Accessibility links

Ресейде мобилизация жарияланғанда Қазақстанға 837 мың ресейлік келді – Еңбек министрлігі


Қазақстан аумағына өту үшін Челябинск қаласынан 400 шақырымдай жердегі "Мариинский" шекара өткелінде кезекте тұрған ресейліктер. Ресей, 27 қыркүйек 2022 жыл.
Қазақстан аумағына өту үшін Челябинск қаласынан 400 шақырымдай жердегі "Мариинский" шекара өткелінде кезекте тұрған ресейліктер. Ресей, 27 қыркүйек 2022 жыл.

Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Ресей билігі Украиндағы соғысқа байланысты мобилизация жариялаған тұста Қазақстанға 837 мың ресейлік кірген, қазір олардың 780 мыңы Қазақстаннан шығып кеткен. Бұл туралы бүгін, 13 желтоқсанда Астанада өткен брифингте министрлікке қарайтын миграция комитетінің басшысы Ілияс Испанов мәлімдеді.

Испановтың сөзінше, қазір Қазақстанда 298 мың ресейлік бар, оның ішінде 30 мыңы елде жұмыс істеп жүр. Бұған қоса, министрліктің мәліметінше, Қазақстанда 20 мың ресейлік студент оқиды.

21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысқа байланысты мобилизация жариялаған соң ресейліктер көрші елдерге жаппай қаша бастаған. Олардың бір бөлігі Қазақстанға бет алып, екі ел шекарасында ұзын-сонар кезек пайда болған.

29 қарашаның соңында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 21 қыркүйектен бері Қазақстанға 400 мың ресейлік кіріп, 320 мыңы елден шығып кетті деген.

Ресейліктер Қазақстанға жаппай келе бастаған тұста елде пәтерақы қымбаттап кеткен. Қоғамда ресейліктердің келгеніне қоғамда "халықтың тұрмысына, еңбек нарығына кері әсер етеді" деп қарсылық күшейген.

Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейліктердің Қазақстанға жаппай қашуын "саяси және гуманитарлық мәселе" деп атаған. Ол елге келген Ресей азаматтарына "қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беру керек" деген және "сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді" деп мәлімдеген.

Ақпанда Украинаға басып кірген Ресей билігі соғыстағы сәтсіздігінен кейін "бұрын әскерде болғандар арасында ішінара мобилизация" жариялап, әскерге қосымша 300 мың адам алғанын жариялаған. Кремль бұл қадамын "ішінара мобилизация" дегенімен, ресейліктер соғысқа әскерде болмағандарды да әкетіп жатқанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG