Accessibility links

Жер дауына Мәскеудегі қазақтар да араласты


Жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға қарсы жиында плакат ұстап тұрған азамат. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға қарсы жиында плакат ұстап тұрған азамат. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Ресейдегі қазақ диаспорасы өкілдері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хатында жер дауын қоғам пікірін ескере отырып реттеуді сұрайды. Олар Қазақстанды дүрбелеңнен сақтау үшін жұрт көңіліндегі күмәнді сейілту қажет екенін айтады.

Қазақстан қоғамында биылғы негізгі оқиғаларының біріне айналған «жер мәселесіне» қатысты алыс-жақын шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдері де үн қосып жатыр. Жерге қатысты әлеуметтік желілерде белсенді пікір білдіріп жүрген адамның бірі - Мәскеудегі «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдайтын «Астана» қоры президенті Жарқын Өтешова. Ол Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазылған ашық хатты Азаттыққа жолдаған еді, Ол хатта «жер кодексіндегі өзгерістерге және жердің [шетелдіктерге] 25 жылға жалға берілуіне қарапайым халықтың білдірген наразылығы сырттағы 42 мемлекетте тұратын 5 миллион қазақты да алаңдатып» отырғаны айтылған.

Хат авторлары президент Назарбаевтың жер туралы заңдағы даулы баптарға мораторий жариялағанын құптай отырып, «жер кодексін қайта қарап, оның жерді жалға беру саласына нақты қатаң талап қоюды сұраған халық тілегін қолдайтынын» айтқан.

Бұл хатқа қол қойғандардың бірі - Мәскеуде тұратын тағы бір ресейлік қазақ Баян Нұрсапарова.

Ұлттар мәдениеті фестивалінде отырған ресейлік қазақтар. Омбы, 24 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Ұлттар мәдениеті фестивалінде отырған ресейлік қазақтар. Омбы, 24 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

​ - Қазақстанда жерді шетелдіктерге ұзақ мерзімге береді дегенді естіп халықтың дүрлігіп жатқаны сыртта жүрген бізді де алаңдатып отыр. Қазақстанда туып-өстім, қазір Мәскеуде тұрамын, Ресей азаматымын. Бірақ алыста жүрсем де елдегі жағдай тыныш болса екен, үкімет бұл мәселені ушықтырмай, жанжалға жеткізбей, халыққа түсіндіріп және көпшіліктің пікірін ескеріп шешсе деген тілек айтамыз, - деді ол Азаттыққа.

please wait

No media source currently available

0:00 0:01:42 0:00
Жүктеп алу

Ресейде туып-өскен этникалық қазақ Самат Шарипов жер кодексінде жұрттың наразылығын туғызған баптар тыңғылықты түрде сарапталып, жердің болашағына қатысты ел көңіліндегі күмәнді сейілтетін дәрежеде қайта әзірленгені жөн деп санайды.

- Әрине, бүкіл әлемдегідей жерді жалға алып, одан өнім алудың дұрыс екенін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ келешекте жердің құнарлылығы жойылмай, оның дұрыс қаралатынына сенім болу үшін заң жүзінде оның барлық алғышарттарын белгілеп, нақты көрсеткен дұрыс. Халықтың пікірін ескеріп қабылданған шешім – қоғамды қажетсіз дүрбелең, жанжалдан сақтаудың бірден бір жолы, - дейді ол.

Мәскеуде тұратын этникалық қазақ Ерназар Нұриев «жерді шетелдіктерге сатады екен» деген қауесет жұрт арасында жаңсақ пікір туғызған деп біледі. Оның пікірінше, биліктің заң ережелерін халыққа ұғынықты етіп жеткізе алмауының салдарынан қоғамда наразылық туған.

Шетелдіктерге жерді жалға беруге және сатуға қарсы митинг. Қызылорда, 1 мамыр 2016 жыл.
Шетелдіктерге жерді жалға беруге және сатуға қарсы митинг. Қызылорда, 1 мамыр 2016 жыл.

- Түкке тұрғысыз нәрседен мәселе шығарып, түсініксіз айғай-шуға айналдырды. Бар болғаны – үкімет халыққа жердің жайын сауатты түрде дұрыстап түсіндіруі керек еді. Қазақстан азаматтарына жерді жалға берген дұрыс деп ойлаймын. Себебі жерге қарамаса, тозады, оған қарап, күтетін иесі болуы керек, - деген Нұриев «жерді шетелдіктерге сатуға болмайды» деген көзқарасын да білдірді.

please wait

No media source currently available

0:00 0:00:28 0:00
Жүктеп алу

Сонымен бірге Ресей астанасындағы қазақтар хатта өзге мәселелерді де қозғаған. Мысалы, «Мәскеуде 2014 жылдан бері өткізіліп келген қазақ тілі мен әдебиеті бойынша халықаралық олимпиада соңғы жылдары сұйылғаны», «Мәскеуде балаларды оқытатын тіл орталығына арналған, қазақтар бас қосар баспана жоқ» екені жазылған.

Қазақстанда жер туралы заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сай үкіметтің биылғы шілде айынан бастап ауыл шаруашылығы жерін сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 25 жылға дейін ұзарту жоспары қоғамда қарсылыққа тап болған еді. Сәуір айының 24-інде Атырауда «жер мәселесі» бойынша жаппай қарсылық шеруі өтіп, ол елдің бірнеше аймағында көлемді наразылық акцияларына ұласқан. Бұдан соң президент Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі даулы өзгерістерге жыл соңына дейін мораторий жариялап, оның тапсыруымен үкімет жанынан жер реформасы жөнінде комиссия құрылған.

Құрамына парламент депутаттары, үкімет мүшелері, ғалымдар, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері мен азаматтық белсенділер енгізілген комиссияның алғашқы отырысы 14 мамырда Астанадағы ұлттық мұражайда өтті.

ВИДЕО: Жер реформасы комиссиясының отырысы

"Жер комиссиясының" бірінші отырысы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:03 0:00

Жеті сағатқа жалғасқан жиында сөйлеген үкімет мүшелері «шетелдіктерге жер сатылмайтынын», жерге меншік құқығы оған салынатын инвестиция көлемін ұлғайтып, жер ресурстарын жақсартуға, ауыл шаруашылығы өнімділігіне оң әсер ететіні туралы айтты. Кейбір мамандар мен азаматтық белсенділер шетелдіктердің кез келген мөлшердегі үлесі бар бірлескен компанияға жер сатуға тыйым салатын норманы заңға енгізу туралы ұсыныс білдірді.

Оқи отырыңыз: «Жер комиссиясының» алғашқы отырысы

Бірқатар белсенділер жер мәселесімен қоса елде азаматтардың бейбіт жиын өткізу бостандығын шектемеу, белсенділерді қудалауды дереу тоқтату, мемлекеттен қаржыландырылатын бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызды оқиғаларды жұртқа жеткізуін қамтамасыз ету тәрізді мәселелерді де айтты.

XS
SM
MD
LG