Accessibility links

2 гектар жердің дауы 22 отбасын уайымға салды


Шымкенттегі жер дауы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:50 0:00

Шымкенттегі жер дауы. Шымкент, 15 қаңтар 2016 жыл.

Шымкенттегі жиырма шақты отбасы «әкімдік рәсімдеп берген жерлерін жеке кәсіпкер даулап жатқанын» айтып наразылық танытты. Ал әкімдік бұл іс жөнінде тексеру бастағанын хабарлады.

Шымкент қаласы Ақжайық шағын ауданындағы көшелердің біріне жиналған ондаған адам осыдан бірер жыл бұрын әкімдік рәсімдеп берген жер телімдерін «ABN-Orda» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) даулап жатқанын айтып шағымданды. Түскі сағат 11 шамасында басталған наразылық шарасына қатысушылардың арасында зейнеткерлер, аяғы ауыр әйелдер мен балалар да жүрді.

«ӘКІМДІК БЕРГЕН ҚҰЖАТТАРЫМЫЗ БАР»

Наразы тұрғындардың бірі Бақытжан Исаның сөзінше, «ABN-Orda» ЖШС 22 отбасы үй салған 2 гектар жер телімін даулап жүр. Ол компанияның сотқа шағым түсіргенін қисынсыз көреді.

Ақжайық шағын ауданындағы дауға түскен жер телімдерінің біріне үй салған тұрғын Бақытжан Иса. Шымкент, 15 қаңтар 2016 жыл.
Ақжайық шағын ауданындағы дауға түскен жер телімдерінің біріне үй салған тұрғын Бақытжан Иса. Шымкент, 15 қаңтар 2016 жыл.

– Қолымызда қаланың жоспары сызылған карта бар. Онда бәрі тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Кәсіпкер талап-арызында «40 гектар жерімнің 2 гектарын заңсыз алып қойды» деп жазады. Картаға қарап, кадастрлық нөмірін салыстырып көрсек, дауға түскен 2 гектар жер телімі біздің жер телімдеріміз тұрған жақта емес, өткен жылы пайдалануға берілген Шымкент қалалық балалар ауруханасы жағында екен, – дейді Бақытжан Иса.

Тұрғындар әкімдік рәсімдеп берген жерлеріне үй салып жатқанда ешкім келіп жер дауламағанын айтады. Солардың бірі, зейнеткер Мәдина Үсенова «жер телімінің де, жеке тұрғын үйдің де жергілікті әкімдік рәсімдеп берген құжаттары қолымызда» дейді.

– Қолымызда қажетті құжаттардың барлығы тұрғанда кім не деп даулап тұрғанын әлі күнге түсінбеймін. Бес бала, екі келін, 13 немереммен бірге жалғыз үйде отырмыз. Маңдай терімізбен жинап-тергеніміздің барлығын осы үйге салдық. Сүйреп шығарса да, шықпаймыз. Шыққанда қайда барамыз? – дейді зейнеткер.

Ақжайық шағын ауданында ойнап жүрген бала. Шымкент, 15 қаңтар 2016 жыл.
Ақжайық шағын ауданында ойнап жүрген бала. Шымкент, 15 қаңтар 2016 жыл.

Наразылық шарасына қатысқан тұрғындардың енді бірі, үшінші баласына аяғы ауыр Динара Тұрсынбекова жерінен айрылса жағдайы қиындайтынын айтып жылады.

– Егер үйімді бұзатын болса, дәл осы жерге шатыр құрып, бала-шағаммен жатамын. Онда да шешілмесе, Ақордаға барамын. Балаларымды басқа қайда алып барамын? Үйді салуға несие алдық. Бес жыл болды, әлі алты жыл несие төлейміз. Күйеуім – жұмыссыз. Әрең күнкөріп отырғанда қайда барамыз! – дейді Динара Тұрсынбекова.

Жер дауы кезінде жағдайы ауырлап кеткен аяғы ауыр әйелді көршілері оңаша алып шығып, бетіне су шашып есін жиғызып алды.

«ЖЕРДІ ӨЛШЕП, ҚАЙТА ҚАЗЫҚ ҚАҒАМЫЗ»

Тұрғындардың наразылық шарасы бастала сала ол маңға он шақты полицей де келді. Олардың бірі шараға келгендердің аты-жөндерін жазып жүрді. Енді бірі халыққа «жиналып наразылық таныту, көшеге шығып жол жабу сынды наразылық шаралары тек жергілікті әкімдіктің рұқсатымен жасалатынан, әйтпесе жауапкершілікке тартылып, айыппұл салатындарын» түсіндірді.

Наразылық шарасының басталғанына бір сағат шамасындай уақыт өте ол маңға жергілікті билік өкілдері де келді. Олардың бірі – Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауов Ақжайық шағын ауданының 22 азаматының жеріне байланысты шағым түскенін растады.

Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауов. Шымкент, 15 қаңтар 2016 жыл.
Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауов. Шымкент, 15 қаңтар 2016 жыл.

– Бір аптаның ішінде арызданушының («ABN-Orda» серіктестігін айтады – ред.) жер телімін кадастр нөмірімен өлшеп, қайта қазық қағып, шекарасын белгілеп, тұрғындарға да, сотқа да хабарын береміз. Тұрғындардың жер телімдері арызданушының аймағына кіріп кеткен жағдайда бұл жер телімдері тұрғындарға қалай берілгенін анықтаймыз, – деді Қасымбек Сайлауов.

«ABN-Orda» ЖШС-інің өкілі, адвокат Малика Абуова жер дауына байланысты «қандай да бір пікір беруге өкілеті жоқ» екенін айтып, пікір білдіруден бас тартты.

Ал Ақжайық шағын ауданының наразы тұрғындары «жергілікті әкімдік пен құзырлы орындар бұл мәселеге бейжай қараса, әділдік іздеп Ақордаға дейін барамыз» деп тарасты.

Шымкент қаласында жаңадан үйлер салынған жерлерге қатысты дау бұған дейін де бірнеше рет шыққан. Мәселен, 2015 жылы әкімдік қаланың Астана даңғылының бойында орналасқан даулы 189 жер телімін сот арқылы қайтарып алуға талаптанып жатқанын мәлімдеген. Кейі олардың ішіндегі 100 жер телімінің ауыл шаруашылығы жерлері екені анықталғаны хабарланған. Қаладағы «Нұрсәт» шағын ауданында да жаңадан құрылыс салынған аумақтың заңсыз сатылғаны жайлы дау шыққан.

XS
SM
MD
LG