Accessibility links

Өмірдегі «жиһадпен» сахнада күресетін болды


Оралдағы қазақ драма театры сахналаған «Жаннат» спектаклінен көрініс. 31 мамыр 2015 жыл.
Оралдағы қазақ драма театры сахналаған «Жаннат» спектаклінен көрініс. 31 мамыр 2015 жыл.

Қырғызстанда да Қазақстандағыдай экстремизммен күрес тақырыбында спектакль қойыла бастады. Мұндай туындылар ресми мекемелердің тапсырысымен әзірленеді. Оның әсері туралы мамандар әртүрлі пікірде.

Таяуда Қырғызстанның Ош қаласында «Ана жүрегі» спектаклі қойылды. Бабыр атындағы өзбек академиялық драма театры сахналаған туындыда діни ағымның шақыруымен Сириядағы қарулы қақтығысқа кеткен адамның тағдыры және оның отбасындағы трагедиясы бейнеленеді.

ОШ ТЕАТРЫНЫҢ ТУЫНДЫСЫ

Қырғызстанда қойылған «Ана жүрегі» спектаклі ташкенттік драматург Махмуджон Комилжоновтың туындысы негізінде сахналанған. Ош театрының басшысы Набижон Мамажоновтың Азаттықтың Қырғыз қызметіне айтуынша, осы қойылымда кішкене ғана отбасыдағы жағдай арқылы үлкен трагедия көрсетілген.

– «Кешір» деп тұрған перзентіне анасы «сендей балам жоқ» дейді. Сөйтсе де анасының жүрегі езіліп тұрады. Бұл ана өліміне алып келеді, - дейді спектальде басты рөлді ойнаған актриса Ойтожи Шабдонова.

Ош театрындағы «Ана жүрегі» спектаклін қоюға Қырғызстан ішкі істер министрлігі кеңес бергені хабарланған.

Қырғызстан ақпарат құралдарының мәліметінше, соңғы айларда адамдардың діни ағым жетегімен Сирияға кетуі баяулағанымен, бұл үрдіс біржолата тоқтап қалмаған. Бұл күндері Сирияда жүрген қырғызстандықтар саны 500 делінеді. Қырғызстаннан Сирияға кеткендердің ішінде отбасы, бала-шағасын қоса ала кеткендер де бар.

Қырғызстанда діни ағымдар жетегімен басқа елдерге кеткендер мәселесімен тек құқық қорғау орындары айналысады. Оның өзінде де оқиғаның себептері емес, салдары анықталып, тек адамдарды соттаумен шектеліп жатады.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚОЙЫЛЫМДАР

Қазақстанда да аймақтық театрларда экстремизммен күрес тақырыбы 2013 жылдан бері тақырыпқа айналды. Олардың кейбірі гастрольмен Алматы және басқа да қалаларға апарып қойылған.

Экстремизм тақырыбындағы спектакльдің алғашқысы Атырауда қойылды. Асылбек Ықсановтың «Хақ жолы» деп аталатын спектаклінде кейіпкер радикалды діни ағымға ілесіп отбасы, туғандарынан безіп, өзі ұстанатын жолды насихаттап кетеді. Ақыры түрмеге қамалған оның анасы құсадан қайтыс болады.

Осындай спектакльдің бірі биыл сәуір айында Алматыда қойылды. Шығыс Қазақстан облыстық театры қойған Сахан Әлекеевтің «Шырмауық» спектаклінде кейіпкердің өкінгеннен қайтадан «дұрыс жолға» түсу хикаясы көрсетіледі.

«Жиһадшыларға» қарсы «Шырмауық» атты қойылымның видеодан алынған скриншоты.
«Жиһадшыларға» қарсы «Шырмауық» атты қойылымның видеодан алынған скриншоты.

Бұдан басқа Оралда Мұқанғали Томановтың «Жаннат» спектаклі, Қарағандыда Кеңес Жұмабековтің «Адасқандар» туындысы қойылған.

Қазақстандағы экстремизммен күрес тақырыбындағы қойылымдар діни істер агенттігінің тапсырысымен және қаржыландыруымен көрсетіліп жүр. Бұл қойылымдар үлкен театр сахналарында емес, аймақтық театрлар мен мәдениет үйлерінде, үлкен қалаларда көрсетіле қалса, театрларда емес, мәдениет сарайларында қойылады.

Бір қызығы – экстремизммен күрес тақырыбындағы қойылымдарға «ерекше» көрермендер тән. Спектакль кезінде залда жастарға қоса сәлделі-шапанды имамдар, хиджап таққан және сақал өсірген діндарлар мен погонды құқық қорғау және қауіпсіздік органдары қызметкерлері де байқалған.

«ТАПСЫРЫСТЫҢ ОҢ ЖАҒЫ БАР»

Дінтанушы Досай Кенжетайдың пікірінше, экстремизммен күрес тақырыбын өнер арқылы, театр арқылы насихаттау адамға «сезім сыйлайды».

– Адам сезім арқылы теріс әрекеттерден жиіркенеді ғой. Саясиланған исламның келбетін өнер арқылы жеткізе алғандай болсақ, оның әсері өте керемет болар еді деп ойлаймын, - дейді ол Азаттықа.

Дінтанушы Досай Кенжетай.
Дінтанушы Досай Кенжетай.

Дінтанушы тапсырыспен жазылып, тапсырыспен көрермен жинайтын осындай спектакльдердің «оң жағы» бар екенін айтады. Оның айтуынша, әзірге экстремизм тақырыбандағы туындылар «механикалық түрде» жасалып жатыр. Досай Кенжетай болашақта оны «табиғи» туындылар ретінде көрсетіп, халық өзі баратындай қойылымдар жасалуы керек деп есептейді.

Ол өзі көрген осындай қойылымдарға мектеп оқушылары, студенттердің көп отырғанын байқаған.

– Ал Атырауда қойылған спектаклдердің бірінде залда мемлекеттік органдардың қызметкерлері, «теріс танымға» кіріп кеткен көрермендер де отырды, - дейді ол.

Дінтанушының пікірінше, әзірге театрдағы осындай қойылымдарға «бүкіл халықты алып келетіндей идеологиялық плаформа жасалынбаған».

ДРАМАТУРГ ПІКІРІ

Драматург және кинорежиссер Данияр Саламат тапсырыспен қойылатын өнер туындыларын «белгілі бір идеяны ұстануға мәжбүрлейді» деп есептейді.

– Мұндай шығармаларда декламациялық және дидактикалық сарын болады. Бұл өнерге нұқсан келтіреді. Алайда мен Атырауда қойылған «Хақ жолы» спектаклінен барынша өнерге икемделген туындыны көрдім. Өте шебер жасалған. Ал одан кейін шығып жатқан спектакльдер бірізділікке ұрынған секілді, - дейді ол Азаттыққа.

Драматург, кинорежиссер Данияр Саламат.
Драматург, кинорежиссер Данияр Саламат.

Оның пікірінше, тапсырыспен жазылған, қойылған туындылар формалық ізденіске бармай, схемалық жолға ұрынған.

– Тыңдайтын құлақ болса, сахнадан ақыл айтуға тура келеді. Алайда ондай туындыларда өнердің заңдылықтары сақталмайды, баяғыдағы социалистік реализм тәрізді сыңаржақ теорияларға сүйенуге тура келеді, - деген Данияр Саламат осы қойылымдардың көрерменге әсерін жоққа шығармайды.

– Сентиментальдық арқылы адамды баурап алуға болады. Алайда сентиментализмнің өнерге мүлдем қиыспайтыны есте болуы керек, - дейді режиссер.

Азаттық хабарласқан басқа да театр сыншылары мен драматургтер экстремизммен күрес тақырыбындағы спектаклдерді әлі көрмегенін айтып жауап берді.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің 2015 жылғы мәліметі бойынша шет елдердегі қарулы қақтығысқа қатысып жатыр деген қазақстандықтар саны 300-ден асады деп есептеледі.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG