Accessibility links

"Навальныйды улаған" ФСБ өкілдері 3 адамды өлтірген болуы мүмкін. Bellingcat зерттеуі не дейді?


Bellingcat тобының зерттеушісі Христо Грозев.
Bellingcat тобының зерттеушісі Христо Грозев.

Жаңа зерттеу Навальныйдың улануына қатысы бар деген "ФСБ тобының" екі азаматтық белсенді мен бір саясаткердің өлімін ұйымдастырған болуы ықтимал екенін көрсетеді.

Зерттеуді Bellingcat тобы, ресейлік The Insider және германиялық Der Spiegel басылымдары бірлесіп жүргізген. Зерттеуде ФСБ-ның (Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі) Навальныйды улап өлтіруді жоспарлаған Криминалистика институты өзі қатысы болуы мүмкін кісі өліміне өзі сараптама жасағаны, сірә, күдіктенетін ешқандай дәлел таба қоймағаны айтылады.

Сараптама жүргізгендердің бірі – институт қызметкері Василий Калашников. Оның есімі Алексей Навальныйдың улау операциясына қатысқан Константин Кудрявцевке қоңырау шалуы кезінде мәлім болған. Жаңа зерттеуде ФСБ-ның улау операцияларына қатысы бар деген өзге де қызметкерлерінің аты аталып отыр.

Былтыр желтоқсанда Bellingcat тобы, ресейлік The Insider, германиялық Der Spiegel және америкалық CNN басылымдары бірлесе жүргізген зерттеуін жариялап, Навальныйды улаған ФСБ агенттері деген еді. Зерттеушілер мұндай қорытындыға агенттердің ұшып-қону дерегі мен телефон қоңыраулары негізінде келген.

Зерттеу жарияланған соң Bellingcat тобының зерттеуші журналисі Христо Грозев "улайтын топ" мүшелерінің кейінгі жылдардағы әуе және пойызбен жүрген сапарларынының тізімін жариялады. Интернет пайдаланушылары осы сапарлардың ресми себебі күдік тудыратын кісі өлімдерімен сәйкестігін тексерді.

Сәйкестік бірден анықтала қойды. Сөйтіп кей басылымдар Bellingcat тобының жаңа зерттеуінде аты аталған марқұмдар туралы осыған дейін-ақ жазып тастаған.

Мәселен, Навальныйдың улануын зерттеу кезінде әшкере болған ФСБ агентінің Нальчикке сапары "Яблоко" партиясының мүшесі, құқық қорғаушы Тимур Куашевтің өлімімен тұспа-тұс келген. Нальчик тумасы Куашев туған қаласында көз жұмған. Оның өлі денесі 2014 жылғы 1 тамызда табылған. Сол жақ көзінің асты көгерген, сол жақ қолтық тұсында уколдың ізі болған. Бұл Куашевті қасақана өлтірген деген күдіктің пайда болуына себеп болды.

Ағзаның өзінен өзге жарақат анықталмады. Сарапшылардың сол кездің өзінде-ақ құқық қорғаушыны улаған болуы мүмкін деген. Бірақ ресми түрде "белгісіз вирустық инфекциядан қан айналымы тоқтап қалған" делінді.

Куашевтің ата-анасы, достары бұл қорытындыны даулап, оның қасақана өлтірілгенін айтады. 2018 жылы олар Еуропаның адам құқығы жөніндегі сотына жүгінген.

Тимур Куашев.
Тимур Куашев.

2015 жылы наурызда Навальный улануы жөніндегі зерттеуді аты аталған ФСБ агенттерінің бірі Дағыстанға ұшып келген. Сол күндері "Единство" қоғамдық қозғалысының белсендісі Руслан Магомедрагимов өлі табылған. Марқұмның жақындары Магомедрагимовтың мойнында уколдың ізіне ұқсайтын екі дақ болғанын айтып, оның тынысты тарылтатын умен уланған болуы мүмкін екенін айтқан.

Bellingcat тобының зерттеуінде аты аталған үшінші адам – саясаткер Никита Исаев. Ол 2019 жылы қарашада Тамбовтан Мәскеуге бара жатқан пойызда қайтыс болған. Ресми түрде өлім себебі инфаркт деп көрсетілді.

Тимур Куашев

Зерттеуге қарағанда Куашевті улау операциясы ең кеш дегенде 2014 жылғы 13 шілдеде басталған. Сол күні "улайтын топтың" Навальныйдың қоңырауынан аты әйгілі болған мүшесі Константин Кудрявцев Нальчикке ұшып келген. Тоғыз күннен кейін оған оның әріптесі Иван Осипов (Лақап аты – "Иван Спиридонов") қосылған. Бастапқыда Осипов 30 шілде күні қайтуы керек болған. Бірақ сол күні ол қайту билетін 31 шілдеге ауыстырған. Осипов ол рейспен де ұша алмаған. Сөйтіп билетін 1 тамызға ауыстырған. Осипов Мәскеуге 14:05 уақытында ұшып кеткен. Содан санаулы сағат бұрын Куашевтің өлі денесі табылған.

Константин Кудрявцев.
Константин Кудрявцев.

Кудряв пен Осипов ФСБ-ның осы операцияға қатысқан жалғыз агенттері емес дейді Bellingcat пен The Insider. Белсендінің өліміне санаулы күн қалғанда ФСБ-ның тағы үш қызметкері Нальчиктен 115 шақырымда орналасқан Владикавказға ұшып келген. Олардың арасында Навальныйды улау жөніндегі зерттеуде әшкереленген Алексей Александров болған. Зерттеуде жаңа қызметкерлердің аты аталған. Олар – Денис Мачикин және Роман Матюшин.

Алексей Навальныйдың қоңырауына абайсыздық танытып жауап берген Константин Кудрявцев ФСБ-ның видеобақылауға түсіп қалу қаупі бар жерлердің камераларын "өшіріп тастайтынын" айтқан. Тимур Куашев өлімін зерттеу кезінде оны ұрлап кеткен жердегі камералардың істен шыққаны анықталған. Достары Куашевтің телефон қоңырауларының биллингін алдырып, оның телефоны 1 тамыз күні өшірілгенін көрген.

Куашевтің жейдесіндегі қанның сараптамасын өзге біреу емес ФСБ-ның Криминалистика институтының өзі жүргізген. Сараптамадан кейін Куашевтің өлімі туралы іс жабылды.

Сараптама қорытындысына қол қойғандардың арасында Василий Калашников те бар. Навальныймен телефон арқылы сөйлескен Константин Кудрявцев Томскіге барып, Навальныйдың улануын көрсететін айғақтарды жою үшін барғандардың қатарында Калашниковтің де болғанын айтқан.

ФСБ Криминалистика институтының Тимур Куашевтің қанында удың ізі бар-жоғын анықтау жөніндегі сараптамасының нәтижесі.
ФСБ Криминалистика институтының Тимур Куашевтің қанында удың ізі бар-жоғын анықтау жөніндегі сараптамасының нәтижесі.

Руслан Магомедрагимов

"Единство" ("Садвал") дейтін жергілікті қоғамдық қозғалыстың белсендісі Руслан Магомедрагимовтің өлі денесі 2015 жылғы 24 наурызда Дағыстанның Каспийск қаласынан табылған. Сол кезде "Черновик" басылымы туыстары Магомедрагимовтың өлімі қоғамдық-саяси белсендігімен байланысты болуы мүмкін екенін айтады деп жазған. Магомедрагимов лезгин халқының құқығын қорғаумен айналысқан және Ресей мен Әзербайжандағы лезгин халықтарының "Лезгинстан" дейтін автономия құру арқылы бірігуін қолдаған. Ол сондай-ақ жергілікті биліктің шешімдері мен басылымдарын сынаған.

ФСБ Криминалистика институтының қызметкерлері Магомедрагимовтың өліміне дейін Каспийскіден 20 минуттық (көлікпен) жерде орналасқан Махачкалаға бірнеше рет ұшып келген. Алексей Навальныйды улау жөніндегі зерттеуде әшкере болған ФСБ агенттерінің бірі Иван Осипов 2015 жылдың қаңтарында Махачкалаға екі рет барған. Ал Константин Кудрявцев ол қалаға улаудан екі апта бұрын және улауға санаулы күн қалғанда сапарлаған. Улауға санаулы күн қалғанда Осипов Каспийскіден 300 шақырымдай жердегі Владикавказға барып, сонда 6 күн болған. Мәскеуге белсендінің өлімінен екі өткен соң оралған.

Никита Исаев

Саясаткер әрі блогер, "Новая Россия" қозғалысының лидері Никита Исаев өзін жемқорлықпен күрескен ретінде көрсеткен, бірақ іс-жүзінде кремльшіл саясаткер болған. Исаев 2019 жылғы 16 қарашада Тамбовтан Мәскеуге бара жатқан пойызда өлген.

The Insider басылымының жазуынша, Тамбовқа сапарының алдында "Справедливая Россия" партиясының басшысы Сергей Миронов Исаевты аймақты дамыту жөніндегі кеңесшісі етіп тағайындаған. Осыдан кейін Исаев Тамбовта партияға кандидаттар іріктеп, оларды сайлауға дайындауы керек болған.

Ресми қорытынды Никита Исаевтың жүрегі тоқтап қалды деді.

Bellingcat пен The Insider "ФСБ-ның улайтын тобы" мен Исаевтың 2018 жылдың желтоқсанынан кейінгі сапарларынан 13 сәйкестік тапқан. Исаевтың артынан ФСБ-ның бес қызметкері жүріп отырған. Олардың екеуі – Навальныйдың улануы туралы зерттеуде әшкере болған Алексей Александров пен Иван Осипов, үшеуі – осы күнге дейін әшкере болып үлгермеген агенттер. Олар – Александр Самофал, Виктор Кравченко және Михаил Тихонов.

Иван Осипов және Алексей Александров.
Иван Осипов және Алексей Александров.

Телефон қоңырауларының биллингіне қарағанда, Исаев қайтыс болған күні осы бес агенттің кемі бірі Тамбовта болған.

Исаевтың көмекшісі Алина Жестовская Исаевтың өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалмағанын айтады.

Bellingcat тобының Никита Исаев өлімінің "ФСБ-ның улайтын тобы" ұйымдастырды деген өлімдердің ішінен ерекшеленіп тұрғанын жазады. Зерттеушілердің жазуынша, Исаевтың туыстары мен таныстары оның президент әкімшілігімен тығыз қарым-қатынаста болғанын, кремльшіл қозғалыстардың жетекшілерімен араласқанын жасырмайды. Исаевты алдап-арбаған қауіпсіздік қызметтері одан "екі жүзді агент" деп күдіктенген болуы мүмкін деп пайымдайды зерттеушілер. Саясаткер "сақтандыру компаниясының өкілі" және "экспорт жөніндегі маман" ретінде шетелге көп шыққан.

Bellingcat тобының зерттеуші журналисі Христо Грозев Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында келесі зерттеудің қасақана улауға ұшырап, бірақ Алексей Навальный секілді тірі қалған адамдарға арналатынын айтады. Олардың қатарында "Медиазона" басылымының басшысы Петр Верзилов пен саясаткер Владимир Кара-Мурза бар.

"Улайтын топтың" үш құрбаны туралы айттыңыз. Олардың оқиғасындағы қандай дерек елеулі көрінді? Навальныйдың улануы жөніндегі зерттеуде әшкере болған адамдардың сапарлары белгілі. ФСБ-ның осы өлімдерге қатысы барын айғақтайтын басқа қандай дәлелдер бар?

– Біз зерттеген үш жағдайдың бірінде, Куашевтікінде, Кудрявцевтің Навальный сипаттап берген ФСБ әдісінің толықтай қайталанғанын көрдік. Мысал ретінде операция кезінде видеобақылау камераларын өшіруін, бір "бригадада" бола тұра түрлі рейспен ұшуын айтуға болады. Мәселен, Осипов бір әуежайға ұшып келсе, Александр басқа әуежайға қонған. Қайтар кезде араға бір күн салып ұшқан. Ең маңыздысы, біз жабық тізбек орнағанын көріп отырмыз. Мұны "мінсіз қылмыс" деуге де болады. Өлтірілген адамның қанында удың не токсиннің бар-жоғын анықтайтын сарапшылар сол [кісі өліміне қатысы бар деген Криминалистика институтында] жұмыс істеген.

Куашевтің жағдайында, Навальныйдың улануынан кейін айғақтарды жоюмен айналысқан Калашниковтің сараптама қорытындысына қол қоюын мысал етуге болады.

Никита Исаевтың жағдайында Навальныйдыкіндей көптеген сапарлардың сәйкестігін көріп отырмыз. 13 әуе не пойыз сапары. Статистика тұрғысынан бұған бейкүнә себеп табу мүмкін емес.

– Бұл жағдайда Исаевтың өлімі қисынға келіңкіремейді, өйткені ол іс-жүзінде кремльшіл саясаткер болды.

– Иә. Сірә, біздің міндетімізге мотивті анықтау кірмейді. Ал бұл өте күрделі. Біз мұны они танитын кісімен талқыладық. Ол кісі Исаевтың бір нәрседен үрейленіп жүргенін, отбасын шетелге әкетуді қалайтынын айтқанын есіне түсірді. Ол мұны 2018 жылдың желтоқсанында бақылау басталған соң айтқан. [Исаев] шетелге жиі шыққан. Тамбовтан оралғаннан екі апта өткен соң АҚШ-қа ұшуы керек болған. Тіпті оның жоспарында сатқындық жасау болмаса да, ФСБ мұндай қатер бар деп ойлап, оны қауіп көзі ретінде көрген болуы мүмкін. Өйткені Исаевта шынайы емес "оппозициялық" жобалар үшін қандай саяси технологиялар қолданылатыны жөнінде ақпарат жиналған болуы ықтимал.

– "Улайтын топтың" әуе және пойыз сапарларының тізімін жариялаған соң интернетте әңгіме болған өзге теорияларды растай алдыңыз ба? ФСБ-ның ықтимал нысанасы ретінде Петр Верзиловті, Владимир Кара-Мурзаны, тіпті рэпер Дэцлді атап жатты.

– Біз қазір жариялаған зерттеу тек өлтірілгендерге ғана арналған. Осымен қатар біз [ФСБ-нің улайтын тобы] өлтіре алмаған танымал адамдар туралы зерттеп отырмыз. Олардың арасында сіз атап өткен адамдар бар. Резонанс тудыран кісілердің кемі бірі жөнінде сенімді айғаққа қазірдің өзінде қол жеткізгенімізді айта аламын. [Зерттеуді] келесі апталарда жариялаймыз деп үміттенемін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG