Accessibility links

Экология белсендісінің өлі денесі табылды


Алматы облысының саябағындағы шоқ ағаштың оталуына белсенді түрде қарсы шығып келген Нұрлан Өтеулиев түсініксіз жағдайда қаза тапты. Туыстары мен жақтастары ол азаматтық позициясы үшін құрбан болды деп санайды.

Наурыздың 10-ына қараған түні Алматы маңындағы Тастыбұлақ ауылының жанында, саябақтағы шоқ ағашты отауға белсенді түрде қарсы шығып келген «Табиғат» экологиялық қозғалысының мүшесі Нұрлан Өтеулиевтің оққа ұшқан денесі табылды.

Наурыздың 11-і күні Азаттық тілшісіне мәлімет берген Алматы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Көбейхан Нұрахмет:

- Қарасай ауданы Қырғауылды ауылының жанында Алматы тұрғыны 1974 жылғы Нұрлан Өтеулиевтің денесі табылғаны рас. Наурыздың 9-ынан 10-ына қараған түні. Оның денесіне оқ тиген. Оқтың қайда тигенін және азаматтың неден қайтыс болғанын білмеймін. Қазіргі кезде сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 96-шы бабы («Адам өлтіру») бойынша іс қозғалды, - деді.

БОЛЖАМ

Наурыздың 13-і күні Азаттық тілшісі Нұран Өтеулиевтің Тастыбұлақтағы үйіне барып қайтты. Марқұмның туыстары оны табиғатты қорғау ісіндегі белсенділігі үшін өлтіріп кетті деп сенеді.
Манат Өтеулиева, қаза тапқан экологиялық белсенді Нұрлан Өтеулиевтің анасы. Тастыбұлақ, Алматы облысы, 11 наурыз 2013 жыл.

Манат Өтеулиева, қаза тапқан экологиялық белсенді Нұрлан Өтеулиевтің анасы. Тастыбұлақ, Алматы облысы, 11 наурыз 2013 жыл.


- 2009 жылдан бері осы жерді, ағаштарды сақтау үшін күресіп келеміз. Тастыбұлақтағы белсенді төрт адамбыз. Жылда ағаш егеміз, тазартамыз, мына жер өз үйіміз секілді. Нұрлан табиғаттың белсенді жанашыры еді. Оның орнында төртеуіміздің біріміз болуымыз да мүмкін еді. Бұл бізді қорқыту үшін жасалынған әрекет, - деді марқұмның досы, әрі белсенді Сайлау Лепесов.

Марқұмның үйіне жиналғандардың бірі Нұрланды «алдымен үйінің жанында соққыға жыққан, кейін басқа жерге алып барып тастап кеткен» деген болжам айтты. Нұрлан тұрған үйдің ауласында Азаттық тілшісі қанға ұқсас қызыл дақтарды байқады. Бұл сұраққа қатысты Нұрлан Өтеулиевтың анасы Манат Өтеулиева ештеңе айтпады.

- Нұрланды милиция тауып алыпты. Денесін біреулердің лақтырып тастап жатқанын көргендер милицияға хабарласып, айтыпты, - деді жасқа булыққан марқұмның анасы.

Сайлау Лепесов "көрші-қолаңның ешқандай атылған оқтың дауысын естімегенін" айтты.

ШОҚ АҒАШТЫ ҚОРҒАУ

Алматы түбіндегі Тастыбұлақ ауылының тұрғындары «ауыл маңындағы шоқ ағашты жаппай шауып жатқан шенділер» туралы жыл сайын айтып, ара-тұра наразылық шарасын ұйымдастырып келеді.

Сайлау Лепесов, "Табиғат" қозғалысының белсендісі. Тастыбұлақ, Алматы облысы, 11 наурыз 2013 жыл

Сайлау Лепесов, "Табиғат" қозғалысының белсендісі. Тастыбұлақ, Алматы облысы, 11 наурыз 2013 жыл


Олардың сөзінше, Қарасай ауданына қарасты бұл аумақта сирек кездесетін өсімі баяу ағаштар мен сақ дәуірінен қалған қорғандар бар. Тұрғындар «бұған қарамастан олар қиратылып, жыл сайын жаңа зәулім коттедждер салынып жатыр» дейді.

Тастыбұлақтықтар бұл мәселені экологтар мен археологтардың бірнеше рет көтергенін, бірақ «жер телімдері иелерінің құжаттары дұрыс болғандықтан» жергілікті әкімдік ешнәрсе істей алмай отырғанын айтады.

Тастыбұлақ тұрғындары бірқатар құзырлы мекемеге шағым-арыз жазған. Дегенмен ағаш кесу тоқтамаған. Тұрғындардың айтуынша, соңғы рет наурыздың 2-сі күні ағаш кесішулер мен тұғындар қақтығысып, жер телімінің қожайыны қоқан-лоқы көрсеткен.

- Ол жерде мен, Нұрлан және тағы басқа бірнеше Тастыбұлақ тұрғыны болдық. Бірақ қақтығысқа келіп, халықты қорғайды деген полиция, «олардың құжаттары дұрыс, тиіспеңдер» деп бізге қарсы шықты, - деді Сайлау Лепесов.

Тастыбұлақ тұрғындары Нұран Өтеулиевті «сабырлы, табанды, жауапкершілігі мол» адам деп сипаттайды.

- Нұрланның әкесі 2006 жылы қайтыс болған. Зейнеткер анасы, өзінен үлкен әпкесі мен ініс бар. Әпкесі мен інісі дімкәс. Отбасының жалғыз асыраушысы Нұрлан болатын, «Алатау» базарында шағын іс ашып, жұмыс істеп жүрген, - деді марқұмның туысы Мұрат Дадабаев.

Нұрлан Өтеулиевтің соңында 10 жасар ұлы қалды.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG