Accessibility links

Nexta мен блогер. Беларусь наразылығының үні


Nexta каналының негізін қалаған беларусь журналисі, блогер Степан Путило. Варшава, 28 тамыз 2020 жыл.
Nexta каналының негізін қалаған беларусь журналисі, блогер Степан Путило. Варшава, 28 тамыз 2020 жыл.

Беларусьтегі наразылықтар кезінде елдегі негізгі тәуелсіз ақпарат құралдары бұғатталып, жұрттың көбі болып жатқан жағдай жайлы хабар-ошарды Nexta атты Telegram-каналынан алды. Оның негізін қалаған Степан Путило каналдың "революция үнін" таратушы құралға айналғанын айтады.

"НАРАЗЫЛЫҚТЫ ҮЙЛЕСТІРУШІ"

Күллі әлемнің назарына ілінген Беларусьтегі биылғы наразылыққа дем беруші ретінде Telegram мессенджеріндегі Nexta (беларус тілінде нехта – бәзбіреу) каналы жиі аталады. Оның негізін қалаған 22 жастағы Степан Путилоға Беларусь пен Ресей іздеу жариялаған. Минск блогерді "жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушы" деп айыптайды.

9, 4 млн халқы бар Беларусьті 26 жыл бойы үздіксіз басқарып отырған 66 жастағы Александр Лукашенко осымен алтыншы рет президент сайлауына түсті. Билік 9 тамызда өткен сайлауда халықтың 80 пайызының қолдауына ие болған Лукашенко жеңіске жетті деп жариялаған. Ал оның негізгі бәсекелесі Светлана Тихановская 10 пайыздан сәл астам дауыс алды деп хабарланды. Бірақ сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген халық бір айдан бері Лукашенконың биліктен кетуін талап етіп, жаппай наразылық танытып жатыр.

Ел астанасы мен өзге де қалаларда жұрт күнде наразылық акциясына шығып жүр. Билік негізгі тәуелсіз ақпарат ресурстарын бұғаттап тастайтын елдегі наразылықтар жайлы балама хабар-ошар жұртқа Nexta каналы арқылы жетіп отыр. Nexta белгісі басылған фотолар мен видеоларды қарапайым қолданушы да, әлемге танымал жаңалық агенттіктері де көшіріп, таратты.

Беларусьтегі биылғы сайлаудағы заңсыздықтар, сайлаудың ресми қорытындысына наразылық білдіріп бейбіт шеруге шыққандарды полицияның аяусыз ұрып-соққаны, кемінде бір демонстрантты көптің көзінше атып өлтіргені, абақтыға қамалған азаматтарды асқан қатыгездікпен азаптағаны туралы қолданушылар жолдаған фотосуреттер мен қысқа видеороликтер, үкімет бақылауындағы БАҚ-та шықпайтын балама жаңалықтар, билікті мысқылдаған пікірлер, көшеге бейбіт наразылыққа шығушыларға кеңестер мен нұсқаулар – осының бәрі Nexta Live каналында тәулік бойы үздіксіз жарияланып келеді.

Степан Путило Telegram-да Nexta каналын осыдан екі жыл бұрын ашқан. Қазір мессенджерде орыс тілінде хабар тарататын, Nexta атауымен тіркелген бірнеше канал бар, ішіндегі ең танымалы – Nexta Live Беларусьтегі наразылықтың үйлестірушісі міндетін атқарып отыр. Шифрлеу технологиясының арқасында Telegram балама ақпарат тарататын сайттарды бұғаттау дағдылы жағдай саналатын Ресей, Иран, Қазақстан мен өзге де елдердегі қолданушылар арасында танымал мессенджерге айналған. Путилоның сөзінше, каналға жазылушы саны биылғы тамыздың басынан бері бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен көбейген. Қазір Nexta Live каналына 2,1 млн қолданушы жазылған. Олардың 70 пайызы Telegram-каналға Беларусьтен кіреді дейді Путило.

Елде кейінгі бір айда Лукашенконың билігіне қарсы жалғасып жатқан акциялар, әр жексенбіде ел астанасы Минск пен өзге де қалаларда жиынтығы екі жүз мыңға дейін адам жиналып, "Лукашенко, кет!" деген ұранмен жаппай наразылық шеруі өткені жайлы сол жерден түскен материалдарды Nexta қолма қол көпшілікке таратып отыр. Кейде күлкілі жайттар да кездеседі. Мысалы, Беларусь билігі жексенбі, 6 қыркүйекте Минскідегі наразылық шеруіне 30 мың адам қатысты деп хабарлады. Nexta Live каналы шын мәнінде бұдан бірнеше есе көп адам шыққанына дәйек ретінде видеолар мен әуеден түсірілген суреттерді жариялап, биліктің дерегін келемежге айналдырды.

Александр Лукашенко мен оның үкіметі халық наразылығына "Беларусьтегі тұрақтылықты шайқалтып, екінші Украина жасағысы келеді" деп батыс елдерін айыптайды.

1994 жылы билікке келген Лукашенко содан бері бірнеше сайлау және референдум ұйымдастыру арқылы билік тізгінін уысынан шығармай отыр. Халықаралық бақылаушылар ол сайлаулардың ешбірі демократия талаптарына сай емес деп мәлімдеген.

"РЕВОЛЮЦИОНЕРГЕ АЗДАП ҰҚСАЙМЫЗ"

– Беларусь революциясы басталмай тұрған кезде де біз дәстүрлі емес БАҚ едік. Интернетте орталық парақшамыз жоқ, біз – негізінен жастарға арналған қазіргі заманғы ақпараттық каналмыз, – деді Степан Путило Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында.

Nexta telegram-каналының негізін қалаушы Степан Путило.
Nexta telegram-каналының негізін қалаушы Степан Путило.

Оның сөзінше, Беларусьтегі биыл жаздағы оқиғалар оларды өзгерткен.

– Қазіргі уақытта біз шамалы өзгеріп, аздап революционерге ұқсайтын болдық, себебі жұрттың қалауы сол. Бізден не істеу қажет екені жазылған жоспарды жариялауды сұрайды, өйткені Беларусьте айқын лидер жоқтың қасы, оның үстіне біздегідей аудитория ешкімде жоқ. Егер ондайлар болса, [биліктің] бірден ұстайтыны даусыз. Қазір біз ақпарат жеткізумен бірге, белгілі бір дәрежеде жұртты үйлестірумен де айналысып отырмыз, – дейді Степан Путило.

Дүйсенбі, 7 қыркүйек күні Nexta Live каналы Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Боррельдің "Минск пен өзге қалаларда кезекті рет өткен жаппай демонстрациялар беларус халқының өз бостандығы, құқықтары мен демократияға қол жеткізу жолындағы табандылығын паш етті. Және де мұның бәрі биліктің тұтқындап, қорқытып-үркітуі мен зомбылығына қарамастан болып жатыр. Инклюзивті ұлттық диалог қажет" деп жазғанын хабарлады. Бұған қоса сол күні Беларусь оппозициясы қайраткерлерінің бірі Мария Колесникованы белгісіз біреулердің тападай тал түсте Минскіде көлікке күштеп салып, белгісіз жаққа алып кеткені жайлы ақпарат таратқан.

Президент сайлауының ресми қорытындысына наразылық білдіріп шыққан әйелдер мен оларға қарсы тұрған полицияның арнайы жасағы. Минск, 8 қыркүйек 2020 жыл.
Президент сайлауының ресми қорытындысына наразылық білдіріп шыққан әйелдер мен оларға қарсы тұрған полицияның арнайы жасағы. Минск, 8 қыркүйек 2020 жыл.

Путилоның сөзінше, Варшавадағы кеңседен хабар тарататын Nexta Live каналы қазір Беларусьтегі наразылық шерулерін үйлестіруші рөлін атқарып отыр. Редакциясында алты адам жұмыс істейді.

– Біз наразылыққа шығуға ешкімді мәжбүрлемейміз. Ондайды жұртты бұйрықпен қызыл-жасыл түсті тудың (Беларусь мемлекеттік туы – ред.) астында Лукашенконы қолдайтын митингіге қуалап шығарып жатқан билік істеп отыр. Бұл адамдардың көңіліне жақпайтыны көрініп тұр. Біз жұртқа өз құқығыңды қорғау үшін шыға аласың деп қана айтамыз. Беларустар өздері шығады, – дейді Путило.

Александр Лукашенконың биліктен кетуін талап етіп шеруге шыққан адамдар. Минск, 8 қыркүйек 2020 жыл.
Александр Лукашенконың биліктен кетуін талап етіп шеруге шыққан адамдар. Минск, 8 қыркүйек 2020 жыл.

ЛУКАШЕНКО ЖАЙЛЫ ФИЛЬМ, ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС, ҰЛТТЫҚ СЫЙЛЫҚ

Степан Путило 17 жасында YouTube платформасынан Nexta каналын ашқан. Әу баста музыка тақырыбына арналған канал кейін Беларусьтегі саяси жағдайды жиі қозғайтын болды. Беларусь билігі 2018 жылы YouTube-те жариялаған ролигіне бола жас жігіттің үстінен "президенттің ар-намысына тию" бабымен қылмыстық іс қозғамақшы болған. Сол жылы Польшаға кетіп қалған Путило қазір Варшавада тұрады.

2019 жылы қазанда YouTube-тегі Nexta каналында "Лукашенко. Қылмыстық материалдар" деген деректі фильм жарияланды. "25 жыл, ширек ғасыр, осы кезеңде Беларусьта Лукашенкодан басқа басшыны, нағыз бостандықтың не екенін білмейтін тұтас буын өсіп жетілді" деп басталатын фильм 3 миллион рет қаралды. Көбі фильмді үкімет бұқаралық ақпарат құралдарын қатаң бақылауда ұстайтын Беларусьтен кіріп, көрген. Өткен жылдың соңында Беларусь ақпарат министрлігі фильмді экстремистік материалдар тізіміне енгізген. YouTube-тегі Nexta каналына жарты миллион қолданушы жазылған.

2019 жылы наурызда Степан Путило адам құқығын қорғау ісіне қосқан үлесі үшін Виктор Ивашкевич атындағы ұлттық сыйлықпен марапатталған. Хартия’97 қозғалысы тағайындаған бұл сыйлық 1998 жылдан бері Беларусьте адам құқығын қорғау жолында күрескендерге жыл сайын беріліп келеді.

Парламент депутаттығына кандидаттармен кездесу өтетін ғимарат маңына қойылған Степан Путилоның суреті. Минск, 2019 жылдың қараша айы.
Парламент депутаттығына кандидаттармен кездесу өтетін ғимарат маңына қойылған Степан Путилоның суреті. Минск, 2019 жылдың қараша айы.

Беларусь билігінің авторлық құқық туралы шағымынан кейін YouTube әкімшілігі каналды жауып тастады. Жас жігіт сол кезде Telegram-ға ауысуды ұйғарғанын айтады.

– Бізге ондаған рет қоқан-лоқы жасады, тіпті кеңсені жарып жібереміз деп қорқытты. Біз ол туралы полицияны, тиісті органдарды хабардар етеміз, сондықтан өзімізді қауіпсіз сезінеміз, – дейді ол.

Путилоның сөзінше, ата-анасы мен інісі де Беларусьтен кетуге мәжбүр болған.

2019 жылы Nexta Telegram-каналы құпия құжаттарды жариялай бастаған. Путило әлгі құжаттар редакцияға Беларусьтен түскенін айтады. Әсіресе билік орындары "өз-өзіне қол салған" деп хабарлаған 22 жастағы милиция қызметкерінің кісі қолынан қаза тапқанын айғақтайтын құжаттар жариялағаннан кейін Telegram-каналға тіркелген қолданушы саны бір түнде екі есе көбейіп, 80 мыңға дейін жеткен.

"ӨЗГЕ ЕЛДЕРГЕ ТАМАША ҮЛГІ"

– Жұрттың үнемі көңілі толмайтын, әсіресе кейінгі жылдары шынымен ығыр болды. Ал сайлауалды науқан кезінде президенттікке тәуелсіз кандидаттарға қолдау білдіріп, қол қою үшін ұзын-сонар кезекте тұрған шақта, басқа да шараларда беларустар оған бүкіл ел қарсы екенін түсінді, – дейді Путило Лукашенко туралы.

Лукашенко қарсыластарын қалай балағаттайды?

Беларусь президенті Лукашенко қарсыластарын қалай балағаттайды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:34 0:00

Саяси оппоненттері Александр Лукашенко сайлауда берілген дауысты бұрмалап, өзін заңсыз президент етіп жариялап алды деп санайды. Билік болса сайлау әділ өтті деуден танар емес. Беларусьте президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспейтіндердің аз емесі бір айдан бері толастамай келе жатқан наразылықтан байқалып отыр. Путило "халықтың біріге алатынын көрсетіп, енді өз жерінде өзі қожайын екенін сезінгенін" айтады.

– Әйткенмен "жазалаушылар" да бар – біз Лукашенко режимі арқа сүйейтін милиционерлер мен күш құрылымдарын осылай атаймыз. Бірақ енді оны [Лукашенконы] шенеуніктердің ешқайсы қолдамайды, өйткені олар тек өзін ғана қолдайды, – дейді ол.

Президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспей, Александр Лукашенконың биліктен кетуін талап етіп шеруге шыққан адамдар. Минск, 16 тамыз 2020 жыл.
Президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспей, Александр Лукашенконың биліктен кетуін талап етіп шеруге шыққан адамдар. Минск, 16 тамыз 2020 жыл.

Путило Беларусь халқы бір кездері өз арасынан шыққан Александр Лукашенкоға сенім артқанын, бірақ оның 26 жылға жалғасқан билігі елді қатты күйзелткенін айтады. Ал сайлаудың ресми қорытындысы мен полицияның мыңдаған адамды қатаң күш қолданып ұстап, кейбірін қатыгездікпен азаптауы – төзімді тауысқан ең соңғы әрекетке айналды.

– Беларустар күллі әлемге тамаша үлгі көрсетті. Наразылық акциясы кезінде адамдар тіпті көшедегі орындықтың үстіне шығарда аяқ киімін шешіп қойды, бір біріне су, тамақ әкеліп, гүл сыйлады. Бұл халықтың ұйымдасу деңгейі өте жоғары екенін дәлелдейді, – дейді Степан Путило.

Ол Лукашенконың жұртты "өздеріңді жеткізіп, адам қылған мемлекетке рақметің жоқ" деп сөккенін еске алды.

– Алайда дәл осы адамдар мектепте бала оқытып, жұмыс орындарын ашып отыр, ал мемлекетті билеп-төстеген Лукашенко оларды құрметтемейді, өзін бәрінен жоғары санайды. Ол қылмыстық бұйрықтарымен елді осындай күйге жеткізді. Осының бәрі өзгерістің пісіп-жетілгенін, халықтың өзгеріске мұқтаж екенін көрсетті, – дейді Степан Путило.

Азат Еуропа / Азаттық радиосының аға тілшісі Майк Экель, Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Дарья Юрьеваның материалдары бойынша жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG