Accessibility links

Кенжебаевтар отбасының Жаңаөзен трагедиясы


Базарбай Кенжебаевтың көйлегінің полиция қамауынан шыққандағы қанға боялған кезі. Жаңаөзен,19 желтоқсан 2011 жыл.

Базарбай Кенжебаевтың көйлегінің полиция қамауынан шыққандағы қанға боялған кезі. Жаңаөзен,19 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен түбіндегі Қызылсай ауылының тұрғыны Базарбай Кенжебаевтың шаңырағы үшін Жаңаөзен оқиғасы қайғыға ұласты. 2011 жылғы желтоқсанда полиция тергеуінен кейін отағасы, бір жылдан кейін әйелі, үш күн бұрын қызы Әсем қайтыс болды.

2011 жылы желтоқсанның 16-сында – Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланып жатқанда Маңғыстау облысындағы жергілікті мұнайшылар жеті ай бойы ереуілде тұрған Жаңаөзен қаласындағы қақтығыс болды. Ол оқиға жайлы хабарлар бір-біріне қайшы болды, Жаңаөзенмен ұялы байланыс үзіліп қалды.

Кешке Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзенде төтенше жағдай енгізді. Қала билігі Маңғыстау облысының ішкі істер департаментінің бұрынғы бастығы, әскери комендант болып тағайындалған полковник Аманжол Қабыловтың қолына өтті. Ол журналистердің жұмысын шектеп, жергілікті халықпен көп сөйлестірмеуге тырысты. Ақпарат құралдары көбінесе «адам өліміне соқтырған Жаңаөзен оқиғасы – бір топ мас бұзақылар ұйымдастырған жаппай тәртіпсіздіктің нәтижесі» деген ресми көзқарасты хабарлап жатты. Адам азаптау әрекеттеріне қатысты хабарламалар үзілді-кесілді терістелді.

2011 жылы желтоқсанның 20-сында Ресейдің оппозициялық «Новая газета» басылымның тілшісі Елена Костюченконың мұнайшылардың оққа ұшқаны туралы баяндаған «Жаңаөзен» деген мақаласы шықты. Ол желтоқсанның 23-і күні жарияланған «Жаңаөзен – мұнайлы өзен» деген мақаласында Қызылсай ауылының 50 жастағы тұрғыны, Жаңаөзен қаласы ішкі істер басқарамасының тергеу абақтысында азаптаудан соң көп ұзамай қаза тапқан Базарбай Кенжебаев туралы жазды.

БАЗАРБАЙ КЕНЖЕБАЕВТЫҢ СОҢҒЫ КҮНДЕРІ

Базарбай Кенжебаев сол күні, яғни 2011 жылдың 16 желтоқсанында Жаңаөзенге кездейсоқ – үш қызының кішісі, перзентханада жатқан Жадыраны көруге келген. Дәл сол күні Жадыра босанып, Базарбай Кенжебаев жиенді болған. Бірақ ол бұл қуанышты отбасымен мерекелеудің орнына бір тәулік аяусыз соққыға жыққан тергеу абақтысында өткізген.

Жаңаөзен оқиғасынан кейін соққы көрген Базарбай Кенжебаев ауруханада жатыр. Жаңаөзен, 2011 жылдың желтоқсаны.

Жаңаөзен оқиғасынан кейін соққы көрген Базарбай Кенжебаев ауруханада жатыр. Жаңаөзен, 2011 жылдың желтоқсаны.

2012 жылдың көктемінде Ақтауда өткен сотта Базарбай Кенжебаевтың қазасына байланысты куәлік еткен журналист Елена Костюченко: «Желтоқсанның 19-ы күні күндізгі сағат үште Базарбайдың үйіне бардым. Ол кісі қонақ бөлмеде төселген кілемде жатыр екен. Сыпайылық танытып орнынан тұрмақшы болып еді, шамасы келмеді» деп түсінік берген.

Базарбай Кенжебаев журналиске: «Мені автобусқа сүйреп апарды. Автобустың ішіне кірген бетте таяқтап, тепкілей бастады. Автобуста менен басқа 30 шақты ұсталған адам бар екен. Қалалық ішкі істер басқармасына жеткен кезде бізді бір топ ОМОН күтіп алып, тепкіледі. Тыр жалаңаш шешініп, киімімізді дәлізге тастауды бұйырды» деп әңгімелеп берген.

Тергеу абақтысында не болғанын Базарбай Кенжебаев былай сипаттаған: «Ішке кіріп едік, еденге етпетімізден жатуды бұйырды. 30 шақты ОМОН кіріп, басымыздан, арқамыздан, әйтеуір аяқ-қолы тиген тұстан ұрып-соға бастады, үстімізден таптап жүрді. Жастарға етпеттеп жатуды бұйырды да, беттерін мыжғылау үшін бастарын аяқтарымен таптады. Сосын біртіндеп тергеуге әкете бастады. Үшінші қабатта жүргізілген тергеуге кірер алдында іш киімімізді киюге рұқсат етті. Баспалдақтың екі жағында ОМОН тізіліп тұр екен, сол кезде ғана олардың тым көп екенін түсіндім. Екі қатар болып тізілген сарбаздар жанынан өткен адамдарды ұрып немесе борбайды көздеп теуіп қалып жатты».

Базарбай Кенжебаевты келесі күні – желтоқсанның 17-сінде абақтыдан босатқан. Ал желтоқсанның 21-і күні ол ауыр соққыдан алған жарақатынан қайтыс болған.

«Базарбай Кенжебаев тергеу абақтысында алған ауыр жарақаттан қайтыс болды» деген жұртқа белгілі жайтты билік әуелі терістеді. Бірақ кейін тергеу абақтысының бастығы Базарбай Кенжебаевқа тиісті медициналық көмек көрсету үшін әрекет етпеді деп қана мойындады. Ақыры полицияның жас офицері, лейтенант Жеңісбек Теміров бес жылға сотталды, бірақ ол 2014 жылдың көктемінде мерзімінен бұрын шартты жазамен босап шықты.

КЕНЖЕБАЕВТАР ОТБАСЫНЫҢ АУЫР ТАҒДЫРЫ

Кенжебаевтар отбасы үшін Жаңаөзен оқиғасының қасіреті полиция қырғынының 17 құрбанының біріне айналған отағасының қазасымен біткен жоқ. Бір жылдан кейін оның әйелі қайтыс болды. Базарбай Кенжебаевтың қазасынан бері үш жыл өткенде – 2014 жылдың 12 желтоқсанында Алматы қаласында оның екінші қызы Әсем Кенжебаева қайтыс болды.

Кісі өлімі туралы куәлікте 24 жастағы Әсем Кенжебаеваның өкпе дерті мен ми ісігінен қайтыс болғаны көрсетілген. Әсемді ертең, 16 желтоқсанда Қызылсай ауылына жерлемек.

Әсем Кенжебаева ұлы Әнуарды құшақтап отыр. Қызылсай ауылы, 14 ақпан 2012 жыл.

Әсем Кенжебаева ұлы Әнуарды құшақтап отыр. Қызылсай ауылы, 14 ақпан 2012 жыл.

Әсемнің соңында бірінші некеден туған бес жасар ұлы Әнуар қалды. Марқұмның қазір жерлеу рәсімі қамымен жүрген 27 жастағы күйеуі, Қызылсай ауылының жұмыссыз тұрғыны Амандық Төлеев Әсемнің баласының келешегін ойлайды. Амандық пен Әсемнің ортақ балалары жоқ.

– Әнуарды өзім тәрбиелеп, жеткіземін, – дейді Амандық Азаттық тілшісіне.

Олардың үйленуі әрі әсерлі, әрі қайғылы. Амандық теледидардан Әсемнің сұхбатын көріп, бірден ғашық болған. Әсем оның ұсынысын қабыл алып, екеуі 2014 жылдың қаңтарында үйленген. Амандық Алматыдағы ауруханада жатқан келіншегін күзетіп, соңғы демі үзілгенше жанында болған.

Базарбай Кенжебаевтың екі қызы мен екі ұлы қалды.

Ауылдың байырғы тұрғындары «Ескі Өзен» атайтын Қызылсай кенті Жаңаөзен қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан. Онда 2011 жылдың 16 желтоқсанындағы оқиға кезінде 16 адам қаза тапқан. Келесі күні Шетпе станциясында тағы бір адам оққа ұшты. Полицияның Жаңаөзендегі шерушілерге атқан оғынан 100-ден аса адам жараланған.

Биыл қараша айында Қазақстанның ресми өкілдері БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінде есеп берген кезде БҰҰ сарапшысы Фелис Гаер 50 жастағы Базарбай Кенжебаев 2011 жылы желтоқсанның 21-і күні азаптауға ұшырап, қайтыс болды деп мәлімдеген. Оған дейін БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Нави Пиллэй Қазақстан билігін Жаңаөзен оқиғасын тәуелсіз тексеру жүргізуге шақырған. 2011 жылдың 16-17 желтоқсанында Жаңаөзен қаласы мен Шетпе станциясында болған қанды оқиғаларға қатысты жүргізілген тергеу амалдары мен соттар «Жаппай тәртіпсіздіктер» деген атпен өткен.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG