Ол экономикалық жақтан да, теңдікке де жақсы болған болар еді. ТМД-дегенге кіріп, тағы да Ресейдің ықпалына түсіп қалдық.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет!