Accessibility links

Ташкентте ұсталған қазақстандық үйіне оралды


Вохиджон Ниязов пен әкесі Ниматжан Ниязов.
Вохиджон Ниязов пен әкесі Ниматжан Ниязов.

Өзбекстан түрмесінде төрт айға жуық уақыт қамауда болған Қазақстан азаматы Вохиджон Ниязов үйіне жетті.

1988 жылы туған Вохиджон Ниязовтың әкесі, Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының тұрғыны Ниматжан Ниязов ұлының «аман-есен үйге оралғанын» қарашаның 11-і күні Азаттыққа хабарлады.

Өзбекстандағы төрт ай қамақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:51 0:00
Жүктеп алу

ТАШКЕНТТЕГІ ТӨРТ АЙ

Вохиджон Ниязов биыл шілденің 28-і түнде Оңтүстік Кореядан Өзбекстанның Ташкент қаласы әуежайына келіп түскенде ұсталған. Оған Өзбекстан қылмыстық кодексінің "экстремистік сипаттағы материалдар контрабандасы" айыбы тағылған.

- Кореяда төрт ай жұмыс істеп, әке-шешеме тосын сый жасаймын деп, қашан келетін уақытымды айтпап едім. Менің сақалым бар, паспортта да сақалмен суретке түскенмін. Кеденде сол сақалым күдікті болды ма, әйтеуір «құжаттарыңызды тағы бір тексеру керек» деп басқа бөлмеге алып барды. Ол жерде тағы екі қызметкер келіп телефонымды тексерді, онда уағыздар бар еді, соны көріп, «тексеру керек» деп мені бірден изоляторға алып кетті, - дейді Вохиджан Ниязов.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Вохиджанның өзі өткен төрт айды ұмытуға тырысатынын айтады. Оның сөзінше, Өзбекстан жағы өзін ұстағаны жайлы туыстарына хабарлауға мүмкіндік бермеген.

- Мен телефон соғып айтайын деп едім, олар «адвокатпен айтып жібереміз» деп жауап берді. Кейін білсем, ешкім хабар бермепті, - дейді ол.

Вохиджан Ниязов Өзбекстан тергеу изоляторына шілденің 28-і күні жабылған.

- Не болса да өтті, барлығы жақсы, денсаулығымда жақсы. Ол жерде өзімді жоғалтпауға, өзімді мықты ұстауға тырыстым, тренировка жасап жүрдім. Моральдық тұрғыда да өзімді жоғалтпауға тырыстым. Ертеңгі күні бірдеме болса өзімді ұстауға, қорғап қалуға тырыстым, - дейді ол.

Вохиджон Ниязовке Өзбекстан қылмыстық кодексінің 246-бабы бойынша ("экстремистік сипаттағы материалдар контрабандасы") айып тағылған. Бұл бапқа қатысты 5-10 дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда Вохиджан қазанның 12-сі күні Өзбекстан конституциясы күніне орай жасалған амнистияға іліккен.

Вохиджонның әкесі Ниматжан Ниязов ұлының оралуына себеп болған Азаттыққа және Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің қызметкерлеріне алғысын айтты.

- Осы үш-төрт айда есеңгіреп қалдық. Күні-түні уайыммен болдық. Енді әйтеуір аман есен келді ғой. Осы уақытта ұлым есейіп қалған секілді көрініп жатыр, - дейді баласын енді ешқайда жібермейтінін айтқан Ниматжан Ниязов.

Вохиджонның өзі де енді ешқайда кетпейтінін, үйленіп, әке-шешесін бағатынын айтады.

Ол Өзбекстан арқылы қатынайтын адамдарға «телефонды тазартып, сақалы болса қырып, сөзі мен ісінде мейлінше абай болуға» кеңес берді.

Осы тақылеттес оқиға Қазақстан азаматының басында осыдан төрт жыл бұрын да болған. Қазақ-өзбек шекарасында нетбугынан «діни-экстремистік сипаттағы файлдар табылды» деп айыпталған Ермек Қосмағамбетовті Ташкент соты бес жылға бас бостандығынан айырып, жазасын жалпы режимдегі қамау колониясында өтеуге үкім шығарған. Ермек Қосмағамбетовтың қасында болған Ақмарал Шәкірова нетбук басқа адамдыкі болғандықтан, оның ішінде діни мазмұндағы материалдар барын білмегендерін ол «діни материалдарды» экстремистік деп сипаттауға келмейтінін айтқан еді.

XS
SM
MD
LG