Accessibility links

Гуантанамо тұтқыны Семейдегі тірлігіне шағынады


Гуантанамо түрмесіндегі күзет мұнарасы. 9 қазан 2007 жыл. (Көрнекі сурет.)

Гуантанамо түрмесіндегі күзет мұнарасы. 9 қазан 2007 жыл. (Көрнекі сурет.)

Батыс басылымдары Қазақстанға қоныстануға жіберілген, бірақ жат ортаға әлі бейімделе алмай жүрген Гуантанамо түрмесінің бұрынғы тұтқынының Семейдегі өмірін сипаттаған.

ЖАТ ЕЛДЕГІ ЖАЛҒЫЗ

Ұлыбританияның Guardian газеті халықаралық келісім бойынша Қазақстанға реабилитациядан өтуге жіберілген Американың әскери түрмесі – Гуантанамоның бұрынғы тұтқыны Лутфи Бин Әлидің тағдырын сипаттаған. Тунисте туған Лутфи Бин Әли 2001 жылдың аяғында Ауғанстандағы «Әл-Қаида» террорлық ұйымының содырларымен байланыста болған және жихадшылардың Тунистегі бөлімшесінің мүшесі болған деген айыппен Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында ұсталғаннан кейін Гуантаномо түрмесінде 13 жыл қамауда отырған. Лутфи Бин Әли өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, Пәкістан мен Ауғанстанға қалыңдық іздеп әрі 10 жылдан аса тұрған Италиядағы «сот орындарымен ұсақ-түйек проблемалары» реттелгенше күте тұру үшін барғанын айтады.

АҚШ президенті Барак Обама әкімшілігі Гуантанамо түрмесін жабуға уәде еткеннен кейін тұтқындардың көбін туған еліне немесе өзге мемлекеттерге жіберуге тырысып жатыр. 2014 жылдың аяғында АҚШ пен Қазақстан арасындағы келісімге сәйкес және халықаралық Қызыл Крест комитетінің бағдарламасы бойынша Лутфи Бин Әли мен тағы төрт тұтқынды Қазақстанға жеткізген. Йемен азаматы екеуін Семей қаласына, ал тағы бір тунистік азамат пен екі йемендікті Қызылордаға жіберген. Төрт айдан кейін Қызылордадағы йемендіктердің бірі ауырып, қайтыс болған.

Семей қаласындағы үйлердің бірінің ауласы. 11 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)

Семей қаласындағы үйлердің бірінің ауласы. 11 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)

«Кейде [Лутфи Бин Әлиге] қазіргі көрген күні қаталдығымен танылған түрмеде өткізген 13 жылдан да сорақы емес пе деген ой келеді. Қазақтың түз даласында жападан-жалғыз оқшауланып қалған 51 жастағы тунистік Гуантанамодан босағаннан кейінгі өмірі түрмедегі өмірінен титтей де жақсарған жоқ деп санайды» деп жазады Guardian.

Жүрек дертіне шалдыққан Лутфи Бин Әли Қазақстанда жүрегіне бірден операция жасайды деп үміттенген, бірақ оның айтуынша, операцияны биылғы жылдың басында ғана жасаған. Ол Қазақстанға келгелі аздап орысша үйренген, бірақ жергілікті тұрғындар онымен сөйлесуге қорқады. Құжат атаулыдан оның қолында босқын мәртебесін сұраған тұлғаға берілетін куәлік ғана бар, сондықтан ол қаладан шыға алмайды.

«Лутфи Бин Әли кейде [Гуантанамо тұтқынының] қызғылт сары түсті бірыңғай формасын киіп, аузын жабысқақ лентамен желімдеп, өзге бір жаққа ауыстырғанға дейін бас алаңға шығып аштық жариялағысы» келетінін айтады. Бірақ бұл әрекеті үшін Қазақстан түрмесіне түсуі мүмкін әрі «мұны біреу-міреу елей қоюы екіталай» деген оймен мұндай амалға бармайды.

«Қазақстандықтардың оған не себепті секемденіп қарайтынын түсінуге болады. Өткен аптада шыққан есеп 2009 жылдан бері түрмеден босағандардың тоғызы әскерилендірілген құрамалар қатарына өткенін көрсетті, ал ешқандай сот процесінің болмауы ресми тұлғалардың нағыз террористерді жаңсақ ұсталған адамдардан ажыратуын қиындатады» деп жазады Guardian.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ТИІМДІЛІГІ РЕЙТИНГІ

Американың Bloomberg жаңалықтар сайты «Денсаулық сақтау саласының тиімділігі рейтингі» (Bloomberg Health-Care Efficiency Index) зерттеуі нәтижелерін жариялаған. 2014 жылғы деректер бойынша жүргізілген зерттеуде 55 елдегі өмір сүру жасының орташа ұзақтығы, денсаулық сақтау саласына жан басына шаққанда жұмсалатын шығындар мен оның ЖІӨ-де алатын пайызы сияқты критерийлер бойынша бағаланған.

Ақтөбе облыстық ауруxанасы ғимараты. 16 маусым 2016 жыл.

Ақтөбе облыстық ауруxанасы ғимараты. 16 маусым 2016 жыл.

Жалпы тиімділік рейтингі 39,1 деп бағаланған Қазақстан 50-орынға сырғыған АҚШ-тан озып рейтингте 45-орында тұр. Bloomberg дерегінше, Қазақстандағы орташа өмір жасы 71,62 жылды, халықтың жан басына шаққанда денсаулық саласына жұмсалатын шығын 539 долларды, бұл ЖІӨ (жалпы ішкі өнімнің) 4,36 пайызын құрайды. Бұл – зерттелген 55 елдің ішіндегі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Ал АҚШ-та халықтың жан басына шаққанда 9 403 доллар жұмсалған, бұл - ЖІӨ-нің 17,14 пайызын құрайды. Рейтингте алдыңғы орындарда Гонконг, Сингапур, Испания, Оңтүстік Корея және Жапония тәрізді елдер орналасқан. Постсоветтік елдерден тізімге Беларусь (48-орын), Әзербайжан (53-орын) және Ресей (55-орын) енген.

ҮНДІСТАННЫҢ БҰРЫНҒЫ ЕЛШІСІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЖАЙЛЫ

Үндістанның Asian Age газеті осы елдің Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Сканд Тайялдың комментарийін жариялаған. Ол Орталық Азияның бес республикасының дамуы жайлы қысқаша тарихи очерк түрінде жазылған «Орталық Азияны тұрақты әрі зайырлы аймақ ретінде сақтап қалу» деген мақаласында бұл елдерді «халқының толық сауаттылығы, гендерлік теңдік пен діни мекемелерге ресми бақылау орнатқаны» үшін мақтайды. Бұл елдердің тәуелсіздік алуын «ғаламдық исламдандыру идеясын уағыздайтын күштер Орталық Азия елдеріне исламға жат уаххабизм сияқты ағымдарды енгізу мүмкіндігі ретінде қарады». Бірақ бұл елдердің басшылары «саяси ислам олардың зайырлы мемлекеттері үшін қатер екенін тез сезіп, өздерінің діни мекемелеріне шетелдік ықпалдың жолын кесті» деп жазады Сканд Тайял.

«Бұл елдерге жақсылық тілейтін прогресшіл мемлекеттер сәл аялдап, қазіргі және ықтимал саяси күштерге дұрыстап қарап, ОА-дағы қазіргі тұрақты, мықты әрі зайырлы режимдермен жұмыс істеуі, олардың либералдық саясатқа қарай жылжуына түрткі болуы, Батыс Азиядағы қазіргі бейберекеттік сияқты жағдайдан қорғауы тиіс» деп мәлімдейді Сканд Тайял.

Asian Age газеті бұл мақала кезінде Өзбекстанда дипломатиялық қызметт болған, қазір отставкадағы елшінің авторлық комментариі екенін көрсеткен.

XS
SM
MD
LG