Accessibility links

Курортты қаладағы зират дауы. "Вагнер" басшысының мола үшін таласы нені білдіреді?


Wagner founder Yevgeny Prigozhin attends the funeral of one of his fighters in December. "Вагнер" басшысы Евгений Пригожин жауынгерін жерлеу рәсімінде. 2022 жылғы желтоқсан.
Wagner founder Yevgeny Prigozhin attends the funeral of one of his fighters in December. "Вагнер" басшысы Евгений Пригожин жауынгерін жерлеу рәсімінде. 2022 жылғы желтоқсан.

"Вагнер" жалдамалы әскери тобының басшысы Пригожин азуын көрсете бастады. Ол жергілікті мэрмен тартысып жүріп, қол астындағы жауынгерлерін жерлеуге рұқсат алды. Бірақ күн өткен сайын Евгений Пригожиннің ықпалы азайып келе жатқан сияқты.

"Вагнер" жауынгерлерін жерлеу рәсімінде Горячий Ключ қалашығынан солтүстікке қарай әдеттегідей гүлдесте, қаза тапқан азаматтардың портреті, қызыл қалампыр мен үстіне тұскілем жабылған табыт болды.

Бірақ 19 наурызда өткен шара ыстық бұлақты шипажайлар мен минералды ванналары бар қалашықпен емес, "Вагнер" тобының басшысы Пригожин мен жергілікті әкімдік арасындағы кикілжіңмен есте қалды.

Қала мэрі бұл зиратқа "Вагнер" жауынгерлері көп жерленгенін айтып, рәсімді басқа жерде өткізуді ұсынған. Бұған наразы болған "Вагнер" мен оның жақтастары жергілікті әкімдікке қарсы шықты.

Зиратқа қатысты тартыс Пригожиннің саяси болашағы туралы талқыны күшейтті. Санкт-Петербургте мейрамхана ашып, байыған бұрынғы тұтқын Украинада соғысып жатқан "Вагнер" тобын құрмас бұрын Кремльмен қоғамдық тамақтану саласында тиімді шарттар жасасқан.

Топ жауынгерлері Сирияда, Африкада, басқа да жерлерде соғысқан. Украинада соғыс басталғалы "Вагнер" тобы майдандағы негізгі күшке айналды. Кейінгі кездері соғыста көп шығынға ұшыраған Пригожин соғыс жүргізу әдісін сынап, Ресейдің қорғаныс министрлігімен сөзге келіп қалған.

Бұл Кремль Пригожинді қолдан өсіргені, ал қазір оның ықпалы азайып жатқаны туралы сыбыстарға жан бітірді.

– Пригожиннің ықпалы азайғаны белгілі болған соң, мэр басшылықпен кеңесіп, жерлеу рәсімінен бас тарту туралы бұйрық алған. Бұл бұйрық тікелей президент әкімшілігінен түспеген шығар. Ресей бюрократиялық жүйесінің ішіндегі бір тұлға Пригожин бұрынғыдай қауіпті емесін түсінсе керек, – деді шетелде тұратын ресейлік саясаттанушы Иван Преображенский.

ҚАЗА ТАПҚАНДАР КӨП ПЕ?

Жергілікті билік пен "Вагнер" тобының арасындағы тартыс туғызған зират былтыр белсенділер балалар қабірін көргенін хабарлағанда белгілі болды. Ақпандағы дерек бойынша, Бакинская зиратында 300 мола пайда болған. Белсенділер наурызда олардың саны 570-ке жеткенін айтады.

Бұл зиратқа Украинада соғысқан "Вагнер" тобының жауынгерлері жерленген делінеді.

Батыстың өкілетті тұлғаларының пікірінше, "Вагнер" тобы соғыста көп шығынға ұшыраған. Әсіресе тамыздан бері қанды шайқас орталығына айналған Донбасстағы Бахмут қаласында көп жауынгері қырылған. "Вагнер" жауынгерлері, оның ішінде топ қатарына қосылған мыңдаған тұтқын осы майданның қақ ортасында жүрді. Ақ үйдің дерегінше, қазірге дейін жалдамалы әскер тобы 30 мыңға жуық жауынгерінен айырылған.

Пригожиннің танымалдығы артқан сайын оның жақтастары (көбі радикал националистер) майданда қаза тапқан "Вагнер" жауынгерлерінің ерлігін насихаттауға көшті.

Өткен аптада "Вагнер" тобы Бакинская зиратында тағы бір қоғамдық жерлеу рәсімін өткізбек болғанда, Горячий Ключ қаласының билігі халық қарсы деп, шараны өткізуге тыйым салған.

18 наурызда Пригожин Telegram-дағы арнасына "Вагнер" өкілінің мэр Сергей Белопольскиймен сөйлескен әңгімесін салды. Онда мэр жерлеу рәсімін өткізуге тыйым салу себебін түсіндіреді.

Горячий Ключ қаласының мэрі "жауынгерлерді құрметтейтінін, бірақ курорттық қалашық әскерилерді жерлеуге лайықты орын емесін жазды.
Горячий Ключ қаласының мэрі "жауынгерлерді құрметтейтінін, бірақ курорттық қалашық әскерилерді жерлеуге лайықты орын емесін жазды.

Көп ұзамай Белопольский бұл дауға қатысты пікір білдіріп, "жауынгерлерді құрметтейтінін", бірақ курорттық қалашық әскерилерді жерлеуге лайықты орын емесін жазды. Ол бұл өңірде басқа да жерлер барын еске салды.

Telegram-да жарияланған бірнеше видеоға қарағанда, жерлеу рәсімі бәрібір өткен сияқты. Шарада Пригожиннің алдын ала жазылған аудиоүндеуі қосылды. Онда "Вагнер" басшысы жергілікті шенеуніктерді "кабинетке тығылып отырған оңбағандар" деп атайды.

Шараға жергілікті депутаттар да қатысқан: бірақ олардың бірде-бірі билік партиясы – "Единая Россияның" мүшесі емес.

Ертеңіне Пригожин Горячий Ключ қаласы қарайтын Краснодар өңірінің губернаторы жерлеу рәсіміне ешкім кедергі болмайды деп уәде бергенін жазды.

Жергілікті белсенді Андрей Панюшкин қоғам жерлеу рәсіміне қарсы деген сылтауға сенбейді. Ол жергілікті тұрғындар арасынан Украинаға соғысуға кеткендер болғанын, екі көршісі "Вагнер" тобына қосылып, майданда қаза тапқанын айтады.

Жерлеу рәсіміне қатысқан тағы бір белсенді Виталий Вотановский Ресейдің оңтүстігіндегі қалалардан көп көлік келгенін байқаған. Ол қаза тапқан жауынгерлердің туыстарының атынан сөйлеп, үкімет өтемақы төлемегенін айтып шағынды.

Пригожиннің Кремльмен және қорғаныс министрлігімен текетіресі жіті назарға ілінді. Өйткені Украинадағы соғыс әлі де жалғасып, "Вагнер" тобы көп шығынға ұшырап жатыр.

Жыл басында "Вагнер" тобына тұтқындарды тарту бәсеңдеді. Пригожиннің өзі жауынгерлерді тарту тоқтайтынын айтты.

Қорғаныс министрлігі Ресей түрмелерінен соғысқа адам жинауды өз қолына алды.

Пригожин жауынгерлеріне Бахмутты жаулап алуға жеткілікті оқ-дәрі мен қару-жарақ берілмей отырғанын айтқан. Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Осы аптада Bloomberg ақпараттық агенттігі Кремль мен арнаулы қызмет өкілдеріне жақын, аноним ақпарат көздеріне сілтеп, Пригожин "Вагнер" тобын Украинадан алып кетіп, жауынгерлерін Африкаға жібермек болды деп жазды. Африканың кемі төрт мемлекетінде "Вагнер" тобының жауынгерлері байқалған.

Пригожин 24 наурызда Telegram-да жариялаған сарказмға толы жазбасында бұл деректі теріске шығарды.

– Пригожин көптің назарында болу жалғыз ресурсы екенін түсінеді. Популист әсіресе жергілікті бюрократтарға қарсы шықса, қолдау табатынын біледі, – деді аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген саясаттанушы.

"Пригожин Кремль саясатынан ауыр сабақ алып жатыр. Кеше пайдалы болғаның маңызды емес, ертең қандай пайдаң тиетіні маңызды" деп жазды Ресейдің арнаулы қызметі бойынша сарапшы Марк Галеотти.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG