Accessibility links

Қазақстанның тұтыну кәрзеңкесін тек соғыс кезіндегі мөлшермен салыстыруға болады


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Қазақстандағы «тұтынушылық кәрзеңкесі» мөлшерімен өмір сүру мүмкін емес дейді Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысушылардың кейбірі. Ресми ақпар бойынша, өмір сүруге қажетті тауарлардың ең аз мөлшері 43 тауар мен қызметтен тұрады екен.


Тұтынушылық кәрзеңкесі адамның өмір сүруіне қажетті азық-түлік өнімдері, киім-кешек, дәрі-дәрмек, аса қажетті заттар мен қызметтерден құралады. Тұтынушылық кәрзеңке ең төменгі күнкөріс мөлшерін есептеп шығару үшін де қажет. Баға шарықтап бара жатқан уақыттағы орта деңгейлі қазақстандықтың тіршілік етуінің құны қанша тұрады? Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті дамыған елдерінің қатарына кіруге талпынып отыр. Бірақ қазақстандықтардың тұтынушылық кәрзеңкесін әлемнің жетекші елдерінің бірі, айталық Ұлыбританияның азық-түлік және қызмет көрсетудің ең төменгі жиынтығымен салыстыруға бола ма?

Азаттық радиосы өзінің кезекті дөңгелек үстелінде Қазақстандағы тұтынушылық кәрзеңкесінің құрамы жайындағы мәселені талқылайды. Дөңгелек үстелге қатысқандар: Зәуреш Айтжанова – Қазақстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмек департаментінің әлеуметтік қолдау басқармасының бастығы, Ирина Савостина – «Поколение» қозғалысының жетекшісі, Серікболсын Әбділдин – Қазақстан жоғарғы кеңесінің бұрынғы төрағасы және Қазақстан коммунистік партиясының бұрынғы басшысы, Петр Своик – экономикалық сарапшы, «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы жетекшілерінің бірі.

Дөңгелек үстелді жүргізген - Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан Аққұлұлы.

«ҚҰРСАУДА ҚАЛҒАН ЛЕНИНГРАД СИЯҚТЫ»

Жүргізуші:

- Табиғи ресурстары аз Ұлыбританияның тұтынушылық кәрзеңкесі 650 тауардан тұрады екен. Оған екі жыл бұрын котлет, печенье, шоколад, шампан сусыны, дайын тағамдар дүкенінен түстенетін тамақ, заманауи mp3 дыбыс ойнатқышы және басқалары енгізілген. Ал Қазақстанның тұтынушылық кәрзеңкесі нендей тауарлардан тұрады?

Ирина Савостина:

- Біз жыл сайын «ең төменгі зейнетақыны», «ең төменгі тұтыну кәрзеңкесін» анықтаумен бас ауыртып жатамыз. Өзінің тұтыну кәрзеңкесін тексеріп көрген, сосын екі аптадан кейін әлсіреп құлаған, барлық
«Поколение» қозғалысының жетекшісі Ирина Савостина. Алматы, 19 қаңтар 2011 жыл.

зерттеулерін тоқтатқан журналистің аты-жөнін есте сақтап қалмағаным үшін өзімді сөгіп отырмын.

Қарттармен әңгімелесу кезінде біз мұндай тұтыну кәрзеңкесінің Ленинград құрсауға түсіп қалған кезде болғанын анықтадық. Сол кезде жабық орыннан өлгендерді көтеріп шығарған екен.

Тұтыну кәрзеңкесіне 32 тауар түрі кіреді екен. Оны кімнің анықтағанын білмеймін. Меніңше, оны анықтағандарды сол мөлшердегі тұтыну тауарларымен өмір сүргізіп көргізу керек. Оларға осылай тәжірибе жасау керек.

Бізде әлемдік стандарттар туралы көп айтылады. Оны анықтау үшін сол стандарттарға сай келетін Ұлыбритания, Швейцария, мүмкін Нидерланды сияқты елдердің өкілдерін алып, Қазақстанда тым болмағанда екі-үш ай тұрғызып көру керек. Оларға базарды, дүкендерді аралатып, коммуналдық төлемдерді төлетіп көрсету керек. Былайша айтқанда, Қазақстандағы өмір сүру деңгейін көріп, содан кейін ғана ол әлемдік деңгейге сәйкес келетін, я келмейтінін айтулары керек.

Зәуреш Айтжанова:

- Тұтыну тауарларының минимумы 2005 жылы қайта қаралып, ондағы тауардың түрі 20-дан 43-ке дейін артты. Азық-түлік шығындарының үлесі 50-ден 60-қа дейін көбейді. Бірақ бұл 2005 жылы болған. Қазір 2011 жыл ғой. Біз жыл басынан бері Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесе отырып зерттеулер жүргізіп келеміз. Жақын арада тұтыну тауарларының минимумы қайта қаралмақ.

Қазіргі тұтыну тауарларының минимумына келер болсақ, азық-түліктің 43 түрі тұтынудың ең төменгі нормасы бойынша анықталады. Тұтынудың бұл ең төменгі нормаларын Алматыдағы тағамтану академиясы бекіткен. Соған қарап тұтыну кәрзеңкесінің азық-түліктік статистикасы да анықталады. Осы тәсіл бойынша маусымда анықталған жағдайға сай, қазақстандықтардың өмір сүру минимумы 16 мың 851 теңгені құрады.

ШЕНЕУНІКТІҢ «ШАЙЛЫҒЫ»

Жүргізуші:

- Өмір сүру минимумының екі түрі бар. Оның біріншісі – әлеуметтік минимум, оған тұрғындардың мәдени қажеттіліктері кіреді. Екіншісі – физиологиялық минимум, адамның физиологиялық тұрғыда өмір сүруі үшін қажет. Физиологиялық минимум соғыс бола қалған жағдайға сай келеді. Бейбіт өмірдегі Қазақстандағы ең төменгі тұтыну кәрзеңкесі әлеуметтік минимум тұрғысынан жасалды ма, әлде физиологиялық минимумды есептей отырып құрастырылды ма?

Зәуреш Айтжанова:

- Мен шамасы, бұған қазір жауап бере алмаймын. 2005 жылы тағамтану институты ең төменгі норманы бекіткен, бірақ бұл физиологиялық ең төменгі норма болған.

Серікболсын Әбділдин:

- Жалпы, тұтыну кәрзеңкесі жайындағы сұрақ әлеуметтік мәселеден гөрі, көбінесе саяси мәселеге жатады. Мемлекет осы мәселені шешкенде азаматтарының дамуы, ауырмауы, дұрыс тамақтануы сияқты нәрселерді қарастыра отырып шешу керек. Ал тұтыну кәрзеңкесінің құрамына
Қазақстан коммунистік партиясының бұрынғы басшысы Серікболсын Әбділдин. Алматы, 29 қаңтар 2011 жыл.

тұтынатын азық-түліктің ең төменгі мөлшері кіреді дегеніміз – енді қисынсыз.

Қандай тізім, сома болмасын, оңтайлы етіп жасау керек. Неге? Себебі адамды қуаттандырып отыратын энергетикалық ресурстар – калориялар бар. Адамға күнделікті қаншалықты калория қажеттігін анықтау керек. Ол оңтайлы болуы тиіс. Ал 16 мың 851 теңгеге келер болсақ, бұл - іс жүзінде шенеуніктің бір реттік «шайына» ғана жететін сома. Бір адамға 16 мың теңгені бір айға жеткізу дегеніміз тікелей айтқанда, адамның денсаулығын құртуымен, өлімге душар болуымен тең. Сол себепті мен мәселені саяси тұрғыдан шешу керек деп санаймын, оның үстіне оған бізде үлкен мүмкіндік бар. Көптеген мемлекеттерде бюджет жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) шамамен 40 пайыз және одан да көп мөлшерінде құрылады. Ал біз бюджетті жасауға осыдан екі-үш есе аз соманы жұмсаймыз. Егер бюджет жақсы құрылған болса, онда әлеуметтік мәселелерді толықтай шешуге мүмкіндіктер болар еді. Бұл - бір.

Екіншіден, бізде бюджет анағұрлым әлеуметтік бағытта құрылған деп көп айтылады. Бұл - бос сөз. Бюджет бізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғана анағұрлым әлеуметтік бағытта құрылатын. Қазір әлеуметтік қолдауға бөлінетін қаржының үлесі жыл сайын азайып келеді. Сондықтан тұтыну кәрзеңкесі мәселесін саяси тұрғыдан шешуіміз керек. Оны шешуге мүмкіндіктер бар екенін қайталап айтамын.

«ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА ДАМЫҒАН ЕЛДЕРМЕН ТЕҢЕСУ МҮМКІН ЕМЕС»

Петр Своик:

- Мен де зейнеткермін. Мемлекеттік және басқа да салаларды қосқанда біраз қызметтерді істесем де, ең төменгі зейнетақы аламын. Егер мен зейнеткер ретінде тек зейнетақыма ғана ішіп-жеуге тырысып, қалғандарының бәрі – коммуналды төлемдер және басқа шығындарды
«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы жетекшілерінің бірі Петр Своик. Алматы, 26 тамыз 2010 жыл.

маған біреу төлеп берсе, онда бірінші айда мен кәдімгідей арықтайтын едім. Ал екінші айда өліп қалар едім. Сондықтан бұл зейнетақыға не кіретінін және сонымен өмір сүруге болатынын айтудың өзі күлкілі. Бұған өмір сүруге болмайтыны айтпаса да түсінікті.

Бұл ең төменгі тұтыну кәрзеңкесі тек физиологиялық тамақтанудан ғана тұратын қандай да бір соғыс жағдайы немесе азаматтық кезеңнен туындамайды. Бұл сұрақ министрлік өкілін қатты ұялтып отыр. Себебі министрліктегілердің өздері оған соғыс уақытындағы тұтыну тауарлары кіре ме, әлде азаматтық кезеңдегі тұтыну тауарлары кіре ме деген сұраққа жауап бере алмайды.

Мәселе бұлардың барлығының қажеттілік мөлшерінен емес, ең төменгі есептік көрсеткіш ұғымынан шығып отырғандығында болып тұр. Себебі ең төменгі есептік көрсеткіштің қаржылық та, экономикалық та мәні жоқ. Тек ең төменгі есептік көрсеткіш деген ұғымды ойлап тапты да, қалған барлығын соған тіреп қойды. Үкіметте қанша қаржы болса, әлеуметітк көмекке сонша қаржы бөлінеді. Бұл тұрғыда ең төменгі тұтыну кәрзеңкесі дегеніміз ерекше нәрсе емес, ол тек Қазақстандағы әлеуметтік пакеттің жалпы көрінісінің бір ғана бөлігін құрайды.

Мәселе біздегі бағаның әлемдік бағамен бірдей екендігінде. Ұлыбританияда баға қандай болса, Қазақстанда да дәл сондай. Бірақ
Егер Ұлыбританияда айлық 3 500 еуро болса, Қазақстанда 500 еуролық жалақы жақсы болып есептеледі.

әлеуметтік көрсеткіш бізде бірнеше есеге төмен. Тек ең төменгі тұтыну кәрзеңкесі ғана емес, сондай-ақ орташа айлық та төмен. Егер Ұлыбританияда айлық 3 500 еуро болса, Қазақстанда 500 еуролық жалақы жақсы болып есептеледі. Тіпті ұлттық ішкі өнімдегі тұтыну құрылымының өзі түсініксіз.

Біздер теңескіміз келетін бәсекеге қабілетті елдердегі құрылым мынадай: тұрғындардың жалақысы ЖІӨ-нің 60-70 пайызын, тіпті одан да көбін құрайды. Бізде бұл 15-20-ға жеткеннің өзі жақсы болып есептелер еді. Сосын кез-келген әлеуметтік сала, мысалы, білім беру Батыста ЖІӨ-нің 7-8 пайызын құрайды. Дамыған елдерде денсаулық сақтау саласы ЖІӨ-нің 15-10 пайыз аралығын қамтиды. 10 пайыздан төмен болмайды. Қазақстанда ол 4 пайыздан төмен.

Яғни дамыған елдерді арифметикалық жолмен қуып жету мүмкін емес. Себебі қаншалықты күйініп айтсақ та, біздегі әлеуметтік пакет дамыған елдердегіден бірнеше есеге төмен. Бұл - біз үшін табиғи жағдай, өйткені біз дамып жатқан, тіпті экономикасы дамымаған елміз деп айтсақ дұрыс болар. Біз үшінші әлем елдеріне жатамыз. Ал бұл елде шикізат сатып, шет елдік тауарлар мен әлеуметтік пакетті сатып алу – үйреншікті жағдай.
Бұл көрсеткіштер бойынша дамыған елдерді экономикалық немесе әлеуметтік жолмен қуып жете алмаймыз. Қанша айтқанмен, бізде алдымен – саясат, екінші экономика тұрады. Қазақстанда елді басқарудың феодалдық тәсілі қолданылатындықтан экономикамыз да, әлеуметтік пакетіміз де сондай деңгейде.

Ирина Савостина:

- Мәлімет үшін мынаны айтқым келіп отыр: 1994 жылы Қазақстанда екі миллион сегіз жүз мың зейнеткер болған екен. Қазір бір миллион алты жүз мың. Қалғандары осы айтып отырған тұтыну бюджетінен өліп кетті және әлі де өліп жатыр.

"ҚАРЖЫ ЕЛБАСЫН ЖАРНАМАЛАУҒА КЕТІП ЖАТЫР"

Жүргізуші:

- 1941 жылғы советтік кезеңдегі мөлшер бойынша, тұтқынға түскен неміс жауынгеріне (бұған немістің офицерлік шендегі тұтқындары кірмейді) бір айда мынандай азық-түлік пен тұтыну тауарлары бөлінген екен:
Нан өнімдері – 21,6 кг., ет – 1,2 кг., балық – 3,6 кг., ет және балық (күніне) – 160 гр., өсімдік майы – 0,6 кг., қант – 0,6 кг., картоп және көкөніс – 18 кг., томат – 0,18 кг., тұз, шай және дәмдеуіштер - 0,83 кг., махорка – 5 қорап, сіріңке – 5 қорап, кірсабын – 200 гр.

Неміс әскери тұтқындарының тұтыну тамақтану мөлшері Бас штабтың 1941 жылғы 23 маусымдағы №131, 26 маусымындағы №В70/133 телеграммалары және НКВД-ның сол жылғы маусымның 29-ындағы №25/6519 бағдарлауына сәйкес берілген. Ұлыбританияда азық-түлік кәрзеңкесінің құрамы жыл сайын өзгеріп отырады. Қазақстандағы тұтыну кәрзеңкесінің құрамы қаншалықты жиі өзгеріп отырады?

Зәуреш Айтжанова:

- Біздегі күнкөрістің ең төменгі мөлшерлемесі 2005 жылы белгіленген әдістеме арқылы анықталып отыратындығын тағы да қайталап айтқым келеді. Қазір 2011 жыл ғой, бірақ бұл әлі қарастырылған жоқ. Бірақ жақын болашақта қайта қарастыру жоспарда бар.

Ирина Савостина:

- Бөлінген барлық үлес ешқандай шеңберге сыймайды. Біздегі коммуналдық төлемдер өте қымбат болғандықтан тұрғын үй шығындары 30 пайызды құрайды.

Біріншіден, біздің үкімет бұл мәселеге қатысты ешнәрсе түсінбейді ғой деп ойлаймын. Онда барлығы үшке оқығандар отыр. Әлемнің ешбір мемлекетінің зейнетақы жүйесінде біздегі ең жоғарғы зейнетақы - 43 мың мен ең төменгісі – 17 мың теңге сияқты соншама үлкен айырмашылық
Бастапқы зейнетақы - 8 мың теңге. 8 мың теңге дегеніміз – 6 килограмм еттің құны.

жоқ. Ешқашан және ешқандай уақытта ондай болмаған. Ең төменгі зейнетақыны дәрігерлер, мұғалімдер, ауылшаруашылығының жұмысшылары мен мемлекеттік қызметкерлер алады. Петр Своик, міне, дәл осылардың қатарына жатады. Мұнда сіздің социалистік еңбек ері болғандығыңыз, я болмаса ғылыми дәрежеңіз есептелмейді. Зейнетақыңыз – 17 мың теңге. Бары - осы. Сосын бізде бастапқы зейнетақы деген бар. Ол 8 мың теңгені құрайды. 8 мың теңге дегеніміз – алты килограмм еттің құны.

Өзге елдерде мүлдем басқаша көзқарас қалыптасқан. Зейнеткер – қоғамның мүшесі, ол қоғамның толыққанды мүшесіне тиісті дүниенің бәрін пайдалана алады. Ол жақта орташа зейнетақы бұрынғы жалақысының кем дегенде 40 пайызын құрайды. Яғни сол Ұлыбританияңыздағы зейнеткер жақсы өмір сүреді. Ол жақта барлығы зейнеткердің балалары, немерелері бар ма, жоқ па, оған қарамастан өздігімен еркін өмір сүре алатындай етіп құрылған. Ол жақтағы зейнеткер тек физиологиялық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік-мәдени тұрғыдан да қамтамасыз етіліп, шет елге де саяхат жасай алады.

Ал бізде мүлдем басқаша. Зейнетақы адамдарға өмір сүруге немесе сүрмеуге есептеліп құрылмаған. Мұнда әңгіме қалдық принципі – үкіметтің «егер зейнетақыны өсірсек, үкімет дәліздерінде қарастырылған инфляция өсіп кетпей ме» деген сияқты ойдан құрылған немесе құрылмаған түрлі долбар жасап барып әлеуметтік салаға бөлетін қаражаты жайында өрбіп отыр.

Бұл долбарлардың зейнеткерлер мен әлеуметтік салаға ешбір қатысы жоқ. Біз әлеуметтік қорғау министрлігінен қатысып отырған пікірлесімізді бекерге қинап отырмыз. Себебі онымен бірге министрдің өзі отырғанда, ол да дәл осы кісі сияқты қызарып, ешнәрсе айта алмайтын еді. Себебі бізде әлеуметтік сала адамды мазақ қылатындай төмен деңгейде қалып қойған. Еңбек және әлеуметтік қорғау саласының бірінші басшыларынан қашан да бір ғана нәрсені - қыдыңдамай, үкімет бөліп берген қаржыны алып, тыныш отыруды талап етеді. Жанжал шығару былай тұрсын, күңкілдеуге болмайды. Бұрынғы және қазіргі министрлерден өзгелерінің барлығына осылай бұйырылған. Сондықтан оларды құр басқа қинаудың пайдасы жоқ.

Сұрақты «ЖІӨ-нің қандай мөлшері шет ел асып кетпей, елде қалу керек, және Қазақстан үшін ЖІӨ-де әлеуметтік саланың үлесі қаншалықты болғаны дұрыс» деп, жоғары деңгейде қою керек. Бұл сұрақты тіпті үкіметке емес, өздерін социал-демократиялық, әлеуметтік салаға бағытталған партия деп атайтын (іс жүзінде олай емес) «Нұр Отанның» депутаттары отырған парламенттің өзіне қою керек.

Парламентте қазір кәсіпкерлер партиясы деп аталатын жаңа партия жасақталып жатыр. Ал шын мәнінде олар - кәсіпкерлер емес, шикізатты экспорттаушылар. Оларға тек арзан жұмыс күші ғана қажет. Ал кәсіподақ ұйымдары дегенді оларға атай көрмеңіз. Парламент осы конституцияға қарсыларды тек қорғап отырады. Сондықтан еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне шағымданудың өзі күлкілі. Бізге саяси жүйені шынайы түрде демократияландыру қажет.

Жүргізуші:

- Әбділдин жолдас, сіз ұзақ жылдар бойы парламентте қызмет атқардыңыз. Қазақстанның ресми билігі неге елдің ұлттық қорында республиканың бюджетінің көлемінен екі-үш есе көп қаржы бола тұра, әлеуметтік саланы, оның ішінде тұтынушылық кәрзеңкесін жақсартуға қадам жасамайды?

Серікболсын Әбділдин:

- Жалпы, Петр Владимировичтің сөзі аздап келісіңкіремейді. Бізде парламент қана емес, үкімет те қалтаға айналып кеткен. Барлығы бір ғана адамның қалауына байланысты болып отыр. Егер құрметті Айтжанова ханым қаражат пен мүмкіндіктерге сүйенсе, онда тұтыну кәрзеңкесінің мөлшерін қайта қарастыруға болар еді.

Ондай мүмкіндіктер кеше де болған және бүгін де бар. Ал қаржы былай айтқанда бір ғана адамды жарнамалауға кетіп жатыр. Қазақстанда қандай да бір халықаралық саммит, я форум болмай қалған бір апта немесе ай кездеспейді. Бұл үлкен қаржыны талап етеді. Егер елбасы осы пиар жұмыстарын тым болмағанда үштен бірге азайтқанда, онда барлық әлеуметтік мәселелерді шешуге болатын еді.

Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстанның байлығы бір адамның қалауымен іске асып жатыр. Бізге о бастан-ақ өз байлығымызды саналы түрде өндіріп, пайдалануымыз керек еді. Бірақ бұған президент де, парламент де және үкімет те қабілетсіз. Сол себепті билікте қазіргі президент отыра берсе, елдегі әлеуметтік жағдай жақсарады деп үміттенбеймін.

ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР ЕТТІҢ ОРНЫНА МЫСЫҚТЫҢ ТАМАҒЫН ЖЕЙДІ

Жүргізуші:

- Қазақстанның статистика агенттігінің хабарлауынша, 2011 жылдың маусым айындағы жылдық инфляция 2010 жылғы маусымдағы көрсеткіштің 8,4 пайызын құраған, ал үстіміздегі жылдың алты айындағы көрсеткіш 5,1 пайызға жетіпті.

Агенттік осы уақыт аралығында азық-түлік тауарлары бағасының көбірек, 12 пайызға өскенін жасырмайды. Азық-түлік тауарларының бағасы бір жылдың ішінде 5,3 пайызға, ал ақылы қызмет түрлерінің бағасы 6,3 пайызға өсіпті.

Бұл жерде азық-түлік тауарларының бағасының өсімі осы жылдың алты айы ішінде 8 пайызды, ақылы қызмет түрлерінің бағасының өсуі 4,1 пайызды құрғаған.

Ирина Савостина:

- Жоқ, мен бұл мәліметтермен мүлдем келіспеймін. Біріншіден, бағалар айтарлықтай өсті. Мысалы, егер жылдың басында еттің бір килограмы 900 теңге болса, қазір 1200 теңге. Негізгі азық-түлік түрлері – нан, сүт, қант 130-140 теңге тұрса, қазір олар 180 теңге мөлшерінде. Ешқандай елде біздегі сияқты жекеменшік дәріхана көп емес. Бізде барлық дәріханалар жекеменшікке өткізіліп берілген. Ал ондағы бағалардың тым жоғары екендігі соншалықты - адамдар өздігінен емделуге көшіп кеткен. Біздегі зейнеткерлер ет жемейді, оның орнына мысыққа берілетін «Китикет» өнімін жейді. Біздегі «Беккер» деп аталатын компанияға адамдар қандай да бір сүйек-саяқ (ет емес) сатып алу үшін таңғы сағат алтыдан бастап кезекке тұрады. Автобусқа төленетін жол ақы өсіп, коммуналдық төлемдер адам сенгісіз деңгейде қымбаттап кеткен. Жалпы, мен бізде мемлекеттің бірінші кезекте алға қойған бағдарламасы – зейнеткерлерді құрту жүзеге асып жатыр деп ойлаймын.

«МӘСЕЛЕ - ЭКОНОМИКАДА ЕМЕС, САЯСАТТА»

Петр Своик:

- Президенттің өткен жылғы жолдауында есімде сақтап қалған мынадай сөз болды. Ол өткен бес, әлде он жылды қорытындылап келді де, дәрігерлердің жалақысы жеті есеге, ал мұғалімдердің жалақысы бес есеге өскенін айтты. Арифметикалық тұрғыдан есептер болсақ, егер дәрігерлер мен мұғалімдер бағаның өсуінен кем емес жалақы алып отырған жағдайда ғана олардың жалақылары өсті деп айта аламыз.

Осындай жағдайда мемлекеттік ститистикаға сенудің мәні бола ма? Бұл әдіске барлық төтенше жағдайлардың барлығы бірдей кірмейді. Сондықтан ресми статистиканың 7-8 пайызы – ол нақты бағаның шамамен 12-15 пайызын ғана құрайды. Қалғанының барлығын қосымша ретінде сылап-сипап өтеді.

Біз де зерттеу жүргіздік. Сонда өткен жылы баға орта есеппен 28 пайызға өскенін анықтадық. Бағаның жылдық өсімі енді уақыт өте жылдамдап
Егер бір киловатт электр қуатының бағасын жылына 15 пайызға өсіріп отырса, онда ресми инфляция қалай 8 пайыз болмақ?

барады. Себебі инфляция қазір 30 пайыз шамасында ауытқып тұр. Мұнда тұрған не бар? Бізде электр қуаты жоспар және үкіметтің рұқсаты бойынша жылына орта есеппен 13-тен 15 пайызға дейін өседі. Ал киловатт-сағат электр қуаты барлық баға жүйесін анықтайды. Егер бір киловатт электр қуатының бағасын жылына 15 пайызға өсіріп отырса, онда ресми инфляция қалай 8 пайыз болмақ?

Егер жалпы жағдайға қарар болсақ не істеуге болады? Әрине, үкіметті ауыстыру керек. Себебі ол қазір баға саясатымен жүйелі түрде айналысып отырған жоқ. Бірақ қазіргі үкімет бағаны реттеумен айналысатын үкімет емес. Егер сіз үкіметте бағаға кімнің жауап беретінін, қандай ведомствоның бағаға мониторинг жүргізіп отыратынын сұрасаңыз, күлкілі жауап естисіз. Жауап былай болмақ: бізде Ұлттық банк бағаға мониторинг жасап отырады және бағаға жауап береді, себебі оның төрағасы өте ақылды екен.

Елде баға саясатына монеталық органның жауап беруі - адамды келемеждеумен бірдей. Айтпақшы, ақша жүйесінде де баға өсіп жатыр. Былайша айтқанда, елде баға саясатын реттеудің жүйесі жасалмаған және қазіргі үкімет тіпті қай жаққа жармасарын білмейді. Сондықтан мен мәселе экономикада емес, саясатта екендігін айтқым келеді. жүйені өзгерту керек.

Жүргізуші:

- Құрметті қонақтар, Азаттық радиосы пікірталасқа қатысқандарыңызға рақмет айтады. Сау болыңыздар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG