Accessibility links

Судьяны "шыбын ұрғыш дуэліне" шақырған заңгер


Заңгер Евгений Танков. Қарағанды, 7 сәуір 2014 жыл

Заңгер Евгений Танков. Қарағанды, 7 сәуір 2014 жыл

Судьямен «төбелестен» кейін сараптамада ақыл-есі дұрыс деп танылған қарағандылық заңгер 10 жылға дейін сотталуы мүмкін. Ол өзінің жазықсыз екенін қамауда отырып дәлелдеуге тырысып жатыр.

Қарағанды қаласы тұрғындарына Евгений Танков көмек сұраған жандарға заңдық қызмет көрсететін маман ретінде ғана емес, оқыс сөздері мен қылықтарымен де танылған адам.

СОТҚА ЕКІ ШЫБЫН ҚАҚҚЫШ ӘКЕЛГЕН

Заңгер Евгений Танков тұтқындалған соттағы оқиға биыл наурыздың 19-ы күні болған. Судья Арай Алшынбеков төрағалық еткен әдеттегі сот процесіне Танков талапкердің өкілі ретінде қатысқан.

Бұл процесте жол апатына ұшыраған Қарағанды тұрғыны пайдасына материалдық шығын өндіріп беру туралы іс қаралған. Бірақ заңгер Танковтың соттағы қылығына дәл бұл істің қатысы жоқ. Танков судья Алшынбековті басқа істер бойынша шығарған шешімдері үшін жазғырады. Оның бірі - пәтер алаяқтығына байланысты іс. Танковтың анасының айтуынша, заңгер «шыбын қаққышпен дуэльге» шақыру үшін осы судья өткізетін процесті күткен көрінеді.
Көбіне қарт адамдардың мүддесін мүлде тегін немесе қарызға қорғап жүрген балам сотта әділдік жоқ екеніне қоғамның назарын аудару үшін осындай әрекетке барды.

"Сотты құрметтемейтінін осындай амалмен білдіргісі келіп, бұған алдын ала дайындалды. Ол «бұл қылығым үшін көп болса бірер тәулікке қамар» деп ойлаған. Көбіне қарт адамдардың мүддесін мүлде тегін немесе қарызға қорғап жүрген балам сотта әділдік жоқ екеніне қоғамның назарын аудару үшін осындай әрекетке барды. Бірақ оның соттағы қылығы басқаша бағаланып, енді ол бірер тәулік емес, ұзақ мерзімге сотталып кетуі мүмкін" дейді заңгердің анасы Валентина Танкова Азаттық тілшісіне.

Судьямен «дуэльге» шығуды жоспарлаған заңгер Танков сот процесіне екі шыбын қаққыш әкелген. Оның бірін Танков жекпе-жекке шақырғандай болып судьяға ұсынған. Ал судья «дуэльден» бас тартып, заңгер сілтеген шыбын қаққыштан қорғана бастаған.

Тергеу болжамынша, Танков судья Алшынбековті шыбын қаққышпен ұрған. Заңгерді сот ғимаратынан тұтқындап, уақытша қамау орнына әкеткен. Сот Танковтың қамау шарасын ешқайда кетпеу туралы қолхатқа ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмады.

СОТТЫ ҚҰРМЕТТЕМЕУ АЙЫБЫ

Евгений Танковты Қарағанды қаласындағы тергеу абақтысында қамауда ұстау шарасы мерзімі шілденің 19-ына дейін ұзартылған. Оның қамауда отырғанына үш айдан асты. Жуырда қылмыстық іс облыстық прокуратураға жолданды. Заңгерге қылмыстық кодекстің жуырда ғана күшейтілген екі бабы - «Сотты құрметтемеу» және «Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті әрекеттер арқылы сот төрелігіне қарсы қорқыту немесе күш көрсету» баптары бойынша айып тағылған. Бұл қылмыс үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Тергеу болжамынша, процесс кезінде Танков күтпеген жерден судьяның жанына келіп «аталған затпен» оны ұра бастаған.

Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық №2 соты жергілікті баспасөзге «процеске талапкердің өкілі ретінде қатысқан Танков сот ғимаратында заңға қайшы әрекетке барған. Ол қолындағы затпен сотқа төрағалық етуші судьяны ұрып, зақым келтірген. Танков мырзаның мұны қандай мақсатпен істегені, не ойы болғаны белгісіз. Судьяны бірнеше мәрте ұрып жібергеннен кейін оның әрекетін процеске төрағалық етуші судья мен сот приставтары тоқтатқан» деп мәлімдеген.

ЗАҢГЕРДІҢ АКЦИЯСЫ

Ал Танков «судьяны ұрайын деген ойым болған жоқ, соттарда болатын абсурдты әшкерелеп, келеке еткім келді. Жай әзілді судья мен жауапкердің өкілі түсінбей қалды» дейді. Әлгі оқиғадан кейін Танков болған жайтқа қатысты өз болжамын баяндаған хат жариялады.

Бұл хатта ол «Оны жекпе-жекке шақырған түр көрсетіп, қолымдағы шыбын қаққышты сілтеп қалып едім, орнынан атып тұрған судья сыртында «Дело» деген жазуы бар папканы қалқалап сыртқа ұмтылды. Мен қолымдағы шыбын қаққышты тағы бірнеше мәрте сілтеп қалдым, ал Алшынбеков мойнымдағы фотоаппаратты жұлып алып, бар күшімен еденге ұрды. Мен жерде жатқан фотоаппаратымды алмақ болып ұмтылып едім, мантиясына оратылып қалған судья мені жұлқылап, сүйреледі. Сол сәтте басымнан тиген екі соққыны сездім, бұрылып қарап едім, қолымнан тартып жатқан Митинді (соттағы қарсы тараптың адвокаты, - Ред.) көрдім. Бірақ оған ренішім жоқ» деп жазған.
Сот залында отырғандар аңқиып судья екеуміздің ырсылдаған күресімізге қарап қалды. Сол сәтте мантиясының тігісі айырылып кетті де, судья қолын жібере салды.

Бұдан кейін ол «Маған үшеуміз осылай көп алысқан сияқты көрінді. Сот залында отырғандар аңқиып судья екеуміздің ырсылдаған күресімізге қарап қалды. Сол сәтте мантиясының тігісі айырылып кетті де, судья қолын жібере салды. Мен де бір сәт аңтарылып, жан-жағыма қарай бастадым. Мұны пайдаланған Алшынбеков пен Митин екеуі маған жабыла кетті. Үшеуміздің салмағымызды көтере алмаған гипсокартоннан жасалған қабырға құлап түсті де үшеуміз ұмар-жұмар жерге құладық. Үшеуміз құдды осы сәтті күткендей, лезде есімізді жиып, сабамызға түстік. Фотоаппаратым жарамсыз болып қалғанын көріп, оны тастай салдым да, орнымнан тұрып «Черный капитан» сигаретін тұтатып, оны жасыл бұршаққа басып өшірдім. Сөйтіп жоспарлаған акциямды аяқтадым» деп жазған.

"Ол мұның бәрін қоғам назарын аудару үшін жасайды. Сот төрелігі мен нақты судьяға деген көзқарасын осындай амалмен білдіреді" дейді заңгердің анасы Валентина Танкова Азаттық тілшісіне.

Судья саусағының сіңірі созылып қалғанын айтады. Заңгердің анасы «саусағын баламды жерге жыққан кезде созып алған болуы керек» деп болжайды. Бірақ сот мұны судьяға шабуыл ретінде бағалады.

«ДЕНСАУЛЫҒЫ СЫР БЕРГЕНІМЕН, ӨЗІНЕ СЕНІМДІ»

Евгений Танковтың анасының айтуынша, психитариялық ауруханада ақыл-есінің дұрыстығын тексерген сараптамадан өткен соң баласының денсаулығы сыр берген. Бірде аштықтан әлсіреп, есінен танып қалған. Құлап бара жатқанда камералас жігіт ұстап қалыпты. Анасының айтуынша, қазір Евгений қатты жүдеп кеткен, ет жемейтін вегетариан болғандықтан, ол абақтының кейбір тамағын жей алмайды.

"Женяны адвокат жалдайық деп үгіттеп жатырмыз. Бірақ ол «адвокат ештеңе шеше алмайды, өзімді өзім қорғаймын» деп келіспей отыр. Ол өзіне сенімді, өзінің кінәсіз екенін дәлелдеп шығамын деп үміттенеді. Бірақ біз қатты уайымдап жүрміз, қалай көмектесерді білмейміз әрі кесірімізді тигізіп алмайық деп қорқамыз" дейді қамаудағы заңгердің анасы Валентина Танкова Азаттық тілшісіне.

Заңгердің туыстарын арнайы прокуратураға тергеуге шақырған.

"Тергеуге шақырар алдында ұлымның қоғамдық қорғаушысы етіп тағайындауды сұрап полицияға арыз жазғанмын. Полициядағылар бұл істі созып жүріп алды. Арнайы прокуратура әуелі мені қоғамдық қорғаушы ретінде тану туралы қаулы шығарды да, кейін «балаңыздың ісі бойынша сізді куәгер ретінде тергеп қойыпты» деген сылтаумен бас тартты. Енді ұлыммен жиі жолыға да алмай, әрі оған көмектесе де алмай отырмын" дейді Евгений Танковтың анасы.

Әлеуметтік желілерде Евгений Танковты қолдау тобы құрылып, заңгерді қамаудан босатуды талап етеді. Бірақ «мұндай қылығы үшін заңгерді соттау керек» дейтін пікірлер де бар. Ал заңгердің туыстары «сот отырысы кезінде түсірілген видеожазбаның көмегімен Евгений жанжалға қатысты өз болжамын дәлелдеп шығады» деп үміттенеді.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG