Accessibility links

Путиннің Қазақстан азаматтарына Ресей паспортын оңай беруінің астарында не бар?


 Путинге "ет" керек пе? Ресей азаматтығын беруді жеңілдетудің астары
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:20 0:00

Путинге "ет" керек пе? Ресей азаматтығын беруді жеңілдетудің астары

18 желтоқсан күні Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан, Беларусь және Молдова азаматтарына Ресей паспортын алуды жеңілдететін жарлыққа қол қойды. Енді Ресей азаматтығын алғысы келген қазақстандық кейінгі бес жылда Ресейде тұрғанын, елдің тарихы мен заңдарын білетінін дәлелдеуге міндетті емес. Тек орыс тілі сынағынан өтсе жеткілікті. Саясаттанушы, сарапшылар мұның астарынан түрлі себеп көреді. Орталық Азия елдерінің ішінен неге тек Қазақстан таңдалды?

"СОҒЫСҚА ЖІБЕРЕТІН АДАМ"

Бұл жаңалықты естіген желі қолданушысының көбі "Ресейге соғысқа жіберетін адам қажет болып жатыр" деп түсінген. "Майданда жағдай қиындағанға ұқсайды. Сол үшін көп "қасап ет" қажет шығар" деп жазды Facebook қолданушысы Владимир. Тағы біреу "Окопқа жіберу қажет болса, онда емтихансыз да қабылдайды" деген.

Бірақ Ресей соғысқа адам тарту үшін шетелдіктерге азаматтық беруді оңайлату процесін биыл көктемде бастаған. Путин 15 мамырда Ресей қарулы күштерінде соғыс кезінде кемі бір жыл әскери қызметте болған шетелдіктер мен оның отбасы мүшелеріне Ресей азаматтығын беру тәртібін оңайлататын жарлыққа қол қойған. Одан бір ай бұрын, сәуірде Ресейдің азаматтық туралы заңына өзгеріс енгізілді. Ол бойынша, Ресей азаматтығын алған, бірақ әскери қызметтен бас тартқан адам қызыл паспорттан айырылады.

Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысқа байланысты "ішінара мобилизация" жариялағаннан кейін Қазақстанға қашып келген ресейліктер халыққа қызмет көрсету орталығында кезекте тұр. 27 қыркүйек, 2022 жыл
Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысқа байланысты "ішінара мобилизация" жариялағаннан кейін Қазақстанға қашып келген ресейліктер халыққа қызмет көрсету орталығында кезекте тұр. 27 қыркүйек, 2022 жыл

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро өкілі, журналист Сергей Дувановтың ойынша, бұл жеңілдік ең әуелі Путинді жақсы көретін, оның режимін қолдайтын, Ресей үшін соғысқа баруға дайын қазақстандықтар үшін жасалған.

– Соғыста өлгісі келмейтін, Кремльдің саясатына келіспейтін көп ресейлік шетелге кетіп жатыр. Кәсіпкерлер, ІТ мамандары сияқты көзі ашық азаматтардың көші ауқымды әрі тоқтар емес. Ресей билігі мұны түсінеді. Сондықтан қазір сепарация жүріп жатыр. Яғни, Ресей соғысқа барғысы келетіндер бар екенін, бірақ олар басқа елдің азаматтары екенін түсінеді. Осылай Ресейден кеткендердің орнын толтырғысы келеді. Келдің, азаматтық алдың, соғысқа аттандың. "Жақсы" схема, – деді Дуванов Азаттыққа.

Қазақстан азаматтары басқа елдегі қарулы қақтығысқа қатысса қылмыстық жауапқа тартылады. Биыл қарашаның аяғында Қарағанды облысының 34 жастағы тұрғыны Алексей Шомполов Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін алты жыл сегіз айға сотталған.

Ресей Украинамен соғыста әскер тапшы бола бастаған шақта – 2022 жылы күзде "ішінара" мобилизация жарияланған. Осыдан кейін жүздеген мың адам соғыстан қашып, шет мемлекеттерді паналады. Ресми дерек бойынша, мобилизация жариялаған тұста Қазақстанға 837 мың ресейлік кіріп, оның 780 мыңы көп өтпей елден шығып кеткен. Бұл туралы былтыр желтоқсанда Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеген.

"ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЭКСПАНСИЯ" ЖӘНЕ "ХАЛЫҚ САНЫН ТОЛТЫРУ"

Forbes, The Bell басылымдарының дерегінше мобилизациядан кейін 600 мыңнан 1 миллионға жуық адам Ресейден көшіп кеткен. Бірақ Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл сандарды жоққа шығарып, "шындыққа жанаспайды" деген.

Ресейлік эмигранттардың портретін жасаған OutRush зерттеу жобасы оларды "көбі ірі қалаларда тұрған, білімді, ресурсы көп, жағдайы орташадан жоғары жастар" деп сипаттаған.

Молдова азаматының паспорты
Молдова азаматының паспорты

Саясаттанушы Досым Сәтпаев та "Кремль елден көшіп кеткендердің орнын Қазақстан, Молдова, Беларусь азаматтары арқылы толтырмақшы" деген пікірге келіседі.

– Бірақ соғысқа жіберу үшін емес, экономикалық экспансияны жандандыру үшін. Соғыстың кесірінен, экономикасына тұсау болған санкциядан әлсіреген Ресей үшін дәл қазір Қазақстан – белсенді экономикалық аймақ, – деді ол Азаттыққа.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев енді Қазақстаннан негізінен жоғары білікті кадрлар кетеді деп санайды.

– Бұл жеңілдіктен кейін Ресей азаматтығын алу ойында жоқ болса да, сол нарықта бәсекеге қабілетті бола алатын техникалық саладағы мамандар бірінші кезекте кетеді, – дейді Әбішев.

Экономист Арман Бейсембаев та "Қазақстан эмиграцияның жаңа толқынынан қорқуы керек" деген пікірде.

– Өйткені Ресей нарығы – посткеңестік елдер арасында жақсы жалақы төлей алатын, әртараптандырылған және ең ірі нарық. Оны жақын арада ешкім жоққа шығара алмайды, – дейді экономист.

Ресей – онсыз да жыл сайын көп қазақстандық көшетін ел. Мысалы, былтыр Қазақстаннан кеткендердің 80 пайыздан астамы Ресейге көшкен. Статистика бюросының дерегінше, соғыс басталған 2022 жылы 19 383 адам Ресейге қоныс аударған. Әрине, бұл кейінгі жылдармен салыстырғанда аз көрсеткіш. Өйткені 2021 жылы 27 мыңға жуық, 2020 жылы 25 мыңнан аса, 2019 жылы 40 мыңға жуық адам Ресейге көшкен.

Ресей мемлекеттік статистика қызметінің биыл 1 қазандағы дерегі бойынша, бұл елдегі халық саны 146,3 миллион адам. Бұл жыл басындағы көрсеткіштен 192,4 мың адамға аз. Елде 2015 жылдан бері туу көрсеткіші төмендеп кеткен.

Ресей халық санын көбейту үшін демографияға байланысты түрлі бағдарлама қабылдағанымен, ол жақсы нәтиже бермеген. Ел билігі мәселені шешу үшін шетелден мигранттар шақыруды қолға алып, оларға азаматтық беруді жеңілдетті.

Ресейлік демографтардың болжамынша, халық санын 146 миллион деңгейінде ұстап тұру үшін Ресей жыл сайын 1,1 миллионға дейін мигрант тартуы қажет. Әйтпесе, пессимистік болжам бойынша, 2100 жылға қарай халық саны 67,4 миллион адамға дейін азайып кетуі мүмкін. Ресейдің халықаралық көші-қон статистикасы бойынша, биыл қаңтар-қыркүйек аралығында Ресейге 412 мыңнан аса адам қоныс аударған, 323 мыңнан аса адам көшіп кеткен. Соғыс басталған 2022 жылы 622 мың адам Ресейге қоныс аударса, дәл сондай көлемде адам көшіп кеткен.

"БІРТІНДЕП БАСЫП АЛУ"

PaperLab зерттеушісі, саясаттанушы Анастасия Решетняк Кремльдің бұл шешімінен саяси популистік әрекет байқайды. Ол мұны 2024 жылғы наурыздың 15-17 күндері Ресейде өтетін президент сайлауымен байланыстырады.

– Украина майданында қандай да бір ірі жеңіс болады деген болжам жоқ. Өзін қолдайтын электораттың әйтеуір көңілін аулау қажет. Менің болжамым бойынша, бұл – сайлау нәтижесіне қалай да әсер ету үшін өзін қолдайтын электоратты тарту әрекеті. Бірақ бұл тек болжам ғана, – деді зерттеуші Азаттыққа.

Қазақстан, Молдова, Беларусь азаматтарына Ресей паспортын алуды жеңілдету туралы Путин қол қойған құжат "Ресейдің азаматтық заңына сәйкес халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында қаулы етемін" деп басталады.

Ресей президенті Владимир Путин баспасөз мәслихатында отыр. Мәскеу, 14 желтоқсан, 2023 жыл
Ресей президенті Владимир Путин баспасөз мәслихатында отыр. Мәскеу, 14 желтоқсан, 2023 жыл

Анастасия Решетняк Ресей билігі үшін құжаттың маңызды бөлігі де сол болуы мүмкін деп есептейді.

– Мұны ресейлік популистер "аталған үш елде адам құқықтары, орыстілді тұрғындардың құқықтары бұзылып жатыр" деп тағы да сөйлеп қалу үшін пайдалануы мүмкін, – дейді ол.

Ресейдегі мигранттардың құқын қорғаумен айналысатын өзбекстандық Валентина Чупиктің айтуынша, Ресей осы арқылы шекаралас елдерді "біртіндеп басып алуды" көздейді:

– Мұндағы басты мақсат – "орыстың байырғы жерлерін" Абхазия әдісімен біртіндеп басып алу сияқты, – деді ол Азаттыққа. Бірақ оның ойынша, тіпті Ресейдің пропагандалық телеарналарын үзбей көретіндер арасында да бұл заңды пайдаланып, Ресейге көше қоятындар "көп болмайды".

Осыған ұқсас пікір айтқан қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев Путиннің бұл шешімін "ел ішіндегі Кремль саясатына бүйрегі бұратындарды қолдау" деп санайды.

– Жасыратыны жоқ, Орталық Азия елдері арасында әсіресе Қазақстанда ондай көзқарастағы адамдар басым. Бұл жерде бірінші кезекте әңгіме Ресеймен шекаралас аумақтарда тұратын адамдар туралы. Бұл – географиялық фактор. Қазақстанда Путиннің жақтастары да, Ресейдің Украинаға ашқан соғысын қолдайтындар аз емес, – дейді Сәтпаев.

Саясаттанушының айтуынша, бұл – Қазақстанның ұлттық мүддесіне қайшы келетін саясат.

– Бұл – іс жүзінде Ресей арнайы қызметтері арқылы жасалып отырған үлкен жүйелі жұмыс. Бұған аса сақтықпен қарау керек. Кремльдің бұл саясаты Қазақстанның ұлттық мүддесіне қауіп төндіретінін айқын түсінген жөн, – дейді Сәтпаев.

1990 жылдардың аяғынан бастап Ресей Грузиядан іс жүзінде бөлініп кеткен Абхазия мен Оңтүстік Осетия тұрғындарына жаппай өз паспортын бере бастады. 2008 жылғы тамыздағы Оңтүстік Осетиядағы соғыс қарсаңында мұндағы тұрғындардың кемінде 97 пайызы Ресей азаматы болған. 8 тамызда Ресейдің сол кездегі президенті Дмитрий Медведев "Қай жерде тұратынына қарамастан, Ресей азаматтарының өмірі мен қадір-қасиетін қорғау мақсатында" деген желеумен Оңтүстік Осетияға әскер кіргізді. Сол жылы Ресей Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындады. Ресей Украинаның өзі басып алған аймақтарындағы тұрғындарға да жаппай азаматтық беріп жатыр.

Жеңілдетілген тәртіппен Ресей азаматтығын алатын елдердің ішінде Молдованың Приднестровье аймағы іс жүзінде 30 жылдан астам уақыт тәуелсіз өмір сүріп келеді. Ресей ондағы халықты "орыс әлеміне интеграциялау", "орыстілділердің құқықтарын қорғау" туралы жиі мәселе көтереді. Кей деректерге қарағанда, бұл аймақ халқының жартысына жуығы Ресей азаматы. Ресейдің бұл шешімі аймақты өз бақылауына қайтаруды көздейтін Молдова үшін үлкен соққы болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG