Accessibility links

Қазақстанға қашып келген 300 мың ресейліктің арасында путиншіл маргиналдар бар ма?


Халыққа қызмет орталығына кезекте тұрған ресейліктер. Алматы, 3 қазан 2022 жыл.
Халыққа қызмет орталығына кезекте тұрған ресейліктер. Алматы, 3 қазан 2022 жыл.

Қазақстан мобилизациядан қашып келген ресейліктерден не күтеді?

"ЖОСПАРЫМЫЗ КҮНДЕ ӨЗГЕРЕДІ"

Алматы, 3 қазан. Таң сәріден "Құлагер" дене шынықтыру-сауықтыру кешені алдында жүздеген адам кезекте тұр. Билік көші-қон мәселесімен айналысатын халыққа қызмет көрсету орталығын осы жерге ауыстырған. Әзірге күн жылы, сондықтан далада тұрып, кезек күту қиын емес.

Кезекте тұрғандардың бәрі – Ресей азаматтары, көбі мобилизациядан қашқан ерлер мен олардың отбасы мүшелері. Бұл азаматтар жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алудан бастап Алматыдан пәтер іздеуге дейінгі сан алуан мәселесін шешумен әлек болып жүр. Кейінгі кезде Алматыда жалға алатын баспанаға сұраныс артып, пәтер бағасы күрт өскен.

34 жастағы Алексей әйелімен бірге Алматыға түнде келген. Пәтер іздеуге уақыты болмаған, сондықтан спортзалда түнепті. Жергілікті билік спортзалдан орын бөліп, далада қалған ресейліктерге тынығып, тамақ ішіп, өз-өзіне келуіне мүмкіндік берген.

– Саранск қаласында тұрдым, сонда жұмыс істедім. Путин мобилизация жариялаған кезде әйелім екеуіміз киім-кешегімізді көлікке тиеп, кетіп қалдық. Өйткені бұл жеке басыма қатысты мәселе болды. Мойныма біреудің қанын жүктегім я кісі қолынан өлгім келмейді. Соғысқа қатыспаймын, – деді ЖСН алуға кезекте тұрған Алексей.

Халыққа қызмети көрсету орталығында отырған Ресей азаматы. Алматы, 3 қазан 2022 жыл.
Халыққа қызмети көрсету орталығында отырған Ресей азаматы. Алматы, 3 қазан 2022 жыл.

Алексейдің сөзінше, ерлі-зайыпты басқа елге кетуге мүмкіндігі болмаған соң Қазақстанға келген. Олардың шетелге шығатын төлқұжаты жоқ, сондықтан басқа елге көшу жайлы мүлде ойламаған. Қазір ресейлік отбасы алдағы болашағы бұлыңғыр екенін айтады.

– Жоспарымыз күнде өзгереді. "Елге оралып, шетелге шығатын төлқұжат жасатып, сосын кетсем бе екен?" деп те ойлаймын. Ресейде қалған туыстарыммен араласып тұрамын, олар "ақпараттық у-шу басылды, әскерге шақыру келіп жатқан жоқ" дейді.

Алексей мен әйелі Қазақстанда қалуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. "Біріншіден, бұл жерде мені бәрі түсінеді, орыс тілінде сөйлеуге болады; екіншіден, өмір сүруге көп ақша кетпейді; үшіншіден, жергілікті халықпен тіл табысып кету оңай" дейді олар.

Ресейден қашқан азаматтардың көбі Қазақстанда қалуға қорқады.

– Қазақстанда қалсақ, ерте ме, кеш пе, Путин бізді қайтару үшін Тоқаевпен келісімге келе ме деп қорқамыз. Сондықтан көбі мұнда қалмауға тырысады, Сербия, Түркия, Грузияға көшіп кетеді, – дейді Алексей.

"ПУТИНДІ ҚОЛДАЙТЫН МАРГИНАЛДАР КӨП ЕМЕС"

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, 21 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Қазақстанға Ресейден 281 548 азамат келген. Олардың 147 мыңы елде қалған.

Мобилизациядан қашқандардың көбі Ресейдің бес облысымен шектесетін Орал қаласын паналаған.

300 мыңға жуық халқы бар шағын қалаға екі аптада жүз мыңнан астам Ресей азаматы келіп, пәтер нарығында дүрбелең басталды. Жалға берілетін үй бағасы шарықтап шыға келді. Жергілікті тұрғындар ресейліктер Оралда қалып, жұмыс орнына таласып, әлеуметтік шиеленіс туғызуы мүмкін деп алаңдай бастады.

Кейінгі күндері елге келіп жатқан ресейліктер азайған, шекарада да бұрынғыдай кезек жоқ. Ресей шекара бекеттерінде мобилизацияның көшпелі пункті қойылды. Оралға келген ресейліктер де басқа қалаларға тарап кетті.

Ресей азаматының паспорты. Алматы, 3 қазан 2022 жыл.
Ресей азаматының паспорты. Алматы, 3 қазан 2022 жыл.

Журналист Лұқпан Ахмедияров – Ресейден келген азаматтарға тамақ пен баспана тауып беріп, жаңа елге тезірек бейімделуге көмектескен көп тұрғынның бірі. Лұқпан "Еліңе бірден көп шетелдік келсе, қоғамда кикілжің пайда болуы мүмкін екенін ескеріп, соған дайын болу керек" дейді.

– Бірінші кезекте, жалға берілетін пәтерге байланысты кикілжің тууы мүмкін. Өйткені нарықта жалға алуға пәтер іздеп жүрген адамдар арасында бәсеке қатты. Бұл санатқа мигранттар ғана емес, басында үйі жоқ қазақстандықтар да кіреді. Қазақстан азаматтары пәтер бағасының күрт өсуі мен жалға үй табудың қиындығына наразы болады. Еңбек нарығында да жағдай ушығуы мүмкін. Қазір Оралға көшіп келген ресейліктердің он пайызға жуығы ғана қалды деп ойлаймын. Бірақ соның өзі еңбек нарығына әсер етеді. Өйткені Оралда басқа жаққа кетуге ақшасы жоқ адамдар ғана қалады. Олар кәсіби біліктілікті қажет етпейтін кез келген жұмысқа келіседі. Ал мұндай жұмысқа бәсеке қатты, – дейді Ахмедияров.

Журналистің пікірінше, Путинді қолдайтын ресейліктердің саяси көзқарасы да кикілжіңге себеп болуы мүмкін. "Бұл да ұшқынға себеп болып жатса, оған таңғалмаймын" дейді Ахмедияров.

Oyan, Qazaqstan азаматтық қозғалысының белсендісі Дархан Шәріпов әлеуметтік желіде Қазақстанға келген ресейліктер туралы жиі жазады. Өз жазбасында ресейліктерді Қазақстанның мәдени ортасына араласып, мемлекеттік тілді үйреніп, тарихын оқып, жергілікті халықтың өміріне құрметпен қарауға шақырады.

– Ресейліктердің келуіне екіұшты пікірдемін. Бір жағынан, адамдар фашистік режимнен қашып келгенін, соғысқа қатысқысы келмейтінін түсінемін. Екінші жағынан, мобилизациядан қашқан ресейліктер кейінгі жеті айда өз еліндегі жағдайды өзгертуге титтей де болса үлес қоспағанын ойласам, ойыма заңды сұрақтар түседі. Оның үстіне, Қазақстанға келгендердің арасында Путиннің билігін қолдайтын, басқа елге көшкелі жатқан адамдар көп шығар. Мұндай адамдар Ресей пропагандасының әсерінен қалыптасқан империялық астамшылық идеясына сенеді. Бұл елде шиеленіс туғызуы мүмкін, – дейді Шәріпов.

Дархан Шәріпов Қазақстанда қалған ресейліктер қазақ қоғамына сіңісіп кетуге тырысуы керек деп санайды.

– Елге миллиондаған адам емес, бірнеше мың мигрант ғана келді. Бұл біздің қоғам үшін мәселе болмауы керек. Бізде тіл жағынан кедергі немесе айрықша бір мәдени ерекшеліктер жоқ. Өңірлерде тұратын адамдар бұл мәселеге қалай қарайтынын бақылау керек, – дейді белсенді.

"РЕСЕЙЛІКТЕР ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА СІҢІСІП КЕТУГЕ ДАЙЫН"

Ресейлік құқық қорғаушы және оппозициялық белсенді Вадим Коровин мобилизация жарияланғаннан кейін үш күннен соң Ресейден кетуге бел буған. Ол Ресейде қалуға болмайтынын бұрын да түсінгенін айтады. "24 ақпанда елден кететінім белгілі болды, өйткені еркін оппозициялық саяси қызметім сол күні аяқталғанын түсіндім" дейді Коровин.

Вадим Коровин – саяси акцияларға қатысқан, автомобилистер құқығын қорғап, Мәскеудегі заңсыз автотұрақтарға рейд ұйымдастырған. Кейінгі бірнеше жылда Коровин Мәскеудегі аудандардың бірінде муниципалды депутат қызметін атқарған. 2022 жылы шілдеде Twitter-де Гитлердің аты аталған әзілді бөліскені үшін он тәулікке қамалған. Коровинге бір жыл ішінде қандай да бір сайлауға қатысуға тыйым салынған. Қыркүйектің аяғында Коровин Ресейден кетіп, Орал қаласына келді. Құқық қорғаушы қазақстандықтардың "Ресейден келген мигранттар Кремльдің позициясын қолдауы мүмкін" деген қаупіне былай жауап берді:

– Қазақстанда "Шекарадан кімдер кіріп жатыр?" деген сұрақ туындауы мүмкін. Өзім сөйлескен адамдардың 50-70 пайызы жоғары білімді заңгерлер, IT мамандары, кәсіпкерлер. Бұл – Ресей үшін интеллектуалды тұрғыдан алғанда үлкен соққы. Қазақстанға келгендердің арасынан Путинді қолдайтын маргиналдарды көрмедім. Болса да, олардың саны көп емес. Сондықтан Қазақстанды паналаған ресейліктер жергілікті қоғамға араласып, сіңісіп кетуге тырысады. Басқа жол жоқ, – дейді Вадим Коровин.

Ресейлік құқық қорғаушы, оппозициялық белсенді Вадим Коровин.
Ресейлік құқық қорғаушы, оппозициялық белсенді Вадим Коровин.

Мобилизациядан қашқан ресейліктер легі саябырлағанымен, Коровин соғыс Ресей аумағына ойысса немесе Кремль тактикалық ядролық қару қолданса, Қазақстанда миграцияның келесі толқыны басталуы мүмкін деп топшылайды. "Соғыс өршіп, Ресей азаматтарын шетелге шығармай қойса, халық шекараға жиналып, бақылау-өткізу пункттерін бұзып кетуі мүмкін. Жүз мың адамды кім тоқтата алады?" дейді Коровин. Құқық қорғаушы мобилизациядан қашқан ресейліктердің көбі Қазақстанда ұзақ уақытқа қалғысы келмейтінін айтады.

Қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов Ресейден келген мигранттарға қатысты оптимистік болжамдарға сенбейді. Сарапшы Қазақстанда онсыз да экономикалық және саяси мәселе көп, ал көрші елден келген мигранттар жағдайды одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін деп қауіптенеді.

– Халықтың табысы азайып, баға өсті. Ресейден келген мигранттар еңбек нарығына, жалға берілетін пәтер нарығына салмақ салды. Алдағы уақытта Ресейдегі экономикалық-саяси жағдай нашарлай береді. Тиісінше, Қазақстанға келетін ресейліктердің де қарасы көбеюі мүмкін. Қазір келген мигранттарға олардың отбасы қосылады. Бірақ Қазақстан экономикасы тұрақсыз: бір жағынан, мұнай бағасына тәуелді, екінші жағынан, мемлекеттің басқаруымен ғана жұмыс істейді. Мұндай жағдайда үкіметтің экономикалық саясаты бірден тиімді болып кетеді, билік бұл мәселелерді шешу үшін байсалды реформалар жүргізеді деп күтуге негіз жоқ, – дейді саясаттанушы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG