Accessibility links

Көтерілісшілер Каддафидің жақтастарын ешқандай сотсыз қырып салған


Өтпелі үкімет күштері қолға түскен Қаддафидің жақтастарын тиеп әкетіп барады. Сирт, 20 қазан 2011 жыл.
Өтпелі үкімет күштері қолға түскен Қаддафидің жақтастарын тиеп әкетіп барады. Сирт, 20 қазан 2011 жыл.

53 адамның өлігі қаладағы қонақ үйлердің бірінен табылған. Қаза болғандардың қолдарын артқа қайыра байлап, ешқандай сотсыз айуандықпен атып тастаған. Халықаралық ұйымдар Ливияның жаңа билігінен осы сұмдық оқиғаны шұғыл тексеріп, жауапты адамдарды табуды талап етіп жатыр.


Қазанның 24-і «Хьюман Райтс Вотч» халықаралық ұйымының төтенше жағдайлар бойынша өкілі Питер Букерттің баяндауынша Сирт қаласындағы қонақ үйлердің бірінің ауласынан Каддафиге жақтас болған 53 адамның борсыған мүрделері табылған. Ұйым Ливияның қазіргі билігіне бұл қырғынды шұғыл түрде тексеріп, күдіктілерді дереу тергеуге алуы міндетті екенін ескертеді.

ҚАНДЫҚОЛ «ҚАТИБАЛАР»

«Хьюман Райтс Вотч» өкілдері 2011 жылғы қазанның 23-і Сирт қаласындағы «Махари» қонақ үйінің ауласында бірінің үстіне бірін үйіп тастаған, әбден иістеніп кеткен 53 кісінің өлігін тауып алдық деп хабарлайды. Ұйым өкілдері сұхбаттасқан адамдардың айтысына қарағанда мисраталық Каддафидың дұшпандары Сирт қаласын қазан айының басында қоршап алған. Қонақ үйдің кіре берісі мен қабырғаларына Мисрата қаласында жасақталған бірнеше қарулы топтың аттары жазылған.

Мүрделердің жатысына қарап, олардың бір апта бұрын шамасында атылғанын болжауға болады. Мәйіттердің қаны сол жерде ұйып қатып қалған және тиген оқтардың іздері де көрініп жатыр. Өліктердің маңайында шашылып жатқан АК-74 және FN-1 маркалы қаруларға қарап, оларды қонақ үйдің ауласында жазалаған деп топшылайды сарапшылар.
Ұлттық өтпелі кеңестің әскерлері. Сирт, 20 қазан 2011 жыл
Ұлттық өтпелі кеңестің әскерлері. Сирт, 20 қазан 2011 жыл

Ұйым өкілдері Сирт қаласына келіп кіргенде жергілікті адамдар мүрделерді арнайы қаптарға салып, жерлеуге дайындап жатқан. Жергілікті жұрт 21 қазанда атыс тоқтаған соң қалаға қайтып келгенде үйіліп жатқан өліктердің үстінен шыққан. Өліктердің бұзыла бастағанына қарағанда оларды бір уақытта атып өлтірген. Кейбіреулерінің қолдарын артқа қаратып байлап тастапты. Енді біреулерінің алдыңғы ұрыстарда алған ауыр жарақаттары дәкемен таңылған.

Өлгендердің әзірше төртеуін ғана тану мүмкін болып тұр. Олар - Каддафи үкіметінің шенеунігі болған Эзиддин әл-Хиншери, Муфтах Даброун есімді әскери офицер және Амар Махмуд Салих пен Муфтах әл-Делей атты Сирттің екі тұрғыны.

Мәйіттерді жайғастырып жатқандардың айтысына қарағанда өлгендердің барлығы Сирт қаласының тұрғындары. Кейбіреулері Каддафидың қолдаушылары. Каддафидің жақтастары соғыстың соңғы күндері паналаған бұл қаладан осы адамдардың көбісі шабуыл кезінде қашып шықпақшы болған. Құрбандардың кейбіреулері ұрыста жараланып, осындағы Ибн Сина ауруханасында емделіп жатқан жерінен босатылған деп хабарлайды ұйым мүшелері.

Елу үш адамды жаппай жазалудан бұрын «Махари» қонақ үйі негізінен Каддафиге қарсы соғысқан Мисрата жасағының қол астында болған. Зерттеушілердің айтысынша, анти-каддафилік күштер өзара қарулы топтарға бөлініп алған. Ливияның көптеген қаласында мұндай жасақтар толып жатыр. Бақайшығына шейін қаруланып алған ұсақ топтар ұрыс қимылдарын бір орталыққа бағынбай өз беттерінше жүргізіп жатыр.

Бір ғана Мисрата қаласының өзінде 100-ден аса осындай «қатиба» деп аталатын топ бар деген мәлімет келтіреді «Хьюман Райтс Вотч» өкілі.
Ұйым өкілдері негізінен осы ғимаратта болған Мисрата қаласының белгілі бес қарулы бригадасының есімдерін «Махари» қонақ үйінің қабырғаларынан оқып отыр. Қонақ үйдің ішкі, сыртқы қабырғаларына «әл-Нимер», «әл-Иснад», «әл-Фахад», «әл-Асад» және «әл-Қасба» тағы басқа қарулы топтардың аттарын жазып, шимайлап тастаған.

«ҚАЗІРДЕН ТЫЙМАСА – ҚАТЕРГЕ АЙНАЛАДЫ»

Ұйым өкілдері «танымал бес бригаданың жаппай жазалау қылмысына қатысы барлығын дәлелдейтін тікелей айғақ жоқ. Дегенмен ұрыс кезінде негізінен қонақ үйге осы топтардың орналасуына байланысты оларға қатысты тергеу, тексеру істерін ұзаққа созбай бастау керек» деп мәлімдеді.

«Айғақтарға қарағанда олардың кейбіреулерін тұтқын болып отырғанда атып тастаған. Бұл кезде Сирт қаласының осы бір бөлігін Каддафиге қарсы жасақ басып алып, өтпелі үкіметтің бақылауынсыз өз беттерінше әрекет етіп жатқан болатын» дейді ұйымның өкілі Букерт. Егер де уақытша үкімет өкілдері бұл қылмысты тексеріп, кінәлілерді тез арада таппаса, онда болашақта Каддафиге қарсы соғысушылар ешқандай да заңнан қорықпастан ойына не келсе, соны істей береді деп қорқынышын білдіреді.
Муаммар Каддафи табылған су құбырының қасындағы көрініс. Сирт, 20 қазан 2011 жыл.
Муаммар Каддафи табылған су құбырының қасындағы көрініс. Сирт, 20 қазан 2011 жыл.

Қаланың басқа бір бөлігінен адам құқығын бақылаушы ұйымның сарапшылары денелері әбден борсып кеткен тағы да он адамның мүрдесін су қоймасынан тауып алған. Өлгендердің кім екендерін анықтау сол күйі мүмкін болмады. Бұларды Каддафидың әскері өлтірді ме, әлде болмаса қарсы жақ қырып кетті ме, ол жағын да білу қиын. Бүлінген адам өліктеріне қарап, оларды қазан айының 12-іне дейін жер жастандырған деп топшылайды мамандар.

Ұйым қызметкерлеріне жергілікті дәрігерлер Каддафидің жақтастары қалада адамдарды жаппай қырды деп хабарлаған. Медициналық қызметкерлер мен Каддафиге қарсы сарбаздар қазанның 15-і мен 20-ының арасында қолдары байланып өліп жатқан кем дегенде 23 адамның денесін жинап алдық дейді.

«Махари» қонақ үйіндегі қанды қырғын 20 қазан күні Ливияның бұрынғы патшасы Муаммар Каддафи мен оның ұлы Муттасим Каддафи қолға түскеннен кейін барып белгілі болды.

СҰРАУЫЗ КЕТКЕН СОҒЫС ҚҰРБАНДАРЫ

Ал Муаммар Каддафи қолға түскен жерден ұйым сарапшылары негізінен сол күні қаза тапқан кем дегенде 95 адамның өлігін көрген. Олардың басым көпшілігі Каддафиді ұстау кезіндегі НАТО-ның шабуылы кезінде ажал құшқандар. Алайда шет жақтан табылған 6-10 адамның дене жарақатына қарағанда оларды әдейілеп атып тастағанға ұқсайды.
Ливияның уақытша үкіметі бұған дейін де көтерілісшілердің қамауына түсіп, жұмбақ жағдайда қаза тапқан жоғары лауазымды әскери шенеуніктердің өліміне қатысты дұрыстап тергеу жүргізбеген деп санайды «Хьюман Райтс Вотч». Мысалы, биылғы 28 шілдеде қасындағы екі серігімен қаза тапқан генерал Абдель Фаттах Юнустың өлімі соның айғағы.
Ливиядағы Каддафиге қарсы топтардың кісі өлтіру, мүлік тонау, тағы басқа қатігез қылмыстарына қарағанда бұлар өздерін заңнан да жоғары қоятын секілді көрінеді. Өтпелі үкімет осы топтарды ауыздықтауға міндетті.

Халықаралық Қылмыс Сотының (ХҚС) Римдік статуты бойынша соғыс кезінде қаруын тастап, өз еркімен берілген тұтқындарды қинап, қорлаудың кез-келген түрі, әсіресе, адам өліміне қатысты қатігездіктер әскери қылмыс болып саналады. 2011 жылғы ақпанның 15-і қабылданған мандат бойынша Ливия территориясында ХҚС қылмыстың барлық түрі бойынша іс қозғауға құқылы. Соттың қарауымен қылмыстық жауапгершілікке қандықол қылмыскерден бастап, лауазымды қызметкерге шейін тартылады. Бұған қоса адам баласын соғыста да қорлап, қинауға болмайтынын біле тұра оны тоқтатуға тырыспайтындар және осы заңдар туралы қол астындағы сарбаздарға ескертпейтін командирлер түгелдей дерлік қылмыстық жауапқа тартылады деп ескертеді «Хьюман Райтс Вотч».

«Ливиядағы Каддафиге қарсы топтардың кісі өлтіру, мүлік тонау, тағы басқа қатігез қылмыстарына қарағанда бұлар өздерін заңнан да жоғары қоятын секілді көрінеді. Өтпелі үкімет осы топтарды ауыздықтауға міндетті» деп тұжырымдайды «Хьюман Райтс Вотч» өкілі Питер Букерт.
XS
SM
MD
LG