Accessibility links

Қымбат мейрамханадан қарулы бүлікке дейін. Евгений Пригожин деген кім?


Евгений Пригожин.
Евгений Пригожин.

Евгений Пригожин бұрын Кремльге жақын ресторатор болған. Кейін «Вагнер» жалдамалы әскери тобын құрып, Ресейдің Украинада соғыс жүргізу әдісін сынады. Қазір Пригожиннің қорғаныс министрлігімен текетіресі Ресей президенті Владимир Путин «әскери бүлік» деп атаған жанжалға ұласты.

Бұрын түрмеде отырған, Санкт-Петербургте мейрамхана бизнесін дамытып, Кремльмен тиімді шарттар жасасқан, кейін “Вагнер” әскери тобын құрып, Украинаға қарсы соғыста маңызды тұлғаға айналған Евгений Пригожин осы апта соңында Ресей үкіметіне қарсы қарулы қақтығыс жүргізді.

Сенбі күні Мәскеуге жорық жасап, Ресей астанасына бірнеше жүз шақырым қалғанда Пригожинмен "келісім жасалып", оның кері қайтуға келіскені хабарланды. Оған қозғалған қылмыстық іс тоқтатылған.

Дондағы Ростов қаласындағы әскери нысандарды басып алғанын айтқан "Вагнер" жасағы. 24 маусым 2023 жыл.
Дондағы Ростов қаласындағы әскери нысандарды басып алғанын айтқан "Вагнер" жасағы. 24 маусым 2023 жыл.

Пригожин 1961 жылы Ленинградта дүниеге келген. Жасөспірім шағында ұрлық үшін жауапқа тартылған. Кейін қарулы тонау, жасөспірімдер саудасы сияқты ауыр қылмыс жасап, 9 жылдай түрмеде отырды.

Пригожин 1990 жылы Совет одағында Михаил Горбачевтің ашықтық пен қайта құруға бағытталған реформалары жүріп жатқанда түрмеден шықты. Анасының екінші күйеуімен бірге хот-дог сататын дүңгіршектер желісін ашты. Өзінің айтуынша, бұл кәсібі табысты болған. Пригожин мен Путиннің жолы қашан түйіскені белгісіз. 1990-жылдары Путин саяси карьерасын Санкт-Петербург мэриясынан бастады, ал Пригожин қаладағы болашағынан үміт күттірер кәсіпкерлердің бірі еді.

Кейін Пригожин мейрамхана бизнесімен айналысты. Оның Санкт-Петербургтегі дәмханаларына биліктің айналасындағы адамдар мен кіл элита өкілдері баратын. Көп ұзамай Пригожин бизнесін кеңейтіп, Concord Catering компаниясы арқылы мектептер, ауруханалар мен түрмелерге, кейін ірі мемлекеттік шараларға тамақ жеткізіп, кейтеринг (catering) қызметін ұсына бастады.

Ол Кремльмен және ресейлік элита өкілдерімен де тамақ жеткізу бойынша келісімшартқа отырған. Осы қызметі үшін көбі оны «Путиннің аспазы» деп атайтын.

Евгений Пригожин және Владимир Путин. 2011 жыл.
Евгений Пригожин және Владимир Путин. 2011 жыл.

2006 жылы АҚШ президенті кіші Джордж Буш Санкт-Петербургке келгенде Пригожин Путин ұйымдастырған кешкі аста құрметті қонақ пен оның әйеліне шарап ішкізген.

2012 жылы Пригожиннің компаниясы Ресей әскеріне тамақ жеткізу бойынша қорғаныс министрлігімен тиімді келісімшартқа отырды. Бірнеше жылдан кейін бұрын төтенше жағдайлар министрі болған, Путиннің жақын серіктерінің бірі Сергей Шойгу қорғаныс министрі болып тағайындалды. Ол қызметке келгеннен кейін қорғаныс министрлігі Пригожинмен келісімшартын бұзды. Пригожиннің Шойгуға өкпесі осы кезде басталған сияқты.

ЖАЛДАМАЛЫ ТОП ЖӘНЕ ТРОЛЬДЕР

Пригожиннің жекеменшік әскери компания қызметін қашан бастағаны белгісіз. Бақылаушылар топтың құрылу уақытын Сириядағы қақтығыспен байланыстырады. Ол кезде Ресей әскері Сирия үкіметін қолдап, қарулы қақтығысқа араласқан. Сирияға әскер жіберген басқа жекеменшік компаниялардың жалғасына айналған «Вагнер» тобы 2014 жылы Ресей Украинаның шығысында алауыздық туғызып, сепаратистерді қолдағанда пайда болды. Алғашқыда топты әскери барлау қызметінің бұрынғы офицері басқарды.

Ұзақ жылдар бойы Пригожин «Вагнер» тобының демеушісі саналатын. 2022 жылы қыркүйекте Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше айдан соң, Пригожин әскери топтың басшысы ретінде атала бастады.

Сирияда «Вагнер» тобы қатыгездік танытып, соғыс қылмысын жасаған деп айыпталады. Жалдамалы әскер тобы Сириядан бөлек, Судан, Орталық Африка Республикасында да көзге түскен. Пригожиннің компаниясы Африкада алтын шахталары мен басқа да кен орындарынан үлес алған.

2013 жылы қыркүйекте ресейлік журналистер Санкт-Петербургтің солтүстік-батысындағы “Интернет зерттеулер агенттігі” деп аталатын компанияны зерттей бастады. Кейін бұл мекеме “Ресейлік трольдер фабрикасы” деп аталды. Пригожиннің Concord компаниясына тиесілі агенттік Facebook, Twitter, VK желілерінен жалған парақша ашып, тапсырыс бойынша пікір жазатын адамдарды жұмысқа алған.

2018 жылы АҚШ президенті Дональд Трамптың сайланғанына екі жыл толғанда Американың әділет министрлігі Пригожин мен Ресейдің тағы 13 азаматына астыртын сөз байласып АҚШ-та өткен президент сайлауының нәтижесін бұрмалауға тырысты деген айып тағып, ордер шығарды.

Зерттеушілер «Интернет зерттеулер агенттігінің» трольдері америкалық сайлаушыларға қалай әсер еткенін талдап, таласып жатқанда Пригожин бұрынғыдан да танымал бола түсті.


«ВАГНЕРДІҢ» ЗОРЛЫҒЫ ЖӘНЕ ӘСКЕР БАСШЫЛАРЫНА ҚАРСЫЛЫҚ

Ресейдің өкілетті тұлғалары мен командирлері Украинаға қарсы соғыс тез аяқталады, Киев тас-талқан болып жеңіледі деп күтті. Бірақ олай болмады. Керісінше, Ресей қарулы күштерінің мәселесі айқын көріне бастады. Осы кезде майданда “Вагнер” тобы жауынгерлерінің салмағы артты.

Мариуполь, Северодонецк, Лисичанск, Бахмут шайқастарында «Вагнер» әскері негізгі рөл атқарды. Пригожин Ресей түрмелерінен жауынгер жинады, ресейлік әскербасыларды сынай бастады. Әсіресе, қорғаныс министрі Сергей Шойгуды қорлап, Путинді бүкілхалықтық мобилизация жариялауға шақырды. Пригожин Ресей әскері «Вагнер» тобына қару-жарақ пен әскери жабдықтар бермей жатқанын айтып, бірнеше рет шағынған. Ол зорлықты тәртіп сақтау және басқаларды қорқытып ұстау құралы көреді. Сириядан тараған танымал видеолардың бірінде “Вагнер” жауынгерлері тұтқынды азаптап, оны ауыр балғамен ұрады.

2022 жылы қарашада “Вагнер” тобына қатысты телеграм-арнада видео жарияланды. Онда әскерилер Украина жағына өтіп кеткен ресейлік жауынгерді балғамен ұрып өлтіреді. Пригожин бұл әрекетті құптады.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін елде қарулы күштер мен ұлттық әскерді сынауға тыйым салынған. Бұл заң соғысқа қарсы ондаған ресейлікті түрмеге жабу үшін қолданылды.

“Вагнер” тобы көп жерде Ресей әскеріне қарағанда жақсы нәтиже көрсеткенімен, Бахмут түбінде біраз шығынға ұшырады. Батыстың өкілетті тұлғалары “Вагнер” жауынгерлерінің қатыгездігін бірнеше рет мысалға келтірген. Әскери топ құрамында соғысқа баруға келіскені үшін түрмеден босатылған тұтқын көп. 20 мамырда Бахмут қаласының қоршауда болғанына 10 айдан асқанда Ресей әскері жеңіске жетті. Путин Бахмут шайқасында “Вагнер” тобы маңызды рөл атқарғанын мойындады, бірақ Пригожиннің атын атамады.

Пригожин кремльшіл журналист Константин Долговқа берген сұхбатында қорғаныс министрі Шойгу мен оның балаларын мазақ қылды. Ол Украинадағы соғыс сәтсіздікке ұшырағанын айтып, 1917 жылғы орыс патшасын құлатқан большевиктер көтерілісі сияқты мемлекеттік төңкеріс болуы мүмкін деп ескертті.

«Элитаның балалары байлықта мастанып, қамсыз өмір сүріп жатыр. Бұл 1917 жылғыдай революциямен аяқталуы мүмкін. Ол кезде бірінші әскер, кейін жауынгерлердің жақындары көтеріліп еді”, - деді Пригожин.

«Вагнер» әскері Дондағы Ростов қаласына кіріп, негізгі трасса бойымен Мәскеуге қарай жылжыған кезде Путин мәлімдеме жасап, 1917 жылды еске салды. Ол өз сөзінде Пригожиннің бүлігі 23 жыл билікте көрген ең үлкен сынағы екенін мойындағандай болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG