Accessibility links

Ресейде саяси мәні бар әліпби шықты


Ресейдің Иркутск қаласының жастар ұйымы әзірлеген «Сыпайы әліпби».

Ресейдің Иркутск қаласының жастар ұйымы әзірлеген «Сыпайы әліпби».

Ресейде мектеп оқушыларына ұлтшылдар жасап шығарған жаңа үлгідегі орыс әліпбиін ұсынды.

Сібірдегі Иркутск қаласының мектеп оқушылары саяси түзетулер енгізілген жаңа әліпбимен сауат ашуы мүмкін. Ол жайында 5-мамыр күні «The Siberian Times» басылымы жариялады.

АНТИМАЙДАННАН ЯЛТАҒА ДЕЙІН

Кремль саясатын қолдайтын «Сеть» жобасы орыс тіліндегі 33 әріпті саяси мәнермен үйретпек. Әліпбиде А әрпі – «Майданға қарсы күш» (Антимайдан), Я әрпі «Ялта» атауымен аяқталған.

П әрпінің тұсында Путиннің суреті ілінсе, Р әрпі «Ресей» сөзін белгілейді. Бірақ балдырғандар жіңішкелік белгісі қасында тұрған түсі суық ағайдың (сыртқы істер министрі Сергей Лавров) неліктен қаталдық (твердость) ұғымымен ұштасатынын түсінбей дағдаруы мүмкін.

«Б» әрпінің қасында кәдімгі бүркіт құсы емес, Украинаның арнайы әскери жасағын бейнелеу себебін түсіндіру де оңайға тимес. Немесе неліктен «Д» әрпіне украиналық Донецк қаласы жазылған? Орыста «үй» (дом), «қыз» (дочь) сияқты сөздер толып жатыр ғой.

Г әрпі «шекара» (граница) деген мағынаны белгілепті, суреттегі жолақты шекара белгісі соны көрсетсе керек. Ал В әрпі «сыпайылық» (вежливость) деген сөздің қасына жазылған, арт жағындағы бетперде киген, айырым белгісін тақпаған, арқасында автоматы бар солдаттың кішкентай қызға мысық ұсынған қолапайсыз суреті күлкі шақырмай қоймайды.

«ОТАНСҮЙГІШТІККЕ ТӘРБИЕЛЕУ» ӘДІСІ

Жобаны әзірлеген топ «Сыпайы әліпби» деп аталған плакаттар Ресей Қырымды аннексия жасаған кезде Украинаны басып алуға көмектескен «сыпайы» күштердің құрметіне аталған.

«Сеть» жобасы әліпбиді осы көктемде Иркутскінің барлық қалаларына таратып, жақын уақытта басқа қалаларға да жеткізуді көздейді. «Балалар осылай отанды сүюді үйреніп, халқы мен мәдениетін құрметтейді» дейді олар. «И» әрпі «тарих» (история) деген сөзді белгілейді, онда екінші дүниежүзілік соғыстың соңында Берлиндегі Рейхстагқа ту тіккен қызыл әскер бейнеленген.

Балалар Ресейдің өзі шығарған смартфон Yotaphone логотиптерін үйреніп жатқанда, «Ю» әрпі Оңтүстік ағын (Южный поток) табиғи газ құбырын көрсетеді. Бұл әрекет «Біртұтас Ресей» партиясының «Біз біргеміз» атты жобасы аясында Қырымның Ресейге қосылуын насихаттайтын жобаның жалғасы сияқты.

Роберт Коалсонның мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG