Accessibility links

Депутат орыс тілін «қоқыстан» тазартуды ұсынды


Ресей депутаты Владимир Жириновский «тілді ең көп бұзатындардың бірі – сендерсіңдер» деп журналистерге ренжіп тұр. Мәскеу, 13 қаңтар 2012 жыл.

Ресей депутаты Владимир Жириновский «тілді ең көп бұзатындардың бірі – сендерсіңдер» деп журналистерге ренжіп тұр. Мәскеу, 13 қаңтар 2012 жыл.

Ресей депутаты Жириновский «Орыс сөздерін шет тіліндегі сөздермен алмастырып жүрген жазушыларды, мұғалімдерді және журналистерді жазалайтын заң қабылдайық» деген үндеу тастады.


Ресей депутаты Владимир Жириновский «Орыс сөздерін шет тіліндегі сөздермен алмастырып жазатын жазушыларды, мұғалімдерді және журналистерді жазалайтын, болмаса оларға айыппұл салатын жаңа заң қабылдайық» деп үндеу тастады.

«СӨЗДІКТЕ ЖОҚ КӨНЕ СӨЗ»

Сейсенбі күні журналистермен кездескенде жұрт назарын өзіне аударғанды ұнататын депутат «бізді қинап жүрген шет тіліндегі сөздер мен «қоқыстан», әсіресе, «американизм» мен «англицизмнен» орыс тілін құтқаратын кез келді. Орыс тілінде бар, бірақ қазір жұрт басқа тілдегі баламасын қолданып жүрген сөздердің тізімін жасап, жариялаймыз» деп мәлімдеді.

Ресейліктер джинсы киіп, бизнес жайлы әңгімелесуді бастаған кезден-ақ депутаттар орыс тілін таза сақтау ұранын көтерген.

Жириновский орыс тіліне енгізуге болмайтын «қара тізім» жасамақ. Олардың көбі коммерцияға қатысты сөздер.

«Коммерсантъ FM» радиосына сұхбат бергенде Жириновскиий оларға «галл тіліндегі радио атауын «Торговец FM» деп өзгерткен дұрыс» деп ескерткен еді. Депутат қазір орыс тіліне еніп кеткен «дилер», «трейдер», «менеджер», «сэйл» сөздерінің де қолданылуына қарсы екенін білдірген.

Депутаттың ойынша, орыс тіліне француз-неміс тілдерінің қосындысынан пайда болған «парикмахер» сөзі де керек емес. Оның орнына ол «стрижач» сөзін ұсынады. Алайда, қазіргі орыс тілі сөздіктерінен «стрижач» ескірген көне сөз ретінде түсіп қалған.

Жириновский «Немістер «өздерінің төл сөздері жоқ екен» деп ойламасын. Мәселен, орыс тілінде «закусочная» деген әдемі сөз тұрғанда француз тілінен енген «ресторан, кафе, бар» сияқты сөздерді пайдаланудың қажеті жоқ» дейді. Оның ойынша, «закусочная» деген орыстың тамаша сөзі «кіресің де жеңіл-желпі бірдеңе жеп шығасың» дегенді білдіреді»

«ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ҚАТАҢ ЕСКЕРТУ»

Ресей депутаты Владимир Жириновский. Мәскеу, дума, 13 шілде 2012 жыл.

Ресей депутаты Владимир Жириновский. Мәскеу, дума, 13 шілде 2012 жыл.

Жириновский ыңғайсыздау тақырыпты қозғап, орыс тіліне шеттен енген «презерватив» сөзін қолданбауға шақырды. Депутат оның орнына «алдын ала сақтандырушы» дегенді білдіретін орыстың «предохранитель» сөзін қолдануды ұсынды.

Ол тіпті ренжіңкіреп «Барлық пакеттердің сыртына «презерватив» деп жазып қойған. Кішкентай балалар тіпті ол сөзді түсінбейді де» деді.

Ресей шет тілдерінен енген кірме сөздерге қарсы күресіп, тіл тазалығын сақтауға тырысқан бірінші ел емес. Жириновский «Түркияның осыдан 60 жыл бұрын араб, парсы, және француз тілдерінен енген сөздерден түрік тілін тазарту үшін кешенді түрде күрескенін» де баяндап шықты.

Жириновский сөзінің соңында дума қарауына ұсынылатын заң жобасын жетілдіру үшін бір топ орыс тілі мамандарының мәселеге кірісіп кеткенін де мәлімдеді. Ол жиналып отырған журналистерге қарап, сұқ саусағын шошайтып, «тілді ең көп бұзатындардың бірі – сендерсіңдер» деді.

«ГАЛОШ» СӨЗІ ҚАЛА БЕРСІН»

Ол әсіресе өздерін оптимистік канал ретінде жарнамалап және Hard Day's Night деп аталатын ағылшын тіліндегі бағдарламасы бар жастарға арналған «Дождь» телеарнасына ерекше шүйлікті. Ол «бұл телеарна осы бетімен кете берсе, бір күні толығымен ағылшын тіліне көшіп кетеді» деді.

Депутаттың пікірінше, «жаңа заң жобасына айыппұлдардан бастап, ең аяғы заң бұзған адамды жұмыстан шығарып жіберетін жазалау амалдарының бәрін енгізу қажет».

Жириновский сөзінің соңында орыс тілінде баламасы жоқ сөздерді енгізуге қарсы емес екенін мәлімдеді. Мәселен, «резина аяқ киім» деген сияқты сөздерді сипаттауға ешқандай балама табылмаған жағдайда, шеттен кірген «галош» сөзін қалдыруға болатынын айтты. Ол «Мен сіздерге «галош» сөзін де өзгертейік деп отырғам жоқ қой» деді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG