Accessibility links

Ханның басы, коммунистердің мақтауы және Бергейдің 40 «лаңкесі»


Қазақ ханы Кенесары Қасымұлына қойылған ескерткіш. Астана, қазан, 2009 жыл.

Қазақ ханы Кенесары Қасымұлына қойылған ескерткіш. Астана, қазан, 2009 жыл.

«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін емес, осы аптада өзіме әсер еткен үш жаңалықты ғана айтайын.


І. ҚЫРҒЫЗ САЙЛАУЫ

Осы аптада Қырғызстанда президент сайлауы өтті. Есепшілердің дерегіне қарағанда, қыркүйек айына дейін қырғыз үкіметін басқарып келген 55 жастағы Алмазбек Атамбаев 60 пайыздан астам дауыс жинап, жеңіп шықты.

Сол күні-ақ «Алмазбек Атамбаев орысшыл екен», «жоқ, батысшыл екен» деген дау қаулап жүре берді. Бірақ «кімшіл» болса да, Қырғызстанның ендігі президенті өткен жылы референдуммен қабылдаған қырғыз конституциясын бұза алмаса керек.

Ол конституцияның жай-жапсарын Кендіқұл деген блогшы бұдан бір жыл бұрын «Жарылған сыздауық» деген жазбасында айтқан еді. Қырғызстанда, Кендіқұлдың жазуынша:

«Жаңа конституция бойынша, сайлауда асып кетсе де, бір партияға парламенттен 65 пайыз ғана орын беріледі. Сайлау комиссиясының Қырғызстанда президент сайлауына түскен кандидаттар - Қамчыбек Ташиев, Өмүрбек Субаналиев, Алмазбек Атамбаев, Темірбек Асанканов, Адахан Мадумаров, Тұрсынбай Бәкірұлы. (Көрнекі сурет)

Қырғызстанда президент сайлауына түскен кандидаттар - Қамчыбек Ташиев, Өмүрбек Субаналиев, Алмазбек Атамбаев, Темірбек Асанканов, Адахан Мадумаров, Тұрсынбай Бәкірұлы. (Көрнекі сурет)

жасақталу жолы 74-бабта тұр. Сайлау комиссиясының үштен бір бөлігін Президент ұсынады, үштен бірін парламенттегі көпшілік партия немесе коалиция, үштен бірін парламенттік оппозиция ұсынады».

«Президентке қорғаныс министрі мен ұлттық қауіпсіздік басшысын тағайындау және қадағалау ғана қалған. Бас прокурорды ұсына алады. Мерзімі 6 жыл, ұзаса – екі рет».

«Енді Қырғызстанды премьер-министр мен Жогорку Кеңеш басқарады... Үкімет Жогорку Кеңеш бақылауында. Парламент үкіметке сенімсіздік білдірсе (50 %+Х), президент келіспеуге қақылы. Егер парламент үш ай ішінде тағы сенбейтінін айтса, президент үкіметті таратуға мәжбүр».

«Президент күдікке ілініп, парламенттің үштен екісі дауыс берсе, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Премьер-министр де, мейлі, кім болсын, заңнан биік емес. Қырғыз ұлты сөйтіп тізгінді қолына алды. Бәрі де – анық. Сайлау – әділ. Қырғызды бүлікшіл санауды қойсақ керек-ті. Билікте бір отбасы отырмаса, жасырын ештеңе жасалмаса – кез-келген жұрт тыныш һәм еркіндікте өмір сүрмек. Ұзағынан сүйіндірсін! Азғындық жайлаған қоғам – сыздауық. Сыздауықтың соқтасын шығарғанда қан бірге ағады. Ірің кетіпті. Ұлт бойына осы конституция арқылы жаңа қан құйылмақ» деп жазыпты Кендіқұл.

Ал «қазақ, қырғыз – бір туған» деген мақалды жақсы көретін қазақ баспасөзінің кешегі қырғыз сайлауына қалай «қуанғанын» Мақпалдың мақаласынан оқыған боларсыздар.

P.S. Мақала демекші, Азаттықта жарияланған «Қырғыз президентінің сайлауында Алмазбек Атамбаев басым дауысқа ие болды» деген мақалаға коммент жазушылардың арасына Айганым деген жеті әріптен тұратын есімі бар (шын аты жеті әріптен құралған ба, үш әріптен бе – оны өзі біледі) оқырман келіп, 1847 жылы Ыстықкөлдің маңында қырғыздың қолына түсіп қаза болған Хан Кененің басын іздеп, кей ағайынның ура-патриоттығын қоздырып, біраз шу-шұрқан шығарды.

Қазақ газеттерінің терминімен айтсақ, «Алатаудың ар жағындағы айыр қалпақты ағайындар» да осы дауға араласып, ақыры қазақ-қырғыз тізе қосып, Айганым ханымның «ұранын» әзер басты.

Шыдамай кеткен Қазақ деген оқырман: «Айғаным, сорлылығыңды көрсетпеші, қырғыздардың алдында сен үшін мен ұялып отырмын. Қазіргі қырғыздардың Кенесарыға не қатысы бар? Кенесарының басын жоқтаушы болсаң орысқа барып назаңды айтпайсың ба немесе Петербургтағы Эрмитаждың басына барып түнеп қайт» деп түңілді.

Қырғыздар тәуелсіздік алғаннан бергі төртінші президенттерімен танысып жатқан сәтте Кене ханның басын даулап шыққан белгісіз оқырманның дауысы бәсеңсіді содан кейін.

ІІ. ВЬЕТНАМ КОММУНИСТЕРІНЕ ТӘНТІ БОЛУ

«Ханның басы» демекші, осы аптада Вьетнамда жүрген Қазақстан президенті Назарбаевтың... дидарын (жамалын, түрін...) «Хабар» көп көрсетті, «Егемен Қазақстан» көп жазды.

Президент бұдан бір апта бұрын ғана өз елінде ферманың макетін тамашалап, теміржолдың картадағы сызбасына үңіліп, Қазақстан президенті Назарбаевтың Астанадағы көрмеге барғаны туралы "Егемен Қазақстанның" мақаласынан көрініс. Қазан, 2011 жыл.

Қазақстан президенті Назарбаевтың Астанадағы көрмеге барғаны туралы "Егемен Қазақстанның" мақаласынан көрініс. Қазан, 2011 жыл.

саябақтың сұлбасын көріп жүрген еді. «Қуыршақ» ауыл, «қуыршақ» қала, «қуыршақ» адамдардан ол кісінің өзі де зәрезап болса керек, әйтеуір Вьетнамда кәдімгі тірі жұртпен емен-жарқын араласып жүргенін «Хабардан» көріп, мен де қатты қуанып отырдым.

Ал «Егемен Қазақстанға» Ханойдан хабар жолдап жатқан Сауытбек Әбдірахмановтың мақаласы: «Соңғы онжылдықта Коммунистік партияның басшылығымен Вьетнам әлеуметтік-экономикалық дамуда, барлық салаларда аса көрнекті табыстарға қол жеткізді», - деген сөйлеммен басталыпты.

– Міне, осындай ел біздің Елбасымызды айрықша құрметпен қарсы алып, мемлекет басшылары тәуелсіздігінің жиырма жылында әлем таңданатындай табыстарға қол жеткізген елдің дана Президенті ретінде ардақтады, жақын жүруге, ынтымақтаса жұмыс істеуге дайындығын қайта-қайта айтумен болды, – дейді мақала авторы.

Бұл мақаладан менің бір байқағаным – «Егеменнің» Ханойда жүрген тілшісі де коммунистерге деген сүйіспеншілігін «қайта-қайта айтумен болды».

– Мәселе кімнің басқаруынан гөрі қалай басқаруға көбірек тіреледі. Кешегі кеңестік қоғам да жалпы коммунистер басқарғандықтан емес, қолынан іс келмейтін коммунистер басқарған тұста іштей іріп-шіри бастаған болатын, – деп жазады «Егемен Қазақстан».

P.S. «Қолынан іс келмейтін коммунистер» демекші, мен ойлап отырмын:

«Вьетнамның коммунистік басшылығы 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақ ССР президентінен Қазақстан президентіне айналған «дана Президенттің» елінде Кенесары деген ақырғы хан өткенін біле ме екен» деп;

ал сол «дана Президент» қырғыз деген халықтың «Кенесары ары кетсе жүзге келер, одан кейін өзі де өлер» деген дана сөзін естіді ме екен» деп.

ІІІ. «ЖҮНД ӘЛ-ХАЛИФАТТЫҢ» «ЖЫНДЫЛЫҒЫ»

«Өзі де өлер» демекші, осы аптада Атырауда бір күнде екі рет жарылыс болып, бір адам қаза тапты. «Өзін-өзі жарған адам – 1987 жылы 20 желтоқсанда туған Сұлтанғалиев Бауыржан Қанатұлы» дейді Қазақстан бас прокуратурасы.

Жарылыс болған күннің ертеңінде-ақ «Жүнд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») деген исламшыл топ бұл істің жауапкершілігін өз мойнына алды.

Аяқ астынан пайда бола қалып, «Жаңадан қабылданған дін туралы заңдарыңнан бас тартпасаңдар, соңы «Жүнд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») тобы Қазақстан билігіне талаптарын айтып тұр. («Ютуб» сайтындағы видеодан көрініс)

«Жүнд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») тобы Қазақстан билігіне талаптарын айтып тұр. («Ютуб» сайтындағы видеодан көрініс)

жаман болады» деп Қазақстанды қорқытқан бұл топтың 21 қазанда араб телеарнасы арқылы таратқан видеожазбасын YouTube-тен тағы бір қайталап көрдім.

Бет-ауыздарын тұмшалап, Калашников автоматын асынған бес жігіт Қазақстанның ұлтаралық қарым-қатынас тілінде сайрап тұр екен. «Бұл тілде еш акцентсіз сөйлейтін орыстан басқа тағы қандай ұлт бар еді?» деп таппай отырмын.

Мен ойланып отырғанда Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев «қауіптің алды алынғанын, осыған дейін лаңкестік әрекет жасауға қатысы бар деген 40 шақты адамның қамалғанын, өзін-өзі жарған азамат – солардың сыбайласы екенін» айтып, халқына үндеу жолдап жатты.

Әкім Вьетнамда жүрген президент Назарбаев елге келгенде ол кісіге не айтарын да жұптап отырса керек:

– Міне, мен төрт жылдан бері облыстағы діни ахуал туралы жиналыс сайын айтып келемін. Негізі ол – менің шаруам емес, тиісті органдардың тікелей міндеті, – деді.

P.S. «Менің шаруам емес» демекші, журналистің міндеті – айту ғой. «Жүнді Халифаттың» доқ көрсеткен сәлем хаты жеткен соң-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар Дербісәлі мырзаға:

– «Халифат сарбаздарына» «Екі жыл күте тұрыңдар!» демейсіз бе? – дегенді біз де айтқанбыз өткен жұмада.

Бірақ бас мүфти «Бұл сандырақ! Үрейленбеу керек, жұртты дүрліктірмеу керек!» деген сөзінен кейін ләм-мим демеді. Ал «Халифат сарбаздары» екі жыл түгілі екі апта да күтпепті.

Кезінде дүние жүзінің суннитері мен шиитеріне «Бірігіңдер!» деп бұйырған бас мүфти мырзаға тағы бір өтініш:

– Бергей Рысқалиевтің «лаңкестікке қатысы бар» деп қамаған 40 тұтқынына жаныңыз ашыса, ақыл айтпас па екенсіз: «Балалар, сендер былтыр маусымда Ақтау түрмесінен қашып, жартысы «өзін-өзі жарған» 21 жігітті үлгі тұтпаңдар! Биыл шілдеде Балқаш түрмесінен қашамыз деп, бәрі «өзін-өзі жарған» 16 тұтқынның қылығын қайталамаңдар!» – деп.

Бергей мырза айтпақшы, негізі бұл – менің шаруам емес, тиісті органдардың тікелей міндеті ғой.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG