Accessibility links

Жапондардың өз елін өркендету мұраты Алашорда идеяларына ұқсас еді


Алаштың үш арысы (солдан оңға): Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы.
Алаштың үш арысы (солдан оңға): Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы.

ХХ ғасырда қазақ халқының келешегіне ықпал еткен үш оқиға тура желтоқсан айында болған екен. Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысушылар Алашорда тарихындағы кейбір ақтаңдақтар жайында әңгімелейді.


1917 жылы желтоқсанның 13-і күні Орынборда Екінші қазақ құрылтайы өткен соң Алашорда автономиясы құрылды. Бұл қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіруге жасалған талпыныс болатын.

1986 жылы желтоқсанның 16-сы мен 18-і аралығында Алматыда студент және жұмысшы қазақ жастары Мәскеу үстемдігіне қарсы шеруге шықты. Дәл осы бас көтеру советтік отарлық империясының немесе «зұлымдық империясының» күйреуінің бастауы болды.

1991 жылы желтоқсанның 16-сы күні Қазақстан 15 одақтас республиканың ішінде ең соңы болып тәуелсіздігін жариялады.

Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне Ресейдегі Туризм және қонақжайлық институты қоғамдық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дина Аманжолова (Мәскеу), Жапониядағы Хоккайдо университеті Славян зерттеу орталығының Орталық Азия бойынша маманы, профессор Томохико Уяма (Токио), Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов (Астана), тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев (Алматы) қатысты.

Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізді.


САБАҚТАСТЫҚ БАР МА?

Жүргізуші:

– Алашорда ұлттық-территориялық автономиясы мен Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауы тарихи маңызы жағынан да, датасы бойынша да сәйкес келеді. Осы екі оқиғаның арасында тарихи байланыс пен сабақтастық бар ма?

Дина Аманжолова:

– Менің ойымша, даталардың сәйкес келуіне байланысты әлдебір мистикаға емес, олардың тарихи сипатына назар аудару керек. Аса ірі тарихи оқиғалар, біріншіден, инерциялық сипатта болса, екіншіден, ұзаққа созылатын саяси салдарға ие болады. Осыған байланысты, Алаш тарихы мен Қазақстанның мемлекеттілігі арасында өзара тарихи байланыс пен сабақтастық бар.

Біріншіден, ХХ ғасырдың басы мен соңында империялық және советтік
Дина Аманжолова – профессор, тарих ғылымдарының докторы, Мәскеудегі туризм және қонақжайлық институты қоғамдық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі.
мемлекеттілік дағдарысқа ұшырады. Осының өзі қоғамның белгілі бір бөлігінің, атап айтқанда, Алашорданың идеялық дем берушілері мен советтік және постсоветтік Қазақстанның саяси жетекшілерінің шешуші қимылдар жасауына түрткі болды.

Екіншіден, екі жағдайда да ұлттық қозғалыстар саны арта түсті. Үшіншіден, алашордалықтар қазақтардың мемлекеттік құрылымының түрін, еуразиялық геосаяси кеңістіктегі орнын, өкілеттігі мен мәртебесін өз көзқарастары тұрғысында дамыта білді.

ХХ ғасырдың соңындағы саяси қайраткерлер де саяси сауаттылық, күрделі міндеттерді шешуде шапшаңдық таныта білді. Өйткені, Совет Одағы деп аталатын аса қуатты империя дамып жатты. Осы кезде қоғамды сақтап қалып, жаңа мемлекетті, ұлттың ілгері дамуы үшін қажетті жағдайларды жаңадан құру керек болды. Бұдан бөлек, аталған жағдайда мемлекеттілік – ұлттық мәселелерді шешетін және оны шешудің кілті жатқан негізгі құрал болатын. Дәл осы жағдайдан да мен сабақтастықты көріп тұрмын.

Томохико Уяма:

– Тәуелсіз Қазақстан советтік Қазақстанның мирасқоры болды және көптеген мемлекеттік құрылымдар оған мұраға қалған еді. Тәуелсіз Қазақстанға тек осындай құрылымдар мен институттарды қайта құру ғана қалды.

Ал алашордалықтарға келсек, оларға автономиялық құрылымдарды мүлдем жаңадан бастау керек болды және бұл анағұрлым күрделірек болатын.

Қазіргі Қазақстан - Алашорданың емес, советтік Қазақстанның мұрагері. Бірақ бұл жағдай аталған ұлттық қозғалыстың қазақ халқының тағдырындағы рөлі мен маңызын мысқалдай да кемітпейді.

Батыста Қазақстан мен өзге де Орталық Азия республикалары Совет Одағы ойлап тапқан, қолдан жасалған мемлекеттер деген мифтік пікір қалыптасқан. Ал Алашорданың тарихы бұған керісінше жайды, яғни, қазақ мемлекеттілігінің құрылуы – бұл халықтың жүздеген жылдарға созылған арманы екендігін дәлелдейді.

Хангелді Әбжанов:

– Сұраққа жауап бермес бұрын желтоқсан айында болған тағы бір маңызды тарихи сәтке назар аударып кетсем деймін. Бұл – 1936 жылы желтоқсанның
Орталық Азияда жұмыс істейтін көптеген жапондықтар Қазақстанның халқы жақсы, бірақ шенеуніктері өте нашар, өздерін тәкаппар ұстайды дейді.
5-і күні Конституцияның қабылдануы. Осыған сәйкес, Қазақстан автономиялық республикадан одақтас республика болып қайта құрылды. Желтоқсан айында болған бұл оқиға да қазақ халқының тағдырына ықпал етті деп ойлаймын. Кейінірек, 1991 жылы одақтас республика болған Қазақстан Совет Одағының құрамынан шығып, өз тәуелсіздігін жариялауға мүмкіндік алды. Ал шешен, татар, башқұрт және т.б. автономиялы республикалар Ресей империясының құрамында қалып қойды.

Бірақ менің ойымша, тәуелсіз Қазақстан мен Алашорда өмір сүрген аз ғана уақыт аралығының арасында сабақтастық жоқ. Бұлар - мүлдем бөлек құбылыстар. Біріншіден, автономия жариялағанымен қазақ халқы бұрынғысынша Ресей империясының құрамында болды. Екіншіден, Алаш автономиясын қысқа мерзімнің ішінде бірде-бір мемлекет мойындаған жоқ.

Қазіргі Қазақстанға байланысты жағдай мүлдем бөлек. Тәуелсіз, еркін мемлекет құрылды. Дәл сол күні, 1991 жылы желтоқсанның 16-сы күні Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып Түркия таныды. Бұдан соң қысқа мерзімнің ішінде Қазақстанның тәуелсіздігін өзге де елдер мойындады.

Бұл оқиғалардың барлығының желтоқсан айында болуы жай ғана кездейсоқтық. Алаш автономиясы мен қазіргі қазақ республикасының арасында ортақ дүниелер аз деп ойлаймын. Алаш қозғалысының қайраткерлері мемлекет құруға деген өз ниеттерін мәлімдеді. Бірақ түрлі себептерге байланысты олардың мақсаты орындалмады. Ал Қазақстан 1991 жылдан бері тәуелсіз мемлекет ретінде дамып келеді.

Мәмбет Қойгелдиев:

– Мен мына бір мәселені айта кеткім келеді. 1917 жылы Алаш автономиясын құру туралы хабарлама ұлттық мемлекеттілікті жаңғыртудың әрекеті болды. «Ресей империясының құрамындағы Алаш автономиясы» деген сөзді айта отырып, Әлихан Бөкейханов қазақтар өз мемлекетін құруға әлі даяр емес
Мәмбет Қойгелдиев – профессор, тарих ғылымдарының докторы.
дегенді білдіргісі келді.

Ол жеке мемлекеттілікке өту үшін даярлық кезеңі қажет, тәуелсіздік туралы мәселені болашақта айтуға болады деді.

Қазақ халқының 1991 жылғы мемлекет құруы Алашорда идеясының жалғасы деген профессорлар Аманжолова мен Уяманың, белгілі бір дәрежеде профессор Әбжановтың пікірлерімен келісемін.

Қазақ халқы Совет Одағының құрамында болған кезінде өз қажеттілігін өтей алмағанын 1986 жылғы оқиғалар көрсетті. 1986 жылы желтоқсанның сол бір күндерінде бір кездері Алаш қозғалысы өз алдына қойған мәселелер көтерілді. Қазақстанның 1991 жылы мемлекеттілік алуы Алашорда идеясының заңды жалғасы деп есептеймін.


ҚАЗАҚ ЖЕРЛЕРІ

Жүргізуші:


– Өзінің жер көлемі жағынан қазіргі Қазақстан әлемде тоғызыншы орында тұр. Егер Қазақстан өз аумағының тұтастығын 1936 жылғы шекара бойынша сақтап қалған болса, онда ол жер көлемі жөнінен бірнеше сатыға жоғары тұрған болар еді деп есептейді қазақ ұлтшылдары. Атап айта кетейін, бұл - көрші елдерге территориялық талапсыз айтылып отырған сөз.

Хангелді Әбжанов:

– Тарих тұрғысынан келсек, қазақтардың территориясы көптеген ғасырлар бедерінде қалыптасты. Алғашқы хандар Керей мен Жәнібек аздаған жерлерде билік құрды. Бірақ содан кейінгі билеушілердің және қазақ халқының күресі арқасында қазақ XVI-XVII ғасырларда аса үлкен аумақтардың заңды қожасына айналды. Кейінірек бұл жерлер қазақтың этникалық территориясы болды.

Ресей империясының құрсауында болған 200 жылда және одан кейін 75 жыл бойы Совет Одағының құрамында болған кезінде қазақ халқы өзінің орасан территориясының біраз бөлігінен айрылып қалды. Жердің бір бөлігі
Алашордалықтар сыбайлас жемқорлықты, парақорлықты мүлдем маңайына жолатқан емес. Дәл осы теріс құбылыстар қазір Қазақстан қоғамын іштен ірітіп, сыбайлас жемқорлық атты жегі құрт тәуелсіздіктің тамырын біртіндеп кеміріп барады.
Өзбекстанға, екінші бөлігі Ресей Федерациясына өтіп кетті.

1991 жылы көршілес мемлекеттермен жүргізген келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан өз шекараларын сақтап қала алды.

Бір кездері қазақ шекарасының белгіленуіне зиялы қауымның үлкен үлесін қосқанын жоққа шығармаймын. Әлімхан Ермековтің, Сәкен Сейфуллиннің, Ахмет Байтұрсынұлының белсенді түрде ат салысуының арқасында Қазақ Автономиялық республикасының құрамына Қазақстанның солтүстігіндегі, Жетісу және оңтүстік облыстардағы территориялар енгізілген. Осылайша, ғасырдың басында саяси және экономикалық күйреу жағдайында алашордалықтар үлкен территорияны сақтап қалды.

Егер қазақ халқы1936 жылғы территория тұтас сақталып қалғанда, қазір Қазақстан аса ауқымды жерге ие болар еді. Алайда, 1975 жылы халықаралық қоғамдастық соғыстан кейін белгіленген мемлекеттік шекаралар өзгертілмейді деген байламға келді.

Біз осы принципті ұстанып, көрші елдермен келіссөз жүргізу барысында жоғалтқанымыз да болды (мысалы, Қытайға белгілі бір территорияны бердік), ұтқан тұстарымыз да болды (Ресеймен болған келіссөздерді айтып отырмын). Бірақ қалай дегенмен, Қазақстанның қазіргі шекарасын халықарлық қоғамдастық таныды. Өзге мемлекеттер мен халықтарға біздің ешқандай дауымыз болмауы керек деп ойлаймын.

Дина Аманжолова:

– Профессор алашордалықтардың рөлін өте дұрыс айтып отыр. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында, ең болмағанда осы идеяның туындауында олардың рөлі өте үлкен.

Биыл советтік қазақ автономиясының құрылғанына 90 жыл толды. Біз бұл тарихи фактіні елеусіз қалдырмауымыз керек. Бұл - өте маңызды тарихи оқиға. Өйткені, бірлесіп қызмет істеу үшін совет өкіметі жағына өткен алашордалықтар саяси жағынан сауатты және азаматтық жауапкершілігі бар адамдар болатын.

Олар ең алдымен патриоттар болғандықтан осындай принциптерді ұстанды. 1920 жылы Қазақ автономиясының шекарасын белгілеу үшін олар орасан зор картографиялық, этнографиялық, іздеу, іс жүргізу, дипломатиялық жұмыстар жүргізді. Алаш автономиясының хабарланған күнінен бастап Қазақ АССР-інің жарияланған күніне, одан 1936 жылға, содан соң қазіргі Қазақстанға дейін сабақтасқан аса ұзын тарихи тізбекті көруге болады деп ойлаймын.

«Алаш» қозғалысының өкілдері байқатқан тағы мына бір сипатқа назар аударғым келеді. Бұл – диалогқа, компромисске қабілеттілік, өте күрделі жағдайларда өз мүдделерін қорғап қалу үшін заңды түрде әрекет етуге даярлық. Әртүрлі саяси күштермен өзара бірлесіп жұмыс істеу кезіндегі олардың жинақтаған практикасының қандай маңызды болғанын алашордашылардың тәжірибелері көрсетіп отыр. Олар мұндай саяси икемділікке алдымен Ресей империясымен, содан соң азамат соғысы, революция жағдайында жұмыс істей жүріп қол жеткізді. Мұндай тәжірибелер, принциптілікті сақтай білген жағдайда, іргелі мәселелердің шешілуіне көмектесіп отырды.

Томохико Уяма:

– Қазақстанның территориясы орасан зор аймақты алып жатыр. Өйткені, біріншіден, табиғаттың өзі
Томохико Уяма - профессор, Токиодағы Хоккайдо университеті Славян зерттеу орталығының Орталық Азия бойынша маманы.
осындай жағдай жасады. Мұнда мал жаюға қолайлы өріс, қоныс жетерлік.

Екіншіден, бұл - тіпті кейбіреулерінде нақты ұлттық қозғалысының белгілері жоқ халықтардың өзіне автономия берген совет өкіметінің ұлттық саясаты.

Әрине, бұл жерде алашордалықтардың да еңбегі бар. Олар қазақ далалары жай ғана далалық облыстарға ғана бөлініп қоймай, біртұтас кеңістікті құрайтынын көрсетті. Жалпы, қазақ халқының өмір сүруінің қасында қазақтардың жүзге бөлінулері екінші кезектегі мәселе екендігін көрсетіп берді.

Әрине, алашордалықтар да, қазақ коммунистері де революция тұсында, азамат соғысы кезінде, Орталық Азияның ұлттық мемлекеттік бөлінуі кезеңінде қазақтар тұрып жатқан жерлердің барлығын Қазақстанға енгізгісі келді.

Сонымен бірге, менің білуімше, Қостанай облысы мен елдің оңтүстігіндегі территориялардан айрылып қалу қаупі де болды.

Мәмбет Қойгелдиев:

– Мен Уяма мырзамен келісемін. Шынында да 1919 жылы Бүкілодақтық орталық атқару комитеті Мәскеуде Қазақ әскери ревкомымен келіспестен, Қостанай уезін Челябі облысына беру туралы шешім қабылдады. Осыдан кейін Қазақ әскери ревкомы өз мүшесі Ахмет Байтұрсынұлына осы мәселе бойынша Орталық атқару комитетіне қарсылық даярлауды тапсырады. Ол аталған тапсырманы орындайды. Соның нәтижесінде Орталық атқару комитеті Қостанай облысын Қазақстанның құрамына қайтарып беруге мәжбүр болды.

Алашордалықтар қазақтардың 1917 жылғы желтоқсан съезі қаулысының бірінші бөлімінде Қазақстан аумағын біздің республиканың қазіргі территориясына тең шамада көрсетті.

Ресей империясы құрамында болған қазақтардың мемлекеттік басқаруға қатысуға мүмкіндігі болған жоқ. Бірақ біз қалай болғанда да совет өкіметі тұсында қазақтардың мемлекетті басқаруға қатыстырылғанын және дәл осы кезеңде қазақтардың осы өнерді үйрене бастағанын атап өтуіміз керек.

"Қазақстан тәуелсіздік алған кезде қазақтың саяси элитасының мемлекет басқару тәжірибесі болған" деп, профессор Аманжолова дұрыс айтады.


ЕЛІКТЕУГЕ БОЛАТЫН ҮЛГІ

Жүргізуші:


– Алаш дегеніміз – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы ұлттық бірлік пен қайта өрлеу идеясы. Қазақтың ұлт көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлының айтуынша, ол қазақ халқының басына ежелгі ата-баба жерінен айрылып қана қоймай, отаршыл орыс империясының дөрекі және қатаң саясатының салдарынан ұлт ретінде толық жойылу қаупі туған кезеңде пайда болды. Солай бола тұра, қазіргі Қазақстанда осы күнге дейін біртұтас ұлттық идеология жоқ деп есептейді сарапшылар. Билік ұлттық идея ретінде біресе «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енуін» айтады, біресе қоғамның теріс реакциясын туғызған «жаңа қазақстандық ұлт туралы доктринаны» ұсынады. Осындай жағдайда Алашорда идеологиясын қазіргі Қазақстан жағдайына бейімдеуге болады ма?

Томохико Уяма:

– Мен Алашордада әлдебір идеология болды деп айтпас едім. Бұл қозғалысқа қатысушылардың әртүрлі идеялары болды. Егер олардан нені үйрену керек деген әңгіме туса, онда адамгершілікті, азаматтықты және қарапайымдылықты деп жауап беруге болады.

Олардың идеалы – халыққа қызмет ету болатын. Патша тұсында олар
Алашордалықтар халық игілігі үшін жұмыс істеген адамдардың жақсы үлгісі ретінде қала бермек.
мұғалім, дәрігер, журналист болып жұмыс істеді. Автономиялы үкіметті құрған кезде өздерін министр деп емес, жай ғана Алашорда мүшелері деп атады.

Қазір Қазақстанда үлкен қызметке барғысы келетіндер көп. Отанға шынайы қызмет еткісі келетін қанша шенеуніктің бар екенін білмеймін. Орталық Азияда жұмыс істейтін көптеген жапондықтар Қазақстанның халқы жақсы, бірақ шенеуніктері өте нашар, өздерін тәкаппар ұстайды дейді. Мен барлық шенеуніктер дәл осылай деп айтпаймын. Бірақ осындай үрдіс бар.

Сондықтан да алашордалықтар халық игілігі үшін жұмыс істеген адамдардың жақсы үлгісі ретінде қала бермек. Жапония Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін және сол кезде идеологияланған мемлекет болды.

Бірақ соғыстан кейін адамдар идеологияға азырақ назар аударып, нақты істерге көбірек көңіл бөле бастады, елді дамытудың ортақ міндетін алдарына қойды. Алашордалықтардың қазақтардың мәдени деңгейін дамытуға талпынысы мен жапондықтардың өз халқының мәдени және экономикалық деңгейін көтеруге ұмтылыстары арасында әлдебір ортақ дүниелер бар деп ойлаймын.

Дина Аманжолова:

– Жалпы алғанда, ұлттық идея, оның аталуы қоғамның басты міндеті емес. Ұлттық идея сәттіліктің сиқырлы әлемінің есігін ашар алтын кілт деп ойламаймын. Қара халық үшін ең бастысы – тұрақтылық, қауіпсіздік, өз қабілетін іске асыру мүмкіндігі ғой.

Егер Алашорда идеясына келер болсақ, сол кезеңдегі зиялы қауым, оның иманды бөлігі халық алдында өзін кінәлі, қарыздар сезініп, оған қызмет етті. Олардың басты мақсаты бүгін де қажет болуы мүмкін.

Бұл – экономиканы жетілдіру, азаматтардың мұқтажын қанағаттандыратын құқықтық база, тең құқылық, келісім мен бейбітшілік, бұл – ұлттың мәдени дамуы, өкілетті органдарға, қоғамдық құрылымдарға қатыстыру арқылы тек элитаны ғана емес, бұқара халықты да саяси үдерістерге тарту. Алашордалықтар үнемі осыны талап етіп келген.

Бұл идеялар бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұлар Қазақстанның, жалпы кез-келген елдің ілгерілеуге қарай барар жолындағы басты негіз болуы керек және солай да болар.

Мәмбет Қойгелдиев:

– Алашорда бағдарламасының екінші тарауында былай делінген: «Алашорда партиясы би, болыс, ауылнай қызметтерінде халықтың қамын ойлайтын
Егер Алашорда идеясына келер болсақ, сол кезеңдегі зиялы қауым, оның иманды бөлігі халық алдында өзін кінәлі, қарыздар сезініп, оған қызмет етті. Олардың басты мақсаты бүгін де қажет болуы мүмкін.
адамдардың жұмыс істеуіне қол жеткізбек. Земский басқармалар мен милицияда жұмыс істегісі келетіндердің кандидатурасы халық талқысына салынады. «Алаш» партиясы әділдікті жақтайды, кедейлерге қол ұшын береді, зорлықшыларға қарсы күреседі, өзінің күш-қуатын халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмсайды, халықты прогресс жолымен алып жүреді».

«Ғылым мен білімге үйрету» тарауында былай делінген: «Оқу орындарының есігі барлық адамдар үшін ашық, оқу ақысыз. Міндетті білім алу барлық адамдарға қатысты. Бастауыш мектептерде білім ана тілінде беріледі».

«Алаш» бағдарламасында шынайы демократиялық мақсат-міндеттер қойылған. Алаш қайраткерлерінің жеке үлгісі қазіргі Қазақстанның ұлттық идеологиясының негізі болар еді деп есептеймін.


СӘЙКЕСТІК ДАҒДАРЫСЫ

Хангелді Әбжанов:


– «Алаштың» бағдарламасы Қазақстанның ұлттық идеологиясы бола алады, бірақ ол уақыт талабына орай толықтырылуы қажет. Алашордашылар ХХ ғасырдың басында қызмет жасаса, біз ХХІ ғасырда, өзге әлемде, өзге жағдайларда өмір сүріп жатырмыз. Алаш қозғалысының құжаттарын, оның көсемдерінің еңбектерін зерттей отырып мен осы бір қозғалыстың серпінін,
Хангелді Әбжанов – профессор, тарих ғылымдарының докторы, Астанадағы Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары.
революциясын байқадым.

Жалпы, менің түсінгенім, олар әр кезең үшін бірінші кезектегі міндеттер мен мәселелерді тауып отырған. Өз қызметтерінің алғашқы кезеңінде олар халықты оятуды мақсат тұтқан. Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» атты өлеңі дәл осы Алаш қозғалысының мақсатын, философиясын көрсетеді. 1916 жылы халық көтерілген соң 1917 жылы алашордалықтар екінші ұлттық идеяны көтереді. Оның мағынасы – Алаш автономиясын, яғни, қазақтың ұлттық мемлекеттілігін құруда болды.

«Алаш» пен большевиктер билікке бір мезгілде келді. Қазақтың тәуелсіздігіне большевиктерден үлкен қауіп туатындығын байқаған «Алаш» мүшелері үшінші ұлттық идеяны көтере бастады. Менің түсінігімде, бұл идея «Сақтан, қазақ, қорған, қазақ!» деген мағынада болды. 1918 жылдың қаңтар айында Әлихан: «1723 жылғы қырсықтан соң тағы бір пәлекет келді, бұл – большевиктер. Олар билікке келді. Қазақтар, сақтаныңдар, біріңді бірің сақтаңдар», – деп ашық жазды. Өкінішке қарай, бұл өсиет ұмыт қалды.

Қазақстанға бүгінде өзге ұлттық идеология, өзге рухани құндылықтар қажет. Әңгіме қазақтардың өзінің бірлігінде болып отыр. Алаш қозғалысының қайраткерлері еңбек еткен кезде қазақ халқы этникалық тұрғыда да, әлемді
Бір сөзбен айтқанда «таза қазақтар» қазір жоқ. Сондықтан да, біз елде біртұтас ұлттық идеяны қалыптастыра алмаймыз. Сондықтан да қазір саяси идеология ғана бар.
түсінуде де, өмір салты бойынша да біртұтас болатын. Қазір бұл бірлік жоқ.

Орыстанған қазақтар бар. Бірінші кезекке рулық-тайпалық бөлінуді қоятын ортағасырлық қазақтар бар. Өзге діндерге – буддизмге, христиандыққа және т.б. өтіп кеткен қазақтар бар. Оралман қазақтардың ойы мен мінез-құлықтарында өздері көшіп келген елдің элементтері бар. Батысшыл қазақтар да бар.

Бір сөзбен айтқанда «таза қазақтар» қазір жоқ. Сондықтан да, біз елде біртұтас ұлттық идеяны қалыптастыра алмаймыз. Сондықтан да қазір «Қазақстан – 2030», «Индустриалды-инновациялық даму», «Мәдени мұра» тәрізді саяси идеология ғана бар. Жалпы алғанда олар қызықты, бірақ қазақ халқын дамыту тұрғысынан келгенде өзімен өзі, бөлек-бөлек. Бір мақсат үшін жұмылып жұмыс істемейді.

Ұлттық мәселеде «Алаш» идеясы өзінің мемлекеттік, насихаттық, ғылыми, әдеби қызметімен қызықты. Ол бұны дәлелдеді. Алашордалықтар сыбайлас жемқорлықты, парақорлықты мүлдем маңайына жолатқан емес. Дәл осы теріс құбылыстар қазір Қазақстан қоғамын іштен ірітіп жатыр. Өте қатерлі сыбайлас жемқорлық атты жегі құрт тәуелсіздіктің тамырын біртіндеп кеміріп барады. Лениннің өзі кезінде «Парақорлық – социализмнің дұшпаны» деп айтқан.

Қазақтың ұлттық идеологиясын ойлап табу үшін көп тер төгу қажет. Ғалымдар мен билік құрылымдарының – президенттің, парламенттің, үкіметтің күштерін біріктіру қажет. Интеллектуалдар мен билік құрылымдарының күштері біріккен кезде ғана ұлттық идеологияны ойлап табуға болады. Ал қазіргі Қазақстанда бұл жайында тіпті ләм-мим деп ауыз ашпайды. Өздерін ұлтшыл-патриоттар деп атайтын зиялы қауым өкілдері осы мәселенің айналасында айналсоқтап жүр, ал билік пен бизнес одан аулақ тұр.

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, Азаттық радиосы осымен өзінің дөңгелек үстелін тәмамдайды. Пікірталасқа қатысқандарыңыз үшін баршаңызға рақмет.
XS
SM
MD
LG