Accessibility links

Орталық Азия президенттері және Иран аятолласы


Иранның жоғары басшысы аятолла Әли Хаменеи "революция студенттерімен" кездесуде. Тегеран, 7 маусым 2017 жыл.
Иранның жоғары басшысы аятолла Әли Хаменеи "революция студенттерімен" кездесуде. Тегеран, 7 маусым 2017 жыл.

Орталық Азия президенттері билікте ұзақ отырған сайын кітаптары жиі шығады және оларды мадақтаған шаралар да үдей түскен.

КІТАП ЖАЗҒЫШ "КӨШБАСШЫЛАР"

Шілденің 14-інде Душанбеде "Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы - ұлт көшбасшысы, Тәжікстан президентінің дана ойлары мен қанатты сөздері" деген кітаптың тұсаукесері өтті. Кітапқа тәжік президенті Эмомали Рахмонның сөйлеген сөздері, баяндамасынан алынған "қанатты сөздер" жинақталған.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның кітаптары. 10 маусым 2017 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның кітаптары. 10 маусым 2017 жыл.

Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, Тәжікстан басшысының "қанатты сөздері" бірінші рет жарияланып отыр. Өткен жылы Душанбеде 2256 шығарма жинақталған "Көркем әдебиеттегі Эмомали Рахмон" деген кітап шыққан. Тәжік президентінің өзі болса 20-дан астам кітаптың авторы.

Орталық Азияда әзірге кітап жазатын президенттердің ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтан озғаны жоқ. Оның кітаптары 100-ден асып жығылады.

Ұлттық кітапханадағы "Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті" күніне арналған кітап көрмесі. Алматы, 27 қараша 2014 жыл.
Ұлттық кітапханадағы "Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті" күніне арналған кітап көрмесі. Алматы, 27 қараша 2014 жыл.

Назарбаевтың замандасы, Өзбекстанның тұңғыш президенті болған Ислам Каримов жазған кітап саны 20-дан асады. Ал жоғары билікке келгеніне 10 жыл болған Түркіменстанның екінші президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің өзі қазірге дейін 20-дан астам кітап жазып үлгерген. Түркіменстанға көршілес билікте ұзақ отырған Иранның жоғары басшысы аятолла Хаменеидің де жазған кітаптары 30-ға жуықтайды.

БИЛЕУШІДЕН ҚАСИЕТ БЕЛГІСІН ІЗДЕУ

Басшысын дәріптеу және оны мадақтау жағынан Орталық Азиядағы кейбір елдерді Иранға ұқсатуға болады.

Иранда "аятолла" діни атағының ең жоғарғысы - аятолла әл-узъма, яғни "ұлық аятолла". Иранның жоғары мемлекет басшысы – ислам революциясының жетекшісі Әли Хаменеи осындай "ұлық аятолла".

Әли Хаменеи 1981 жылы сайлаушылардың 95 пайызының даусын жинап Иран президенті болып сайланған. Ал 1989 жылы сол кездегі ислам революциясының жоғарғы жетекшісі Рухолла Хомейни 86 жасына қараған шағында қайтыс болғаннан кейін оның орнына Әли Хаменеи тағайындалған. Жоғары басшылыққа тағайындалғанда оған бір түннің ішінде "аятолла әл-узъма" атағы берілгені айтылады.

Иранның жоғары басшысы – ислам революциясының жетекшісі, аятолла Әли Хаменеи. Тегеран, 7 маусым 2017 жыл.
Иранның жоғары басшысы – ислам революциясының жетекшісі, аятолла Әли Хаменеи. Тегеран, 7 маусым 2017 жыл.

1989 жылдың маусым айынан бері үздіксіз ислам революциясының жетекшісі болып келе жатқан аятолла ерекше құқыққа ие. Хаменеи революция жетекшісі болып тағайындалған соң президент құзырындағы кейбір өкілеттікті өзіне жүктеп алды. Кейінірек Хатами президент өкілеттігін кеңейтуге тырысқанымен, ол әрекетінен түк шықпады. Одан кейін қазіргі президент Роухани да осы бағытта әрекет етуге тырысып жүр.

Мемлекеттің негізгі саяси бағытын айқындап, соны жүзеге асыруды бақылау, соғыс басталған-аяқталғанын жариялау, жоғары әскери басшыларды, қорғаныс министрін, жоғарғы сот төрағасы мен теле-радио компаниясы басшысын тағайындау, билік тармақтарының арасындағы келіспеушілікті шешіп, жүйеге түсіруде "арбитрлік қызмет" атқару, президентті керек жағдайда қызметтен алу – барлығы аятолланың уысына шоғырландырылған. Президент ұсынған кабинет мүшелерін мақұлдау да аятолланың қолында. Ахмадинежадтың президенттігі тұсында президент пен аятолла арасында үкімет құрамын жасақтағанда келіспеушілік туындап, оның соңы Ахмадинежадтың Хаменеи төңірегінен қашықтауына себеп болған.

Бас қолбасшы болып табылатын аятолла революция жетекшісі қызметін қайтыс болғанға дейін, болмаса денсаулығы жарамай қалғанға дейін, немесе міндеттерін дұрыс атқара алмай қалғанға дейін істей береді.

Иран революциясының жетекшісі соңғы жылдары ресми мекемелерді, жалпы ел ішін аз аралайтын болған. Алайда діни, саяси оқиғалар кезінде немесе әскери парадтарда көп алдына шығып сөйлеп, оқтын-оқтын Иранның батысқа қарсы саясатын еске салып отырады. Оның көп алдындағы сөздері мен баяндамалары әлеуметтік желі мен қоғамда дау тудырып жатады. Таяуда Тегеранда болған теракт кезінде оның құрбан болғандардың отбасыларына көңіл айтпауы, немесе студенттер алдында сөйлеген сөзінде "өз ықтиярларыңмен от алыңдар" дегені көп сыналды. Оның көпшілік алдында сөйлеген сөздерінің ішінде байқамай айтып қалған "томпақ тұстары" болса, ресми БАҚ оны жарияламай, сылып тастауға тырысады.

Аятолланың бір кезде ресми мекемелерді аралауы - сол мекемелер үшін әлі де атаулы оқиға ретінде есептеледі. "Жетекшінің бәлен мекемені аралағанының бәлен жылдығы" деген ішкі шараларды атап өту – Иранда үйреншікті жайт. Иранда дінбасылар ислам революциясы жетекшісінің дүниеге келуінің өзін дәріптеп, аңызға бергісіз уағыздарды жиі айтады. Кітап жазғаннан тыс бір кезде аудармамен де айналысқан жетекшінің жолы, саясаты туралы ғылыми зерттеу жұмыстарын қорғап, оны ислам әлеміне үлгі етіп ұсынуға ұмтылатындар да бар.

ЗАМАНДАСТАР

Совет одағынан кейінгі жеке басқа табынудың айрықша мысалы болған Түркіменстан тәрізді ел орналасқан Орталық Азия мемлекеттерінің құрылымы зайырлы болғанымен, Қырғызстаннан басқа елдер басшылары үздіксіз билеуде Иран аятолласынан қалыспайды. Түркіменстанның тұңғыш президенті болған Сапармұрад Ниязов Иран революциясының жетекшісі Әли Хаменеиден бір жас кіші. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Түркіменстан басшылары кезек-кезек өздеріне ескерткіш тұрғызып, қайта-қайта кітап шығарып, өзін-өзі тоқтаусыз дәріптетіп келеді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанның қайтыс болған президенті Ислам Каримовтың портреті алдында тұр. Самарқан, 12 қыркүйек 2016 жыл. (Ақорда сайтынан алынған фото.)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанның қайтыс болған президенті Ислам Каримовтың портреті алдында тұр. Самарқан, 12 қыркүйек 2016 жыл. (Ақорда сайтынан алынған фото.)

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов өзін-өзі дәріптетуге шектеу қоюға тырысқанымен, президенттік сайлауға қайталап түсуден еш бас тартқан емес. Өзін "бейтарап ел" жариялаған Түркіменстан жабық ел күйінде қалса, Өзбекстанның былтыр билікке келген жаңа басшысы Шавкат Мирзияев кезінде өзі премьер болып тұрған тұста қабылдаған шешімдеріне керісінше әрекет етуімен көзге түсіп келеді.

Бұрынғы совет елдері ішінде осы күнге дейін биліктен кетпеген бірден-бір басшы – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ол Түркіменстанның тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязовпен құрдас, Әли Хаменеиден бір жас кіші болғанымен, жоғары билікке бір шамада келді. Ниязов - 1985 жылы, Каримов пен Назарбаев 1989 жылы билік басына келді. Ал Әли Хаменеи 1989 жылы Иран ислам революциясының жетекшісі болып тағайындалды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта - "хан тағында") "Көшпенділер" фильмін түсіру кезінде. Алматы облысы, 17 ақпан 2004 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта - "хан тағында") "Көшпенділер" фильмін түсіру кезінде. Алматы облысы, 17 ақпан 2004 жыл.

Орталық Азияның бүгінгі басшыларының ішінде Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен одан бір мүшел кіші Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның "ұлт көшбасшысы" (қазақша - елбасы, тәжікше - пишво-е меллат) мәртебелері арнайы заңмен бекітіліп, конституцияға да енгізілген. Нұрсұлтан Назарбаев осындай мәртебеге 2010 жылы ие болды. Бірақ Қазақстан президенті "Ұлт көшбасшысы - елбасы" мәртебесін беретін заңға өзі қол қоймай, заң сенат төрағасы, мәжіліс және премьер-министрдің қолымен күшіне енген. Тәжікстанда "Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы - ұлт көшбасшысы" туралы заңға 2015 жылы Эмомали Рахмонның өзі қол қойып, бекіткен.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG