Accessibility links

Венеция кинофестиваліндегі қазақстандық туындылар


Қазақстандық режиссер Әмір Байғазин.
Қазақстандық режиссер Әмір Байғазин.

29 тамыз, сәрсенбі күні Венецияда (Италия) 75-ші Халықаралық Венеция кинофестивалі басталады. Қыркүйектің 8-іне дейін жалғасатын шарада қазақстандық киноматографтардың картиналары да көрсетілмек.

Бұл фильмдер "Өзен" (The River) және "Секс, қорқыныш және гамбургерлер" (Sex, fear and hamburgers) деп аталады. Алғашқысын Әмір Байғазин түсірсе, соңғысы - Элдар Шибановтың туындысы.

Венеция кинофестивалінің ашылу салтанаты жергілікті уақытпен кешкі 19:00-де басталады. Бірақ фильмдер таңғы 8:30-дан бастап көрсетіледі. Көрермен назарына ең бірінші болып 1969 жылғы НАСА ғарышты игеру орталығының айдағы миссиясы туралы америкалық "Тұңғыш адам" (First Man) көркем фильмі ұсынылады. Режиссері - Дэмьен Шазелл.

Венеция фестивалінде бірнеше конкурс және конкурстан тыс бағдарлама бар. Олар - "Венеция 75" (негізгі), "Көкжиектер" және "Венеция классикасы" деп аталады.

"Өзен" фильмінің авторы - Әмір Байғазин. Алматы, 16 қыркүйек 2013 жыл.
"Өзен" фильмінің авторы - Әмір Байғазин. Алматы, 16 қыркүйек 2013 жыл.

Қазақстандық фильмдер Венеция фестивалінде маңыздылығы жағынан екінші орындағы "Көкжиектер" бағдарламасы аясында көрсетіледі. Бағдарламаның бірінші, толық метражды фильмдер секциясында - 19, екінші, қысқа метражды фильмдер секциясында - 12 кинокартина бар. Қазақстандық екі фильм де фестиваль аяқталғанша төрт рет экранға шығады. "Өзен" көрермен назарына 3 қыркүйекте, ал "Секс, қорқыныш және гамбургерлер" 30 тамызда ұсынылады.

Әмір Байғазиннің "Өзен" фильмінің түсірілімі кезіндегі сәт. Сурет "Қазақфильм" киностудиясының баспасөз қызметінен алынды.
Әмір Байғазиннің "Өзен" фильмінің түсірілімі кезіндегі сәт. Сурет "Қазақфильм" киностудиясының баспасөз қызметінен алынды.

Түсіріліміне Норвегия мен Польша киноматографистері де араласқан "Өзен" фильмін "Қазақфильм" мемлекеттік киностудиясы қаржыландырды.

Бұл қаладан қонақ келген соң өмірі өзгерген шалғайдағы ауылда тұратын ағайындылар туралы "Аслан трилогиясының" үшінші бөлімі. Трилогияның алғашқы фильмдері сияқты Байғазин картинаға кәсіби мамандығы жоқ актерлерді таңдаған. Өзі де фильмнің қоюшы-операторы болған.

Халықаралық 75-ші Венеция кинофестиваліндегі Эльдар Шибановтың "Секс, қорқыныш және гамбургерлер"» фильміне арналған постер.
Халықаралық 75-ші Венеция кинофестиваліндегі Эльдар Шибановтың "Секс, қорқыныш және гамбургерлер"» фильміне арналған постер.

Қысқаметражды «Секс, қорқыныш және гамбургерлер» фильмін қазақстандық тәуелсіз киноматографистер түсірген. Фильмде Алматыдағы АРТиШОК театрынан Шыңғыс Капин, Виктория Мұхамеджанова және бұған дейін бірнеше фильмге түскен Айсұлу Әзімбаева сынды кәсіби актерлер ойнаған. Мұнда бас-аяғы үш кейіпкер бар - фотограф, оның әріптесі әрі сүйіктісі және клиент қыз. Ескендірдің (фотограф) жасықтығы мен оның әріптесі Лаураның қысымы кесірінен екеуінің арасында жұмыста да, сексуалды қатынаста да қиындық туады. Осы кезде қалада "Террористік шабуылдың қызыл деңгейі" жарияланып, Ескендір жабық студияда бірнеше сағат Анат есімді клиентімен бірге қалуға мәжбүр болады. Экстремалды оқиғаларды бастан өткерген Ескендір мен Анат бір біріне жақындай түседі және осы арқылы Ескендір Лаурамен қайта табысудың жолын табады.

Фильм идеясының авторы - Эльдар Шибанов. Сценариін Юлия Левицкая жазған. Эльдардың негізгі мамандығы - сәулетші. Ол киноматографияда көбіне көркемдік-қоюшы немесе көркемдік-қоюшының көмекшісі қызметін атқарған.

«Секс, қорқыныш және гамбургерлер» фильмінің авторы - Эльдар Шибанов.
«Секс, қорқыныш және гамбургерлер» фильмінің авторы - Эльдар Шибанов.

Ол 2013 жылдан бастап өзін режиссер-сценарист ретінде сынап жүр. Әзірге картиналарының көбі қысқаметражды. Бұған дейін "Елес" фильмі 2015 жылы Канн, "Dolls story" фильмі 2016 жылы Ченнаи (Үндістан) фестивалдерінде көрсетілген.

Венеция кинофестивалінде 2 қыркүйек күні "Қазақстанды таны: аудиовизуалді дамудың жаңа шекарасы"шарасы ұйымдастырылады. Шарада Қазақстанның "Еуразия" кинофорумы таныстырылып, қазақстандық 14 ойын және анимациялық фильмдердің ("Алмас қылыш", "Аруақ", "Анаға жол", "Жат", "Оралман" т.б.) трейлерлері көрсетіледі.

Қазақстандық кинолар Венеция фестивалінде жеңіске жетсе оларға Orizzonti сыйлығы табысталады. Қазақстандық режиссерлер мен әртістер фестивалде бұған дейін де марапатталған. 1966 жылы арғы тегі қазақ актриса Наталия Орынбасароваға (әкесі қазақ, бала кезінде бірнеше жыл Алматыда тұрған) "Алғашқы мұғалім" фильміндегі ең үздік рөлі үшін "Вольпидің алтын кубогі" берілген. 1986 жылы "Мосфильм" мен "Қазақфильм" бірігіп түсірген Сергей Соловьевтің "Чужая белая и рябом" фильміне "Күміс арыстан" сыйлығы табысталған. Ал 1995 жылы Дәрежан Өмірбаевтың "Кардиограмма" картинасы Венецияда ЮНЕСКО жүлдесін алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG