Accessibility links

Әлімжеттік көрген әйел көбейе түсті


49 жастағы баласынан зорлық-зомбылық көріп жүрген 72 жастағы Қалдығыз Омарова (аты-жөні өзгертілді) Шымкент қаласы Еңбекші аудандық полиция бөлімшесіне шағым түсірген. Шымкент, 25 сәуір 2017 жыл.
49 жастағы баласынан зорлық-зомбылық көріп жүрген 72 жастағы Қалдығыз Омарова (аты-жөні өзгертілді) Шымкент қаласы Еңбекші аудандық полиция бөлімшесіне шағым түсірген. Шымкент, 25 сәуір 2017 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті дерегінше, өңірде биыл үш айда «әйелдерге қарсы қылмыс» саны былтыр осындай мерзімде жасалған қылмыстар санынан асып кеткен. Озбыр еркектер арасында анасын ұратындар да, баласына тиісетіндер де, жарын сабайтындар да бар.

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің (ОҚО ІІД) Азаттыққа жазбаша берген ақпараты бойынша, «биылғы үш айда әйелдерге қарсы 4596 құқық бұзу оқиғасы тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 4038 болған». Яғни, 20 пайыздан астам көбейген. ОҚО ІІД «2750 оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын» жазады. Былтыр осы мерзімде қозғалған істің саны 946 болған.

ІІД әйелдерге қарсы жасалған құқық бұзу оқиғаларының негізгі бөлігі «былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтiру, ұрып-соғу» деп сипаттайды.

«БАЛАМНЫҢ ЖҰДЫРЫҒЫНАН ҚОРҚАМ»

49 жастағы баласынан зорлық-зомбылық көріп жүрген 72 жастағы Қалдығыз Омарова (аты-жөні өзгертілді - ред.) Шымкент қаласы Еңбекші аудандық полиция бөлімшесіне шағым түсірген.

- Ұлым жұмыссыз. Бір баласы бар. Келінім ол баланы алып кетіп қалған. Бір айдан бері ішіп жүр. Сырттан ішіп келеді де айқайды салады. Балағаттайды. «Өлтірем» дейді. Ақылға келер деп күттім. Не істеймін, амалым қалмаған соң полиция шақырдым, - дейді ол.

Қалдығыз Омарова ұлының өзін «осыдан алты жыл бұрын ұра бастағанын» айтады. «Жағасынан ұстап, қабырғаға сүйеп буындырған».

Ішімнен шыққан балам ғой, ажырасып далада қалған соң үйге кіргізген едім. Енді, тағы бастады.

- Содан қатты араздасып, көріспей кеттік. Ішімнен шыққан балам ғой, ажырасып далада қалған соң үйге кіргізген едім. Енді, тағы бастады. Ішіп келеді де, боқтайды. Теледидар көріп отырсам, өшіріп тастайды. Сау кезімде ешкімге керек емеспін, баламның жұдырығынан сал болып қалсам кімге керекпін? Жасым 70-тен асқанда осындай азарға ұшыраттың ба деп күндіз де, түнде де жылап отырмын, - дейді көзі жасқа толған ана.

Қалдығыз Омарованың бір қызы, екі ұлы бар. Өзінің айтуынша, «қызы – тұрмыста. Екі ұлы да ажырасқан».

- Үш баламмен 22 жыл бірге тұрған күйеуім тастап кетті. Мамандығым – дәрігер. Балаларымды шамам келгенше тәрбиеледім, бағып-қақтым. Енді мына баламның тамағын істеп, кірін жуып беріп отырмын. Басқа не көмек бере аламын оған? Ренжіткен емеспін, ренжісе көшеден ренжіп келеді. Таныстары жұмысқа орналастырамыз деп уәде етеді де жоқ болады. Міне 16 жыл болды, жұмыссыз, - дейді Қалдығыз Омарова.

Қалдығыз Омарова ұлынан «қорқатынын» айтады. «Екі сөзінің бірі – қылқындырып өлтірем. Осылай қорлайтындай не істедім? Далада қалса, қалсын. Үйге кіргізбеймін. Қыстай шыдадым. Жұмыс жоқ, отбасы тағы жоқ болған соң бар ашуын менен алады» дейді ол.

«КҮЙЕУІМ БАСЫМНАН ҰРАДЫ»

Шымкент қаласы Қаратау аудандық полиция бөлімшесіне арызданған Гүлзия Асанова (аты-жөні өзгертілді – ред.) «күйеуі Ерлан Асановқа (аты-жөні өзгертілді – ред.) тұрмысқа шыққанына 25 жыл болғанын» айтады.

Олардың екі қыз, бір ұлы бар. Ұлдары – үйленген, бөлек тұрады. Үлкен қыздары - 20 жаста, кіші қыздары – 10-ға енді толған.

Күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін айтып, полицияға шағымданған әйел (Гүлзия Асанова - аты-жөні өзгертілген). Шымкент, 24 сәуір 2017 жыл.
Күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін айтып, полицияға шағымданған әйел (Гүлзия Асанова - аты-жөні өзгертілген). Шымкент, 24 сәуір 2017 жыл.

- Арақ ішсе де, шексе де, есін білмей қалады. Өзі жұмыссыз. Мен жұмысқа кеттім болды, бірге шегетін жігіттерін үйге алып келеді. Ішіп алғанда балағаттап, басымнан ұрады. Қазір басым ауырғанда дәрі де көмектеспейді. Одан бәрін күтуге болады. Сол аяғыма қайнап тұрған су құйып, күйдіргені бар. Қазір «шәй қой» десе, қыздарға ымдап, сыртқа шығыңдар деймін. Шәйді демдеп келген соң, менімен байланыса бастайды, - дейді ол.

Гүлзия Асанова қара жұмысқа жалданып істейтінін, «тапқаны қатқанына жетпейтінін» айтады.

- Сегіз айдан бері несие мен коммуналдық төлемдерді төлей алмай қалдым. Менде демалыс жоқ. Подъезд жуып, үй әктеп ақша табамын. Бірақ жетпейді. Осылай күйеуім есін білмей жүргенде 3-сыныпта оқитын қызымды өзі не жолдастары зорлап тастай ма деп алаңдаймын. Мүмкін болғанша қызымды үйге тастамауға тырысамын, - дейді ол.

ВИДЕО: Зорлық-зомбылық көрген әйелдер

Оңтүстіктегі зорлық-зомбылық көрген әйелдер
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:32 0:00

МАМАНДАР ПІКІРІ

Психолог Бақыт Дастанқызының пікірінше, «қазір әйелдерге зорлық-зомбылық жиілеген». Ол әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықтың бірнеше түрін айтады.

- Мысалы, психологиялық жағынан шабуыл жасайды. Сексуалдық зорлық жасайды. Экономикалық жағынан қысады. Физикалық жағынан қол жұмсап, дене жарақатын салады, - дейді маман.

Психологиялық шабуыл жасайды. Сексуалдық зорлық жасайды. Экономикалық жағынан қысады. Физикалық жағынан қол жұмсап, дене жарақатын салады.

Психолог зорлық-зомбылыққа қандай ер-азаматтар баратынын айтып, оларды «қоғамда орнын таба алмай жүргендер, өзіне көңілі толмайтындар, депрессияда жүргендер» деп сипаттады.

- Капиталистік қоғамда адам өміріне, әрекеттеріне сараптама жасап отыруы керек, оның бір бөлігі – өз кәсібін табу. Кей ер адамдар қоғамдағы өзгеріске дайын болмай, оларды агрессиямен қабылдайды. Тұрақтылықтың жоқтығы, сұранысқа ие бола алмауы агрессияға айналып, бұл агрессияны отбасына, әйеліне немесе қоғамға көрсетуі мүмкін. Стресс пен депрессия осы тұстан басталады... Ер адамның әйел адамға агрессиясы балағаттауымен, тырнақ астынан кір іздеуімен байқалады, - дейді психолог Бақыт Дастанқызы.

Шымкент қаласының Қаратау аудандық полиция бөлімі инспекторы Қарлығаш Семжанованың айтуынша, «зорлық-зомбылыққа әйелдер ішімдік пен материалдық жетіспеушілік кесірінен ұшырайды».

Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы, Қаратау аудандық полиция бөлімінің инспекторы Қарлығаш Семжанова. Шымкент, 24 сәуір 2017 жыл.
Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы, Қаратау аудандық полиция бөлімінің инспекторы Қарлығаш Семжанова. Шымкент, 24 сәуір 2017 жыл.

- Көбіне әйелдер ер азаматтардан көрген зорлық-зомбылығын жасырады. Шағымданбайды. Әбден өтіп, шектен шыққанда ғана полицияға арызданады, - дейді ол.

Қарлығаш Семжанова әйелдердің арызданбауының негізгі себебін «отбасын сақтап қалу» мақсатымен түсіндіреді.

ОҚО ІІД ақпаратына қарағанда, зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдердің негізгі дені (2860 қылмыс) оқымаған, үйде отырған келіншектер. Оларға жақын туыстары әлімжеттік жасайды. Әйелдер тек үйде ғана емес, көпшілік жерде де озбырлық құрбанына айналады. ІІД мәліметінше, «2017 жылдың үш айында әйелдерге қарсы қылмыстардың 1734-і қоғамдық орындарда жасалған». Озбырлық көрген әйелдер арасында жалдамалы жұмыс істейтіндердің үлесі 20 пайыздан (522 қылмыс) астам. ІІД дерегінше, қыз-келіншектер оқу және мемлекеттік қызмет орындарында да қысымға ұшырайды. Бірақ, бұл жерлердегі әлімжеттік үлесі үйдегі және жалдамалы жұмыстағы көрсеткіштерге қарағанда аз. Бұл оқиғалардың 2750-іне қатысты қылмыстық іс қозғалып, айыптылар түрлі жазаға тартылған. 497 қылмыстық іс өндірісі қысқартылған.

XS
SM
MD
LG