Accessibility links

Назарбаев жазушылар мен музыканттарға мемлекеттік сыйлық берді


Ақын Несіпбек Айтов жазушылар одағының съезінде. Алматы, 24 қыркүйек 2012 жыл.
Ақын Несіпбек Айтов жазушылар одағының съезінде. Алматы, 24 қыркүйек 2012 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әдебиет және өнер саласы бойынша бірқатар шығармашылық өкілдеріне мемлекеттік сыйлық беру жөнінде жарлық шығарды.

Қарашаның 6-сы күні Қазақстанның ресми ақпарат құралдарында тараған ақпаратқа қарағанда, өнер саласы бойынша мемлекеттік сыйлық «Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған бағдарламасы үшін» әнші Әлібек Дінішевке, «Вивальди, Пьяцолла «8 сезонов», «Intrabaroque» концерттік бағдарламасы үшін скрипкашы Гауһар Мырзабековаға берілген.

«САРАЙ АҚЫНЫ ДЕГЕННЕН ҚОРҚАТЫН ЕШТЕҢЕ ЖОҚ»

Ал әдебиет саласы бойынша мемлекеттік сыйлық «Арқатірек» поэмалар жинағы үшін ақын Несіпбек Айтұлына және «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясы үшін Сәбит Досановқа берілген.

Ақын Несіпбек Айтұлы мемлекеттік сыйлыққа осыған дейін бірнеше рет ұсынылып, оның сыйлық ала алмау себептері мен шығармашылығы баспасөз бетінде бірнеше рет сөз болған еді.

Осы орайда кейбір әдебиеттанушылар Қазақстан президенті туралы «Бәйтерек» атты толғау жазған Несіпбек Айтұлын «қазіргі сарай ақындарының» қатарына қосқан. Олар бұл тұрғыда «патшалық Ресей мен совет өкіметі кезінде пайда болған сарай ақындарының билікке жағына сөйлеу үрдісі тәуелсіздік алғаннан кейін үдемесе, азаймағанын» меңзеген.
Тәуелсіз ел болып, астанамыз Арқаның төсінен бой көтеріп жатса, оны жырламағанда атамыздың басын жырлаймыз ба! «Бәйтерек» атты дастаным – елбасы туралы емес, Астана туралы, тәуелсіз Қазақстан туралы.

Алайда Несіпбек Айтұлы Азаттық радиосына берген сұқбатында «Сарай ақыны дегеннен қорқатын ештеңе жоқтығын, тіпті Әлішер Науаидың да Құсайын Байқара тұсында сарай ақыны болғанын» айтқан еді.

– «Абылайдың асында шаппағанда атаңның басында шабасың ба» деген сөз бар. Тәуелсіз ел болып жатсақ, армандаған астанамыз Арқаның төсінен бой көтеріп жатса, оны жырламағанда атамыздың басын жырлаймыз ба! Менің «Бәйтерек» атты дастаным – елбасы туралы емес, Астана туралы, тәуелсіз Қазақстан туралы. Оның бір-екі жерінде елбасының аты аталады екен деп, оны президент туралы поэмаға қосуға болмайды. Алдымен оқып көрсін, – деді ақын Несіпбек Айтұлы.

«СІЗ, НҰРЕКЕ – ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ БАҚЫТЫ»

2008 жылы 14 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" газетінде жазушылығымен танымал Сәбит Досановтың мынандай өлеңі басылды:

Ұлы iстерден тапқан дәйiм мұратын,
Бар өмiрi iрiлiк пен ерлiктерден тұратын.
Сiз, Нұреке - халқымыздың бақыты,
Тәуелсiздiк сәулеткерi, ұлы ақын!

Сәбит Досанов 2011 жылы 16 желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасының ізінше бұқаралық ақпарат құралдарына сұқбат берген жазушылардың бірі болды.

- Менің айтарым - бұл жаңағы тәртіпсіздікке жол берген адамдар, соған қатысқан жастар арандатушыларға еріп кетпеуі керек. Сабыр сақтауы керек, «сабыр түбі сары алтын» деп халық айтады. Сондықтан кішкене мынау келіссөзге отыру керек билікпенен. Төзімділік бәрін жеңеді. Өзі екі жақ тірескенде, жеке адам тірессін, қоғам мен басқа бір топ тірессін - кім шегінсе, соныкі ақылдылық болады. Сол сабырға келу керек, сонда барлығы дұрыс шешіледі деп ойлаймын, - деген еді ол «Қазақстан», «Хабар» телеарналарынан жарияланған пікірінде.
Екі жақ тіріскенде, жеке адам тірессін, қоғам мен басқа бір топ тірессін - кім шегінсе сонікі ақылдылық болады. Сол сабырға келу керек, сонда барлығы дұрыс шешіледі деп ойлаймын.

Сәбит Досанов өзінің «Ұйық» атты романы төңірегінде биыл көктемде шыққан дауды «мемлекеттік сыйлықты бергізбеу үшін әлдекімдер ұйымдастырып отыр» деген.

Осы дау кезінде Сәбит Досановты «Аса шебер» әдебиет ұрысы» деп айыптағандар «Ұйық» романының сюжеті мен бірқатар кейіпкерлері жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Тау тағысы» романы мен «Ұлы көш» романының бірінші, екінші кітабынан ұрланған» деп, өздерінің «нақты дәлелдерін» келтірген.

Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттiк сыйлық 2008 жылдан бастап екi жылда бiр рет, әдебиет пен өнер саласындағы «отандық мәдениеттi дамытуға ерекше бағалы үлес қосты» деп танылған шығармаларға берiледi.

Мақаланы автордың Facebook желісіндегі жеке парақшасында да талқылауға болады.
XS
SM
MD
LG