Accessibility links

«Ауылымызда бүгін тағы бір адам жүрек талмасынан кетті»


Семей полигонындағы ядролық қару сынақтарының бірінен кейінгі көрініс. (Көрнекі сурет)

Семей полигонындағы ядролық қару сынақтарының бірінен кейінгі көрініс. (Көрнекі сурет)

Бүгін Семей полигонында алғашқы жерасты ядролық сынақ жасалғанына 55 жыл толды. Полигон маңындағы халық сол сынақтардың зардабын әлі тартып келе жатқандарын айтады.

1961 жылы қазанның 11-і күні Семей сынақ полигонында СССР-дің ең алғашқы жерасты ядролық сынағы өтті.

Полигонға жақын маңда – Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Саржал ауылында 1957 жылы дүниеге келген Ертіс Тәтиев ядролық қару сыналған кездердегі әбігерді әлі ұмытпаған.

– 1960 жылдардың іші еді. Ол кезде біз ойын баласымыз ғой. Жер бетіндегі ашық жарылған жарылыстарды көзімізбен көрдік. Жарылыс болатын күні ауылға әскерилер толып кететін. Барлығымызды үйден шығарып, киіздің астына жатқызатын еді. «Қарамаңдар» дейтін. Бірақ балалықпен киіздің шетінен сығалап жататынбыз. Сол кезде әуелі қап-қара болып кетеді, сосын оты көрінеді саңырауқұлаққа ұқсап, – дейді Ертіс Тәтиев.

Ядролық сынақтан кейін пайда болған көл.

Ядролық сынақтан кейін пайда болған көл.

Қазір Саржалдағы мектепте мұғалім болып қызмет ететін азамат ядролық сынақтардың кесірінен ақыл-есі кеміс немесе мүгедек болып туған балаларды кішкентайынан көріп өскенін айтады.

– Полигонның зардабы әлі жойылған жоқ. Ертеректе ауылымызда ракпен ауырғандар көп болды. Онан кейін миынан ісік пайда болғандар көбейді. Сосын өзіне өзі қол салғандар саны күрт өсті. Тіпті ойын балаларының асылып қалғанын көрдік. Қазір жүрек талмасынан қайтыс болғандар саны өсіп келеді. Бір жұмада біздің ауылдан үш адам жүрек талмасынан кеткен еді. Міне, бүгін тағы бір азаматтың жүректен қайтқанын естіп отырмын, – дейді ол.

Саржал ауылы. 13 тамыз 2015 жыл.

Саржал ауылы. 13 тамыз 2015 жыл.

1949 жылдан бастап ядролық сынақтар жүргізген Семей ядролық полигоны 1991 жылы жабылған. Полигонда 40 жылға созылған сынақ барысында 400-ден астам ядролық жарылыс (олардың 116-сы жер бетінде) болған. 1961–1962 жылдары әуеде және жер үстінде 50-дей ядролық бомба сыналған. 1963–1988 жылдары жыл сайын 14–18 сынақ өткізіліп, жер астында барлығы 343 ядролық жарылыс жасалған. Осы жарылыстардан шыққан радиация төңірекке таралған.

Полигон аймағындағы халықты басқа жаққа түгел көшірмегеннің кесірінен мыңдаған адам қатерлі ісік, жүйке ауруына шалдығып, көптеген сәбилер дүниеге мүгедек болып келген.

Уәлихан Серікқалиев - полигонның кесірінен жарымжан болып туған балалардың бірі. Семей, 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Уәлихан Серікқалиев - полигонның кесірінен жарымжан болып туған балалардың бірі. Семей, 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы маусымның 25-ікүні Шығыс Қазақстан облысына барған сапарында бұрынғы Семей полигон аумағында қазір «радиация жоқ екенін, ондағы жердің жарамды екенін, пайдалы қазбаларға да бай бұрынғы полигон территориясы экономикаға көп пайда әкелетінін» айтқан.

Бірақ ғалымдар Семей полигоны аумағының кейбір бөлігі әлі де қауіпті екенін ескертеді. Кейбір деректерге қарағанда, қазір ол полигон аумағындағы «Найманжал», «Балтемір», «Қосқұдық» кеніштерінде геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG