Accessibility links

1991 жылғы Орал оқиғасы. 25 жыл өтті


Орал казактарының жиынына қарсы митингіде өлең оқып тұрған азаматтық белсенді, ақын Мұңайдар Балмолда. Орал, 14 қыркүйек 1991 жыл.

Орал казактарының жиынына қарсы митингіде өлең оқып тұрған азаматтық белсенді, ақын Мұңайдар Балмолда. Орал, 14 қыркүйек 1991 жыл.

Батыс Қазақстан ресейшіл «автономиялық республикаға» айналуы мүмкін деген қауіп төнген тұстағы Орал казактары мен қазақ белсенділерінің талай күнге созылған текетіресі 1991 жылғы қыркүйектің 15-інде аяқталды. Арада 25 жыл өтсе де бұл оқиғаларға қатысты ашылмаған жайттар көп.

Павлодарда тұратын оқырманымыз Динара Қалиева жуырда Азаттыққа жолдаған хатында 1991 жылғы Орал оқиғасының 25 жылдығы таяп қалды, бірақ оның белсенді мүшелерінің бірі болған әкесі Мақсұт Қалиевтің есімі «орынсыз ұмыт қалды» деп жазған болатын. Ол кезде жергілікті казактар мен Ресейдің кейбір көрші облыстарындағы казак ұйымдарының өкілдері «казактардың орыс патшасына қызмет етуінің 400 жылдығын тойлау» үшін Оралға жиналып, бұған жергілікті қазақ ұлтшылдары қарсы шыққан. Қазақстанның түрлі аймақтарынан жүздеген қазақ белсенділері Оралға барған. Динара Қалиева дүрліккен Оралдан Ресей телевизиясы таратқан хабардан әкесін көріп қалып, әлгі оқиғалар жайлы 12 жасында естігенін айтады.

Отбасындағы әңгімелерді тыңдап, әкесінің азаматтық белсенділігін көріп өскен Динараның өзі де жылдар өте оппозициялық ұйымдардың кеңселеріне бара бастаған. Орал оқиғаларының тарихымен танысқысы келген бойжеткен әлгі оқиғалар туралы жарияланған деректердің мүлде аз екенін байқаған.

АЛАҢДАҒЫ ТЕКЕТІРЕС

Орал оқиғалары Совет Одағы күйрей бастаған әрі сепаратистік үндеулер тарап жатқан тұста болды. 1989 жылы ресейшіл Приднестровье Молдовадан бөлініп кетті, 2014 жылы бұл сценарий Қырымда қайталанды. Бірақ Қырым оқ атылмай аннексияланды, ал Приднестровьедегі қанды қырғында жүздеген адам мерт болды. Бұл орыстың оңшыл жазушысы Александр Солженицынның қазақтарда мемлекеттілік болмаған деген сарында жазылған әрі совет республикаларының шекарасын қайта бөлуге шақырған мақаласын Қазақстанда өре түрегеле, қарсылықпен қабылдаған тұс болатын.

Орал казактарының «орыс патшасына қызмет етуінің 400 жылдығын» тойлайтын күні қазақ шерушілеріне тосқауыл болып тұрған милицияның арнайы жасағы. Орал, 15 қыркүйек 1991 жыл.

Орал казактарының «орыс патшасына қызмет етуінің 400 жылдығын» тойлайтын күні қазақ шерушілеріне тосқауыл болып тұрған милицияның арнайы жасағы. Орал, 15 қыркүйек 1991 жыл.

Бұл көңіл-күй 1991 жылғы қыркүйектің 13-15-і күндері Орал оқиғаларына ұласып, қазақ ұлтшыл ұйымдарының белсенділері басқарған мыңдаған шеруші казактардың шіркеудегі салтанатты мінажаты мен Орал қаласы орталығындағы маршына бөгет бола алмағанымен, олардың «Зенит» зауыты клубындағы жиналысын өткізбей тастады. Қалаға шеруге шыққан қазақтар мен салтанатты шараларын өткізіп жатқан казактардың арасын бөліп тұру үшін милиция бөлімшелері жеткізілді. Оралдағы жағдай қыркүйек оқиғасынан көп бұрын ширығып, жергілікті және республикалық баспасөз хабарлап жатты.

Динара Қалиеваның хатында қақтығыс қызған тұста оның әкесі, Павлодардағы «Азат» қозғалысының белсендісі 10 мыңдық шеруге жиналған қазақтарды казак атамандары «казак республикасы құрылғанын жариялауға әні-міне кірісейін деп жатқан» зауыт клубына бастай жөнелген. Бірақ қазақ ұлтшылдарының өзге басшылары мен билік өкілдері 20 минуттық ультиматумға келісіп, шерушілердің үлкен тобын тоқтатты. Ал казактарды алдын ала дайындалған автобустармен асығыс-үсігіс эвакуациялаған. Текетірес осымен аяқталып, «казак автономиялық республикасын жариялау идеясы» іске аспай қалды. Ресейден келген казактарды Оралдан алыстау темір жол станциясына апарып, поезға отырғызған. Ал қазақ шерушілері жеңісін тойлау үшін қала орталығындағы алаңда қалған.

«Азат» қозғалысының съезін өткізіп жатқан белсенділер. Мақсұт Қалиев оң жақтан бірінші отыр. Алматы, 1991 жыл.

«Азат» қозғалысының съезін өткізіп жатқан белсенділер. Мақсұт Қалиев оң жақтан бірінші отыр. Алматы, 1991 жыл.

Павлодарлық белсенді Мақсұт Қалиев Оралдағы текетіресті басуда қаншалықты маңызды рөл атқарғанын болашақта зерттеушілер анықтай жатар. Азаттықпен телефон арқылы сөйлескен Мақсұт Қалиев сол кездегі «Азат» қозғалысының төрт белсендісі (ішінде өзі де бар) Ресейдің Орынбор қаласы арқылы екі тәулік поезбен жүріп Оралға келгенін, ал жергілікті белсенділер оларды «Аққу» қонақүйіне орналастырғанын айтады.

Казактардың жиынын тарату талабымен жиналғандардың кейде қалың нөсердің астында өткен үш күндік шеруіне Қазақстан қалаларынан жүздеген қазақ белсенділері жиналған.

ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУУ

Павлодардан шалғайда жатқан әрі елдің екінші қиыр шетіндегі Орал қаласында шеруде жүрген әкесін 12 жасында ресейлік «Вести» бағдарламасынан көріп, қайран қалған Мақсұт Қалиевтің қызы кейін өзі де азаматтық белсендіге айналған. Жергілікті университетті тәмамдап, заңгер мамандығын алған Динара Қалиеваның қазір шағын заң бизнесі бар. Кейінгі 10 жыл шамасында ол орталықтағы - Алматыдағы түрлі партиялармен байланысы бар санаулы жергілікті қоғамдық ұйымдардың жұмысына қатысып жүр. Оппозициялық ұйымдар бір қосылып, бір бөлініп немесе биліктің қудалуымен жабылып жатыр, ал кей қалаларда өзгеше ойлайтын жандардың шағын үйірмелері бар.

Азаматтық белсенді Динара Қалиева. Павлодар, 2016 жыл.

Азаматтық белсенді Динара Қалиева. Павлодар, 2016 жыл.

Динара Қалиева Азаттыққа бірнеше жыл бұрын қоғамдық пікірді білу үшін сауалнама жүргізуге қатысып, үндеу парақшаларын таратып, ЖСДП партиясының жергілікті филиалына көмектескенін айтты. Динара «Қарапайым жұрт біздің еңбегімізді елемеді, халық үндеу парақшаларымыздың мәнін түсінбеді, өйткені ол кезде елдің жағдайы біршама жақсы, жұмыс та бар болатын» деп еске алады. Келіншектің айтуынша, қазір «жақсы өмір сүріп жатырмыз дегеннің аты ғана», сондықтан Павлодарда тұратын адамдар саяси тұрғыдан сауатты бола бастаған, бірақ ол биыл мамырда жер реформасына қарсы наразылық акциясын Павлодарда неліктен ондаған адам ғана қолдағанын түсіндіре алмады.

Динара интернетте 1991 жылғы Орал оқиғаларының тарихы жайлы дерек мүлде аз екенін байқаған. Қазақ немесе казак белсенділері өздерінің азын-аулақ мемуарларында әлгі оқиғаларды немесе өзінің ондағы рөлі жайлы көбінесе субъективті тұрғыдан бағалап жазған. Динара әлеуметтік желілерден де ақпарат іздей бастаған, бірақ Қазақстанның жаңа заман тарихының ашылмаған ақтаңдақтары әлі көп болып шыққан. Динараның бастамасын тағы бір әлеуметтік желіні пайдаланушы, Павлодар облысының тумасы Ақылбек Темірғалинов қолдап, Facebook желісінде ұран тастаған соң оларға осы әлеуметтік желіні пайдаланушы адамдар әлдебір сирек жазбалардың сілтемесін жолдаған. Әлгі оқиғаларға қатысқандардың кейбірі, мысалы сол кездегі казактардың мерекесіне қарсылықты ұйымдастырушылардың бірі Жасарал Қуанышәлин үн қосқан.

Facebook әлеуметтік желісіндегі Ақылбек Темірғалиновтің парақшасынан алынған скриншот. 2016 жылдың тамызы.

Facebook әлеуметтік желісіндегі Ақылбек Темірғалиновтің парақшасынан алынған скриншот. 2016 жылдың тамызы.

Ақылбек Темірғалинов Азаттыққа «1991 жылғы Орал оқиғалары жайлы көбірек мәлімет жинау идеясына құлшынып кірістім, бірақ қазір ол жайлы мәлімет сирек, әсіресе жастар бұл оқиға туралы мүлде аз біледі» дейді.

АҚТАҢДАҚТАР АШЫЛМАЙ ЖАТЫР

Орал оқиғаларының 20 жылдығына орай Азаттық сайтында Оралдағы үш күндік қақтығыстың жалпы картинасы мен оқиғаның туу себептеріне қатысты кей болжамдар келтірілген Азаттық зерттеуі жарияланған болатын. Бір кездері Қазақстанда жұмыс істеген, қазір Украинада тұратын қоғамтанушы ғалым Рүстем Жанғожа 2014 жылғы Қырым аннексиясын мысалға келтіреді.

Азаттыққа берген комментарийінде Рүстем Жанғожа «Орал оқиғаларына қатысты көп жайттар қазір беймәлім күйінде қалып отыр. Шиеленіскен жағдайдың қалай басылғаны, Ресейдің арнайы қызметі қолдағаны айқын байқалған «казактардың» әрекетін, Қазақстан территориясын аннексиялау пиғылын не тоқтатқаны белгісіз. Бұған қоса, әсіресе [Ресей президенті] Владимир Путиннің Ресейді Совет Одағы шекарасы аясында қайта қалпына келтіруге болады деген мәлімдемесінен кейін (Будапешт меморандумы, Қырым аннексиясы мен Украинаның шығысындағы «гибрид соғысты» айтпағанда) Қазақстанның мұндай жағдайдың қайталануынан қаншалықты қорғана алатыны да белгісіз. Енді тек Юлиус Фучектің Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында айтқан «Адамдар, сақ болыңдар!» деген сөзін естен шығармаудан өзге амал жоқ» дейді.

Орал казактарының «орыс патшасына қызмет етуінің 400 жылдығын» тойлауға келген казактар. Youtube сайтындағы Орал казактарының мерекелік жиыны қарсаңында түсірілген видео скриншоты. Орал, 15 қыркүйек 1991 жыл.

Орал казактарының «орыс патшасына қызмет етуінің 400 жылдығын» тойлауға келген казактар. Youtube сайтындағы Орал казактарының мерекелік жиыны қарсаңында түсірілген видео скриншоты. Орал, 15 қыркүйек 1991 жыл.

Қазақстанда бұл тұжырыммен келіспейтіндер көп. Кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Орал оқиғалары түкке тұрмайды» деп айтқан болатын. Оралдың казак белсенділері Анатолий Авилов, Виктор Водолазов, Борис Мясников Азаттыққа бес жыл бұрын берген сұхбатында 1991 жылғы қыркүйекте «дәстүрлі мерекемізді Қазақстан заңдарын бұзбай құр тойладық» деген болатын. 1991 жылы Оралдың ТЭЦ (жылу-энергетикалық компания) директоры әрі қалалық кеңес депутаты болған Петр Своик те әлгі пікірді қостайды. Петр Своиктің айтуынша, казактардың мерейтойын тойлауда тұрған ештеңе жоқ еді, оны «сырттан қоздырып жіберген».

- Негізі, ол жерде дүрлігетіндей ештеңе болған жоқ. Бұл сырттай бақылаған адам ретіндегі пікірім, казактардың әлдебір жиындарына қатысқан жоқпын. Бірақ меніңше, ол жиын тып-тыныш, бейбіт өтуі тиіс болған, - дейді саясаткер.

Қазақстан президенті сайлауы науқаны кезінде ел аралап жүрген белсенділер. Оң жақтан бірінші тұрған - Мақсұт Қалиев, сол жақтан үшінші тұрған - Петр Своик. Павлодар, 2005 жыл.

Қазақстан президенті сайлауы науқаны кезінде ел аралап жүрген белсенділер. Оң жақтан бірінші тұрған - Мақсұт Қалиев, сол жақтан үшінші тұрған - Петр Своик. Павлодар, 2005 жыл.

Петр Своик ол кезде Қазақстаннан «бөлініп кету» мәселесі қозғалған деген пікірмен де келіспейді, өйткені Ресей президенті Борис Ельциннің тұсында «Совет Одағы онсыз да күйрей бастаған, ал қазақ ұлтшылдығы қазіргідей мықты болмаған» деп санайды. Петр Своик қазір де Қазақстанға әлдебір сепаратизм қатері төніп немесе «Қырым сценарийін» қайталану қаупі жоқ деп есептейді. Саясаткер Қазақстандағы ұлтаралық тұрақтылықты көбінесе биліктің әрекеті қамтамасыз етіп келе жатыр дейді. Ол тұрақтылыққа халықтың ұстамды мінезі, заңдар мен практикадағы қазақ және орыс тілдерінің мәртебесі сияқты «шешілмейтін» мәселелердің қозғалмауы да әлдеқайда жақсы әсер етіп отыр санайды.

«Зенит» зауытының мәдениет үйі. Орал казактарының 400 жылдығы осы ғимаратта өтпек болған. Орал, 2011 жылдың қыркүйегі.

«Зенит» зауытының мәдениет үйі. Орал казактарының 400 жылдығы осы ғимаратта өтпек болған. Орал, 2011 жылдың қыркүйегі.

Бұрынғы оппозициялық саясаткер, саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам «Казахская драма на сцене и за кулисами» деген кітабында 1991 жылы Ресей іргесінде жатқан Орал қаласындағы казактар ұйымын олардың қазақтармен қақтығысын ұйымдастырғысы келген Мәскеудегі әлдебір күштер арандатты деген болжам айтады. Сейдахмет Құттықадам кітабында ол кезде Қазақстан казактары басшыларын Оралға бармауға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көндіріп, «қазақ ұлтшылдарының қалаға баруына бөгет болмаңдар» деген құпия жарлық берген. Нәтижесінде арандату әрекеті іске аспай қалды» деп жазады.

Бірақ Орал казактары келесі – 1992 жылғы қыркүйекте «Патша ағзамға қызмет етудің» 401 жылдығын бәрібір ың-шыңсыз тыныш мерекелегенін айту керек. 1991 жылдың күзінде Ресейдегі казак қауымы атамандары Ресей президенті Борис Ельцинге «Қазақстанда болған жағдайға» шағымданған. Орал оқиғасын Қазақстан президентінің кеңесшісі Серік Әбдірахманов басқарған президенттік комиссия тексерген.

Бірақ содан бері 25 жыл өтсе де «Орал оқиғалары» тарихының ашылмаған ақтаңдақтары әлі көп.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG