Accessibility links

Кремль шенеунігі тілшілерге саяжайын аралатты


Ресей президенті әкімшілігі жетекшісі орынбасары Вячеслав Володин саяжайының RBC Daily жариялаған фотосы.

Ресей президенті әкімшілігі жетекшісі орынбасары Вячеслав Володин саяжайының RBC Daily жариялаған фотосы.

Ресей президенті Путиннің ішкі саясат бойынша негізгі өкілдерінің бірі тілшілерге саяжайын көрсетті. Ал Кремльді сынаушылар оның жылжымайтын мүлікті жемқорлықпен тапқанын айтады.

2014 жылдың мамыр айында ресейлік оппозиция белсенділері Мәскеу маңындағы шенеуніктердің салтанатты жазғы үйлерін аралап көрмек болғанда, оларды полиция қызметкерлері мен сотқар жігіттер қайта-қайта тоқтатып, «саяхат жасауға» бөгет жасаған еді. Бір жылдан соң ықпалды шенеуніктердің бірі тікұшақ алаңы мен бахтах (форель) тоғаны бар алып саяжайды мемлекеттік шағын жалақысына қалай салғанын көрсету үшін журналистерге аралатты.

Кремль әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары және елдегі ішкі саясаттың «бас сәулетшісі» Вячеслав Володин Мәскеудің солтүстік-батысына қарай 80 километр қашықтықта орналасқан жазғы үйіне журналистерді өзі бастап барды. Бұл жайында тамыздың 11-і күні тәуелсіз РБК daily агенттігі жазды.

Шенеунік бұндай қадамға оппозиция жетекшісі Алексей Навальныйдың сөзінен кейін барған тәрізді. Навальный «Володин мен оның саяжайдағы көршілері – ықпалды шенеуніктер заңсыз жолмен тапқан ақшаларын жылжымайтын мүлікке салып жатыр» деп айыптаған болатын. Навальный мен оның әріптестері соңғы жылдары «биліктегілердің лауазымдарын пайдаланып, Ресей мен шетелде қымбат үйлер тұрғызғаны» жайлы зерттеу жұмыстарын жүргізген.

Ресей президенті әкімшілігі жетекшісі орынбасары Вячеслав Володин.

Ресей президенті әкімшілігі жетекшісі орынбасары Вячеслав Володин.

Оның «Жемқорлыққа қарсы күрес» қоры «Володиннің жылжымайтын мүлігі шамамен 19 мың 500 шаршы метрді алып жатқанын (үш футбол алаңының көлеміне тең), онда 744 шаршы метрге салынған үйі бар екенін, бұлардың құны 155-200 миллион рубльге жуық (2,4 – 3,1 миллион доллар) екенін есептеп» шығарған.

Навальный тобының 2013 жылғы есебіне сай, Володиннің 2010-2012 жылғы жалақысы 17 миллион 200 мың рубль (267 мың 236 доллар) болған, ал жылжымайтын мүліктің бағасы одан әлдеқайда көп. Журналистерді «Сосна» саяжай кооперативіне бастап барған Володиннің Навальныйдың «аузын жабуға» тырысқаны көрініп тұрды. Бұл кооперативте Володиннен бөлек, вице-премьер Сергей Приходько мен Ресей мемлекеттік думасы спикерінің орынбасары Сергей Неверовтің де жылжымайтын мүліктері бар.

Навальныйдың айтуынша, Володин жүйектердің қоршауын мәрмар тастан салған. Бірақ саяжайды көзімен көрген РБК тілшісі Михаил Рубин «олардың ағаштан қаланғанын» айтады. Володин тілшіге «Бұл мәрмар емес, тістеп көрсеңіз де болады» деген екен.

Вячеслав Володиннің жер телімінде орналасқан жылыжай.

Вячеслав Володиннің жер телімінде орналасқан жылыжай.

Володин журналистерді жеке саяжайына өткен демалыста тікұшақпен апарған. Шенеуніктің айтуынша, «ғимарат пен үйдің дизайнын өзі жасаған, Франция, Чехия тәрізді түрлі мемлекеттердің көгалдандыру әдісін пайдаланған». Президент әкімшілігі басшысының орынбасары РБК тілшісіне құрылысты «10 жыл бойы салғанын» айтқан. Саяжайда жылыжай мен құлпынай, асқабақ өсетін бақша мен орыс салатына қажет қызанақ пен қияр да өседі.

Тікұшақ қонатын алаң қолайлы тұста орналасқан екен. Володин «тікұшақ басқаруды енді үйреніп жүргенін, әзірге оны жалға алатынын» айтқан. Балыққа арналған тоғанда жайын мен өзен бахтахы жүзіп жүрген. Кремль өкілдері Володиннің иелігінен күмәнді ештеңе көрмейді. 2014 жылдың ақпанында Путиннің жемқорлыққа қарсы басқармасы басшысы Олег Плохой «Володиннің құрылысты отбасылық және жеке қорларын пайдаланып, оған қоса банктен несие алып салғанын» мәлімдеді.

Ресейдегі оппозициялық саясаткер және блогшы Алексей Навальный.

Ресейдегі оппозициялық саясаткер және блогшы Алексей Навальный.

Навальный Володиннің журналистерге саяхат жасатып, дәлізде шай бергеніне тамыздың 11-і күні өз сайтында пікір білдіріп: «Әрине, шайы өте тәтті шығар. Бірақ мұның бәрі «Осындай зәулім сарайды салуға және қамтамасыз етуге қаржы қайдан табылды?» деген басты сауалға жауап беруден жалтартпауы керек» деп жазды.

2014 жылдың мамырында осы саяжайларға аттанған Навальныйдың одақтастарын жол-көлік полициясы бірнеше рет тоқтатып, тексеріп, оларын «террорға қарсы операция жүргізіп жатырмыз» деп түсіндірген болатын. Олар әзер жеткенде белгісіз біреулер аумақта жүрмеуді талап етіп, бейне камераларын тартып алып, өздеріне күш көрсеткен. Ал бұл жолы журналистер аман-сау барып қайтып, қожайындардың «қонақжай» екеніне көз жеткізді.

Карл Шректің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG