Accessibility links

«Жарықсыз, газсыз, сусыз, қорлық көріп отырмыз»


Жаңаталап ауылының тұрғыны Күлайша Батырқұлова. Шымкент, 8 наурыз 2017 жыл.
Жаңаталап ауылының тұрғыны Күлайша Батырқұлова. Шымкент, 8 наурыз 2017 жыл.

Шымкент қаласының Абай ауданына қарасты Жаңаталап елді мекені тұрғындары электр қуаты қымбат болуына, жиі өшіп қалатынына және қалада отырып ауызсу мен газға жарымағандарына наразы. Әкімдік тек Жаңаталап емес, жалғас жатқан елді мекендердің де жайы осы екенін айтады.

Қала орталығынан бір қоғамдық көліктен екіншісіне мініп, Шымкенттің шетіндегі Жаңаталап елді мекеніне бір жарым сағат жол жүріп жеткен Азаттық тілшісі тозығы жеткен жер үйлерге қарап, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мәз емес екенін байқады. Жарық бес күн өшіп жатып, тілші барған наурыздың 8-і ғана берілген.

Мұнда ескі мектеп пен балабақша бар, басқа әлеуметтік нысан көзге шалынбады. Орталық көшеге төселген асфальт ескірген әрі тар, тротуарлары жоқ. Үй арасындағы көшелер - асфальтсыз қара жер. Электр бағаналары шіріген, көбі қисайып, құлағалы тұр. Ауыл халқы суды ауласындағы құдықтардан ішіп отыр. Газ тартылмаған.

ТҰРҒЫНДАР ШАҒЫМЫ

Азаттық тілшісі сөйлескен екінші топтағы мүгедек, жасы 50-лер шамасындағы Назымбек Бекжановтың «Жаңаталап ауылына көшіп келгеніне 15 жыл болған». Тұрғынның айтуынша, «ауылдағы ең бірінші мәселе – жарықтың жайы». Оның өзі екі проблемадан тұрады. Шымкентте электр тарифі 14 теңге 85 тиын болса, Жаңаталапта «40 теңгеге дейін шығады». Екіншіден, ауылда электр желілері мен бағаналары ескірген, жел соққан, жаңбыр жауған күндері жарық өшіп қалады.

Жаңаталап ауылының тұрғыны Назымбек Бекжанов. Шымкент, 8 наурыз 2017 жыл.
Жаңаталап ауылының тұрғыны Назымбек Бекжанов. Шымкент, 8 наурыз 2017 жыл.

- Бұл тариф бізге ауыр. Мұнда тұратындардың әлеуметтік жағдайы нашар. Мысалы, мен мүгедекпін, жұмысқа жарамаймын. Әйелім көше тазалаушы. Айлығы – 40 мың теңге, - дейді ол.

Назымбек Бекжанов тарифтен бөлек, елді мекендегі инфрақұрылымның жоққа тән екенін жылдамдатып айтып қалуға тырысып:

- Газ, ауызсу деген мәселені айтудан қалдық. Жолымыздың жайы мынау. Асфальт төселмеген. Орталық көшеде асфальт болғанымен, тротуар жоқ. Суды құдықтан ішіп отырмыз, -деді. Жаңаталаптың басқа тұрғындарының да сөзі осы сарында шықты.

ВИДЕО: Жаңаталаптықтар шағымы

Шымкенттегі жаңаталаптықтар шағымы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:50 0:00

- Көрген күніміз қорлық. Мұнда 20 жылдай тұрамын, әлі осы проблема. Ешкім тыңдамайды бізді. Қалаға өттік деп қуандық. Екі жыл болды өзгерген түк те жоқ, - дейді Жаңыл Ізмаханова.

Көршісінің сөзін қостаған Күләйша Батырқұлова да жұрт тілегі тиісті органдарға жетпей жатқанын растайды. Электр қуаты жиі өшетінін «екі-үш ай жарықсыз отырған кезіміз де болды» деп сипаттаған ол:

- Əкімдікке барсақ, жөндейміз деп уəде етеді. Бірақ орындамайды. Трансформаторымыз күйіп кете береді. Өзіміз ортадан ақша жинап жөндетеміз. Сөйтіп жарыққа (киловатына – ред.) 41 теңгеден де төлеген кезіміз болды. Көп ұзамай тағы бұзылады, - деді.

ТЕХНИКАЛЫҚ ШЫҒЫНДЫ ХАЛЫҚҚА ШАҒУ

Шымкенттегі «Энергопоток» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің технигі Ерлан Ақылбеков Азаттық тілшісіне Жаңаталапта электр қуаты неге қымбат болып тұрғанын түсіндіріп:

Жаңаталап елді мекеніндегі ескі трансформаторлар. Шымкент, 9 наурыз 2017 жыл.
Жаңаталап елді мекеніндегі ескі трансформаторлар. Шымкент, 9 наурыз 2017 жыл.

- Бас трансформатор 10 мың киловатт айналдырса, тұрғындар счетчигі 7 мың көрсетеді. Төлем қабылдаушылар қалған 3 мың киловаттың ақшасын халыққа шағады. Ел тарифті көтерді деп ойлайды. Бірақ біз 14 теңге 85 тиынмен береміз. Тариф өзгермейді. Жаңаталаптағы төрт трансформатор ескі. Бізден электр қуаты кеткенімен, тұрғындарға толық жетпейді. Бұл - техникалық шығын, - деді.

Азаттық тілшісінің техникалық шығынды болдырмау жайындағы сауалына Ерлан Ақылбеков«трансформаторлар тұрғындар меншігі екенін» айтты.

- Трансформаторларға тұрғындар жауапты. Біздің шекарамыз үлкен трансформатордан бітеді. Сол жерге дейін тексеруге құқығымыз бар. Ары қарай араласа алмаймыз, - дейді ол.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Жаңаталап елді мекені (Суретті басыңыз)

Жаңаталапта тұтынылған жарыққа ақша жинайтын қызметкердің бірі Ділбәр Иманбаеваның айтуынша, мұндағы электр жүйесі проблемасын шешу үшін оны «мемлекет қарауына өткізу керек».

- Желі тозған. Бағаналар ескірген. Шіріп құлағанының орнына тұрғындар темір бағана орнатып жатыр. Оның бәрі техникалық шығынға әкеледі. Халық қыста жарыққа 37-40 теңгеден төлейді. Жазда 23-25 теңгеге түседі. Қымбат болса да төлейді, төлемесе жарықты қиып тастайды, - дейді ол.

ӘКІМДІК ӨКІЛДЕРІ ТҮСІНІКТЕМЕСІ

Шымкент қаласы әкімдігі тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрлан Жамаловтың айтуынша, Жаңаталаптағы 646 жеке тұрғын үйде 5618 адам тіркеуде тұрады. Жамалов «тұрғындардан электр қуаты өшіп қалуына байланысты шағымдар көп түсетінін» мойындайды.

- Трансформаторлар совет үкіметінен қалған. Жаңаталапта жекеменшікке өткен ескі свет, газ, ауызсу жүйесі бар. Оны алмастыруға біздің құқығымыз жоқ. Біз [инфрақұрылымды] ауылға жаңа қосылған, ескі жүйелері жоқ жерлерге ғана тартамыз, олардың жобалары жасалып жатыр, - дейді ол.

Шымкент қалалық әкімдігінің тұрғын үй шаруашылық-коммуналдық бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрлан Жамалов. Шымкент, 9 наурыз 2017 жыл.
Шымкент қалалық әкімдігінің тұрғын үй шаруашылық-коммуналдық бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрлан Жамалов. Шымкент, 9 наурыз 2017 жыл.

Шенеунік мәліметіне қарағанда, «ауызсу мәселесі Жаңаталапта ғана емес, [жанындағы қалаға қарасты] Игілік, Қызылжар сияқты ауылдарда да бар».

- Бұл ауылдар қалаға 2015 жылы Сайрам ауданынан өтті. Құжаттар уақтылы тапсырылмай, дер кезінде шешім қабылданбады. Биыл ауызсу тарту жобасын дайындауға қаражат бөлінді, - дейді Нұрлан Жамалов.

Ал Шымкент қаласы Жаңаталап тұрғын аумағы бөлімі бастығы Ержан Саржан инфрақұрылым проблемалары жер телімдерін тұрғындардың кезінде заңсыз басып алуынан шыққанын айтты.

- Жаңаталаптағы мәселе мынада: онда ауылшаруашылық жерлері сатылған. Жаңаталап пен Игілік елдімекенінде заңсыз сатылған үш мың жер телімі бар. Тұрғындар үй салып алған. Бес жылдан жоғары салынған үйлерге биыл шешім шығарып, заңдастырып беріледі. Заңдастырып болған соң су, газ тартылады, - дейді шенеунік.

Шымкентке қарасты Жаңаталап елді мекенінің орталық көшесінде кетіп бара жатқан қоғамдық көлік.
Шымкентке қарасты Жаңаталап елді мекенінің орталық көшесінде кетіп бара жатқан қоғамдық көлік.

Оның сөзіне қарағанда, Жаңаталаптағы ескі трансформаторлар «жер заңдастырылып болған соң бюджет есебінен ауыстырылады». Ал ескірген электр бағаналары «Оңтүстікжарықтранзит» мекемесі балансы мен мемлекет бюджеті сесебінен жаңартылады».

- Жарық қымбаттағаны рас. Кей ауылдарда 40 теңге, кейбірінде 26 теңгеге дейін өсті. Халық наразы болғаннан соң 18 теңгеге түсірдік. «Энергопоток» бұған келісті, - дейді шенеунік.

Шымкентке қарасы Жаңаталап тұрғын аумағына Қызылжар, Игілік, Қарасу, Жаңаталап, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, Алтынтөбе, Көкбұлақ сияқты жеті елді мекен кіреді. 23 мыңнан астам халық тұрады. Биыл ішінде Жаңаталап та бар бес елді мекеннің ауызсу мәселесін шешу үшін 25 миллион теңге бөлінген.

XS
SM
MD
LG