Accessibility links

Жалғыз қазақ студент Ауғанстанда қалғысы келеді


Студент Мансұр Жүнісов. Сурет Facebook-тан алынған
Студент Мансұр Жүнісов. Сурет Facebook-тан алынған

Ауғанстанда оқитын қазақстандық жалғыз студент Мансұр Жүнісов ол елдегі атыс пен шабуылдарға бойы үйреніп қалғанын айтады.

21 жастағы Мансұр Жүнісов 2012 жылдан бері Ауғанстандағы Америка университетінде (American University of Afghanistan) саясаттану мамандығы бойынша оқып жүр. Ол - Ауғанстанда оқып жатқан жалғыз қазақстандық студент.

Азаттық тілшісімен әңгімеде Мансұр сол елдегі оқу жүйесі жайлы, болашақ жоспары жөнінде, ондағы қазақтар туралы айтты.

Азаттық: - Мансұр, неліктен Ауғанстандағы Америка университетін таңдадың?

Мансұр Жүнісов: - Бірнеше жыл бұрын әкем іссапармен Ауғанстанға келіп, осында келісім-шарт бойынша жұмыс істей бастады. Жарты жылдан кейін мен де осында тұрайын деп шештім. Саясатты зерттегенді жақсы көргендіктен саясаттану мамандығын таңдадым. Бос уақытымда саяси жаңалықтар оқимын, комментарий де жазып жүрмін.

Азаттық: - Сен оқып жатқан университеттің Қазақстандағы оқу орындарымен байланысы бар ма?

Мансұр Жүнісов: - Қазақстандық жоғары оқу орындарымен ешқандай байланысы жоқ. Мен өз бетімше шетел студенті ретінде оқуға түстім. Мен оқып жатқан
Ауғанстандағы Америка университетінің оқу бітірген студенттерге диплом тапсыру сәті. Кабул, 26 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Ауғанстандағы Америка университетінің оқу бітірген студенттерге диплом тапсыру сәті. Кабул, 26 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
​ Ауғанстандағы Америка университеті - елдегі халықаралық жүйе бойынша оқытатын жалғыз оқу орны. Мұнда кредиттік жүйемен оқытады. Сондықтан мұндағы білімнің өзге елдердегі оқу орындарындағы білімнен еш айырмашылығы жоқ.

Азаттық: - Қазір жергілікті халықтың тілін меңгеріп жүрсің бе?

Мансұр Жүнісов: - Иә. Алғаш келген кезде дари тілін (дари мен пушту - Ауғанстандағы мемлекеттік екі тіл) оқуға уақытым болған жоқ. 2013 жылдың қыркүйек айынан бастап оқытушы жалдап, меңгере бастадым. Қазір жергілікті халықпен олардың тілдерінде сөйлесіп, араласа аламын. Жаза да, оқи да аламын.

Азаттық: - Ауғанстанда атыс, жарылыстар басқа елдермен салыстырғанда жиірек болып тұрады. Соған алаңдамайсың ба?

Мансұр Жүнісов: - Қазір мұнда жағдай тұрақсыз ғой. Бірақ жергілікті халық соған қарамастан өмір сүріп жатыр. Күн сайын жұмысқа барады, оқуларын
Шабуылдан қираған ғимарат. Кабул, 26 қаңтар 2014 жыл.
Шабуылдан қираған ғимарат. Кабул, 26 қаңтар 2014 жыл.
жалғастырады. Бұған аса қатты мән бермейді. Жергілікті шетел азаматтары да бұған үйреніп кеткен. Мен де үйреніп қалдым.

Алғашқы атыстың қалай болғаны әлі есімде. 2012 жылдың көктемі болатын. Талибтер көктем туа шабуылды бастайды. Сол кезде олар Кабулдағы екі ғимаратты басып алды. Біреуі дипломатиялық ауданда, екіншісі парламент жанында болатын. Біздің университет дәл сол парламентке жақын еді. Кітапханада отырғанмын - кенет дабыл қосылып, студенттер сыртқа шыға бастады. Атысқаны, жарып жатқаны жақыннан естіліп тұрды. Содан бастап мұндай оқиғаларға бойым үйрене бастады. Оған жергілікті халық сияқты қарайтын болдым.

Екі апта бұрын да шетелдіктер жиі келетін Ливан ресторанында ірі атыс болды. 21 адам қаза тапты. Ауғанстандағы жағдай бірте-бірте тұрақталады деп үміттенеміз.

Азаттық: - Ауғанстандағы тұрмыс деңгейі қандай?

Мансұр Жүнісов: - Мұнда байлар мен кедейлер арасындағы контраст өте айқын көрінеді. Халықтың басым бөлігі ас-суын әрең табатын кедейшілікте өмір
Темекі сатып отырған қартаң әйел. Кабул, 24 қаңтар 2014 жыл.
Темекі сатып отырған қартаң әйел. Кабул, 24 қаңтар 2014 жыл.
сүреді. Олар көшеде, палаткаларда тұрып жатады. Ауғанстанда соғыстың салдарынан босқындар да көп. Бірақ қамалдарда тұрып, бірнеше көлік мінетін өте ауқатты тұрғындар да бар. Алайда мұндай қатты айырмашылық кез-келген елде бар ғой.

Халықаралық көзқарас тұрғысында Ауғанстан біржақты сипатталады. Ылғи шабуылдарды, жарылыстарды көрсетіп жатады. Ал Ауғанстанның жақсы қырын тек елдің ішіне барып байқауға болады екен. Мұны барған кезде түсіндім. Маған жергілікті мәдениет ұнады. Мұнда достарым көп, маған осында тұрған ұнайды.

Азаттық: - Ауғанстанда тұратын қазақтарды кездестіре алдың ба?

Мансұр Жүнісов: - Бір рет осында тұратын қазақтардың бірін көріп, сөйлесуге мүмкіндік болды. Ол Бадахшан провинциясындағы (Ауғанстанның солтүстік-шығыс аумағы – ред.) ауылдардың бірінде тұратынын айтты. Ол ауылда тұратындардың бәрі қазақ екен. Ата-бабалары бұрын сонда көшіп барып орнығып қалған. Сұхбаттасым сол аумақта мыңдаған қазақ барын айтты. Бірақ олар өздерін ауғанбыз деп атайды. Ауғандықтар сияқты өмір сүреді. Қазақ тілін ұмытқан.

Азаттық: - Мансұр, алда қандай жоспарың бар?

Мансұр Жүнісов: - Университетті тәмамдап, дари тілін толығымен меңгеріп шықсам деймін. Болашақта Ауғанстанға жұмыс істеуге келемін деп ойлаймын. Жергілікті халықтың мәдениетін, тілін меңгерген білімім қажетке жарайды деп үміттенемін. Кейін дипломат болсам, БҰҰ-да немесе осындағы гуманитарлық ұйымдардың бірінде жұмыс істесем деген ойым бар.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңе рахмет!
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG