Accessibility links

Insider/Bellingcat: Навальныйды улауға қатысы бар ФСБ өкілдері бұрын үш адамды өлтірген болуы мүмкін


Журналист Тимур Куашев, белсенді Руслан Магомедрагимов және саясаткер Никита Исаев.

Bellingcat тобы және The Insider басылымы жаңа зерттеу жариялап, ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды улауға қатысы бар ФСБ қызметкерлерінің тағы үш адамның өліміне қатысы болуы мүмкін деген тұжырым жасады.

Зерттеу тобы бірнеше жыл бұрын жұмбақ жағдайда қайтыс болған журналист Тимур Куашев, белсенді Руслан Магомедрагимов және "Новая Россия" қозғалысының жетекшісі Никита Исаевтың өліміне Навальныйға "қастандық ұйымдастырды" делінген ФСБ-ның криминалистика институты өкілдері кінәлі деп санайды.

Журналист Тимур Куашевтің денесі 2014 жылы тамыз айында Нальчик қаласындағы орман маңынан табылған. Тергеу комитеті алғашында оның денесінен инъекция іздері табылды деп мәлімдеген. Бірақ екі жылдан соң журналистің ағзасынан қауіпті зат табылмады деп хабарлады. Bellingcat зерттеу барысында Куашевке "қастандық жасалмай тұрып" 2014 жылы шілде айында Кабардин-Балқар республикасына Константин Кудрявцев (Алексей Навальныймен телефонмен сөйлесіп, оған қастандық ұйымдастырғанын мойындаған ФСБ қызметкері) пен ФСБ өкілі Иван Осипов (Bellingcat оны ФСБ-ның жоғары лауазымды қызметкері деп атайды) және тағы бірнеше қызметкер аттанған. Сол күні Куашев жүріп өткен жерлерде бақылау камералары "техникалық себеппен" өшірілген.

Зерттеу тобы осындай ретпен тағы екі адам өліміндегі ФСБ қызметкерлерінің рөлін сараптап, олардың үш адам өліміне қатысы бар деген қорытындыға келген.

  • Bellingcat, The Insider, Der Spiegel және CNN 14 желтоқсанда жариялаған зерттеуінде Алексей Навальныйдың улануына ФСБ-ның қатысы бар деп тұжырым жасаған. ФСБ қызметкерлерінің ұшу бағытын, телефон әңгімелері деректерін зерттеген журналистер ФСБ қызметкерлері 2017 жылдан бері Алексей Навальныйды аңдыған деп тұжырымдаған. Дәл сол жылы Навальный президент сайлауына түсетінін мәлімдеген.
  • Ресей билігі оппозиционердің улануына қатысы жоғын айтады. Жақында Путин Навальныйды "улағымыз келсе, аяғына дейін жеткізер едік" деп мәлімдеген.
  • ФСБ зерттеуді "ФСБ мен қызметкерлерінің атына кір келтіру үшін ұйымдастырылған жоспарлы арандату әрекеті" деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG