Accessibility links

«Ежелгі мекенімізде тұрамыз» дейді орынборлық қазақ


Орынбор қаласында тұратын этникалық қазақ Дария Сұбханқұлова (сурет Дария Сұбханқұлованың жеке қорынан алынды).

Орынбор қаласында тұратын этникалық қазақ Дария Сұбханқұлова (сурет Дария Сұбханқұлованың жеке қорынан алынды).

Ресейлік қазақ Қазақстанға келгенде ана тілін білмей қиналған соң ондағы қандастарына қазақ тілін үйретуге кіріскенін айтады.

Ресейдің Орынбор қаласында тұратын 23 жастағы этникалық қазақ Дария Сұбханқұлованың мамандығы – жобалау дизайнері. Орынбор мемлекеттік университетінің "Құрылыс архитектурасы" факультетін 2015 жылы бітірген Дария кейін Финляндияға, Испанияға барып, тәжірибеден өткен. Қазір құрылыс компаниясында дизайнер болып жұмыс істейтін қазақ жасы Алматыда өткен өнер фестиваліне қатысты.

Азаттық: – Алматыға әкелген туындыңыз «Орынбор – қазақ елінің алғашқы астанасы» деп аталады екен. Неге осы тақырыпты таңдадыңыз?

Дария Сұбханқұлова: – Тарихтан белгілі, Орынбор қаласы 1920-1925 жылдары қазақтың астанасы болғаны. Біз Ресей мемлекетінде өмір сүргенімізбен, қазақтың ежелгі мекенінде тұрамыз. Қазір бұл тарихты көп жастар біле бермеуі мүмкін. Сондықтан өзге елден келсем де, қазақ жерінен екенімді білдіру үшін осы жұмысты дайындап әкелдім.

Дария Сұбханқұлованың "Орынбор - қазақтың алғашқы астанасы" деп аталатын жұмысы (Сурет Дарияның жеке қорынан алынды).

Дария Сұбханқұлованың "Орынбор - қазақтың алғашқы астанасы" деп аталатын жұмысы (Сурет Дарияның жеке қорынан алынды).

Азаттық: – Мүсіншілік хоббиіңіз бе, әлде бұл өнерді де оқыдыңыз ба?

Дария Сұбханқұлова: – Мүсіншілік – ермегім. Кішкентайымнан керамикамен, балшықпен, пластилинмен жұмыс істегенді жақсы көрдім. Жалпы, маған бұл өнер үлкен атам Хабибулладан келген болу керек. Өйткені ол кісі – зергер, алтын ұстаған адам. Атамның көзін көрген кісілер таланты мен талабының маған аздап болса да жұққанын айтып жатады.

Азаттық: – Орынбордағы өзіңіз қатарлы жастардың ана тілін меңгеруі қалай?

Дария Сұбханқұлова: – Осыдан біраз уақыт бұрын қазақ тілін үйрену практикалық тұрғыда мүмкін емес болатын. Сол себепті бізде қазақ тілін білетін жастар өте аз. Тіпті жоқ десем де болады. Бірақ қазір бізде қазақ тілі курсы жүргізіледі. Бір жыл бұрын «Қазақ тілі» дейтін орталық құрылды. Олар орынборлық қазақ жастарына тіл үйретумен, ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаумен айналысады. Қазір орынборлық студенттер, жастар тіл үйреніп жатыр. Бірақ курстың тіл үйрету кестесі біздің жұмыс уақытымызбен тұспа-тұс келетіндіктен, қиыншылықтар бар. Бірақ сонда да ілгері басамыз деген ойдамыз.

Азаттық: – «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі парақшаңыздан орынборлық жастарды тіл үйренуге шақырған хабарландыруыңызды оқыдым. «Қазақ тілі» орталығының ұйымдастырушысы өзіңіз бе?

Орынбор қаласында тұратын қазақ қызы Дария Сұбханқұлова (сурет Дария Сұбханқұлованың Facebook парақшасынан алынды).

Орынбор қаласында тұратын қазақ қызы Дария Сұбханқұлова (сурет Дария Сұбханқұлованың Facebook парақшасынан алынды).

Дария Сұбханқұлова: – Мен ғана емес, сол Орынбор қаласында тұратын қазақ жастары. Бұл – біріккен жұмыс. Бұған дейін де Алматыға келдім, Астанаға, Бурабайға барып қайттым. Тарихи отанымыз ретінде осында жиі келуге тырысамыз. Бірақ кей-кейде ана тілімізді білмегенімізге сәл қиналамыз. Сондықтан да Орынбордан осындай орталық ашып, студент жастарды өз ұлтының мәдениеті мен тілін үйретуге тырысып жүрміз. Қазір аптаның төрт күнінде қазақ тілін үйрену курсы жүргізіледі. Бұл сабақты жүргізетін – Әсия Дарабаева есімді қазақ қызы.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG