Accessibility links

Ең төменгі зейнетақы алатындар саны басым


Қаныш Сәтбаев көшесі бойында азық-түлік сатып тұрған қарт адамдар. Сол жақтағы - зейнеткер Лидия Ивановна. Астана, 10 қараша 2016 жыл.

Қаныш Сәтбаев көшесі бойында азық-түлік сатып тұрған қарт адамдар. Сол жақтағы - зейнеткер Лидия Ивановна. Астана, 10 қараша 2016 жыл.

Қазақстандағы 1,9 миллион зейнеткердің 850 мыңнан астамы ең төменгі мөлшерде зейнетақы алады. Қымбатшылық салдарынан олардың кейбірі қосымша табыс көзін іздеуге мәжбүр.

ҚОСЫМША ТАБЫС

Астаналық 75 жастағы Лидия Ивановна «Еуразия» базары маңындағы көше бойында тұздалған қияр, қызанақ, сәбіз және жеміс-жидектен қайнатылған тосап сатып тұр. Жұбайы жақында қайтыс болған зейнеткер әйел ер жеткен төрт баласынан бөлек жалғыз өзі қала шетіндегі жер үйде тұратынын, оларға салмақ салғысы келмейтінін айтады.

- Олар мені қойып, әуелі өздерін асырап алсыншы. Жұмыссыздық қой қазір. Одан да шамам барда өзімді өзім асырағаным артық, - дейді зейнеткер.

Оңтүстік Қазақстан облысында мақта теріп жүрген зейнеткер әйел. 17 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Оңтүстік Қазақстан облысында мақта теріп жүрген зейнеткер әйел. 17 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

40 жыл қоғамдық тамақтандыру саласында жұмыс істеген Лидия Ивановна ай сайын 38 мың теңге (118 доллар шамасында) зейнетақы алады. Бірақ күнделікті тірлігіне ол аздық ететіндіктен, зейнеткер үй жанындағы бақшада жаз бойы өсіріп, күзге салым жинап алатын көкөніс пен жеміс-жидекті сатып, қосымша азын-аулақ табыс табуға мәжбүр екенін айтады.

- Қазір бәрі қымбат. Бір килограмм еттің бағасы 2 мың теңге, масқара ғой! Киім алуды да қойдық. Өткенде бір суық ұстап ауырып қалып едім, екпе мен дәрі-дәрімегіме 20 мың теңгеге жуық қаражатым шығындалды. Жұмысқа да шыға алмай қалдым. Қыстыгүні осында дірдектеп тұрғаным, - деп шағымданады Лидия Ивановна.

854 МЫҢ АДАМ ЕҢ ТӨМЕНГІ ЗЕЙНЕТАҚЫ АЛАДЫ

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпованың Азаттыққа айтуынша, қазіргі уақытта елдегі екі миллионға тарта зейнеткердің жартысына жуығы ең төменгі мөлшердегі зейнетақы алып отыр.

Қазақстанда биылғы жыл басынан ең төменгі зейнетақы төлемі 25824 теңге болып белгіленген. Оған 11965 теңге базалық зейнетақы төлемі қосылып беріледі.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова. Астана, 10 қараша 2016 жыл.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова. Астана, 10 қараша 2016 жыл.

- Ең төменгі зейнетақыны 854 мың адам алып отыр. Еңбек өтілі аз, табысы болмаған, жұмыс істемеген, зейнетақы қорына жарналар мен бюджетке міндетті салықтар төлемеген 49 мың азамат 25 мың теңгеге дейінгі мөлшерде зейнетақы алады, - дейді вице-министр.

Светлана Жақыпованың дерегі бойынша, Қазақстанда Лидия Ивановна тәрізді жалғыз тұратын ондаған мың зейнеткер бар.

- Елімізде жалғыз тұратын зейнеткерлердің үйіне барып, көмек көрсететін 358 әлеуметтік қолдау бөлімшесі жұмыс істейді. Олардың қызметін 36 мың азамат пайдаланып отыр, - дейді ол.

Қарашаның 10-ы күні парламент мәжілісінде «Халықтың белсенді және еселі қартаюы мәселелері» тақырыбында өткен жиында денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова елдегі егде адамдардың көпшілігін экономикалық мәселелер мазалайтынын айтты.

Өзара әңгімелесіп тұрған зейнеткерлер. Алматы, 12 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)

Өзара әңгімелесіп тұрған зейнеткерлер. Алматы, 12 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)

Парламент мүшелері, мәдениет және спорт, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктері мен бірқатар үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысқан жиында үкіметке егде жастағы адамдардың өмір сапасын жақсарту бойынша ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеу жөнінде ұсыныс енгізу ұйғарылды.

Жиынға қатысқан саясаттанушы Юрий Булуктаевтың айтуынша, Қазақстанда қарттардың кедейшілік деңгейін көрсететін зерттеулердің жоқтығы әлдебір іс-қимыл жоспарын құруда қиындықтар тудырады.

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы егде адамдардың өмір сүру сапасына қатысты Қазақстанды есепке алмайды. Өйткені елде егде адамдар арасындағы кедейшілік деңгейі туралы мәлімет жоқ, - дейді ол.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда тұрғындардың 1,9 миллионын немесе 11,3 пайызын зейнет жасындағылар құрайды. Жасы 65-тен асқан, бірақ әлі жұмыс істеп жүргендерінің саны – 200 мың адам.

Бұған дейін денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов алдағы 2017 жылы базалық зейнетақы көлемі 9 пайызға көбейтіліп, 12 мың 802 теңгеге жетеді деп хабарлаған. Оның айтуынша, орташа зейнетақы көлемі 60 мың теңгені құрамақ.

Ресми мәлімет бойынша, соңғы бес жылда базалық зейнетақы 8 мың теңгеден 11965 теңгеге, ал ең төменгі зейнетақы төлемі 16047 теңгеден 25824 теңгеге дейін ұлғайған.

Қолданыстағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес, Қазақстанда қазір ерлер 63 жастан, әйелдер - 58 жастан зейнеткерлікке шығады. Ал 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы жыл сайын біртіндеп көтеріледі. 2027 жылдан бастап әйелдер де зейнеткерлікке ерлермен бірге 63 жастан шығатын болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG