Accessibility links

"Әкесіне ұлын қарсы қойған" соғыстың құрбаны


Ауғанстан үкіметін қолдайтын аймақтық қолбасшы Баз Мухаммад. 27 тамы 2019 жыл.
Ауғанстан үкіметін қолдайтын аймақтық қолбасшы Баз Мухаммад. 27 тамы 2019 жыл.

Ауғанстанда үкіметті қолдайтын аймақтық қолбасшы Баз Мухаммадты өлтірген Талибан жасағында оның ұлы болған. Өлерінен бірнеше сағат бұрын Азаттыққа сұхбат берген қолбасшы "әкесіне ұлын қарсы қоятын" соғысты тоқтатуға шақырған еді.

Ауғанстанда үкіметті жақтап жүрген аймақтық командир Баз Мухаммад Талибан жасағымен қақтығыс кезінде қаза тапты. Содырлар тобының арасында оның ұлы болған.

Қарулы шайқас кезінде ағайынды екі жігіт бір-біріне қарсы тарапта соғысқан болып шықты. Үкіметті жақтайтын жасақтың сарбазы оққа ұшып, оның Талибанға ерген туысы жараланса да, сытылып кеткен.

Елдің солтүстігіндегі Джаузджан уәлаятында өткен түні болған қарулы қақтығыс бірнеше сағатқа созылған. Содан сәл бұрын Баз Мухаммад Азаттыққа "әкесіне баласын қарсы қоятын" соғысты доғару керектігін айтқан. Ұрыс кезінде оның өзі де мерт болды.

Кандагардағы полиция ғимаратына Талибан содырлары шабуыл жасаған сәт. Ауғанстан, 18 шілде 2019 жыл.
Кандагардағы полиция ғимаратына Талибан содырлары шабуыл жасаған сәт. Ауғанстан, 18 шілде 2019 жыл.

60 жастағы Баз Мухаммад үкіметшіл 18-жасақтың командирі еді. Оның сарбаздары Файзабад ауданындағы Кокалташ ауылының маңындағы тексеру бекетін бақылайтын. Тамыздың 26-сы кешкісін бұл бекетке 100-ге жуық Талибан содыры шабуыл жасаған.

Баз Мухаммад сағат 20.00 кезінде басталған қиян-кескі атыс кезінде Талибан гранатометінен опат болған. Онымен бірге он сарбазы оққа ұшқан. Жеті сарбазы жараланған. Бұл туралы Азаттықтың Ауған қызметіне аудан басшысы Алифшах хабарлады.

Алифшахтың сөзінше, үкіметшіл жасаққа болысу үшін келіп жеткен Ауғанстанның қауіпсіздік күштері төрт сағаттан соң Талибанды түре қуып тастаған.

Аудан басшысы Азаттыққа Баз Мухаммадтың 28 жастағы ұлы Фрайдон Пахлаван шабуыл жасаған Талибан содырларының сапында жүргенін айтты. Әкесін нақ сол ұлы атып өлтірді ме, әлде ол басқа бір содырдың қолынан мерт болды ма, ол жағы белгісіз.

ФРАЙДОННЫҢ ЖАЙЫ

Ұрыс басталардан тоғыз сағат бұрын Баз Мухаммад Азаттыққа:

- Бұл соғыста кімді кім өлтіріп жатыр? Ағасы інісін, әкесі ұлын, ұлы әкесін өлтірген жайтқа куә болдық. Мұның соңы отбасының қайғы-қасіретіне айналады, - деген.

Баз Мухаммадтың шайқасы 10-ғасырда парсы ақыны Фирдоуси жазған әйгілі "Шахнама" дастаны жырлайтын Рүстем мен Сохрабтың хикаясындағы трагедияға ұқсас жағдайда тәмам болды.

Ағасы інісін, әкесі ұлын, ұлы әкесін өлтірген жайтқа куә болдық. Мұның соңы отбасының қайғы-қасіретіне айналады.

"Шахнаманың" бас кейіпкері Рүстем басқа патшалықта тұратын Сохраб есімді ұлы бар екенін білмеген болып шығады. Кейін әкесі мен ұлы жекпе-жекке шыққан кезде Рүстем Сохрабты өлімші етіп жаралаған соң ғана "жанына ең жақын адамды" өлтіргенін түсінеді.

Рүстем мен Сохрабқа бір ұқсамайтын тұсы – әкелі-балалы Баз Мухаммад пен Фрайдон ауған соғысындағы бір-біріне қас дұшпан қарсы бетте екендерін білген. Әкесі 10 жылдан бері үкіметті қолдап келеді. Ұлы 2019 жылдың басында Талибанға еріп кеткен.

Ораза айт мейрамына байланысты уақытша бітім кезінде Талибан жасағы жергілікті тұрғындармен бірге тұр. Жалалабад, Ауғанстан, маусым, 2018 жыл. Көрнекі сурет.
Ораза айт мейрамына байланысты уақытша бітім кезінде Талибан жасағы жергілікті тұрғындармен бірге тұр. Жалалабад, Ауғанстан, маусым, 2018 жыл. Көрнекі сурет.

Баз Мухаммад Азаттыққа ұлын содырлар тобынан шығаруға бірнеше мәрте көндіруге тырысқанын айтқан. Бірақ Фрайдон "дін үшін соғысатынын" айтып, дес бермеген.

Баз Мухаммадтың сұхбатын жариялардан бұрын Азаттық отбасы берген Фрайдонның мобильді телефонына қоңырау шалып көрді. Жас жігіт жауап бермеді.

АЗА ТҰТҚАН ОТБАСЫ

- Баз Мухаммадтың әйелі мен басқа балалары мына болған жағдайдан есеңгіреп қалды. Қандай қайғы шеккенін сипаттаудың өзі қиын, - деді қаза болған командирдің Сансиз ауылында ұзақ уақыт досы әрі көршісі болған аудан басшысы Алифшах.

Оның баяндауынша, Фрайдон әкесі өлгелі бері үй-ішімен хабарласпаған, бірақ жергілікті билік ол аман-сау күйі Талибан сапында соғысып жүр деп санайды.

Фрайдон – Баз Мухаммадтың 11 баласының ішінде екіншісі. Талибанға қосылар алдында ата-анасы оны атастырып, үйлендірмек болған.

Алифшах Фрайдонның "Талибан таратқан үгіт-насихат құрбанына айналғанын", бірақ кедейлік пен жұмыссыздықтың да түрткі болуы мүмкін екенін айтады.

Ауғанстанның Джаузджан уәлаятында баласымен бірге көшеде қайыр тілеп отырған әйел. Көрнекі сурет.
Ауғанстанның Джаузджан уәлаятында баласымен бірге көшеде қайыр тілеп отырған әйел. Көрнекі сурет.

Басқа да қарапайым ауғандар сияқты Баз Мухаммадтың отбасы да тұрмыс тауқыметін тартып келген. Отағасының өлімі бұл шаңырақтың аянышты халін тіпті қиындатпақ. Марқұмның кенже ұлы енді төртке толған.

Тамыздың 28-і күні қамқоршыларынан айырылып аңырап қалған 11 үкіметшіл сарбаздың отбасына бір реттік "гуманитарлық көмек" (күріш, көкөніс майы мен басқа да азық-түлік) берілді.

Кокалташта бір-бірімен соғысқан туыстық қатысы барлар Баз Мухаммад пен Фрайдон ғана емес. Опат болған үкіметшіл сарбаздың бірі Хекматулла Талибанға қосылған, соңғы ұрыс кезінде жараланып, қашып кеткен ағасы Аллах Мухаммадқа қарсы шайқасқан.

Ауған билігі осылайша майданның екі бетінде жүрген туыс адамдар көп екенін айтады.

"ТЫНЫШТЫҚ ТЕЗ ОРНАМАЙДЫ"

Тамыздың 26-сында Азаттыққа сұхбат бергенде Баз Мухаммад бейбіт келіссөз "елді талқандаудың орнына қайта түлетуге" себеп болады деген үмітін жеткізген.

Әр соғыс, әр қақтығыс бейбіт жағдайда бітуі тиіс. Бейбітшіліктен басқа жол, басқа шешім жоқ.

1980 жылдары Ауғанстанның коммунист үкіметінің жағында моджахедтермен соғысқан Баз Мухаммад бітім қылу қиын болғанмен мүмкін нәрсе екенін айтқан.

Соңғы сұхбатында ол қаруын тастап, Ауғанстанды қалпына келтіруге қайта кірісуге "асық екенін" білдірген.

- Тыныштық тез орнамайды. Әр соғыс, әр қақтығыс бейбіт жағдайда бітуі тиіс. Бейбітшіліктен басқа жол, басқа шешім жоқ, - деген ол.

Мақаланы жазуға Азаттықтың Ауған қызметі қатысты.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG